Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 »Мақала
Viewing all 386 articles
Browse latest View live

ДАЛА ДАНАЛЫҒЫ

$
0
0
ДАЛА ДАНАЛЫҒЫ
12.09.2013 17:05 Аян НЫСАНАЛИН
063
Ұлы даланың әрбір тасына дейін тіл біткендей толқып келемін. Ол шерлі сыр шертетіндей... 
Біздің аруақты ата-бабаларымыздың асқақ рухы, қасиетті қаны және ащы терімен суарылып, аузымен құс тістеген небір қаз мойын қанатты тұлпарлар тұяғымен жазылған төл тарихымызда ақтаңдақтар аз емес. Барына қаншама шүкіршілік еткенмен, бүгіннің биігінен бәріне көз жібергенде көңіл қоңылтақсып тұрады. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Тарих толқынында» жазылды. Енді оның кейбір нұрлы нышандары басты бағдар-бағыт болып, «Халық – тарих толқынында» дәйектеліп, ұлттық ғылыми санаға салмақ салып, жаңаша көзқарас, топшылау мен алда тұрған көкейкесті мәселелерге ауысты. Шынында, тарих ойыншыққа айналып, сөнген шала отты әркім ырқына қарай көсей салатын ешкімнің де қолжаулығы бола алмайды. Күрделі кезеңдерді тануда біздің біраз тарихшыларымыз әлі де болса босбелбеулік танытып, ойы оңазып, мейлінше үргедек сақтықпен «екі шоқып, бір қарап», жалтақ болып, бос салпақтап жүргенін жасырып-жабу ешқашан ешкімді ұшпаққа шығармайды.Тұтас халық тағдыры қалт-құлт етіп, қыл үстінде тұрған уақыт осындай алмағайып қысылтаяң шақта билер дәуірін туғызып, алға тартты. Оны кезінде көкірек көзінен өткізіп, Сәкен Сейфуллин «Билер дәуірі әдебиетінде» атап өтеді. «Бірігіп өмір сүрген қазақ, қырғыз, қарақалпақтардың ірі руларында билік жүргізген алты ірі бидің аты аталады. Ол Ұлы жүзде – Төле би ( Дулат Әлібекбаласы). Орта жүзде – Қаз дауысты Қазыбек. Кіші жүзде – Әлім руынан Әйтеке би. Қырғызда – Көкім (Қоқым – А.Н.) би. Қарақалпақта Сасық би, Қатаған, Жайма, басқа ұсақ рудан тағы бір би».

Төле би мен оның заманы күрделі, ауыр еді. Қарашоғыр әулетінен (халық солай атайды) топ жарып шыққан қайраткердің өмір жолы кедір-бұдір болып келеді. Оның зәузатқоры түу Майқы биден тарайды: Одан бері Бәйдібек, Тілеуберді (Жарықшақ), Дулат, Жаныс, Жантобы, Жайылмас, Қожамберді, Құдайберді, Әлібек. Ғасырлар бойы өз атақонысында түтін түтетіп, ұрпақ өсіріп ұйытқыдай ұйып отырған момақан ел-жұртты, тіпті жер бетінен тұқымын тұздай құртып, жойып жіберу үшін сұмдық қайғы-қасіретке ұшыратып, аянышты «Ақтабан» шұбырынды, Алқакөл сұлама» душар еткен басқыншылық соғыс түз тұрғындарының тіршілігін тығырыққа тіреді. Без тергізіп, ұлын құл, қызын күң қылып, мүлкамалын талан-таражға салып, қаңғыртып жіберді. Алайда бұл ұлт-азаттық қозғалыс өз дәрежесінде жөнді зерттеліп, зерделеніп, өткеннен сабақ алып жүрміз бе? Тәуелсіздік туы жыға қисайғандай, туған топырақ табанға таптала жаздаған жоқ па? Қайсыбір жылы жартылай әфсанаға құрылса да үлкен экранға жолдама алып, аса дәріптеліп, үгіт-насихаты бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген «Көшпенділердің» (дұрысы «Көшпелілер») көркемдік келісімі, сыр-сымбаты мен сықпыт-сиқы солай сайқымазақпен бітпеді ме? «Жаужүрек Мың бала» да сәл болмағанда соның кебін кие жаздамады ма? Тарлан тарихты әдебиет пен өнерде көрсету өстіп күлдібадам күйде жалғаса бере ме сонда? Осынау өзекті өртейтін ащы жайлар тақырыбы мемлекет пен ұлт мүддесі тұрғысынан әлдеқашан зерделі зерттеліп, қазақ қауымына өлшеусіз тағдыр тауқыметін төндірген мезгілге әділ бағасын беру – кімге болса да зор абырой. Керек десеңіз, бұл – азаматтық парыз.

Шығыста жұлдызы қарсы болып Батыр (Батор) қонтайшының тұсында (1635-1653ж.ж.) алып сары құрлықтың біраз бөлігін қамтыған Жоңғар хандығы еңсе көтерді. Ол өмір сүрген 120 жылдай уақыт ішінде (1635-1758ж.ж.) бейбіт көрші қазаққа басқыншылық жасаумен өткізді. Он жетінші жүзжылдықтың алғашқы ширегіне дейін қоңсылардың екеуара қарым-қатынасы соншама тату-тәтті болмаса біршама төзімділік аясында дамыды. Бірақ бұл алдамшы тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Әлдебір көзсіз пәруанадай содыр саясат жетелеген оның қарақұрттай қаптаған қалың қолы 1711-1712 ж, 1714, 1718, 1723-1725, 1742 жылдары Ұлы далаға қарай жөңкіді. Жетісу жазирасы, Оңтүстік өңірі мен Сыр бойының біраз жері тайраңдаған дұшпанның аяқ астында қалды. Бұл бейберекет басқыншылық бейбастық көп жылдар бойы созылып, жан түршіктірді. Өңмеңдеп келген жауға тойтарыс беруге қаншама талпынғанмен, қаһарлы қылыш тасқа кетіліп, майырылғандай. Тек Аңырқайдағы шешуші шайқас (1729 ж.) таразы басын теңселтті.

Ақылдастар алқасында қырғыз бен қарақалпақ билері болғаныме, бүкіл алты Алаш түгіл 170-тей рудан тұратын үш жүздің басын біріктіру оңай емес болатын. Алайда Төле бастап, Қаз дауысты Қазыбек пен Айтық (Әйтеке) қоштап, Ордабасыда халық жиыны мақұлдауымен болашаққа сенімді нығайта түсті, Әбілхайыр хан қазақтар қосынына Бас сардар болып сайланып, Боралдай бойында жаттықты. Бұл тұста, әсіресе, Төле би Әлібекұлының ұйымдастырушылық, қайраткерлік һәм азаматтық тұлғасы айқын көрінді. Оның зияратының өзі бірлік пен тірлікке шақырып жатқандай. (Өсиеті бойынша ол Шайқантауырдағы Жүніс ханның (Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің нағашысы қасына жерленген). Кейінгі кезде оның қабіріне байланысты қасақана қауесет көп. Әйтсе де, аруақпен алысу ешкімге де опа бермейді. Грекияның көптеген қалалары Гомердің туған топырағына таласса, оңтүстік қазақстандықтар Төле биді Бадам өзені бойында, ал жамбылдықтар Жайсаң жайлауында дүниеге келді деп ілік іздейді. Қалай болғанда да, Т.Әлібекбаласын қазақ тарихынан бөлек қарастыру мүмкін бе?

Күллі қым-қиғаш қиыншылыққа қарамай, әз Барлық қым-қиғаш қиыншылыққа қарамай Әз Тәуке (ол 1718 жылы бақилыққа озды ) заманында Шыңғыс ханның «Жаса», «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жолдың заңды жалғасындай һәм жетілген нұсқа түрі болып табылатын. «Жеті жарғы» қабылданды. Оның хатқа түсіп, қолданылуына Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер мен басқа да зиялылар атсалысты. «Жеті жарғы» – жаңа жағдайдағы уақыт талаптарына жан-жақты жауап бере алатын алғашқы Ата заңның іргетасы. Оның кезінде ілгерішіл зор маңыз атқарғанын біраз біліктілер мен атақтылар атап көрсетті. Соған еліктегендей, 1740 жылы Жоңғар билігі Тарбағатай төңірегіндегі құрылтайда моңғол-ойрат заңдарының құрандысындай «Цааджин бигиг» жарғысын бекітті.

Әрине, даланың аты – дала. Онда өркениет те өзінше өркендеді. Біздің халқымыз адамзаттың ХХІ ғасырына оңайшылықпен жеткен жоқ. Филология ғылымының докторы марқұм Нысанбек Төреқұл кітабында жүзге тарта би-шешендердің есімін атап, байыпты баяндайды. Ағылшын саяхатшысы әрі суретшісі Томс Уитлам Аткинсон (1799-1861ж.ж) түздіктердің тұрмыс-тіршілігіне тым қызығушылық білдіріп, ділмарлар мен ақын-жырауларға қайран қалады. Ібір-Сібір, Жетісу мен Қаратауды санада саралап, Алтайды қапысыз қаныға аралап, сапарнамада өз әсерін әсірелеусіз жеткізіп, көшпелілер өмірін майын тамызып суреттейді. Қазақстанда айдауда болған поляк төңкеріскері Адольф Янушкевич те (ол Адам Мицкевич «Бауырлар» поэмасының бас кейіпкері) қырға еуропалықтар көзімен сынай қараса да, ата-ана, туыстары мен шынайы шын сүйсінісін білдіріп, таңдайын қағады. Ленардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Байрон Моцарт және өзге де көп ұлы ұстаздардың асқақ рухын білдіретін туындыларына тереңінен тебіреніп, заманауи тәлім-тәрбие алған озық ойпаздар өкілдерінің, жалпы, адамзат өркениетін өзі жасағандай сезінетін өркөкірек көркеуде Еуропаның Шығыс алдында, оның ішінде дала даналығына тақ тұратыны неліктен?

Ұлы жүз Төле би мен Орта жүз Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы және Кіші жүздегі Жалаңтөс баһадүрдің немересі Әйтеке (Айтық) Байбекұлы билерден тұратын қуатты топ отандастарының бақыты үшін өздерін құрбан етуге дейін барып, бастарын бәйгеге тігіп, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қағылып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, ат үстінен түскен жоқ. Олар уызынан жарып, дала даналығын барынша бойына сіңірген тамаша тұлғалар болатын. Бірақ барлығын сызып тастап, тарих табалдырығын аттап тұрып, өздерінен бастағысы келетін есекдәмелілерді қайтер екенбіз? Тарих бұрқасындары бізге дейін де болған, кейін де бола беретіні кәміл.

Шынайы шежіре мен қитұрқысыз тарих бір кісінің бәсіресі бола алмайды. Оны жанында қаһармандық пен сұлулық қайнары бар халық жасайды. Бұл қағидат «Тарих толқынында» да айтылады. «Тарих болашағына деген ғасырлар бойы үмітсіздік ұлттық мінез-құлықты күйретіп, қадір-қасиетін шайды, – делінеді онда. – Қазақ халқының небір данышпан перзенттері мен көсемдері тарихтың қарғыс атқан тұзағында тұншықты, ұлттың амандығы үшін олар тарихтың тәлкегіне көнуге мәжбүр болды».

Тәрбилеп, Сабалақтан Абылай дәрежесіне жеткізген Төле би. Абылай десек Төле би, Төле би десек Абылай. Қалай екені қызық өзі. Әшейінде ел ырыздығын төгіп-шашуға әуес билік оның туғанына 300 жыл толуын бүкіл халықтық іс-шараға ұластырмай, тиісті деңгейде неге атап өткізбеді? Біздің тарихымыздағы Абылай елеусіз, ескерусіз қалатын есім бе? Көмекей әулие Бұқар жырау оған қалайша шүйлікті? Оның:

Ал тілімді алмасаң,

Ай, Абылай, Абылай.

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің;

Үйсін Төле билердің,

Түйесін баққан құл едің, – деуінде де бір кеп бардай. Қаршадайынан тағдыр тақсіретін тартып, билік баспалдағынан көтерілерде жоңғарларға қарсы азаттық жолындағы шайқаста қасқалдақтың қасық қанындай қызыл түйіршіктерін аямаған Абылай абайсызда тұтқынға түседі. Оны құтқарудың өзін жаңсақ орыс ымырагершілігінің (дипломатиясының) жетістігі етіп көрсетуге тырысушылық басымдығы байқалады. Шынында да, Майор Миллердің елшілігі Іледен өтіп, 1742 жылғы 3 қыркүйек айы мен 1743 жылғы 14 мамыр күндері Өрге маңындағы Қалден Сереннің ордасын арнайы тапсырмамен барып қайтты. Не тындырды? Мұны орыс дереккөздері де атап өтеді: «Қазақ халқының ауызша айтуына қарағанда, Абылай өз ата-анасының малайы Оразақ аталықтың қоштауымен Түркістан қаласына қашып келеді, дегенмен оған тоңтеріс қараған туыстарына қитығып, ол бай көшпелілерге жалданады: Төле Әлібекұлының қарамағында, одан соң Дәулеткелді бидің бақташысы болып, кейіннен жылқы бағады.

ХVIII ғасыр 20-жылдарының аяғында, 30-жылдардың басында қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларына қарсы қиян-кескі күресінде ол әскери және саяси қайраткер ретінде жасындай жарық етіп көрінді. Өзінің әскери және ұйымдастырушылық ерен қабілеті арқасында жас сұлтан базбір батырлар мен шөбере ағасы Әбілмәмбеттің қолдауымен қазақтың беткеұстарлары алпауыт арғындар арасындағы ірі әрі күшті Атығай руына әмірші етіп сайлады. Әбілмәмбет ханмен бірге Ор қамалында Ресей бодандыға мойынсұнуға да барды. 1741 жылғы көктемдегі ойрат – қазақтың бір шайқасында Қалдан Сереннің сүйікті нояндарының біреуін өлтірді. Бірнеше апта өткен соң өз жайлауында Орта жүзге тосыннан шабуыл жасаған ойраттар оны қақпанға түсірді. 1743 жылғы көктемге дейін жоңғарлар қолында болып, 1742 жылғы күзде Ордан Жоңғариядағы Қалдан Серенге майор Миллер елшілігінің іс-әрекеті нәтижесінде босатылды». Айта кетерлік бір жай, бұл сапарға орыс елшілігінің қандай мақсатпен барғаны құпия. Абылай мәселесі қаралды ма, жоқ па? Қазақтар жағы да қарап жатпай, 1743 жылғы 5 қыркүйекте Төле би бастаған тоқсан кісі құзғындар ұясына барып, Абылай сұлтанды қапастан құтқарып алып қайтады. Ол халыққа қылаусыз адал қызмет етудің қандай түрін болса да сәттімен пайдаланды. Жауапты бұл жұмысқа туысқандарын аямай жұмсап, игілігіне иек артты. 1734 жылы орыс патшайымы Анна Ионовнаға өзара тиімді байланыстарды жөнге қою жайында хат жолдаса, жиені Айтбайды елшілік жетекшісі етіп, 1749 жылы Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюевке маңызды міндет артып, шекара асырып аттандырды. Өз кіндік баласы Жолан талай мәрте жоңғар-ойрат қалмақ қолында кепілдікте болып, айрықша тапсырмаларды орындап, жүзеге асырды. Ұланбике қызынан туған тағы бір жиені Ескелді би Жылкелдіұлы (1692-1780 ж.ж.) басқыншыларға қарсы Жетісудағы көтерілісті ұйымдастырушы басшыларының бірі болды. Ұзақ жасап, он екі жыл Ташкентте билік құрған Төле би қарақан басынан гөрі туған халқының ынтымағы мен азаттығын аңсаған ол мұны бәрінен де биік қойды. 1748 жылы Әбілқайыр (Кіші жүз ханы) өлтірілгеннен кейін оның баласы құныкер Ералы жеті құн төлеуді талап етіп; оның төртеуін кешіріп, екеуін алып, біреуіне Сырымбет батырды ұстап беруді өтініп, әділ үкімге жүгінді. Барақ болса Өзіне Хиуадан сый-сияпат пен тарту-таралғы әкеле жатқан керуенді Әбілқайыр адамдары тонағанын айтып шағынды. Билер тобы (жалғап, Даба, Сырлыбай билер мен Қабек мырза) оған әбден ден қоя қарап, Барақты ақтап жібереді. Мұндай ірі дау-дамайдың барлығына араласып, әрқашанда ақиқат ар алдында жүретін Төле би Әлібекұлы басшылық жасады.

«Қазақтардың Төле би, Қойгелді және Сасық би сынды көсемдерінің күллісі Ташкент қаласына жақын жерлерде тұрады. 7-айдың 12-сі күні Ташкент қаласына келдік» дейді қытай жылнамасының бірінде. Келесісінде: «Төле бидің жасы 83-ке келді, Қойгелді болса, ол да 70 жасқа толған. Сондықтан олардың өздері ұзақ жол жүре алмайтынын хабарлап, Сасық бидің: «Батырлардан Төле би, Қойгелді және мен өзім бармын» деп уәзірді (амбан-маньчжурша) жасқай сөйлегенін айтады.

1755,1756 және 1757 жылдары маньчжурлар билеген Қытай үш мәрте 90 мың әскермен жойқын жортуыл жасап, Жоңғар хандығын жер бетінен мүлде жойып, қиратып тас-талқан етті. Қасақшира, Букучаган сықылды басбұзар қашып-пысқандарды қазақ даласына қуғыншылар іздеп келгенде: «Сіздер айтып отырған опасыз қарақшылар шынында да келмеген. Егер олар бізде болса, біз оларды қалайша сіздерден жасырып алып қалмақ едік! Біздің осы қазақ жеріміздегі болып жатқан барлық істер Төле бидің басшылығымен шешіледі. Ертең Төле бидің өзі осында келмек. Ертең біз бас қосып, ақылдасқаннан кейін сіздермен кездесіп, бір келісімге келейік. Осыны ескере отырып, біз, Әбіліз, Төле би, Қойгелді және Сасық би ақылдаса келіп, Төле бидің ұлы Жолан мен Қойгелдінің бауыры Босмұрынды елші етіп жіберіп, біздің атымыздан патша ағзаммен дидарласып келсін дейтін шешімге келдік. Олар өздерімен бірге патшаға беретін сыйлық ретінде 3 бөлік ат пен амбанға 1 бөлік ат апармақ» деген жауап алады. Қайғы бұлты үйіріліп, ел үстіне қауіп-қатер бұлты төнгенде мәмілегерлік қиын жұмыс оңай жүрген жоқ. Арада екі ғасырдан астам уақыт өткенде және бір адас Әлібек баласы ботбайдың Сыпатай биі Қоқан хандығына қарсы күреске басшылық етті. Әлі күнге дейін Жолан Жаныстар Оңтүстік Қазақстанның Төлеби ауданы Сайрамсу өзенінің жағалауын жайлап, тұрып жатыр. Өніп, өскен ел. Естіген құлақта еш жазық жоқ. Және бір баласына ататек туралы шежіре жаздырып, Төле бидің ол қолжазбасы Ташкентте сақтаулы тұр деседі. Қашан қолымызға тиеді?

...Қазақтардың: «Қайың сауған ақ тышқан жылы», ал қырғыздардың жадындағы: «Қазақтардың қайың сауып, қырғыздардың Гиссар мен Кулябқа кіргені» келмеске кетті. Әйтсе де жүректегі жаралы жылдар жаңғырығы өше ме?

Төле би қатты сырқаттанып, төсек тартып жатқанда Қазыбек, Көкім, Мәлік, Ержан билер көңіл сұрай келіп, туған халқыңа қандай өсиет қалдырасың деп қолқалағанда: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады» деп аманатын жеткізіпті.

Қандай кемеңгерлік! Уақыттың зәу биігінен ұрпақтарын бірлік пен тірлікке ұйыстырып, үндеп тұрғандай...


Абылайдың ақиқаты мен аманаты

$
0
0

Абылайдың ақиқаты мен аманаты

13 Қыркүйек 2013, 18:122840

Астана. 13 қыркүйек. Baq.kz – Биыл Хан ордасы кезінде ту тіккен, киелі Көкшенің жерінде халқымыздың аса көрнекті мемлекет қайраткері Абылай бабамыздың туғанына 300 жыл. Бұл тарихи маңызы бар, дүйім жұрт арман еткен елеулі оқиға. Көп жылдар бойы бұрмаланған тарихымыз қайта қаралып, толықтырылып жатыр. Көптеген тарихи деректер мен тұлғалар таптық тұрғыдан емес, жалпы адамзат тұрғысынан сөйледі.

Осы бағытта заман өзгерістеріне сәйкес тарихшыларымыздың алдында көптеген міндеттер тұр. Солардың бірі – оқиғалардың жанды негізігін қалпына келтіріп, белгілі тарихи қайраткерлерді дұрыс көрсете білу және олардың күшті не әлсіз жақтарын айқындау.

 

Бір сөзбен айтқанда, қанша қиын болғанымен олардың өткен өмірі, қызметі туралы шындықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Осыған байланысты, бірқатар мемлекет қайраткерлері мен белгілі тұлғалардың Абылай (Әбілмансұр) хан жайлы айтқан сөздерін ұсынамыз:

 

«Орындалмаған үш арманым қалып барады, біріншісі – жаумен жағаласумен жүргенде елді отырықшылдыққа үйрете алмадым, екіншісі – қала сала алмадым, үшіншісі – егін егіп, халқыма жер емшегін емдіре алмадым».

Абылай хан

 

«Абылай – қазақ халқының өмірінде ұзақ уақыт жарқырап жанған жұлдызы. Оның жанған жарығы мен ыстық лебі, шапағаты халқымыздың жүрегінде мәңгі-бақи сақталатыны сөзсіз!».

Жабайхан Әбділдин

 

«Болып өткен оқиға зор, тарихи тұлға тұғырлы болған сайын оның жұмбағы мол болады. Себебі оның айтылмай қалған тұстарына «аңыз», «ертегі» тор құрады. Біздің арғы-бергі өмірімізде Абылайдай асқақ, Абылайдай терең, Абылайдай қас батыр, Абылайдай мәмілеген мемлекет басшысы болған емес».

Жарылқасын Боранбай

 

«Тарихи тұлғаларды бір-бірімен теңестіре салыстыруға болмайды. Әйткенмен, Ресей үшін Петр бірінші, Германия үшін Бисмарк қандай қызмет атқарса, Қазақстан үшін Абылай ханның еңбегі олардан кем емес!».

Қадыржан Әбуев

 

«Абылай хан! Бұл есімді атағанда барша қазақ атаулының жадына бостандық, егеменді ел, қазақ халқы, туған жер, Отан, ел бірлігі, ел ынтымағы сияқты қасиетті ұғымдар оралады. Айбынды да айдынды, әруақты Абылай бабамыздың есімі, рухы өсіп-өнудің ұрығы емес деп ешкім де айта алмас! Абылай ханның даналығы мен көрегендігі – осы бір Дала демократиясы мен хандық диктатураны бір жүйеге сала білді».

Манаш Қозыбаев

 

«Әр халықтың тарихында қаһарман тұлғалар бар, олардың есімдері әрқашан халықтың жадында. Қазақ халқының тарихында ұлттық қаһармандардың бірі – Абылай хан».

Нұрсұлтан Назараев

Жалғасы бар...

Ғабит ҚАРАБАЙ

Ақыт ата туралы ұсыныс

$
0
0

Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ

 

   Ақыт ата туралы ұсыныс

 

9-мамыр күні Бурылтоғай ауданында дастан туралы бір тамаша жиын өтті. Сол жиында мен көтерген 4 мәселенің ең біріншісі Ақыт атамызды еске алу мен оны өзіне лайық биікке шығару еді.

 

Ең маңызды, ең көкейтесті, ең шешуші мәселе неде? – деп бастадым мен Бурылтоғайдағы сөзімді.

Меіңше, көкейкесті де шешуші мәселе қиссагер, дастаншылардың құрметке бөленуінде, сол арқылы олардың шабытын қозғауда, оларға еліктейтін дарынды жадалғыштарды іріктеуде және тәрбиелеуде дедім сосын. Бұл әрі шындық, әрі қисынды да реал міндет. Айтыскерден құрысақ, айтыс өледі. Сол сықылды дастаншы, қиссагерлерлер ізбасарсыз қалса, дастандарымыз қағаздағы бейзаттық өлі мәдени мұра болып қалады да, жанды, ықпалды, өмірге тіке араласқан күйінен айрылады. Ана тілдік және тарихи, реали тағылымдық, тәрбиелік рөлі солғындайды

Бурылтоғайдағыларды таң қалтырған ішкентай дастаншы Дәурен қарт дастаншы Қазымның иығында тұр. Ал, 80 ді аралаған Қазым ақсақал кешегілердің иығында. Егер кешегілер кезінде қызықтырмаған болса, Қазым 4 томдық дүниені жаттамауы да мүмкін еді. Демек кешегілер мен Қазымдарға құрмет болмаса, Дәурендер, былайғы қиссашылар азаяды. Сондықтан Қазымдарды, сонымен бірге кешегі дастандардың авторлары мен өткен заман дастаншыларын келістіре көтеруіміз қажет. Былайғы дастан жөніндегі істердің бәрі осыны таған етеді.

Сайып келгенде, ең маңызды да күшті фактор – адам. Әдебиетте де сол – автор мен оқырман. Қисса мен дастанда да сондай. Қиссашы, дастаншы авторлар мен оны жатқа айтатын қиссагерлер және құныға тыңдайтын жанкүйерлер. Дастан жайлы не не ғылыми баяндамалар оқылар. Бірақ, ауыр жылдарда сонымен айналысқан, оны дамыта отырып бүгінге жеткізген кешегі қиссашылыр мен дастаншылар ұмыт қалмауы керек.

Мысалы, биыл жылан жылы. Туған жылы бойынша да, дастан-қисса әлеміне қосқан үлесі бойынша да, отаншыл, ағартушы, демократ, халықшыл, алғабасар, 65 жыл әдебиетпен айналысқан, Алтайдан басталған Гоминдаң үкіметіне қарсы төнкеріске тамыздық болған, 118 жылдың алдында «Сәйфілмәлік-Бәдиғұлжамал», «Жиһаншаһ Тамұзшаһұғлы» сықылды дастан-қиссасы Қазан шәһарынан басылып шыққан және 10 неше рет қайта-қайта жарияланған, 100 жылдың алдында 11 кітабы жарық көріп үлгерген, 20 неше қисса-дастанның авторы, замандастарынан Арғынбек Апашбайұлы (1883-1946) сықылды талай қаламдастарының да зор құрметіне бөленген, «қазақ әдебиеті тарихында ғана емес, дүние әдебиеті тарихында да өзіне жарай орын алуға тиісті тұлға» («Қазақ әдебиетінің тарихы». 3-том.51-бет. Шинжияң халық баспасы. Үрімжі. 2003.), бас қазы, ғұлама ақын атамыз Ақыт хажы Үлімжіұлы Қарымсақовты (Алтайскиді. 1868-1940 жж.) ауызға алмай өту айып саналмақ.

Ақыттың қисса-дастандарын ғылыми талдау сынгерлердің міндеті. Менің ұсынарым – биыл ШҰАР Мәдениет меңгермесі, Іле Қазақ Автономиялы обылысы және Іле облысы мен ШҰАР Жазушылар қоғамы, Алтай аймағы мен оның қатысты аудандары бір жағадан бас шығарыпАқыт ата туралы екі шаруаны тындырса.

Бірі, биыл ақынның туғанына 145 жыл толғанын дабыралы атап өту.

Енді бірі, оның алдағы 150 жылдығын (ана жылғы Абайдікі сықылды) ЮНЕСКО аумағында атап өтуге ертерек жолдау.

Бұдан бұрын Ақыт атамызды өзіне лайық биікке шығаруға бөгет болмады емес. Соның бірі ол кісінің діндарлығын сылтау еткен аз адамның кідіртуі секілді.

Меніңше,бір ғасырдың алдында, бас қазы, әйгілі хажы, ғұлама молла болған Ақытты иедеямызды азат ете түсіп, тарих пен тарихи тұлғаларға озық ойлы теореялар арқылы қарап, өз заманына қоя  бағаласақ, бұл ол кісіге бөгет емес, демеу, тіпті мәртебе болуға тиісті.

Энциклопедияларша айтқанда, «Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушыға сенімі». Мен бүгінгі былық пен шылықтың көбі кей адамдардағы осындай бірер әлеуметтік-мәдени сананың, қажетті (не адамгершілкке, не үкімет жолына, не Құдайға) сенімнің жоқтығынан деп білем. Өз заманында Ақыттың елді Ислам діні арқылы оңаудан басқа амалы жоқ еді. Ол кезде мұндағы қазақ арасына өзге амалдар келіп жетпеген болатын.

Йә, Ақыт атамыз діндар. Беделді кітаптардың жазуынша да «діндар - әлдебір сенімнін, діннің қағидаттарын қатаң ұстанатын адам». Ақыт өз сенімін, Ислами қағидаттарды қатаң ұстанғаны үшін, бас қазы болып сайланды ғана емес, халықтың, тіпті Жоу Чүнхұй сықылды өзге ұлт, өзге дін уәкілдерінің де зор құрметіне бөленді. Бүгінгі былық пен шылықтың ішінен «діндар» атанып алған  алаяқтар да кезігеді. Ендеше, бүгінде Ақыттай қатаң да дұрыс діндарларды құрметтеу ауадай қажет. Бүгінгі діндарлар Ақытты үлгі тұтулары керек.

Дінтану яғни теология (иллаһият, 神学) - Жаратқан жайлы ілім. Теология ұғым ретінде Платон еңбектерінен, оның мифологияға қаратылған философиялық талдауларынан бастап кездескен екен. Біртіндеп дами келе, XIII ғасырда теология - Жаратқан және оған сенім жайлы жүйелі ілім деген ұғым қалыптаса бастапты. Теология аянға негізделіп, Жаратушы болмысын материалдық дүниедегі заттар мен кұбьлыстарды талдау арқылы дәлелдейтін физикалық теология, адамгершілік моральдық принциптерді талдап, Жаратқанның болмысын дәлелдейтін догмат.

Дін еркіндігі бар біздің қоғағмымызда Ақытқа алакөзбен қараудың өзі күлкілі жәйіт. Қайта ол кісіні тарихымыздың өз сатысындағы теология ғалымы ретінде ғылыми айналымға енгізіп, зерттеуіміз керек.

Ойлаңыздаршы, менің бір ғалым бауырым айтқандай, кешегі Коң Фузы да діндар емес пе еді. Ол ғана ма, кешегі бабаларымыз Әл-Фараби, Махмұт Қашқарилардан тартып Абай мен Шәкәрім Құнанбаевтар да діндар болатын. Бүгінгі, әр дәрежелі саяси кеңестің төраға орынбасарлары ішінен де құрметке бөленген діндарлар табылады ғой. Біз мына жаңа заманда, иедеямызды азат ете түсіп, дастан сықылды мұраларымызды қорғауды кешегі дастаншыларды құрметтеу, олардың және олардың шығармаларының мәртебесін көтерумен тығыз ұштастыруымыз керек. Соның бірі – Ақытты жоғарыда мен айтқан екі істі тындыру арқылы өз биігіне толық көтеру. Ақыт – дастаншы ғана емес, асқан ақын, ғақылияты мол туындылардың иесі.

Бұл пікірді мен үш аймақты басқаратын Іле Облысында, Ақыттың замандасы Таңжарықтай алыптың 110 жылдығында, ійгі жақсылар бас қосқан салтанатты жиында зор сеніммен әтейі көтеріп тұрмын. Жақсылар көп қой. Жақсыларға басын айту жетерлік.

 

ҚЫТАЙ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАН

$
0
0

 

  ҚЫТАЙ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАН

                            Жанболатов Р.С.

Профессор, зерттермен

ҚХР, Үрімжі кәсіби Университеті

(Үрімжі қаласы, Қытай)

1

Қытайдағы соңғы 30 неше жылдан бері жүріп жатқан реформалар мен ел есігін сыртқа айқара ашу бұл мемлекетте керемет өзгерістерді тудырғанын білесіздер. Ол өзгерістер, экономикада ғана емес, қоғамның барлық жағын біртіндеп және орталық ұстанған бағдарламамен шарпуда.

Осы процесте ғылымның (соның ішінде тарихтың), мәдениеттің (бұған жататын әдебиеттің) саясидан, идеологиядан аражігін аша бастауы да бір тың серпіліс.

Мау Зыдоң заманындағы ішінара Қытай тарихшылары мен сыншыларының арасында, Абылай хан ғана емес, Шоқан Уәлихановтан тартып Ілияс Есенберлинге шейін, тіпті қазақ ұлты мен Қазақ мемлекеттілігі, Қазақ Елінің тарихы жайлы әсіре саясиланған сыңаржақты көзқарастардың болып келгені құпия емес. Оның ішінде кезінде Қытайға «үлкен аға» саналған ССРОның, Ресейдегі еуроцентристер мен зорұлтшыл шовинистердің ауыр да нашар ықпалдары да жатты. Шүкірлік, соңғы онжылдықтар мұндай кеспілерді біртіндеп азайтуда, жағдайды белснді оңауда. Бұған Қытай төрағасы Ши Жинпиңның жуықта Қазақстанға келгенде Қазақ елімен дипломатиялық, достық қарым-қаиынастың басталуына 21 ғасырдан асқанын атауы да бір мысал.

Бұл оңалуға әлеми оң өзгерістер де, Қазақстанның тәуелсіздік алуы да, Нұрекеңнің (президент Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ мырзаның) көпвекторлы саясаты да, Қытай Халық Республикасымен жан-жақтылы, теңтерезелі, сыйласымды байланыста болуы да өз үлесін тіпті қосты. Қосып та келеді.

Кезінде Қазақстандық ғалымдардан  Қойшығара Салғара бастаған, артынан Меруерт Әбусейітова, Нәбижан Мұхаметханұлы, Бақыт Еженханұлы, Әлімғазы Дәулетханұлы сықылды нағыз синологтар тіпті өрістеткен Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді іздеу, табу, реттеу мен ғылыми айналымға енгізу, Қазақстан ғылымына ғана емес, Қытай тарихшыларына да көп оң ықпал жасады.

Бүгінде Қытайдың биік өрелі, терең ойлы, кең қарасты тарихшы ғалымдарының талайы Қазақстан мен оның тарихы, Абылай хан мен өзге тұлғалары жайында негізінен оң, дұрыс танымға ие.

Олардың кейі аталған өңірдегі тақырыптарға еңбек сіңіріп, томдаған кітапарды да жариялады. Бұған мен мысал ретінде  профессор Су Бейхайдың «Қазақтың мәдениет тарихы» мен «Қазақ ұлтының жалпы тарихын» (бұны мен тәуелсіздіктен соң көп ұзамай алып келіп, Уақап Қыдырхан ақсақал мен Тұрсынхан Зәкенді ерте барып, ҚазМУдың баспасына тапсырғанмын. Ол әзірше екі елдегі кей себептер салдарынан жариялана қоймады), зерттермен  Ниғмет Мыңжанидың «Қазақтың қысқаша тарихын», профессор Хоң Таудың «Қазақ ұлтының қысқаша тарихын», Жақып Мырзахановтың «Сабалақ дастанының тарихи астары туралы» сықылды шығармаларын айрықша атай аламын.

2

Енді осылардың конференциямыздың бас кейпкері туралы не дегеніне бұрылайын.

Қытайдың хән ұлтынан шыққан көзқарақты зиялылары, әсіресе тарихшы ғалымдары ішіндегі Ұлы Даланың кешегісінен бүгінгісіне шейінгі тарихын зерделейтіндері Абылай ханды жақсы біледі. Олар Абылайды 1710-жылдардың басында туылып 1780-жылдардың басында дүниеден өткен, Жошы ханның, Әз Жәнібек пен еңсегей бойлы ер Есімнің тұқымы, Жәңгір ханның бесінші ұрпағы, Қазақ Елінің әйгілі дарынды да ойшыл қағаны (яғни ұлы ханы), қазақтың өте қайратты ұлттық қаһарманы, бек жігерлі мемлекет қайраткері, аса білімді әскери қолбасшысы, парасаты кемел шебер дипломаты деп қарайды.

Мен сөзімді нақты деректермен өрбіте түсейін.

ШҰАР Парткомының органы «Шинжяң газеті» өзінің 2012-жылдың 26-маусым күнгі қытайша санында «Өшпес ұлттық сезім» атты мақала жариялады. Сонда мынадай үш лебіз бар:

1. «Қазақ – тым ертеден келе жатқан байырғы ұлт. Сонау Хән әулеті[1] тұсында, қазақтардың ататегінің бірі Үйсін ұлысы Хән әулетімен құдандалы болып, екі ел ара достық барыс-келісті бастаған»....

2. «Жоңғар хандығы бой көтеріп, қазақ Ортажүзі мен Ұлыжүзіне басып кірген, қазақ ұлты ауыр дағдарысқа тап болған кезеңде, қазақ тарихындағы әйгілі ұлттық қаһарман Абылай тарих сахнасына көтерілді». ...

3. «1757-жылы Жоңғар ақсүйегі Әмірсана жеңіліп, Қазақтың Абылай ханына қашып барғанда, Абылай хан оны Чиң ордасына тапсырып бермек болған-ды, бірақ Әмірсана сезіп қалып қашып кетті».

Қытайша ресми органдық вебсайттардан «Шинжяң туризм порталы» былай депті:

«Қазақ ұлтының басты тегінің бірі – ертеде Іле бойында тұрған үйсіндер, Сыр жақты жайлаған қаңлылар, Арал мен Каспи арасын мекендеген қыпшақтар. Қазақ ұлтының жауынгерлік ұраны алғашында Алаш еді, бірақ 18-ғасырға келгенде оның орнын Абылай басыңқырап кетті. Өйткені бұл кезде қазақрдан атақты көсем Абылай шыққан болатын».

Қытайдағы Орталық Ұлттар университетінің профессоры, прототүрік филологиясы саласының дүниеге әйгілі ғалымы, 2000-жылдан бері Түркияның лингвистика академиясының құрметті мүшесі Гың Шимін мырза да «Абылай ханнан соңғы Чиң әулеті мен Қазақ байланысы» деген еңбегінде Абылай туралы осы сарындас лебіз білдірген.

Шинжяң Университетінің прфессоры Су Бейхай, хан Абылайдың өсіп-жетіліу барысы жайлы көп әңгіме қозғай келіп, бүй дейді:

«Абылай хан қазақ халқының тіршілігі мен дамуы үшін жүрек қанын сарқа жұмсады. Барлық орайды қолдан жібермей өз күшін ұлғайтып, Жоңғар моңғұлдары мен патшалық Ресей шапқыншыларына соққы берді. ... Абылай қазақ халқын бастап Жоңғар ақсүйектерінің шапқыншылығына асқан шебеолікпен қарсы тұрды, халқыты қорғады,... халқын хауіптен құтқарды».

Профессор Хоң Тау 1994-жылы «Іле Педин Хабарында» жариялаған « Абылай ханға қысқаша аялдағанда» атты еңбегінде,

«Абылай хан - ... әйгілі қазақ ханы, қазақ тарихындағы үлесі зор саясаткер. Ол бүкіл өмірін ат пен тақ үстінен түспей өткізіп, билік пен батырлық арқылы отанының тұтастығын қорғады, патшалық Ресейдің шапқыншылығына қарсы тұрды, қазақ ұлтын гүлденту үшін қаһармандығы мен парасаттылығын паш етті» деп жазған еді.

Ол бертінде (2008-жылы, Бейжіндегі ұлттар баспасы трапынан) жарияланған «Қазақ ұлтының қысқаша тарихы» дейтін, 40 тай ғалымның саралауынан өткен, 400 беттен тұратын кітабында :

«Абылай хан – қазақтың атақты қағаны, қазақ тарихындағы дарабоз қаһарман, қаруға да қайлаға да кемел әскери қолбасшы, шебер ұйымдастырушы, дарынды дипломат. ...  Абылай қаған Қазақ хандығының 18-ғасырдағы өмірі мен дамуына өшпес үлес қосты» деп жазды.

«Шинжяң ұлттар сөздігі», «Ұлттарды зерттеу», «Қытайдың шекара тарихы мен жағрапиясын зерттеу» сықылды мерзімді басылымдар мен интернеттегі торбекеттерінде Абылай жайлы мағлұматтар тіпті көп. Сондықтан, әрине мұндай дәйексөздерді әлі де тізе беруге болады. Бірақ оған уақыт мүмкіндік бермей тұр.

3

Соңында ескерте кетерлік бір маңызды мәселе – Абылай дипломатиясының кей таласты тұстарын тәптішті зерделеп, бұдан бұрынғы қате көзқарастарды түзетудің қабағат қажеттілігі.

Бұл жөнінде Қытай мен Ресей тарихшыларының әр түрлі тұспалдары барын білесіздер. Ал, тек Қытай жаққа ғана бұрылсақ, Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы ара байланысты әлі де терең зерделеу қажет. Мысалы Абылай хан туралы қытайша уикипедияда тұрған мына сөйлемге қараңыз:

«1741-жылы Абылай бүкіл қазақ хандығының үш жүзінің бсын қосып ұлы хан (демек қаған. – С.Ж.) болды. 1744-жылы Ахмет Иасауи кесенесіне таяу тұста таққа отырды. 1747-жылы жоңғарларға соққы беріп қазақ жерін қайтарып алды. Артынан жоңғарлар іші былыққанда бір бөлігі қазақтарға сүйеніп күшейді. 1755-жылы Чиң әулеті жоңғарларды тыншытқан соң, 1757-жылы алғашқы болып Абылай ішкі Ордаға бағынатындығын білдірді. 1771-жылы Чян Лоң патша оны хан деп ресми тағайындады. Қызық болғанда, ол Ресей империясына да адалдық сертін беріп сертификатын қабылдады. Екі жаққада бағыну оның маңызын арттыра түсті. Абылай, өз әкімиятының күшті оппозициясы Ресей деп білгендіктен, Қытайға тіпті сүйенді. Оның Қытайға бейім позициясына қатты наразы болған Ресей Абылайды Орынборға шақырып алып, ұрландыға жатқызбақшы да болды. Бірақ ол қонысын Тәшкент жаққа жылжытып, Ресейден аулақтады» -  делініпті онда. Осы бір ғана фразада, көңілмен емес, дерекпен айқындайтын әлденеше мәселе тұр.

Жалпы алғанда, Ресей тарихшылары ғана емес, Қытай тарихшылырында да  бұл байланыс жайлы шала дерекке сүйенген немесе саясиланған көзқарастар кезігеді. Мен алып қаған жайлы той болып жатқан мына мінбеде ондай дүдамалдықтарды тізбелеуді жөн көрмедім. Бірақ мықты ғалым, атақты синолог, доктор, профессор Бақыт Еженханұлының жуықта ашқан жаңалықтарына құлақ түретіндіктеріңізге кәміл сенемін.

Сөз аяғында, Абылай қаған туралы ғана емес, күллі қазақ тарихы жайында да, тек Қытай тарихшылары ғана емес, әлем ғалымдары ортасында да бірлікке келген дұрыс көзқарастың ертерек  қалыптасуын тілеймін!

Ықыластырыңызға рахмет!

Әдебиеттер

   1 «Шинжяң газеті». 2012-жылдың 26-маусым күнгі қытайша санындағы мақала «Өшпес ұлттық сезім».

2 Су Бейхай. «Қазақ мәдениетінің тарихы». Шинжяң Халық баспасы. 2005. Үрімжі.

3 Су Бейхай. «Қазақ ұлтының жалпы тарихы» (Қолжазба. Қытайша).

4 Хоң Тау. «哈萨克族简史» ( «Қазақ ұлтының қысқаша тарихы»). Ұлттап баспасы. 2008. Бейжін.

 

Аты-жөні (толық)

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ

___________________________________________________________

Ғылыми дәрежесі (ғылыми атағы): Профессор, зерттермен  ___________________________________________________________

Лауазымы: Бүкіл Қытай Парламентінің эксдепутаты, Шинжяң Университетінің экспроректоры, ШҰАР білім Минстрінің эксорынбасары._____________________________________________

Ұйымның толық атауы: Үрімжі Кәсібіи Университеті

__________________________________________________________

Байланыс телефоны: 13669959650; 0991-2864309

___________________________________________________________

Автордың адресі:ШҰАР Оқу-ағарту меңгермесі, Жеңіс көшесі, №229, 830049, Үрімжі,ҚХР_______________________________________________

Факс, E-mail  sjanbolat@yahoo.com; sjanbolat@hotmail.com

__________________________________________________________

Мақалаға қысқаша аннотация, тақырыбы: «Қытай ғалымдарының еңбегіндегі Абылайхан» (Қазіргі Қытай еліндегі ұлты хән тарихышылардың Абылай хан жайлы көзқарастары сөз болады).

 

 




[1]

ШӘКӘРІМ МЕН ЗИЯД ҚЫТАЙДА

$
0
0

 Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ

             ШӘКӘРІМ МЕН ЗИЯД ҚЫТАЙДА

 

Арғы шақ аласапыранының әңгімелері

 

Қытай қазақтары ішіндегі үлкендердің еске алуынша, өткен ғасырдың басқы онжылдықтарында, Абай ғана емес, Шәкәрім Құдайбердіұлының (1858 ж. 11 шілде. Семей. Кеңбұлақ. – 1931ж. 2 қазан. Шыңғыстау) ақындығы, жазушылығы, философтығы, тарихшылығы, композиторлығы, текті атаның ұрпағы екені, отаршыл империяның қырына алынған атақты қайраткерлігі  Қытайға ауып келген көзқарақты қазақтар ішінде кеңінен сөз болады екен.

Бермен келе (әсіресе 1930 жылдырда), Абайдың інісі және замандасы, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары Шәкәрім туралы сөз тіпті етек алыпты. «Себеп Ресей елінен өзге мемлекетке келгесін еркін ашылатын ауызда ғана тұрғаны жоқ еді, бір топ сорпа бетіндегі арыстар Қытайға келіп мұндағы елдің көзін ашып, көкірегін оятуға талай тың істер тындырған болатын» деседі сол ақсақалдар.

Онысы рас. Қазақстандағы қолдан жасалған зорлықты ұжымдастыру мен тәркілеу, ашаршылық, репрессия, т.б. геноциттік саясат салдарынан ондағы талай ел ағалары Қытайға аууға мәжбұр болыпты. Осылардың ішіндегі, Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетін тауысып, 1902 жылы заңгер мамандығын алғасын, кезінде Семейдің округтік сотында қызметкер, «Сары-арқа» үнқағазының редакторы болған, 1912-1916 жылдары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде патша үкіметінің отаршылдық саясатының сырын жанкештілікпен батыл әшкерелеген, жалпықазақ сиезін ашуды белсенділікпен көтерген, тіпті 1918-1919 жылдары Семейде Алаш әскерін жасақтауға да атсалысқан, кейін өзіне қатер төнгенде (1922 жылы) амалсыз Қытайға өткен Райымжан Марсеков (1879 ж. Семей облысы, Өскемен уезі Айыртау болысы. - ?) бастаған, Әсет Найманбайұлы, Зият Шәкәрімұлы, Шерияздан Марсеков, ағайынды Ғазез Нұрмұхамметұлы мен Әніуәр Көкйұлы Қалбановтар, Шайқысламұлы Жүсіпбек, Көдек Маралбайұлы, Әріпжан Жанұзақұлы, қаратай Ережепов Әбдікәрім болыс сықылды ықпалдылар қостаған топтың Қытайға өтіп, Қытай қазақтарына жасаған оң ықпалы мұндағы қазақтардың мәдени оянуы мен гүлденуіне күшті дем беріпті. Осы ықпалдың ішіндегі бір игі іс ретінде Абай мен Шәкәрімнің танымалдығы анағұрлым арта түскен.

Бірақ, амал не, бұл арыстардың өмірі де, ықпалы да ұзаққа бармаған. 1934 жылдан бастап 1944 жылға шейін Шинжяңның әскери, әкімшілік жақтардағы бар билігі Шың Шысай[1] дейтін, «Шинжияңның қағаны» атанған алаяқтың қолына өткен екен [2]. Ол өз билігін нығап алғанша, аз уақыт «алғабасар» бейнесін жылтыратады да, артынан, билігін әбден бекемдедім-ау дегенде, ССРО ның тапсырмасымен оның «халық жауларын» және өзіне бөгет санаған Шинжияңдағы халықтың ықпалды тобын қатты қырады. Біз атаған арыстар сол барыста мерт болған.

Осы айтқандарымызға Шәкәрімнің ұлы Зиядтың (1903 ж. - 1938 ж.) кешірмесі айқын мысал. Шинжияңдағы жазушы Зейнолла Сәнік (1935 ж. - ), профессор Әмір Жалбағаев (1936 ж. - ), рофессор Шәйітқазы Зейнелғазы, ағартушы Мидіхат Разданұлы (әкесі Зиядпен қыметтес болған. 1932 ж. - ), жазушы, шежіреші Нұрлан Сәрсенбаев, қазақстандағы Мұсылманбек Әбділдабекұлы Төгісов,  құдам Әніуәр Көкейұлы Қалбанов (1902 ж. Ш.Қазақстан. Ақсуат - 2009 ж. Алматы) және Салтанат Далбайқызы, А.Түгелбаев, Айтқали Кененбайұлы сықылды зерттермендердің жеке архиві мен жариялаған мақалаларына негізделгенде, Зияд Шәкәрім ұлы (ағалары Ғафур, Қабыш, Ахат түгел қолға алынып, Ғафур мен Қабыш түрмеде өліп, Ахат Сібірге айдалған соң) әке ақылымен (тағы бір деректе Шыңғыстау көтерілісін жасаған соң), Шыңғыстаудағы жұртынан аттанып, Бердеш (Фердауси) Әзімбайұлы Тәкежанов пен Төлеуғазының (орысша оқыған ересек, кейін келе Алтайдың Әлен ханының шаруашылық басқарушысы болған адамның) басшылығында, Мәнекеш Әзімбайұлы (Бердештің інісі), Қожақапан (Шәкәрімнің қызынан туған жиені), Қасымбек Солтабайұлы және жолда қосылған Керей ішіндегі жастабан, Шақантай батырдың бергі ұрпақтары Жабағытай (бұл кісінің ұлы Нариман Үрімжіде ірі аударушы еді, бертінде қайтыс болды. «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін басқарған Хасен Оралтайдың достары), Кенжебектер сықылдыларды ертіп, Шұбартауды басып, Бақты кедені арқылы, 1931 жылы қазан айының соңында, жиыны 300 дей адам Шәуешек өңіріне өтеді. Бірақ Зиядтар, Қазақстаннан келгендері көп Шәуешек қаласына жуымай, Еміл өзенінің бойындағы Жиекте отырған Сонабайұлы Иса қажынікіне (Бәйбішесінің аты – Мәскеу – Үрімжідегі Әмір Жалбағаев пен Астанадағы жазушы Думан Рамазандарға туыс. Иса қажының бір ұлы Серік Исаев қазір Алматыда, Кеңсай қабырыстандығын басқарушы) келіп түседі. Зиядтың,

                Маккаға тауап етіп барған қажы,

                Мешіт пен медіресе салған қажы,

                Аш-арық адамдарды тойындырып,

                Көз қырын мүсәпірге салған қажы.

                Амалын екі әлемнің бірдей ойлап,

                Сауабын дүниенің алған қажы. –

деп жазған өлеңі Иса қажының осы жолғы ыстық құшағына разылықтың белгісі еді. Зиядтар осыдан соң тіпті бытыраған көрінеді. ССРО КГБ сының жансыздары өріп жүрген Шинжияңда, артында қуғыншы, іздеуші бар бұларға бір жерде тұрақтап тұру да қатер болған. Бұлар қолдарынан келгенінше үздіксіз орын жөткеп отырған сыңайлы. Зияд бір жылдай тарақты Тышқанбай бидің ұлы Қабдолланың ауылында болыпты. Зияд өздерін (Жабағытай, т.б. азаматтарды) іздеген (Шойынбаев сықылды) қуғыншылар келгенін, әкесінің жазым болғанын ести сала, Шәуешектің шығысындағы (56 шақырымдық жердегі) Дөрбілжіннен дереу (1932 жылы) достығы жарасқан Айтқазы Қабдолла ұлымен бірге Үрімжіге барады (Жабағытай Еренқабырғаға – Шиқу, Сауан аудандары жаққа кетеді). Зияд Үрімжіге келіп, Уфадағы Ғалия медресесін бітірген, орынборда гимназияда оқыған, Алаш азаматтары тұтқындала бастағанда Шәкәрім қажының ауылын паналаған, одан Зайсан арқылы Қытайға өткен, бұл күндері Үрімжідегі өлкелік үкіметтің ағарту ісінің бастығы болып жүрген Сейітқазы Нұртайұлынікіне түседі. Сол жылы Сейітқазының қызына үйленеді және оқуға түседі. Артынан (1933 жылдың қарашасында) Алтайға аууға мәжбүр болады. Зияд Алтайдағы Бітеуіргеде отырған, керейдің иесі орнындағы Мәми бейсінің ауылына түседі (бұл тұста бейсілік лауазым Мәмидің немересі Бұқат Қанапияұлында екен). Кезінде Найман ішіндегі қаратай болысы Әбдікәрім Ережепов та осы ауылға келген және Мәмилер бұларды жақсы қарсы алған.

   Шың Шысай залым таққа шыққан соң (1934 жылдан былай), аз уақыт жылымық саясат жүргізгенде, Алтайды басқарып тұрған, Көгадай ханның ұрпағы Шәріпхан, содан пайдаланып, мәдениет пен оқу-ағартуды кіндік еткен алғабасар ізгі істерді қолға алады. Зияд Алтайдағы «қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымын» басқарыса, аймақтық оқу-ағарту бөлімінде қызмет істесе, мұғалім, ақылшы бола жүріп, Алтайдағы мектептердің 63 ке, оқушылардың 4000 ға таяуына тікелей үлес қосады, Асқар Татанаев (әйгілі ақын, жазушы, фолклоршы), Сәлімжан Кәкіжанов. Махмұт Өтелбаев, Асхат Мәңкейұлы, Мұратбек Мәңкейұлы, Уақит Оразаов сықылды шәкірттерін тәрбиелейді. 1935 жылы желтоқсанның 27 күні, Алтай әкімшілік мекемесінің басхатшысы Мәңкей Мәмиұлы басқарған, Мұқаш Жәкеұлы басредакторлық қылған «Шинжияң Алтай газеті» дүниеге келе сала, оны құттықтаған өлеңін жариялайды. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабай, Ахмет Байтұрсын, Мержақып Дулат, т.б. әйгілі тұлғаларды таныстырады. «Аюбай» сықылды шығармаларын жариялайды, туындыларының кейін сахналастырады.

Зияд 1937 жылдың басында, «Өлкелік қазақ, қырғыз мәдени ағарту ұйымының» шақыруымен Үрімжіге барады. Үрімжі қаласындағы «қазақ-кырғыз ағарту ұйымының» ойын-сауық бөлімінің меңгерушілігін және Ғзез Қалбанов басқарып тұрған «Шыңжаң газеті» қазақ редакциясының әдебиет бөлімінің меңгерушілігін атқарады. 1938 жылы ақпанда, ССРО КГБ ның тапсырмасымен, шын пейілін жасыра алмаған жауыз Шың Шысай тарапынан қолға алынады. Оның осыдан соңғы тағдыры әлі беймәлім.

Зиядтың Қытайдағы жұбайы Мүниза (Мүнирә ?) Сейітқазықызы (Сейітқазы Нұртаев күллі Алтайға мәшһүр оқымысты адам болған. Бұл да қамалып, 1945 жылы ауырып өлген) 1946 жылы қайтыс болады. Одан туған Мереке деген ұлы Зиядтың бажасы Қали Иманқожаевтің қолында өседі. Кейін, оны Қали мен Бердештер Қазақстанға алып кетеді. Алматыдағы Мерекенің балалары – Нұрлан, Гауһар, Меруерт, Сәуле деседі.

Зиядтың Қытайда өткен қысқа ғұмырында тындырған көп ісінің (бұл қысқа мақала оның бәрін баяндауды үстіне ала алмады) бірі Абай мен Шәкәрімді Қытай қазақтарына кеңінен таныстыру болыпты. Бұл, әрине, оның

                 Қажы еді әкем кәрі шал,

                 Жетпіс үште жасы бар.

                 Анық жеміс алғанға,

                 Шөлдеген жанға еді бал. –

деген немесе,

                    Ұлы едім Шәкәрімнің Зияд деген,

                    Ән салдым бала жастан қияқпенен.

                    Әкенің тәрбиесі сіңіп бойға,

                    Қиянат жанға жасау ұят деген. –

сықылды өлеңдерімен ғана шектелмейтіні белгілі. Ол шәкірттеріне берген дәрістерінде, жұртқа сөйлеген сөздерінде, жазған өзге еңбектерінде, Абай мен Шәкәрім ғана емес, талай алаш азаматтарында ауызға жиі алған. Абайдың, Шшәкәрімнің, Зиядтың, тіпті алаш арыстарының Қытай қазақтарына танылу барысының басы міне осындай.

 

Бергі шақ пен бүгіннің шындықтары

 

Қытайда, Шың Шысайдың әлгі қырғынынан соң, «мәдениет төнкерісі» атты ауыр апат аяқталғанға (1976 жылға) шейін, солақай саясат жұртты иіріп, есін шығарғандықтан, тарихи тұлғалардың, сол қатарда Шәкәрім сықылды алыптардың атын атау қиындаған бір тарихи саты өтті. Бұл отыз неше жылда тіпті оларды білетін жандар да сиреп-ақ кетті. Дегенмен халық батыр-ақ қой. «Үй артында кісі жоқта» оларды еске алу, сыбыр-күбір арқылы болса да шығармаларын оқу мен жаттау, ауысу мен көшіру жалғасын таба берді. Бұған Мидіхат Разданұлының «Зиядтың Шинжияңдағы өмірі мен шығармашылығы туралы» деген мақаласында, «Менің әкем Раздан Зиядтың өз қолынан шәкәрімнің «Үш анық» деген кітабын

(қолжазба) және бір топ өлеңдерін көшіріп алыпты. Ал, әкем арқылы Мәсау, Рашат, Уақит тағы басқалардың көшіріп алғаны менің есімде» деуі мықты мысал.

1988 жылы (туғанына 130 жыл дегенде) Шә­кәрім толық ақталып, оның өлмес, өш­пес мұрасы халқына қайта орал­ды.

Қытай басылымдарынан Шәкәрімді үгіттеуге, шығармаларын жинап, реттеп, жариялауға, Шәкәрім және оның ұрпақтары жайлы деректерді іздеу мен табуға, Шәкеңнің 130 және 150 жылдығын атап өтуге ең белсенді атсалысушы Дәлелбек Қинаятұы басқарып тұрған «Мұра» журналы болып келеді. Дәлелбектер Шәкәрім толық ақталудан бұрын (1985-жылы), «Мұраның» №1 жән №2 сандарында Шәкеңнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» түгел жариялады. 1988 жылы №1 санында, Сұлтан ЖАНБОЛАТОВтың «Жүз отыз жылдан соң қайта туылу» атты мақаласын басып, Шәкәрімді жан-жақтылы таныстырды және төрт суреті мен 16 өлеңін (Қазақстан материялдарынан алып, Оразанбай дайындаған «жуандар», «нәсихат» сықылдыларды) қоса берді. 1990 жылғы №1 санына Шәкәрімнің «талап пен ақыл», «анық пен танық» атты екі өлеңін тағы жариялады (Қазақстанның «Білім мен еңбек» журналынан алып дайындаған Дәлелбек Қинаятұлы). «Мұра журналының» 1995-жылғы №3 санында Алтай қаласындағы ағартушы Мидхат Разданұлының «Шәкәрімнің Өр Алтайда ізі бар» дейтін (өлеңдері, дастандары, шежіресі, ұлы Зияд жайлы сөз қозғаған) көлемді мақаласын жариялап, жұртқа беймәлім талай жәйіттің бетін ашты. Тағы да осы «Мұра» 2008-жылы №2 санында Мидхат Разданұлының «Зиядтың Шыңжаңдағы өмірі мен шығармашылығы туралы» деген мақаласын басып, беймәлім жәйіттерді одан ары аша түсті. Дәлелбектер «Ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келгендігінің 150 жылдығын қызу құттықтаймыз!» деген лебіз бен Шәкеңнің үлкен суретін осы санның бір бетіне бір-ақ берді әрі Шәкеңнің проф. Қаусылхан Қамажанов (Жалын баспасынан шыққан «Шәкәрім» атты жинақтан) дайындаған «жас өтті тынымсыз» сықылды бес өлеңін қоса жариялады. Қазір Дәлелбектердің қолында Шәкәрімнің Қытайдағы Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы елге тараған өлеңдері бар. Олар мұны зерттеуден өткізіп барып жарияламақ. Жалпы Дәлелбектердің Шәкеңді Қытайдағы қазақ ұрпағына жан-жақтылы таныта түсу бекімі қатты берік.

Осыдан былай, Шәкең Қытайдағы халқының ішіне де қайта оралды ғана емес, зор құрметке бөленіп, басылымдардың төрінен, зерттермендердің зердесінен орын алып, шығармалары зерттелетін, дәрістерден ойып орын алатын, өлеңдері жатталатын, әндері шырқалатын жаңа күй қалыптасты.

Мысал сөзді Қытай астанасы Бейжіннен бастасақ, Орталық Ұлттар Университеті қазақ филология факультетінің бастығы, прфессор Мұхтар Әбілхақұлының шақыруымен, 2010-жылы, Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының докторы Бағдан Момынова, 2011-жылы мамырда ҚР Гумилов атындаңы Еуразия университетінің проректоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабеков осы университет студенттері мен аспиранттарына, неше айлап, Шәкәрімнің шығрамашылығы жайлы лекция оқып қайтты. Бейжіндегі Орталық Ұлттар басбасы 2012 жылы Сәлима Әсейінқызының «Қазақ әдебиетінен тақырыптық зерттеулер» атты монографиясын шығарған болатын. Монографияның бірінші тарауы Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Үрімжідегі Шинжияң университетінің профессоры Жеңысхан Мұқатайұлы қазақ әдебиеті мамандығындағы суденттер мен аспиранттарға  «Қазіргізаман қазақ әдебиеті» атты дәрісте Шәкәрім Құдайбердіні бір тарау етіп сөйлейді. Бақытбек Тайырұлы басқарып отырған «Шинжияң университетінің ғылыми журналы» 2009 жылғы №2 санына Семей Мемлекеттік Пединндегі Ғалия Ахманованың «Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларының зерттелуін оқыту» атты мақаласын жариялады.

Құлжа қаласындағы Іле пединститутында өтілетін «Қазақ совет әдебиеті» атты дәрісте де Шәкәрім еңбектеріне аялдайды. Осындағы «Іле Педин ғылыми журналы» Балтабай Әбілғазиұлының «Шәкәрім жырлаған жыр жәуһары» дейтін мақаласын 2011 жылғы №4 санына, «Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шығармашылық мұрасы» дегенін 2012 жылдың №1 санына басты.

Шинжияң Қоғамдық Ғылымдар Академиясы бастығының бұрынғы орынбасары, ағазерттермен, тарих ғалымы, жазушы Жақып Мырзаханов «қазақ тарихы мен мәдениетінен зерттеулер» деген кітабынан бір тараулық орынды, «Шәкәрім шежіресі және оның Қытайдағы қазақ тарихшыларына ықпалы жөнінде» деген атпен бір-ақ берген. Ағазерттермен, этнограф, тарихшы Ясын Құмарұлы басқарып отырған, Шинжияң Қоғамдық Ғылымдар Академиясының хабары – «Шинжияң қоғамдық ғылымы»профессор Шәйітқазы Зейнелғазы ұлының (2008-жылы Шәкеңнің 150 жылдығына арналған) «Шәкәрімнің этикалық философиясы» деген, 2013 жылғы №1 санына «тағы да Шәкәрімнің этикалық философиясы туралы» деген мақаласын жариялады.

Қытай Компартиясының ШҰАР Парткомының, Тегіс, Әділ Семейхан, Есімбек Панарлар басқарып отырған органы «Шинжияң газеті» де 2012- жылы 10- тамыздағы санына Қазақстандық Салтанат Шалбайқызының «Асылдың сынығы – Зияд Шәкәрімұлы туралы баян» атты мақаласын жариялады.Құлжа қаласынан шығатын, Сәулет Тоқтыбай мен Ермек Аят басқарып отырған «Іле газеті» осының алдында (2008 жылы) Шәкеңнің 150 жылдығына арнап, жазушы, шежіреші, зерттермен Нұрлан Сәрсенбаевтің «Абай мектебінде сомдалған асыл тұлға» атты мақаласын жариялаған болатын.

Қазір Қытайдағы қазақ жастары - Абай мен Шәкәрімді ең белсенді зерттеушілер, үгіттеушілер мен таныстырушылар. Мұны Қытай жастарының интернеттегі торбекеттеріне (вебсайттырына) енсеңіз-ақ бірден байқайсыз. Мысалы, Қытайдағы 100 ге таяу қазақ тілді торбекеттерінің ішіндегі Ақытбек басқаратын бірғана «Сен-қазақ» сайтында Шәкәрімге арналған 30 ға тарта мақала тұр.

Жалпы алғанда, Шинжияңдағы баспалар мен мерзімді басылымдар, торбекеттер Шәкеңнің кітаптарын, Шәкәрім туралы әр алуан мақалаларды неғұрлым көбірек шығару қамында болып келеді. Мысалы, Үрімжідегі Шинжияң халық баспасының басредакторының орынбасары Шәріпхан Әбдәлі Шәкеңнің кітабын басып шығаруды биылғы жоспарға да алып қойыпты.

 




[1]盛世才

[2] Шың Шысай (1867 ж. Ляуниң өлкесі -  1970 ж. Тәйбей) ССРО компартиясының мүшесі және генералы. 1927 жылы Жапонда құрлық армия университетіннен оқып оралғасын Гоминдаң армиясының басқолбасылығында штаб генералы болған. 1930 жылы Шинжяң өлкелік үкіметінің басхатшысы Лу Шяузудың ұсынысымен Шинжияңға келеді. 1932-1933 жылдардағы Құмылдағы Қожанияздың, оған Гансудан көмекке келген Ма Шымиңнің қолын қиратып, аты шығады. Сол жылы саяси өзгеріс жасамақ болған генерал Чін Чоң мен Ресей патшалқ армиясының былығынан пайдаланған ол, 1934 жылы, барлық қарсыластарын қырып жоя келе, Шинжияңның төрағасы болған. Шинжияңды автономиялы жолмен басқарған. Орнын нығайтқанға шейінгі бір сәттік саясаты арқылы халықтың құптауына қол жеткізген. ССРО ның әр жақтылы көмегімен Шинжияңдағы қарсыластарын үздіксіз құртқан. Тәп осы кезде Қазақстаннан келген зиялылар мен жерлік ағартушылар недәуір еңсе көтерген, халыққа пайдалы істер тындырып алған еді. Артынан Шың Шысай айнып, ССРО ның «халық жаулырын» ұстап беру не құртуды кеңейте барып,талай адамның қанын ішті. Ең соңында қайтадан Гоминдаңға бас ұрды.

 

Қазақ тарихы тым арыдан басталады

$
0
0

Қазақ руларының 30 пайызы әйелдер атымен аталған

Астана. 18 қыркүйек. Baq.kz – Кеше Павлодарда ұйымдастырылған «Дін және әйел» атты республикалық форумда гендерлік теңдік және хиджаб туралы пікірталастар өтті.

Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат істері жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, Президент кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйлеп, Қазақстанда әйелдердің сапалы білім алуына және жұмысқа тұруына барлық жағдайлар жасалған дейді.
«Сонымен бірге, біз халқымыздың дәстүрлеріне қайшы келетін жаңа үрдістерді енгізуге тырысып жатқандарға ел болып, әлем болып қарсы тұруымыз керек», - деді Г.Әбдіқалықова.
Бүгінгі таңда қыздарымыз қоғамның тең мүшесі ретінде өздеріне ұнаған жұмысқа кіруі, спортпен, ғылыммен және өнермен айналысуы үшін мүмкіндік берілуі керек.
Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын да бұл мәселенің өте өзекті екенін айтып, кез келген діннің қарапайым болуға, жақсылық жасауға, туыстық қатынастарды нығайтуға, көршілерін сыйлауға, бақытты да өнегелі отбасы құруға үндейтінін тілге етті.
«Қазақстанда гендерлік ұстаным бойынша алалауға немесе кемсітушілікке жол берілмейді. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндердің 60 пайызы, сот жүйесінде – 61%-ы, Парламент депутаттарының – 34%-ы, кәсіпкерлердің – 40%-ы әйелдер қауымынан тұрады.


Қазақ әйелдеріне хиджаб тағу төңірегіндегі дауларға қатысты Е.Арынның айтқан жауабы мынадай болды: «Бұл киімнің қазақ қоғамына төндірер ешбір қаупі жоқ, мұнда тек діни тұрғыдан алғанда қауіпті болуы мүмкін. Яғни, мәдениетімізге және идеологиямызға таңсық дүниелер санамызды улайды».
Оның айтуынша, бөтен мәдениеттің қоғамымызға кіріп, тамыр жайып жатса, өзімізге ғана тән дүниелерден мақрұм қалуымыз әбден мүмкін.
«Тарихымызға үңілсек, қазақ қыздары ешуақытта жүздерін жауып жүрмеген. Сопылыққа беріліп, күйеуінің рұқсатынсыз бөтен отбасылардың мүшелерімен сөйлесуіне тыйым салынбаған», - дейді облыс әкімі.
Сонымен қатар, оның айтуынша, қазақ руларының 30 пайызы әйелдер атымен аталған және еліміздегі елді мекендердің 20 пайызға жуығына әйелдер қауымының есімі берілген.
«Мұның бәрі қазақ елінің тарихында және ұғымында әйелдер қауымының орны қаншалықты жоғары екендігіне меңзейді. Діни қағидаларымыз әйелдерге қойылатын шектеулерден қорғауы тиіс», - деді Е.Арын.

 

Ғабит ҚАРАБАЙ

АДАМЗАТТЫҢ ЖЕТІ ЖЕТІСТІГІ

$
0
0
АДАМЗАТТЫҢ ЖЕТІ ЖЕТІСТІГІ
18.09.2013 21:46 Қайыржан ТӨРЕЖАН
054
Шындап кіріссе, адамның қолынан бәрі де келеді. Аспанмен астасқан шыңдарды бағындырып, өткел бермес тереңдерді де зерттей алады. Сонау аспандағы айды да игердік. 
Оны алғаш ғарышқа ұшқан күні-ақ дәлелдегенбіз. Бірақ жерде жүріп те адам баласы талай кедергілерден өтіп, кейде адам сенбес ерлік жасайды. Биік белестер мен шыңдарды бағындырады. Мұның бәрі нәтиже, үлкен жетістік...


1. Мариан шұңғымасы 
Әлемдегі ең терең су астындағы шұңқыр Тынық мұхитында екені белгілі. Ол жақын маңдағы Мариан аралдарының атымен аталады. Шұңғыманың тереңдігін 1875 жылы британдық «Челленджер» кемесінің көмегімен анықтаған. Түпсіз тұңғиыққа алғаш рет 1960 жылдың 23 қаңтарында «Триест» батискафымен швейцарлық ғалымдар Жак Пикар мен Дон Уолш түсіп, әлемдік рекорд жасады. Олар 10 911 метр тереңдіктегі су түбіне жетті.
«Триест» батискафын әлемде алғаш жасалған FNRS-2 батискафының үлгісімен швейцарлық ғалым Жак Пикар жасады. Италияның Триест қаласында жасалғандықтан батискафқа осы қаланың аты берілді. 1953-1957 жылдар аралығында Жерорта теңізінде батискаф бірнеше сынақтан өтті. Ол кездегі рекорд – 3150 метр ғана болыпты. 1958 жылы су астын зерттейтін құралды АҚШ Әскери-теңіз күштері сатып алды. Енді екі жылдан кейін осы батискафтың көмегімен әлемдегі ең терең шұңғымаға адам аяғы жетті.
Осыдан кейін 52 жылдан соң 2012 жылдың 26 наурызында канадалық режиссер Джеймс Кэмерон Deepsea Challenger батискафымен шұңғымаға жетіп, сол жерде National Geographic документальді фильмін түсірді. Тұңғиық түбінен Кэмерон былай деп жазады: «Дәл қазір мұхиттың ең терең нүктесіне жеттім. Судың түбіне жету маған ешқашан осындай жайлы болған емес. Көргендеріммен бөлісуге асығудамын». Қазір бұл фильмді миллиондаған адам тамашалаған.


2. Ай: адамзат баласы жеткен ең алыс нүкте
Жер планетасының тұрғындары 1969 жылы маусым айында алғаш рет Айдың бетінде қадам жасады. Америкалық астронавтар Нил Армстронг, Базз Олдрин және Майкл Коллинз ұшқан «Аполлон-11» ғарыш кемесі Айдың бетіне қонды. Нил мен Базз Жер серігінің үстіне қонғанда Майкл командалық модульде Айдың орбитасымен ұшып жүрді. 1969 жылы 21 маусымы, Гринвич уақытымен 02 сағат 56 минут 20 секундта Нил Армстронг «Аполлон 11» кораблінің баспалдағымен Айдың бетінде алғашқы қадамын жасады. Одан кейін 15 минуттан соң капитанның артынан Жер серігінің бетіне қонақ болып барған екінші адам ретінде Эдвин Олдрин тарихта қалды.
Астронавтар Айдың бетінде 2 сағат 31 минут 40 секунд алшаң басып жүрді. Бұл уақыттың ішінде олар америкалық туды, ғылыми эксперименттерге қажетті құралдарды Айдың бетіне орнатып, топырақтың үлгісін алды. Арада 21 сағат 36 минут өткенде экипаж осы уақытқа дейін Айдың бетіне қонған жалғыз астрономиялық нысанды тастап, Жерге түсті. Айға сапар «Аполлон» бағдарламасы аясында Жер серігінің бетінде 12 астронавт болыпты.

 

3. Эверест: ең биік шың
Жердің ең биік нүктесіне адам баласының аяғы Мариан шұңғымасынан 7 жыл бұрын тиді. 1953 жылдың 29 мамырында жаңазеландиялық Эдмунд Хиллари мен шерп Тенцинг Норгей биіктігі 8 848 метр Джомолунгма шыңына ту тікті. Бұлар аспанмен таласқан шыңның басында 15 минут тұрды, осы 15 минут тарихта мәңгілік қалды. Хиллари мен Норгей Эверест шыңына тоғызыншы экспедиция кезінде ғана шығуға мүмкіндік алды. Джомолунгма валлийлік географ және геодезист Джордж Эвересттің есімімен аталды.
Оттегі маскасын киген, бойы екі метр жаңазеландиялық Эдмунд Хиллари де, аласа бойлы шерп Тенцинг Норгей БҰҰ, Ұлыбритания, Непал және Индияның тулары бейнеленген мұзшапқышты көтеріп тұрған суреттері бүкіл әлемге таралды.


4. Адам қолымен жасалған ең терең скважина
Адамзат қолымен бұрғылап тескен шұңқыр мұхит түбіндегі табиғи Мариан шұңғымасынан да тереңдеп кетті. КСРО ғылыми бағдарламасы бойынша 1970 жылдың 24 мамырында әлемдегі ең терең шұңқырды қазу жұмыстары басталды. Ресейдің Мурманск облысындағы (Заполярный қаласынан 10 шақырым) скважинаның тереңдігі 1990 жылы 12 262 метрлік рекордтық деңгейге жетті.
Бұл ғаламат жоба 1992 жылға дейін жалғасты. Ғалымдардың мақсаты Кольск құрдымындағы Балтикалық қалқан гранитін тесіп, планетамыздың ежелгі жер қыртысын тексеру еді. Алғашқы 7 шақырымды бұрғылауға 7 жыл уақыт кетті. 1983 жылы ғана бұрғышылар 12 шақырымда жер қыртысына жетті. Артынан техникалық қиындықтар мен апаттарға байланысты жұмысты тоқтатуға тура келді. Тек 1990 жылы бұрғылаудың әлемдік рекорды жасалды.
Кейбіреулер Кольск құрдымын «Тамұқ құдығы» деп атайды. Қазірдің өзінде 12 мың метрлік тереңдіктегі тылсымдар жайлы қорқынышты аңыздар айтылады. Мәселен, ғалымдар тереңнен адамдардың ыңырсыған, айқайлаған дауыстарын жазып алыпты-мыс. Мұны миф деп айтқанмен, ғалымдардың өздері жауап бере алмайтын құбылыстар шын мәнінде болған екен. Қазіргі кезде нысан жабылып, скважинаның аузы бекітілген, ал ғимараттар құлап жатыр.
5. Феликса Баумгартнер: тарихтағы ең биіктен секірген адам 
2012 жылдың 12 қазанында австриялық 43 жастағы парашютист Феликс Баумгартнер 39 шақырым (39,45 мың метр) биіктіктен секіріп, атын тарихта қалдырды. Бұл биіктікке Феликс Баумгартнер арнайы капсулмен 2 сағат 16 минутта көтерілді. 39 шақырымдық биіктіктен құлағанда Феликстің жылдамдығы дыбыстың жылдамдығынан асып, сағатына 1357,6 шақырымды алды. Әрине, ол скафандр киіп секірді және алғаш рет ұшу құралының көмегінсіз 4 минут 19 секунд бойы әуе кеңістігінде еркін самғады.
Егер скафандр герметизациясынан ақау шыққанда Баумгартнердің жұлдызды сағаты өмірінің соңғысына айналар еді. Бағына қарай эксперимент сәтті аяқталды. Парашютист Феликс Баумгартнердің экспериментін Жердегі 8 миллион халық тікелей эфирден тамашалады.

 

6. Гаррет Макнамар: ең биік толқынды бағындырды
Биіктігі он қабатты үйдей болатын жойқын толқында ойнаған гавайлық 45 жастағы сёрфингист Гаррет Макнамар әлемдегі ең мықты жүзгіш ретінде тарихта қалды. Ол үстіміздегі жылы 29 қаңтарда Португалия жағалауындағы Назар қаласының тұсында 30 метрлік су қабырғасын «ерттеп мінді». Бұл жердегі суасты каньоны әлемдегі ең биік, орасан зор толқындар тудыратын «генератор» болып есептеледі. Бұл Гаррет Макнамардың бірінші рекорды емес, 2011 жылы қарашада ол дәл сол жерде әлемдік рекорд жасаған. Ол кезде Гаррет Макнамар 24 метрлік толқынды бағындырған.

диаспора үлкен күш

$
0
0

Әбдіуақап Қара, түркітанушы: Қазақ елі үшін диаспора үлкен күш

АСТАНА. 10 қыркүйек. BAQ.KZ – Жақында Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Түркиялық қандасымыз Әбдіуақап Қара іссапармен Астанада болып қайтты. Ғалым осы сапар кезінде BAQ.kz журналистерімен жолығып, шетелдегі қазақтардың, соның ішінде Түркия мен Еуропадағы қазақтардың бүгінгі кешіп отырған күйі жайлы әңгіме ортақтасырған еді. Түркітанушы ғалымның пікірінше Қазақ елі үшін диаспора үлкен күш. Сондықтан шетте жүрген ағайынды Қазақстанның игілігіне дұрыс пайдалану керек дейді.  

Біз жастарға Қазақстанмен жиі байланыста болуды айтып, қадағалап отырамыз. Өйткені бүгінгі таңда шетел қазақтарының қазақтық қалпын сақтауы, мәдениетін білуі – қазақ мемлекеттілігінің мүддесі. Өйткені диаспора үлкен күш. Егер диаспора ұлттық мәдениетін, тілін білмесе одан еш пайда жоқ. Сондықтан Қазақстан диаспораны ұтымды пайдаланамын десе ол диаспора да ұлттық тілін, мәдениетін меңгерген болуы керек. Еуропа қазақтары арасында соңғы буын жастар арасында оқымысты, халықаралық фирмаларда жұмыс істеген, білімді азаматтар шығып жатыр. Өкініштісі, солардың барлығы қазақ тілін білмейді. Жергілікті неміс, француз тілдерін жетік біледі. Біз оларды Қазақстан үшін пайдалана алмаймыз. Ол өз тілін білмегеннен кейін Қазақстанды да білмейді деген сөз. Қазақ тілін білсе оның мәдениеті, тарихы, туризмі, экономикасын да қазақша оқып біледі ғой. Сондықтан біз Қазақ елі ретінде бұндағы тиісті ұйымдар шетел қазақтарын, соның ішінде жастарды көбірек шақырып отыру керек. Тіпті, бұл жақтағы ЖОО-на көптеп алған дұрыс. Шетел қазақтарына арналған Назарбаев атындағы арнайы квота бар. Бұл өте жақсы. Біз де жыл сайын Түркиядан балаларымызды жіберіп жатырмыз. Қазір олардың алды жұмысқа да орналасты. 1990 жылдардың аяғында келген жастар оқып, қазақ тілін үйреніп қазір бірсыпырасы Қазақстанда жұмыс жасап, ал кейбірі Түркияға қайтып осы қазақ тілі арқылы екі ел арасында жұмыс жасап жатқанын жақсы білемін. Қазақстанда қалып жұмыс істеген азаматтардың көбі ата-анасын көшіріп әкеліп асырап жатыр. Олардың көші-қонға еш қажеті қалмастан өздері де келді, отбасын да көшіріп әкеліп жатыр. Ешкімге ауыртпалығы жоқ. Керісінше экономикаға пайдасын келтірді. Сондықтан біз осындай жастарды атамекендегі жастармен араластырып, оқу орындарына шақырып, оларға жиі жағдай жасаса деген ұсынысымызды айтамыз. Мысалы жыл сайын өтетін ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» РҒПО-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қазақ диаспораларына арналған Халықаралық олимпиадасы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтетін жазғы демалыс және басқа да шетелдегі қазақ балаларына арналған фестивальдерге қатысуда біздің балаларымыз жол қаражаты жағынан көп қиналып қалады. Менің бұл жерде айтар тағы бір ұсынысым – шетел қазақтарына арналған арнайы бір қор болса. Осындай кезде балалардың келіп-кетуіне қол ұшын берер еді ғой. Жастар неғұрлым көп келсе, олар болашақта келген еліне қайтып кетіп жатса да Қазақстанның иммиджін көтеруге үлес қосары даусыз. Сол жақтағы техникалық, экономикалық мүмкіндіктерді де Қазақстанның игілігіне жарата біледі деп есептеймін,-дейді белгілі ғалым Әбдіуақап Қара.


Сұхбаттасқан Майгүл СҰЛТАН


өтініш

$
0
0

Бар үмітім, ата-мекен қасиетті қазақ елінің атқа мінер азаматарында!

өтініш

 

Мен, Мұрат Ақатайұлы – Қытай Халық Республикасының, Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағының Алтай қалалық 3-ші орта мектебінде дене тәрбие оқытушысы болып жұмыс атқарамын. Қытайда, халықаралық қысқы спорт түрінің жеті түрінен (тіктен ирек салып түсу, таушаңғымен ұзаққа жүгіру, коньки тебу, ұзаққа жүгіру, ат шана айдау, байырғы қазақы шаңғымен ұзаққа сырғанау, байырғы қазақы садақ ату) ұласпалы ерекше Гиннес рекортын жаңартқан кәсіби мамандық атағым бар.

Бүкіл ғұмырымды спортықа арнап келемін. 2010 жылы тұңғыш рет ата-жұртым қазақ еліне келіп, спорт саласындағы бірқанша ел ағаларымен жүздесіп, көңіл толарлықтай қолдау алып қайттым, ал быйыл 2013 жылы тамыз айында екінші рет ұлт намысын арқалап тағы да ат басын ата-жұртқа бұрдым. Үміт пен арман тілектерімді де ала келдім.

Құрметті ел ағалары! Төменде Сіздерге қояр талаптарым:

  1. Халықаралық спорт мамандарының, тарихшылардың, архалогия мамандарының ұзын уақыттық ізденістерінің нәтижесінде – Қытайдағы, Алтай тау сілемі өңірінде, шамамен 10 мың жылдың алды-артында жылқы терісінен қапталған қаршаңғының барлыққа келгендігі анықталыды. Сөйтіп 2007 жылы Халықаралық Гиннес бас штабы жағынан «Гиннес еңдері» гуанамасы Алтай қаласына табыс етілді. Осы қаршаңғының моңғол, қазақ ұлттарының қайсысына тәуелді екендігі жоғарыдағыдай кәсіби мамандардың тағы да тынбай зерттеуінің арқасында Шыңжаң өлкелік үкіметі жағынан «Қазақ ұлтының байырғы тарихи мұралары» қатарына енгізілді, сөйтіп жылқы терісінен қапталған осы байырғы қаршаңғымызды тікелей еншіледік. Осы қуанышты хабармен күллі қазақ жұртынан сүйінші сұрай келген жайымда – бар.
  2. Қытай, әр жылдың қысқы, сентябрь айының 16 күнін, Алтай қаласында, осы байырғы жылқы терісінен қапталған қазақы қаршаңғы жарысын өткізу күні етіп белгілеген. Сонымен осы мезгілде жалпы беттік байырғы қазақ шаңғысынан дабыралы жарыс өтіп тұрады. Әрі мектептерде дене тәрбие сабағының бір мазмұны ретінде тіркелген.
  3. Ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтарға қалдырған қасиетті қазынасын жоғалтып алмай, ұлы табиғат сыйлаған сыйын қадірлеп, ұлт сапасын көтеріп, әлемдегі озық ұлттармен тең тұру үшін, қазақ елі қазақтары, қытай қазақтары, моңғолия қазақтарының бірлескен «Дүние қазақтарының байырғы қазақы қаршаңғы қоғамдық қорын» немесе ұйымын құрсақ. Бұған бас алқа қазақ елі болып біз қосымша қызымет атқарсақ.
  4. Осы қазақы қаршаңғымызды, әрі басқа да қаршыңғы түрлерін, Қытай, Қазақ екі ел ортасында және әлемдік спортшылармен бірлесе отырып, өзара тәжірбие алмастыру, дамыту, достық жарыстарын өткізіп отырсақ.
  5. Шығыс Қазақстан облысы, Алтай тау сілемінің жалғасы болып, осы өңірде, Қазақтың байырғы қаршаңғысын дамыту программасын құрып және басқа да таушаңғы алаңдарын ашуға лайықты орын даярлау жұмысын қолға алсаңыздар. Менің арнаулы тәрбиелеп жатқан 20-дан аса спортшы жеткіншектерім бар. Әр жылғы жарыс нәтижелері қуантарлықтай. Өкімет жағынан қаржылай көмек жетіспейді, шаңғы жасау, ремонттау, жаттығу жақтары қыруар қаржыны қажет етеді. Сондықтан да сіздермен сәйкесе отырып, осы Шығыс Қазақстанның Катонқарағай сияқты таулы өңірінен таушаңғы алаңын құрып, оны ортақ пайдалануға мүмкіндік жаратсаңыздар, әрі Қытайдағы спортқа әуестенетін қазақ жастарын, Қазақ елінің жоғарғы оқу орындары мен түрлі спорт мектептерінде кәсіби білім алып тәрбиеленуіне көмектессеңіздер.
  6. Осы байырғы қазақы қаршаңғымызды әлем қазақтарының ортақ мұрасы ретінде қарап, оны ең алдымен қазақтар тұрған мемлекеттерде үгіттеп, жалпыластырып, сосын әлемге әйгілеуді мақсат тұтқан үгіт-насихат қызметтерін алып барсақ.

Құрметпен:

Қытайдан – Мұрат Ақатайұлы

 

18.08.2013 жыл

Қауіптің алдын алу керек!..

$
0
0

Жасырғанмен… жарылғыш зат жарылмай қалмайды…

*Тілің болса- тірісің!

Қауіптің алдын алу керек!..

Әлсіз заң – әлеуметтік наразылық тудырады

     Екі-үш күннен бері «Алматыда қазақ тілінде сөйлеңіз» дегені үшін «Жұлдыздар отбасы – Аңыз Адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың сотталғанын ашына жазып жатырмыз.

Жарылқап Қалыбайдың ұсталғаны туралы хабар таратқан саясаттанушы Расул Жұмалы рас айтса, Жарылқап Қалыбай Қазақстанның ұлттық әуе компаниясының жолаушысы ретінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрағаны үшін жазықты бол,анын айттық….  Иә, онда тұрған не бар. Тәуелсіз Қазақстан аумағында Атазаңымыз бойынша кез-келген елдің азаматы да, шетел Ресейдің тілінде, не өзге тілде емес… Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеуі тиіс қой!

Ал сол үшін, Атазаңымызды талап еткені үшін Қазақстан азаматы сотталып жатса… онда «Қазақ мемлекеті Тәуелсіздік алған ба  өзі»-деген сұрақтың да туындауы сөзсіз! Иә, басы бар, миы бар, қазақы қаны бар кез-келген Қазақстан азаматы осылай ойлайды! Ал басы болғанмен мемлекеттік тілге жететін миы жоқ, жаны болғанмен… қазақы қаны жоқ, мол табысы болғанмен… ұлттық рухы мен намысы жоқ… сауатсыздар болса, онда амал жоқ!…

Атазаңды талап еткен Қазақстан азаматы Жарылқап Қалыбайдың қамалуына  кінәлі Скат компаниясы қызметкерлері жауапқа тартылуы тиіс… Әйтпесе, нағыз қазақтар қандай болатынын көрсетуіміз де қиын емес…

Соңғы мәліметтер бойынша , Скат компаниясы тарапынан “Жарылқап Қалыбай қызуқандылық жасады” деген тура кінәдан жалтару да болып жатқан сияқты… Егер Жарылқап Қалыбай:  ”Алматыда  орыс тілінде,  шүршіт тілінде немесе өзбек, т.б. кез-келген тілдерде сөйлеңіз” десе, қанша қызуқандылық көрсетсе де, ешқандай да соттау, жауапқа тарту болмас еді… Жалпы, біздің қазақтарға жетіспейтіні осы қызуқандылық емес пе? Мемлекеттік тіл үшін, Атазаңды талап етіп, бар қазақ  күресуі керек!  Ішсе де, ішпесе де! Қызу болса да, түзу болса да!..

Бар кінә – біздің  бейшара биліктен бастап, биліктен еш айырмашылығы жоқ  бейшара орыстілді оппозицияға дейін үрке қарайтын “қазақ тілінді сөйле” деген талапта болып тұр… Осыны өтірік білмегенсіп, жалған “заңшылдыққа” салынып отырғандарға таңым бар…

Егер 22 жыл бойы мемлекеттік тіл Атазаңға сай өз орнында болып, 7-баптың 2-ші тармағы- орыс тіліндегі тармақ жоқ болса, бүгінде қазақ тілін аспанда да , жерде де, бәрі білер еді де, тіл мәселесі болмас еді. Яғни, бұл 2011 жылғы Мұхтар Шаханов бастаған 138 зиялы қол қойып, қолдаушылар саны 18  мыңнан асып кеткен  Ашық хаттың маңызы күннен күнге арта береді деген сөз.

memlekettik til 2      Біз секілді Тәуелсіздік алған соң, тіл мәселесін бірден шешіп алған елдерде мұндай сұмдық болмайды, болған да емес! Сондықтан бар мәселе-бар саясат тілден басталады. Мұны біздің билік білмейді емес, әдейі істемейді. Себебі біздің шенеуніктердің 90 пайызы бала-шағасымен қосылып, мемлекеттік тілді білмейді. Мысалы, кеше Елбасыға фин елшісі сенім грамотасын қазақша тапсырды. Ал қасында “қазақша сөйлегуге миын ауыстырмаса, бұл миы жетпейтін” (өзінің парламенттегі мәлімдемесі) Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәңкиіп тұрды… Білмеймін, Елбасы оған фин елшісін үлгі етіп ескерту жасады ма, жасамады ма? Әй, жасаған жоқ шығар, жасаса, осы уақытқа дейін үйреніп алар еді… Ал мұндай мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілді білмейтін – Президент кепіл болып табылатын Атазаңды көзіне де ілмейтін аянышты масқаралық әлемде тек біздің Қазақстанда ғана бар! Ал әлсіз заң әрқашанда әлеуметтік наразылыққа мәжбүрлейтіні  тарихта талай дәлелденген жағдай…

Қазақ тілін қажетті етудің қарапайым мысалы

Осыдан екі-үш ай бұрын Алматыдағы «Азия» кафесіне  түстенуге бардық. Бізге қызмет көрсетуге келген даяшы қазақ қызы ішімізде бір де бір орыс болмаса да, орысша  сөйледі?..  Ол орыс не өзге ұлт өкілі болса, мейлі екен-ау… Не үшін?  Сіз мұны ойланып көрдіңіз бе? Ал алдыңызға келген тамақты ол орысша сөйлемек түгілі , шүршітсе сөйлесе де, бас салып жей бермей, бір рет Тәуелсіз Қазақ елінің тәуелсіз азаматы ретінде талап қойдыңыз ба? –Жоқ! -Неге?  -Иә! –Жарайсыз!

Ал бізде не болды? Арамыздағы Астанадан келген сыйлы қонағымыз, елге белгілі қайраткер азамат  Ислам Әбішев одан «неге қазақ тілінде сөйлемейтінін» сұрады? Ешқандай қымсынусыз, біз қазақ тілін емес, қайдағы адам білмейтін, ел естімеген тілді талап етіп тұрғанымыздай бәрімізге сыздана ежірейіп қарады…

Исекең  дереу кафе басшылығын шақырып,  оның қызмет көрсетуінен бас  тартатынымызды айтты. Иә, қазақ тіліне шошына қарайтын «қазақ» қызының қолынан дәм татпай-ақ қояйық деп шештік. Орнына ана тілін білетін басқа бір сүйкімді қыз келіп, қызмет жасады.

Осыдан кейін бір-екі  айдай өткенде Исекеңмен бірге тағы да Пугасов мейрамханасында бас қосып қалдық! Тағы да сол жағдай қайталанды! Қазақ қызы қазақша сөйлемейді не сөйлей алмайды! Бұл не деген масқара! Біз 22 жыл бойы Тәуелсіз елміз бе, әлде, әлі де Ресей отарымыз ба? Біз тағы да оның қызметінен бас тарттық… Қызық болғанда оны ауыстырған әзірбайжан жігіті қазақшаға ағып тұр…

Енді осылай қайталана берсе, әлгі қазақша білмейтін «қазақтарды» мейрамхана басшылары жұмыста қалдыра ма? Оларға келушілердің көп болғаны керек емес пе?

Ал бір мейрамханада түгел орысша, ағылшынша, өзбекше, т.б. тілдерде ән шырқалып тұрды да, қазақша бір де бір ән айтылмады. Исекеңнің:  «Неге қазақша ән айтпайсыңдар? Сонда қазақ әні Қазақстанда айтылмағанда қай елде айтылуы тиіс?»-деген қатқыл сұрағына мейрамхана басшылары ешнәрсе дей алмай: «қазақша ән таспалары жоқ» деп жалтарма жауап берді. Ондай сылтауға  қоя салатын Исекең бе, дереу жүргізушісін жіберіп, біз түстеніп болғанша 20 дана қазақша ән таспасын алдырып, мейрамханаға тарту етіп кетті…

Бір қызығы, біздің жоғары билік қарапайым  мейрамханалық  межедегі  патриотизмге де  жете алмай келеді. Себебі бізде мемлекеттік тілді білмейтін министр, әкім, шенеуніктерің толып жүр… Бізге мынадай мемлекеттік тілге миы жетпейтін министр немесе әкім керек емес деп қашанғы  айтамыз?  Қашан біздің тілімізге жауап бере алатын  шенеуніктерге ауыстырады оларды…

Негізі қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл туралы мықты заң қабылдап, Атазаңның 7- бабынан орыс тілі туралы 2-ші тармақты алып тастамай, көрген күніміз осы!  Жайлап болса да, жарылатын затты  жасырып, «мина емес» дегеннен , оның жарылмай қалмайтынын… естен шығармайық!  Ең басты мәселе – қауіптің алдын алып, мемлекеттік тілге байланысты тиісті заңдық шараларды жасау – кезек күттірмес дүние. ХIX ғасырдың өзінде зар заман ақындарының заңғары Мүрат  Мөңкеұлы  ”Мен қауіп еткеннен айтамын!”-деп босқа зарлаған жоқ…  Жаман айтпай-жақсы жоқ, ертең  ұлттық мүдделердің  ең жанды жері –  мемлекеттік тілге байланысты наразылық шегіне жететін болса,  басты жауапкершілік – бүгінгі билікте болатынын ұмытпайық!

Қазыбек ИСА.

www.qazaquni.kz

ЕРГЕЖЕЙЛІЛЕР ЕРТЕГІДЕ ҒАНА КЕЗДЕСЕ МЕ?

$
0
0
ЕРГЕЖЕЙЛІЛЕР ЕРТЕГІДЕ ҒАНА КЕЗДЕСЕ МЕ?
23.10.2013 16:55 Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ
089
«Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» шал жайлы бала кезімізде естігенбіз. Барлық ертегілерде ол мол байлық пен мыңғырған малдың иесі, әдемі қыздар мен ханшайымдарды ұрлаушы жағымсыз кейіпкер ретінде сипатталады.
Қиял-ғажайыпқа құрылғанымен, онда астармен берілген өмірлік шындықтың бір ұшы жатады. Міне, осы ертегідегі ергежейлілер жайлы аңыздың да шындыққа біраз жақындығы бар секілді.

 Жерасты халқы

Жердің астында алтын мен күмісті қорытып, түрлі зергерлік бұйымдар жасайтын ергежейлілер тіршілік етеді дегенге қазір ешкім сенбейді. Бірақ жер астынан табылған үңгірлер ғалымдардың таңданысын тудырып отыр. Мәселен, сонау Шотландия мен Франция арасын, одан қала берсе, Еуропа мен Түркия арасын осындай үңгірлер жалғап жатқан көрінеді. Қазіргі таңда 700-ге жуық үңгір табылған. Бір қызығы, Еуропаның Австрия, Германия, Венгрия сынды елдерінен табылған жерасты жолдарының тізбегі үзілмейді. Бір-бірімен байланысып жатқан үңгірлер осылайша лабиринтке айналған. Мұндай үлкен жерасты торабының қалай пайда болғаны белгісіз. Бірақ табиғи жолдармен түзілмегені анық. Ал адам қолымен жасалды деуге небәрі 70 сантиметрден аспайтын биіктігі кедергі. Тіпті кей тұстарда жерасты жолдары 40 сантиметрге дейін жіңішкереді. Яғни қарапайым адам баласы бұл құрылысқа оңай кіре алмайды.

Осындай үңгірі көп елдің бірі –Түркия. Бұл елдің Деренкуйю (қазақшалағанда Тереңқұдық) атты қалашығында түбі құрғақ құдықтар көп кездеседі. Қаланың астынан да бес қабаттан тұратын алпыс метр тереңдікке кеткен үңгір табылыпты. Бұл «үңгір-қалаға» 10 мың адам еркін сыяды-мыс.

Жалпы, аңыз-ертегілерде жердің бетін мен астын да адамдар мекен еткендігі жайлы деректер аз айтылмайды. Мәселен, Ертөстік пен Шалқұйрық тап болатын Жылан бапы патшалығын алайық. Онда өз заңы бар, салты мен дәстүрі бөлек халықтың жер астында өмір сүретіндігі айтылған. Мүмкін, табылып жатқан көп үңгірлер сол жерасты халқына жатқызылатын – бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс ергежейлілерге тиесілі шығар. Тіпті кей үңгірлер 85 метр тереңдікке дейін кетеді екен. Демек, сол тереңде, адамдардың көзінен тасада сиқырлы әлем кейіпкерлері өмір сүріп жатуы әбден мүмкін ғой.

Кейбір зерттеушілердің жазбасында да ергежейлі халық туралы деректер сақталған. Мәселен, орыс академигі Иван Лепехин Ресей аумағын зерттеу барысында осындай бірталай үңгірге кез болады. Содан: «Бұл үңгірлерден қыш ыдыстар мен темір заттар табылуда. Мұндай үңгірлерді орманнан, өзен маңынан, таулы аймақтардан да табуға болады. Егер халық аңыздарына сенсек, мұндай жерлерді сонау ескі жылдары адам көзіне түспейтін «сирте» халқы мекен еткен» деген дерек қалдырған.

Мұндай жер астындағы ұралардың қай жылдары, кімнің бұйрығымен қазылғаны белгісіз. Осыны алға тартқан кейбір мамандар кезінде жер астын мекен еткен халықтардың өмір сүргенін жоққа шығара алмай отыр.

Жерасты кеншілерінің ниеті қандай?

  Негізі, жер астын мекен ететін ергежейлілер әр елде, әр аймақта әртүрлі аталады. Біз «бойы бір тұтам, сақалы қырық тұтам» ергежейлі десек, орыстар «гном» дейді. Ал басқа елдерде зетте, сид, чучка, чакли, донбеттыр, т.б. деп кете береді. Бірақ барлығының сипаттауында олардың бойы бір метрге жетпейтіндігі, сол бойымен бірдей етіп сақал қоятындығы айтылады.

Қиял-ғажайып ертегілер мен аңыздарда, заманауи фантастикалық туындыларда болсын, олар шетінен еңбекқор, ежелден кеншілікті кәсіп қылған халық ретінде суреттеледі. Бірақ адамдармен тату емес. Олар адамды байлыққа құмарлығы мен дүниеқоңыздығы үшін, Жер-Ана қазынасын орынсыз пайдаланатыны үшін ұнатпайды-мыс. Иә, өз кәсібіне орынсыз араласқандарды ергежейлі екеш, адамдар да ұната бермейді. Десе де, кейбір аңыздарда мұндай жерасты кеншілерінің еңбекқор, адамдарға түнгі тыныштықта келіп көмектесіп кететіндігі жайлы айтылады. Ал фильмдерде олар өз арасында өте тату әрі көңілді жүретін, шарап ішіп, мерекелеткенді ұнататын халық ретінде көрсетіледі. Дегенмен көпшілік деректерде олар мінезі жаман әрі сараң ретінде сипатталған. Сол сараңдығы салдарынан олар жер астына түсіп, алтын мен күміс жинауға жан-тәнімен берілген-мыс. Бірақ бірде-бір дерек олардың жатыпішер жалқаулығы жайлы айтылмайды. Яғни еңбекқор, ұсталық шеберлікті жақсы меңгерген, жер астын мекен еткен, саналы тіршілік иесі ретінде сипатталған.

Сол көп аңызға сенсек, олардың қолынан шыққан қылыш пен қалқандардың сапасы өте жоғары-мыс. Олар зергерлікті де жақсы меңгерген. Гауһар тастар мен алтынмен апталған, күміспен қапталған әшекейлері де керемет болады екен. Содан болса керек, олар жер бетінің алтынқұмар әрі еріншек те жалқау адамдарының көзіне түскісі келмейді.

Сонау ескі бір замандарда адам аяғы көп баспаған Солтүстік мұзды мұхит жағалауын ергежейлі адамдар жайлағандығы жайлы да дерек кездеседі. Бірақ бұл жерге де көп ұзамай адамдар келіп қоныстана бастаған соң, олар жердің астына сіңіп, жоқ болып кеткен. Сондай-ақ мұндай ергежейлілер жайлы таңғажайып әңгімелер қойны қазынаға толы Орал тауының маңынан, түрлі қазынасы бар кеніш орындарынан да шығып жатады.

 

Ел көзіне түскен ергежейлілер

Аңызы қайсы, ақиқаты қайсы анық болмағанымен, ергежейліні көргендер бар екен. Мәселен, ең алғаш бойы бір тұтам адамды 1698 жылы Орал тауының маңын мекен еткен бір тұрғын көріпті. Ол қолында жылтыраған тасы бар бойы 20 сантиметрдей болатын тіршілік иесін көріп шошып кетеді. Мәселенің мән-жайын түсініп болғанша, әлгі үңгірге зып беріп, жоқ болады. Осындай тылсым оқиғаның куәсі болған ол бұл жайтты қағазға түсіріп, әлгі адамның қандай болғанын сипаттап жазып кетеді. Оның жазбасы қазіргі таңда Брянск облысының кітапхана-музейінде сақтаулы тұрса керек.

Ал Аргентина жұртшылығын 2008 жылы пайда болған бейнеролик дүр сілкіндірді. Онда бір топ жас шөп арасынан ұрлана шығып, тас жолды кесіп өтіп бара жатқан кіп-кішкентай, сақалды біреуді көріп тым-тырақай қаша жөнеледі. Бұл оқиғаны өзінің ұялы телефонына жазып алған жігіт ертеңінде жазбаны ғаламторға салып, жұртшылықты біраз шулатады. Содан журналистер бұл жайттың анық-қанығын білу үшін бейнероликті ғаламтор бетіне салған Хосе Альварестің өзінен пікір алады. Ол ешкімді алдамағанын, шынымен де, осындай тосын жайтты басынан кешкенін жеткізеді. Бұл оқиға жайлы ақпарат сол елдің «El Tribuno» газетінде де жарық көреді. Шын-өтірігі аралас, осыдан кейін бұл ергежейліні көрген аргентиналықтар көбейе түсіп, мәселе ушыға түседі. Нәтижесінде, Аргентина жұртшылығын аяғына тік тұрғызған ергежейлі жайлы аңыз жер жаһанға тарайды. Тізе берсек, мұндай мысалдардың талайын айтуға болады. Біреулер жерасты кеншілер Ресейден, көрсе, біреулер Америка жерінен, енді біреулер Африка құрлығынан көрген. Сондықтан да ергежейлілердің жердің дәл қай нүктесін мекен ететінін ешкім дәл айта алмайды. Бірақ жоғарыда көрсетілген деректерге сүйене отырып, олар өмір сүрген болса, көбіне Еуропаның солтүстік батысын мекендеген деген тұжырым жасауға болатындай. Сондай-ақ бұл аңыздың Скандинавия түбегін мекен еткен халықтардан тарауы да бекер болмаса керек.

Иә, қазіргі күні бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс ергежейлі кейіпкерді бүкіл дүниежүзі елдерінің ертегілерінен, аңыздарынан кездестіруге болады. Енді міне, ақиқатқа жақын оқиғалар орын алып жатыр. Мүмкін, күндердің бір күні жерасты қойнауында жатқан осындай талай құпияның сыры ашылып қалар.

Латын графикамызды талқылайық

$
0
0

Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің Арман Байқадам ұсынған жобасы

Астана. 24 қазан. Baq.kz - Қазіргі таңда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты ел ішінде жекелеген бастамашыл тұлғалардың өзіндік жобаларын ұсынып жатқаны белгілі. Baq.kz редакциясына кезекті сондай бір жобалық нұсқа келіп түскен екен. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің Арман Байқадам ұсынған жобасы

 

Мақсаты: 
- Латын графикасы негізіндегі қазақ жазуын енгізу.

Міндеті: 
- Латын графикасын енгізуде қазақ тіліндегі сингармонизм заңын негізге алу;
- Қазақ тілінің технологиялық, ақпараттық, коммуникациялық мүмкіндігін кеңейту;
- Мемлекеттік тілдің және қазақ халқының бәсекелестік қабілетін арттыру үшін тиімді графика ұсыну;
- Қазақстан қоғамын лингвоцентризм арқылы мемлекеттік тілдің аясында ұйысуын жеделдету және қалыптасқан қоғамды нығайту.
Кіріспе. Латын графикасына көшу мәселесі

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2013 жылы Халыққа Жолдауында «Қазақ алфавитін 2025 жылдан бастап, латын графикасына көшіру үшін дайындықты осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпарат тіліне айналдырады» – деді.
Қазақ жазуы қоғам дамуының заманауи талаптарына лайық болу үшін латын графикасына көшу елдік, мемлекеттік деңгейдегі проблемаға айналды. Әлемдегі елдердің 70 пайыздан астамы латын тілін қолданады. ХХІ ғ. латын тілі – технология, ақпарат, коммуникация тіліне айналып отыр. Бұл латын тілінің экономикалық тиімділігін айқындайды. Компьютердегі жазу графикасының негізгі драйвері латын тілі. Біздің пікірімізше криллица әліпбиі орасан зор экономикалық шығынмен қоса уақытты талап етеді.
1. Компьютерлік құрылғыларға криллица негізіндегі қазақ әліпбиінің драйверін орнату үшін миллиарттаған теңге жұмсалады.
2. Компьютерде қазақ әліпбиінде бір беттік мәтін теру үшін орта есеппен алғанда 15 минут уақыт жұмсалса, латын әрпінде 10 минут жұмсалады. 1 сағатта кирилл әрпінде 4 парақ жазылса, латын әрпінде 6 парақты теруге мүмкіндік бар.
3. Кирилл әрпінде 15 баспа табақ шығатын болса, латын әрпінде сол мәтін 10 баспа табаққа дейін азаяды.
4. Латын тіліне көшу мемлекеттің және халықтың бәсекелестік қабілетін арттырады.

 

Жалпы сипаттама.

1. Қазақстанның латын әліпбиінің жаңа жобаларын талқылау барысында лингвист ғалымдар мен әлеуметтанушы, саясаткерлер жаңа сападағы жазуды қалыптастыру туралы қоғамдық пікір қозғап, БАҚ арқылы өз ұсыныстарын жариялап келеді. Латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілгеннен бері қазақ тілінің әліпбиін жасау үшін лингвистер, программистері және тағы басқа саланың мамандары өзіндік жобаларын ұсынды. Кейбір жобаларда қазіргі қолданыстағы 42 әріп автоматты түрде латын әрпінде берілсе, ендігі бір топ жобаларда орыс тілінен енген кірме дыбыстар қосар таңбамен, мысалы, в, ф, ш дыбыстары bh, fh, ch әріп тіркесімдері арқылы берілген. Сонымен қатар негізінен тағы бір тобы түрік тіліндегі жазу вариантын да беріп отыр. Ол бойынша ә, ө, ү, і, ғ дыбыстарының төбелерін арнайы диакретикалық белгілер арқылы беруді ұсынған. Және де дауыссыз дыбыстарға қатысты ш әрпін ş түрінде, ж әрпін ç түрінде, ң дыбысын ŋ түрінде, ғ әрпін ğ түрінде берген. Ғалымдардың пікірінше, Microsoft Word форматындағы мәтіндерде арнайы таңбалары бар әріптердің өзгеріске ұшырап, бүлінуі мүмкін. Ағылшын тіліндегі мәтіндердің өзгермей, жақсы сақталатындығының бір себебі, оларда ешқандай диакретикалық таңбалар жоқ деп түсіндіріледі.
2. Латын графикасын енгізудің екінші варианты – дауысты дыбыстардың жіңішке нұсқаларын дәйекше арқылы беру. Ол бойынша ә әрпін а’, ө - о’, ұ – u’, ү – y’ түрінде берген. Бірақ әріптерді дәйекше арқылы беру жазу тәжірибесінде оңтайлы болмайды. Ол үшін әрбір жіңішке әріптерден кейін тағы бір таңба салу керек. Бұл пернатақтада жазу жылдамдығын баяулатады.
Осы орайда қазақ тілінің сингармонизм заңын басшылыққа алудың қажеттілігі туындайды. Себебі қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде сингармонизм құбылысы барынша жетілген тіл. Бұл туралы В.Радловтың, П.М.Мелиоранскийдің, Казем-бектің пікірлері бар.
Латын әріптерін үндестік заңдылығына сай бейімдеу

Көрші буындардың, дыбыстардың ілгерінді-кейінді бір-біріне ықпал жасап, өзара ұқсауы үндестік заңы деп аталады. Сингармонизм – гректің syn «бірге» және harmoni – «байланысу, үндесу» деген мағынаны білдіретін сөздері бойынша жасалған термин.
А.Байтұрсынов сингармонизм заңы жөнінде былай деген: «Тіл-тілде сөздің құрамындағы дауысты-дауыссыз дыбыстарды ұйыстырып, бас-аяғы бүтін бір сөз (немесе бір буын) етіп тұратын лингвистикалық құбылыс – үндесім (сингармонизм) құбылысы немесе үндесім заңы (сингармонизм заңы) болып табылады. Буын не сөз құрамындағы дыбыстардың (дауыстылардың да, дауыссыздардың да) бір әуезбен айтылуын сингармонизм құбылысы дейді».
Сингармонизм заңдылықтары:
1. Сөздің алғашқы буыны жуан болса, келесі буындары да жуан немесе соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымша да жуан болады. Мысалы: ба-ла-лар, оқу-шы-лар, қа-ла-да-ғы-лар-ы-мыз.
2. Сөздің алғашқы буыны жіңішке болса, келесі буыны да жіңішке немесе сөздің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымша да жіңішке болады. Мысалы: өн-ер-ші-лер-ге, ән-ші-лер, үй-де-гі-лер-і-міз.
Осының бәрінің негізінде А.Байтұрсынұлының «Қазақ сөзі екі түрлі: бір түрі – жуан, екінші түрі – жіңішке. Жуан сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрі жуан болады, жіңішке сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрі де жіңішке болады» деген пікірі жатыр.
А.Байтұрсынұлы сингармонизм заңына сәйкес, қазақ тілінде 43 дыбыстың бар екендігін, бірақ оны 24 әріппен беруге болатындығын ескерткен. Тек кейбір жуан, не жіңішке екендігі даулы болып қалатын сөздердің жіңішкелігін белгілеу үшін дәйекше қолдану керектігін көрсеткен. Оған сәйкес, қазақ тілінде 5 дауысты дыбыс бар: а, о, ұ, ы, е. Ал қалған дауысты дыбыстарды сингармонизм заңына байланысты туындайды деп түсіндіреді. Олар: ә, ө, ү, і. Ал, - е дыбысы ылғи да жіңішке айтылады.
Бұдан шығатын қорытынды, қазақ жазуына негізделген латын графикасының мүмкіндігі сингармонизм заңына тікелей тәуелді.
Арман Байқадам ұсынған әліпби нұсқасы

 


№ Әліпби Айтылуы Транскрипциясы
1 Аа            а                [ʌ], [ә]
2 Bb           бы             [b]
3 Cc           сы              [k]
4 Dd          ды              [d]
5 Ee          е                 [e]
6 Ff           фы              [f]
7 Gg          гі                 [g:]
8 Hh          хы               [h]
9 Ii              и                [і], [i:]
10 Jj          жы             [j]
11 Kk         кі               [k:]
12 Ll          лы             [l]
13 Mm       мы            [m]
14 Nn        ны             [n]
15 Oo        о                [ɔ], [ɔ:]
16 Pp        пы             [p]
17 Qq        ғы              [g]
18 Rr         ры             [r]
19 Ss        сы              [s]
20 Tt          ты              [t]
21 Uu        ұ                 [ɛ], [ɛ:]
22 Vv         вы              [v]
23 Ww       у                [u], [u:]
24 Xx         икс            [iks]
25 Yy          ы               [ı], [ı:]
26 Zz         зы             [z]

 

Біріншіден, әлемдік тәжірибені ескере отырып, латын әліпбиінің реттік орналасу тәртібін сол күйінде қалдырдық. Мысалы, ағылшындар, немістер, италяндықтар, түріктер, тіпті әзірбайжан мен өзбектердің де латын әліпбиінің орналасу реті (кейбір ерекшеліктерді қоспағанда) бірдей. Ал, айтылуы, оқылуы басқаша. Біз әріптердің дыбыс беруін сол күйінде қалдырдық.
Екіншіден, латын әліпбиін пайдаланатын елдерге ортақ заңдылық транскрипция. Транскрипция – сөздің оқылуын, дыбысталуын білдіреді. Сондықтан Қазақстандағы жазу тілі латын графикасына көшкен жағдайда, оның транскрипциясы да қоса ұсынылады.
Дауысты дыбыстардың ережесі

Латын әліпбиіндегі a, o, u, y дыбыстары арқылы а – ә, о – ө, ұ – ү, ы – і сыңар дыбыстарын таңбалауға болады. Жуан буынды сөздерде бұл заңдылық толық сақталады. Ал жіңішке буынды сөздерді айқындау үшін мынадай заңдылықтар керек:
- а әрпі жуан дауыстылар келген кезде [ʌ] болып оқылады. Ал жіңішке е, і, ө, ү дыбыстары келген кезде [ә] болып оқылады, яғни полатаризация (жұмсарту) заңдылығы жұмыс істейді.

а
[ʌ]                     [ә]
Karakat           arecet
Arna                 alem
Aspan              aсe
Егер бір сөз жуан, не жіңішке болуы ықтимал жағдайларда жіңішке буынды сөзден кейін (‘) дәйекше белгісі қойылады. Бұл жерде А.Байтұрсынұлының дәйекшенің жіңішкелік белгісі екендігін көрсететін пікірін басшылыққа алдық. Мысалы,
Аi – 1. Зат есім. Астрономиялық атау.
2. Одағай. Бұл жерде мағынасына қарай екеуін ажырату үшін, егер ол одағай сөз ретінде қолданылған жағдайда сөздің соңына дәйекше қоямыз: ai’. Ал, дәйекше қойылмаған жағдайда зат есім күйінде қалады.
- о әрпі жуан дауыстылар келген кезде [ɔ] болып оқылады. Ал жіңішке ә, і, ү дыбыстары келген кезде [ɔ:] болып оқылады.

о
[ɔ]                    [ɔ:]
orak                oner
orman            ornec
otan                 ozen
Егер бір сөз жуан, не жіңішке болуы ықтимал жағдайларда жіңішке буынды сөзден кейін (‘) дәйекше белгісі қойылады. Мысалы,
Оz – 1. Етістік. Іс-қимылды білдіреді.
2. Өздік есімдігі. Осы жерде мағынасына қарай екеуін ажырату үшін, егер ол өздік есімдігі ретінде қолданылған жағдайда сөздің соңына дәйекше қоямыз: oz’. Ал жалғау немесе жұрнақ жалғанған жағдайда дәйекше түсіп қалады. Мысалы: oz’ – oz-ge.
- u әрпі жуан дауыстылар келген кезде [ɛ] болып оқылады. Ал жіңішке ә, і, ө дыбыстары келген кезде [ɛ:] болып оқылады.

u
[ɛ]               [ɛ:]
urpak         ustem
uran           ulken
ustam        urcer
Егер бір сөз жуан, не жіңішке болуы ықтимал жағдайларда жіңішке буынды сөзден кейін (‘) дәйекше белгісі қойылады. Мысалы,
Ush – 1. Етістік. Іс-қимылды білдіреді.
2. Сан есім. Осы жерде мағынасына қарай екеуін ажырату үшін, егер ол сан есім ретінде қолданылған жағдайда сөздің соңына дәйекше қоямыз: ush’. Ал жалғау немесе жұрнақ жалғанған жағдайда дәйекше түсіп қалады. Мысалы: ush’ – ush-ten.
- y әрпі жуан дауыстылар келген кезде [ı] болып оқылады. Ал жіңішке ә, e, ө, ү дыбыстары келген кезде [ı:] болып оқылады.

 

y
[ı]                      [ı:]
yntymak          ylyk
yngqaily          yscer
yrymdar          yrcyt

 

Егер бір сөз жуан, не жіңішке болуы ықтимал жағдайларда жіңішке буынды сөзден кейін (‘) дәйекше белгісі қойылады. Мысалы,
Ys – 1. Зат есім. Түтіннің қалдығы;
2. Зат есім. Жұмыс. Осы жерде мағынасына қарай екеуін ажырату үшін, егер ол жұмыс ретінде қолданылған жағдайда сөздің соңына дәйекше қоямыз: ys’. Ал жалғау немесе жұрнақ жалғанған жағдайда дәйекше түсіп қалады. Мысалы: ys’ – ys-cer.
- i әрпі кириллица графикасындағы и, й әрпін білдіреді.
- w әрпі кириллица графикасындағы у әрпін білдіреді. Қазақ тілінің үнді дауыссыздарының ішінде орыс тілінің у таңбасымен белгіленіп жүрген дыбыс жайлы В.Радлов былай дейді: «у звучить как английское w в словах world, will». А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» еңбегінде у дыбысын латын тілінде w түрінде береді.
А.Байтұрсынұлы i мен w әрпін шала дауысты дыбыстар қатарына жатқызады. Өйткені олар дауыссыз дыбыспен қосарланып келсе дауысты, дауысты дыбыспен қосарланып келсе дауыссыз дыбыс болып табылады. Егер – і немесе w әріптері дауысты дыбыспен қатар келсе, дауыссызға айналып транскрипцияда [i:], [u:], болып оқылады. Ал, дауыссыз дыбыспен қатар келсе [і], [u] болып жазылады.
- е [e] дыбысы қазақ тілінің төл ережесіне тек жіңішке дауысты дыбыстармен ғана үндесіп келеді.

 

Қазақ тілінің сингармонизм заңы бойынша дауысты дыбыстардың бір сөз аясында үндесу тәртібі

 

Бұдан бөлек сингармонизм заңына біріккен, кіріккен, кірме, қосарлама қос сөздер және шет тілінен енген қосымшалар бағынбайды. Оны жаттап алуды ұсынамыз:

1. Біріккен сөздер (оның ішінде жалқы есімдерді де қарастырамыз) атамекен, қараөткел, сарыбел, желбау, Болатбек, Нұрлыбек, Жанаркүл
2. Кіріккен сөздер кейуана, керенау, қыстыгүні, жаздыгүні,
3. Кірме сөздер кітап, мұғалім, қазір
4. Қосарлама қос сөздер ата-ене, жоғары-төмен, биік-аласа
5. Шет тілінен енген қосымшалар - қой, - паз, - гей, - нікі, - дікі, - тай, - хана.
Дауыссыз дыбыстардың ережесі

Дауыссыз дыбыстар дауыс шымылдығының жиырылып, өкпеден шыққан ауаның ауыз қуысындағы мүшелердің біріне соқтығысып, бір-біріне кедергі жасауынан шығады. Қазақ тілінде 26 дауыссыз дыбыс бар, олар мыналар: б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ф, х, һ, ц, ч, щ, ш.
Оны латын графикасындағы дауыссыз дыбыстарға түсіргенде: b, g, q, d, j, z, i, c, k, l, m, n, p, r, s, t, w, h, v, f қалдырамыз.
b – әрпі кириллица әліпбиіндегі б әрпін береді.
g – әрпі кириллица әліпбиіндегі г әрпін береді
q – әрпі кириллица әліпбиіндегі ғ әрпін береді
d – әрпі кириллица әліпбиіндегі д әрпін береді
j – әрпі кириллица әліпбиіндегі ж әрпін береді
z – әрпі кириллица әліпбиіндегі з әрпін береді
i – әрпі кириллица әліпбиіндегі й әрпін береді
c – әрпі кириллица әліпбиіндегі к әрпін береді
k – әрпі кириллица әліпбиіндегі қ әрпін береді
l – әрпі кириллица әліпбиіндегі л әрпін береді
m – әрпі кириллица әліпбиіндегі м әрпін береді
n – әрпі кириллица әліпбиіндегі н әрпін береді
p – әрпі кириллица әліпбиіндегі п әрпін береді
r – әрпі кириллица әліпбиіндегі р әрпін береді
s – әрпі кириллица әліпбиіндегі с әрпін береді
t – әрпі кириллица әліпбиіндегі т әрпін береді
w – әрпі кириллица әліпбиіндегі у әрпін береді
h – әрпі кириллица әліпбиіндегі х әрпін береді

Латын алфавиті негізінде у мен й дыбыстарын қоспағанда, 16 дауыссыз дыбыс шығады.
в мен ф дыбыстары қазақ тілінің төл алфавитіне сырттан енген кірме дыбыстарды береді. Қазіргі кезде бізде шет тілінен терминдер көп болғандықтан, оларды таңбалау үшін v және f әріптерімен қалдырдық.
v – әрпі кириллица әліпбиіндегі в әрпін береді
f – әрпі кириллица әліпбиіндегі ф әрпін береді
x – әрпінде (кс) деген дыбысты береді. Қазақтың төл әліпбиінде бұрын пайдаланылмаған. Бұл негізінен шеттен кенген термин сөздерде және адам аттарында ғана пайдаланылады. Тілдің мүмкіндігін арттыру мақсатында қолданысқа енгізіледі.
Ал ш, ң, ч, ц дыбыстары дифтонг болғандықтан, ағылшын және кейбір өзге тілдерде екі дыбыстың қосылуынан жасалады. Сондықтан, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, біз де екі әріптің қосарлануы арқылы бір дыбыс бердік. Мысалы:
sh - әріптері кириллица әліпбиіндегі [ʃ] ш әрпін береді. Мысалы, shar, shana, shyraqdan, jumysshy. Бұдан бөлек, сөз ішінде асхана [ashana], Досхан [Doshan] т.б. сөздер кездесіп қалатын болса, ондағы хана, хан сөздері парсы тілінен енгендігін ескере отырып, бұл сөздерді ashana, Doshan түрінде жазамыз. Бірақ оқылғанда асхана, Досхан болып оқылады.
іng - әріптері кириллица әліпбиіндегі [ŋ] әрпін береді. Мысалы, аіng, daіngqyl. Ал егер күнгі, сөнген т.б. н мен г әрпі бір сөз ішінде қатар келетін болса, онда n мен g әрпінің алдына і қосылады. Мысалы: cungу, songen.
сh - әріптері кириллица әліпбиіндегі [tʃ] ч әрпін береді. Ч әрпі негізінен шеттен енген сөздерде қолданылатындықтан қалдырдық. Мысалы, chemodan.
Щ әрпі қазақ тілінде ащы, тұщы сөздерінде ғана қолданылатындықтан, оны алып тастап, ащы, тұщы сөздерін ш әрпі арқылы бердік.
ts - әріптері кириллица әліпбиіндегі [ts] ц әрпін береді. Ц әрпі негізінен шеттен енген сөздерде қолданылатындықтан қалдырдық.
Одан бөлек, кириллица алфавитіндегі я, ю дифтонгтары сөз басында келсе, ja, ju әріптерімен беріледі. Мысалы, Japonia, Jusyp. Ал сөз ортасында келсе, ia, iu түрінде беріледі. Аiu (аю), Aiala (аяла)

Дауыссыз дыбыстар дауыс пен салдырдан құралады да, үш топқа жіктеледі.
1. Қатаң дауыссыздар мыналар: p, f, c, k, t, sh, s, h, ts, ch. Бұл дыбыстар негізінен, салдырдан құралады.
2. Ұяң дауыссыздар мыналар: b, v, q, g, d, j, z, Ұяң дауыссыздарда салдыр басым, дауыс азырақ болады. Қазақ тілінде 7 қатаң дауыссыз бен 7 ұяң дауыссыз дыбыс бір-бірімен қатаң ұяң болып жұптасады: p-b, f-v, c-g, k-q, t-d, s-z, sh-j.
3. Үнді дауыссыздар мыналар: l, m, n, ing, p, i, w. Мұнда дауыс басымырақ болып, салдыр аз болады. w мен і дыбыстары дауысты да, дауыссыз да болып қолданыла береді.

Тарихи – этимологиялық зерттеу

$
0
0

Алаштың Ұлы Ұс елі немесе Ұс (құс) елін бүгінгілер қайдан білсін (Тарихи – этимологиялық зерттеу)

24.10.2013, 17:13 1 пікір 46

Тамырынан таратылып текті сөз
Ал арманшыл асыл халқым көкті кез!
... Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр келді кез.
Маралтай

Алаш, үш Жүз һәм Қазақ

Қазақ турасында сөз қозғап, ол жайында қалам тартқан адамдардың барлығы дерлік Алаш, Үш жүз атауларына соқпай өте алмайтындығы ақиқат. Алаш турасында “Қазақ совет энциклопедиясында” “Алаш” “Алаш мыңы”- ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы “қазақ” деген бұрынғы елдің жалпы аты” - деп жазады,

- Шынында Алаш, үш жүз, Қазақ сөзінің мән-мағынасы не? Бұл турасында біз неге бір тоқтамға келе алмай жүрміз? Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма? Ел аузына тараған:

Алаш Алаш болғанда,
Ала тай ат болғанда
Таңбасыз тай
Енсіз қой болғанда
Алаш хан болғанда - деген сөздердің бірінші жолы неге "Алаш Алаш болғанда" - деп тұр? Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей - ақ, Алаш болғанда деп бастап аяғында Алаш хан болғанда десе де түсінікті болар еді ғой. Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр?

Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Қазақпыз, Үш жүзбіз деуші едік, енді Ұлы Абайдың дерегінен біз өзімізді «Ұлыс» деп те атаған екенбіз. Бұлай болған жағдайда бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ?- деген сұрақ туады.

Осы арада данышпан Абай атамыз "Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып наурыздама қыламыз деп той тамаша қылады екен. Сол күнін "Ұлыстың Ұлы күні"-дейді екен" деуінен менің түйгенім біздің қазақтардың ол күнді, яғни жер жаһанның жаңарған, қыстың ызғары кетіп табиғаттың бусанып жыл басының басталуына себепкер күн мен түннің теңелуін "наурыз"- яғни "жаңа күн" демей өздерінше бұл күнге ерекше мән беріп "Ұлы күн" деп атап, той тамаша қылғандығына көзім жетті. Сондықтан төркі – қазақ үшін бұл күн шын мәнінде ерекше сағынышпен тосып алатын ұлт мейрамы.

Әрі бұл күнді «Ұлғ күн» (Ұлы күн) – деп тойлап қана қоймай «Ұлық күнмен басталған жыл он екі айды ұлұғ ай, кішіг ай, деп бастап бірінші ай, екенші ай, үшінші ай, төртінші ай, бесінші ай, алтыншы ай, жетінші ай, сегізінші ай, тоғызыншы ай, оныншы ай деп жіктеген. Бұл ескі төркі календары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында жазылған. Ал осы «Ұлғ күн» (Ұлы күн) неге «Ұлұстың Ұлы күні» - деп тойланған.

Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлғ және Ұс яғни Ұлұ және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қарауды ұсынамын. Құсты көктің, символы санаған көшпелілер өздерін көк тәңірінің ұланымыз деп тәңірі құсына, көктің құсы қыранға балаған ханымызды көтеріп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміз ұлылап тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағымыз, соның әулетіміз деп бір ханнан, бір әулеттен, бір тектен ғана тарататын болайық деп ант берісіп өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп "Ұл(ұ) Ұс", "Ұл(ұ)Ұс" деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын.

Сол ұлы жиында жер қайысқан қалың қолдың айқай шуынан Ұл(ұ)Ұш, Ұл(ұ)Ұш деген шу басым естіліп, (бұл жерде төркі халықтарының ішінде қазақтан басқа басым көпшілігі "с"-ның орнына "ш"- деп сөйлейтінін ескеруіміз керек.

Мысалы: басты-баш, тасты-таш, қасты-қаш, құсты-құш, Алпамысты-Алпамыш, Манасты-Манаш, дүйсенбіні-дүйшенбі, т.с.с.) қол астындағы қара халықтың құлағына Ұл(ұ)Ұш", "Ұл(ұ)Ұш" деген айқай Алаш Алаш деп естілгендіктен күллі халық Ұл(ұ)Ұшты яғни "Ұл(ұ)Ұсты" - Алаш деп атап кетіпті. Әрі батыр, әрі ақылды данагөй Ұл(ұ)Ұс хан осыдан бастап өзін халық берген атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін "Ұс" һәм, "Ұл(ұ)Ұс" елі деп атаған деген тұжырымға келдім.

Ұл(ұ)Ұс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Әрі бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың-Абылай, Ибраһимнің-Абай, Мұхамедқанапияның-Шоқан, Ерасылдың - Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің - Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты.

Құрбанғали Халидтің "Тауарих хамса" кітабында:"Алынша хан кезінде" мен пәленнің нәсілімін" деп айтуға тиым салынып кім хан болса оның қауымы "мен пәленше ханың әулетімін" деуге бұйрық шығарған. Себебі бір ханға ерген халық мен пәлен нәсілдемін деп бөлектеніп араларынан түрліше келіспеушілік туады деген екен" - деуі көңілге қонымды құптарлық дерек. Бұдан байқайтынымыз, қазақтың Абылай әулетіміз, Жәнібектің ұрпағымыз, Әбілхайырдың тұқымымыз деп сан-саққа бөлінбей, тек Алаш еліміз деп өздерін Алаштан ғана таратуында қанға сіңген тарихи шындықтың бары айқын байқалады. Олай болса жоғарыда келтірілген ел аузына тараған шумақтарды орын-орынына қойып оқып көрейікші.

"Ұл(ұ)Ұш Алаш болғанда
Ала тай ат болғанда
Таңбасыз тай
Енсіз қой болғанда
Алаш хан болғанда - деп оқитын болсақ, бұл бес шумақ өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді, яғни Ұл(ұ) Ұштың - Ұл(ұ)Ұстың - Алаш атанып одан Алаштың хан болғандығы белгілі болады.

Ұсты ұлылап ҰлыҰс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Бұл үрдістің де сонау көне заманнан бастау алып үзіліссіз ұрпағымен жалғасын тауып келе жатқанын аңғару үшін біз Абайды - Ұлы Абай, Жамбылды - Ұлы Жамбыл, Мұхтарды - Ұлы Мұхтар, Шоқанды - Ұлы Шоқан, Мағжанды - Ұлы Мағжан деуімізді көлденең тартсақ та болады.

Демек мұның да Алаштан бастау алғанына куә болғандаймыз. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлы Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны "оң қанат", "орта", "сол қанат" деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге "үш Ұс" (үч Ус-үч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі "үш жүз" "үш жүздің баласымыз" деп жүргені осы. Асылы бұл сөз "үш Ұс" атауының сәл өзгеріске түскен түрі.

Ал енді Алаштың "Ұс" елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлы Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан "Ұс, Ас, Аз - тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). "Ұс" (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада.

Махмұт Қашқари "Ұс" деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари). Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді ("Ас") ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді.

Демек "Ұс" дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз "Ұс" елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр. Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты "қанат" сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін.

Н.Мыңжан: "Шежіре дерегі бойынша қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті әйгілі ғалым В.Радлов "Алты ата көктің ұлы, алты ата көктің құсы" - деп атаған деген дерек бар"-деп жазады.

Иә, қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «қанаты қатайды», «топшысы бекіді», «бақ құсым», «балапаным», «қанатым», - деп қана қоймай, мектеп бітіріп үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын, еліміздің «жас түлектері» деп сөз саптауы да кездейсоқ айтыла салған сөз емес екен, "Қыран түлегіне қайтпас қайсар сыйлайды" - дейді дана халқымыз.

Олай болса "түлек" деп бүркіттің, яғни тәңірі құсы, қыранның балапанын ғана айтатынын еске алсақ та жеткілікті-ау деймін, тіпті келін түсіргеңде "аққуыңды аяла", "құсың құтты болсын", деп қыздарына "құс етек" көйлек кидіретін де осы біздің қазақ. Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз.

Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге (ақ кигіз биік шың басындағы қардың бейнесі С.С.) отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс/Ұлұ Құс), (Шыңғ Ұс/ Шың Құс) деп көктің құсы, биіктің құсы, тәңірі құсына балап "қыран аласаға қонбайды" - деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген.
"Күлтегін" сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленгенін білеміз.

Ал, Шыңғыс ханның (Шыңғ Ұс хан /Шың Құс С.С.) туында да қыран бейнесі, бейнеленген. Бұл ту наным - сенім бойынша, Шыңғысхан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген. Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Шыңғыс ханның өсиеттерінің бірі былайша берілген екен: "Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда аш бүркіттей шүйлік" деген екен.

Жалпы біздің қырандар елі аталатынымызды көрші қытай елі жақсы білгенге ұқсайды. Оған "VIII ғасырдағы Қытай императорында түркі сарбаздарынан жасақталған армияның қолбасшысы, түркі тұқымынан шыққан Ань-лаушанды қытайдың ұлы ақыны Ду-ФУ "Ұлы қорғанның сыртындағы жорық" атты өлеңінде:

"Қыран құсындай текті қырағы жанар жау қабақ
Қанатын қомдап іздейді түзден тоятын.
Томаға тартып жіберсең болды аспанды бүркеп шәу қанат
Сорғалап төмен жауының көзін жоятын.
Қанына сіңген өжеттік рухы оянып,
Қолдайды оны алыста қалған аруақ
Қаптаған құзғын қыпқызыл қанға боянып
Тырнағын қайрар қауырсынға жанып-ап”1 - деп Төркі тұқымынан шыққан Ань-Лаушанды "қолдайды оны алыста қалған аруақ" дей отырып, шабыттана жырлап, қыран құсқа теңеуі тегін болмаса керек.

Мен "ежелгі жунго жылнамаларында "Ус-ун" "Ус-ин" "Ас-са" "Ас-у" "Ас-о" деген аттардың кездесетінін әрі бұл атауларды "қазақ" атауының дыбыстық баламасы дегенді қолдайтын Жан Шиман, Хи Шиутау сынды қытай зерттеушілерінің пікірін мақұлдаймын.
Көне төркілер қоғамын зерттеуші Ю.А.Зуев қытай дерек көздерімен зерттеушілерінің көрсетулеріне сүйеніп “647 жылы Батыс Төрк қағаны Таң императорына алтыннан құйылған қарғаның мүсінін сыйлыққа тартқанын айтса,” енді бірде «Ашына» атауы төңірегіне тоқталып бұл атаудың қытай дерегіндегі усундардың атауы екенін сөз ететіні бар”-меніңше бұл пікір негізсіз емес.

"Ашина"атауының түбірін "Уш-ин", "Аш-ин" яғни «Ұс», «Ас» сөзімен байланыстырып Ұс-ин, Ас-ин деп оқысақ Ашина атауының тәңірі құсы, бүркіт атауымен сабақтас екенін бірден аңғарамыз. Демек Ашина деп жүргеніміз Усундар яғни Ұс, Ас елі.Н.Мыңжан "Уи хандығы тарихының түсіндірмесінде: "Аса елінің тағы бір аты-Алан" деп жазған "Кейінгі хан патшалығы тарихы батыс өңірі шежіресінде: "Аса мемлекеті өзінің атын Алан бірлестігі деп өзгертті..." ежелгі замандағы хан патшалығы тарихы" қатарлы деректерде Алан мен Аса деген аттың қосарлана қолданылуы қазақтың шежірелерімен тарихи аңыздарында "Қазақ" пен "Алаш" атауының қосарлана қолданылуын еске түсіреді"3 - деп жазған.

Меніңше дәл осы пікір шындыққа саяды. Аса мен Алан, Қазақ пен Алаш атауының дыбыстық баламасы. Алаш атауы тарихи шежірелерде Алаш, Алаша, Алынша Аланша түрлерінде кездесетінін ескеруіміз керек. Құрбанғали Халид Алашты Алын-ша деп, ал Рашиден мен Әбілғазының шежіре деректерінде Алашты Алан-ша деп жазған. Осыларды ескере отырып, біз Алан бірлестігін Қадырғали бише айтсақ Алаш мыңы (одағы) деп ұғыуымыз керек, ал Аса дегеніміз соңына "а" әріптік жалғауы қосылған Ұс, Ас атауының яғни "қазақ" атауының дыбыстық баламасы деп тұжырым жасауымызға негіз бар. Демек Жунго жылнамаларында кездесетін "Ус-ин" "Ус-ын" "Ас-а" "Ас-о" "Ас-у" деген аттардың "қазақ" атауының дыбыстық баламасы деген Жан Шиман, Хи Шиутау сынды зерттеушілердің пікірлерінің шындыққа айналғаны.

Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы кітабінің авторлары Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев «Ұлыс тұлғасының шежіреде ең жиі кездесетін мағынасы "халық" автор түркі-моңғол халықтарын ұлұс деп атайды" деп ескертсе. Қ.Халид: "Ұлұс" сөзі моңғолша "тайпа", жамағат: есе, үлес мағынасын береді. Мұны қазақтар бірлік, жиналу кейде: заң ереже орнына пайдаланады.

Мысалы, "Елдің ұлтынан шығайын ба" дейді. Мұнда бірлік, жиналу мәні көрініп тұр, яғни жұрттың бірлігінен шығайын ба көптен айырылайын ба болмаса елдің ұлты солай деседі "Бұл елдің өткені солай болып келген" деген мағынада, мұнда ереже, әдет болып аударылып тұр" деп жазады. Демек "Ұлұс" сөзі қазақтар үшін бірігу, жиналу, ұлт болып ұйып, бірлесіп бас қосу.

Бұдан аңғаратынымыз қазақтардың "Өз елімнің, ұлтымның атынан шығайын ба, ұлттығымнан, елдігімнен айырылайын ба" болмаса "Елім солай аталады, ұлтым солай, елімнің ғасырлар бойына аталып келгені солай еді"-дегеніне көз жеткіземіз.Кезінде Шоқан Уалиханов “Ұлыс” сөзі о баста белгілі бір территорияда құрылған тайпалар одағы” - деген болса.

Абай атамыз "Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттар да "қазақ" атап кетіпті. Бұрын өздерін "Ұлұс" дейді екен де жүре береді екен» - деп тарих қойнауына терең бойлап өзінше тұжырым жасаған. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ біз ең біріншіден Ұлы Ұс (Ұлы құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, Ұсақ (Сақ) бертін Төрк Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз. Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы Ұс, Ұз демекші Ұсақ-Ұзақ яғни Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз-Ғұзақпыз десіп өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз. Үшіншіден бейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз.

Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» - деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс - Құс» елі екеніміз анық. Демек біз Сайыпқырандар мен Аққулар елі яғни көк тәңіріне сиынып тәңірінен басқаға бас имеген тәңірі текті, тәңірі болмысты көк төркілерміз.

«Құс» төрдің символы, демек біз көк тәңірі, яғни аспан символы болған құсты ұлттық тотеміміз – киетегіміз етіп өскен тәңірі текті, тәңірі болмысты түз түлегіміз. Атақты ғалым, көне төркі тілінің маманы Алтай Аманжоловтың «Ұс», «Ас», «Аз» - қиялғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт, ол-көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) – дегені шығар күндей шындық екенін мойындауымыз керек.
Тіл – тарих кілті демекші,біз осылайша Алаш пен Қазақ һәм Ұлұс, (Ұлы Ұс), үш жүз (үш Ұс) атауларының шын мәнінде бір-бірінің баламасы яғни синонимі екеніне көз жеткіземіз.

Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
Ұлан байтақ шетсіз-шексіз жерім бар.
Алаш бабам Ұлы Ұс, үш Ұс атаған,
Тәңірі құсы, қыран текті елім бар.

Ұлғ Ұс - Оғұз һәм Алаш
Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді
Тартатың күй аспабын қобыз дейді
Башқұрт пен қазақ ноғай қарақалпақ
Төртеуін шежірешілер оғыз дейді

“Ататек” - деп дастан жазған Қожаберген жырау (1663ж).
’’Қазақтың түп атасы Оғыз- Түрік
Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік”- дейді.

Осы Оғыз елі, Оғұзхан немесе Ғұздар дегеніміз кімдер? Қ.Халид «Тауарих хамса» кітабында Хун тайпасын «Усул» тарихта «Хуз» деп жазған, арабтар «Ғұз», түркілер- «Оғұз» дейді деп атап өтеді. Ал Е.Смағұлов "Под сенью храма штрихи к историческому портрету Туркестана" деген мақаласында "...Таким древним культовым центром объединеия огузских племен и было видимо поселение Ясы"- дей келіп "Возможно что Ясы-это остатки поселения того племени асиев (асианов) которые упоминается еще античными авторами (Страбон, Птоломей, Помпей Торг) среди племени сокрушавших во II в до н.э. греко бактрийскую державу. Во всяком случае появление и происхождение этого названия и народа с которым он связан (асии) на средней Сырдарье представляют из себя трудно разрсшимую загадку. Поэтому поводу различными учеными высказано множество догадок.

Известный лингвист А.С.Аманжолов в свое время предположил что "Ас" есть название, древнего династийского рода и божества неба. Может быть такая этимология дает ключ к пониманию истоков местного культа?1 деп жазған болса, О. Сүлейменов "Слово вовлеченное русскую граматическую эволюцию переразложилось торки так называют летописи кочевое племя самоназванием которого было - узы.

Вероятно одно из Огузских племен в источниках принят написание этнонима - "огуз" "оуз" "уз"2- деп жазған. Бізге төркі жұртының бірнеше диалектіде сөйлегендігі мәлім. Осынау көшпелі төркілердің тілінде тәңірі құсы, бүркіт мағынасындағы көне династиялық әулеттің аты "Ұс" "Ас" "Ұз" "Аз" немесе "Хас" "Қас" "Қаз" "Ғұз" түрлерінде айтылғанын есте ұстағанымыз жөн. Әйгілі Махмұт Қашқаридың "Біздің ата – бабаларымыз - бектер, "хәмір" дейді. Өйткені оғыздар әмір деп айта алмайды"1 дегені бар.

Осы ретте төркі жұртының бір бөлігі өздеріне тән диалектіде ақты-хақ, Ақназарды-Хақназар, Асанды-Хасан, Қасан, Ұсманды-Ғұсман, Құсман, Айдарды- Ғайдар, Қайдар, Абдолланы- Ғабдолла, Алиханды- Ғалихан, Әкімді-Хакім, деп жазатыны сияқты "X", "Ғ", "Қ" әрпінің қосарлануы арқылы Ұзды-Ғұз деп, әрі осы атауларды ұлылап Ұлы Ұз, һәм Ұлы Ғұз деп жазу үшін Ұз, Ғұз сөздерінің алдында парсы немесе төркі тілі диалектикасының біріне тән "О" "У" әріпі жалғанып "Оуз" «Ууз» "Оғуз" делініп жазылған. Парсы, өзбек тілдерінде "О" "У"- ол, ул деген мағынада қолданылады.

Біз өзіміз де қазіргі кезге дейін "ол не", "ол не дегенің", "ол не қылғаның" "ол кім екен", "ол не қылған адам" дегенді "о не", "о не дегенің", "о не қылғаның", "о кім екен, о не қылған адам" деп айта береміз. Демек, "О+уз" "У+уз" "О+ғуз" деп жүргеніміз Улус, Ұлұс яғни Ұлұ Ұс елі, ал Ууз хан, Оғуз хан деп жүргеніміз Ұлұ Ұс ( Ұлұ Ұш ) хан яғни Алаш хан деген тұжырым жасауымызға әбден болады. Жалпы «Ұс» атауының «Ғұз» түрінде түрленіп тарихта орын алуына алдыңғы «Оғ» һәм «Улғ» сөзі әсер еткен. Улғ Уз / Ул (ғ)+Уз. Оғ Уз / О(ғ)+Уз. Осылайша «ғ» әріпі «с» әріпінің «з»-ға өзгеруіне өз әсерін тигізбей қоймаған. Біздін Аллахты – Алла дейтініміз сияақты табақ – таба, тірк - тірі, сарғ –сары, төрк - төрө, бөрк - бөрү, Ұлғ - Ұлұ (Ұлұ Ұс түрленген түрі Ұлұс). Екі “ұ” әріпі қатар келгендіктен біреуінің естілмей түсіп қалуы заңды құбылыс.

Ұс - Ұз - Ғұз

Ұлұ Ұс - Уус / Оуз - Оғұз

Ұлұ Ұс хан - Ууз хан - Оғұз хан демек Алаш хан

С.П. Толстов: «Оғыздардың тайпалық одағы Оксқа дейінгі заманда басқа жақтан көшіп келген тайпалар емес, одақ аты да, өзен аты да ертеден бері жалпыға ортақ тотем атынан, жергілікті ел тілінен туған сөз. Ендеше Орта Азия оғыздарын ерте замандарда сол жерді мекен тұтқан сақ тайпаларының заңды мұрагері (ұрпағы) деп қарау керек. Оғыз тотемінің аты ертедегі сақтар ортасында да болуға тиіс»1 - деп жазса. Е.Шаймерденов "Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Оғұз хан Ұлыс үлестіргенде ұшы-қиыры жоқ киелі кең дала тиген үшінші ұлына елтаңба ретінде қанатты қыран бейнесін ұсынған екен"2 - деп жазады. Қарап отырсақ бәрі тәңірі құсы, бүркіт, көктің құсы қыранға келіп тіреледі.

Осының бәрін жай ғана сәйкестік деп қарауға болмайды. Бұнда тарихи шындық бар. "Оғұзнамада" Оғұз ханның алты баласы болғаны айтылса бұл қазақ арасындағы "алты Алаштың баласымыз", "алты Арыстың баласымыз" деп келетін сөздерін еріксіз еске түсіреді. Осының бәрін ескере отырып Оғұз бен Алаштың бір адам екені яғни бір хан жайында айтылып тұрғаны күдік тудырмаса керек деймін, әрі екеуі де бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші өз алдына ел етуші болып халық арасында ауыздан - ауызға аңыз боп таралған. Демек Ұлы Абайша "Ұлұспыз", Қадырғали бише "Алашпыз", әйгілі Махмұтша "Оғұзбыз"-деп жүргеніміздің барлығы да біртұтас төркі халқының негізгі билеуші тайпасының аты.

Тұран елі - Қыран елі киелі
Ертеде Түркістанды Тұран дескен
Тұранда Ер Түрігім туып өскен
Тұранның тағдыры бар толқымалы
Басыннан көп тамаша күндер кешкен
Мағжан
Бүгінгі таңда төркі тарихын Қытай тарихына сүйеніп алынған 545 жылмен шектеп қарайтындар саны белең алып тұрғаны жасырын емес, егер біз мұндай пікірден арылмайтын болсақ, онда төркі халықтарының 545 жылға дейінгі мыңдаған жылдық тарихына балта шапқанымыз. Өз басым Төрк атауын Төранмен/Туранмен сабақтастыра қарауды жөн санаймын.

Өйткені Төрансыз төркілер тарихын елестету мүмкін емес, әрі Төрансыз төркілер тарихы бір жүйеге түспесі хақ. Менің пайымдауымша Төрк сөзі әу баста табиғатпен үндес өмір сүруді мұрат еткен, сол табиғаттың төл баласына айналып өзіндік тұрмыс тіршілігін қалыптастырған көшпелілердің наным-сенімі мен дүние танымынан туындаған жинақтаушы атау сөз.

Бұл араптарды, орыстарды, қытайларды олардың наным-сеніміне қарай (христиандар, исламдар, пұттар) атайтынымыз сияқты шығар күнді қастер тұтып, көк тәңіріне бас іиіп «көктен жаным-жерден тәнім», «аспан ата-жер ана» деп өскен көшпелілерге ғана тиесілі атау. Біздің қазіргі таңдағы айтып жүрген «төрк/турк» сөзінің негізі яғни түбірі «Төр» һәм «Тур» сөзі.

Бұл сөз әу баста жоғарыны, биікті білдірген әрі тәңірі, көк тәңірі яғни түпкі жаратушы (Ұлы Төр - Улуғ Турк) сипатында айтылған деген қортындыға келемін. Осы бір көне сөздің қазақ арасында әлі де жаңғырығы сақталып қалғанын аңғару қиын емес. Мысалы қазақ үйіне келген қонағына «жоғары шығыңыз, жоғарылатыңыз» деп қана қоймай «төрлетіңіз, төрге шығыңыз» дейді әрі бастан жоғарғы жақты «Төр» санайды.

Бұдан «Төр» сөзінің жоғарыны, жоғарғы жақ көкті меңзеп айтатынын аңғаруға болады. Төркі халықтарының ішінде осы бір «Төр» «Тур» сөзінің дәл осы мағынаны білдіретін жаңғырығын қазақпен бірге шуаштар да (чуваштар) сақтап қалған екен. Мұрад Аджи: «қыпшақтар «тәнірі» немесе «тенгир», буряттар «тэнгри», маңғолдар «тенгир», чуваштар «тура» деп атайды. Айтылуы сәл пәл өзгеше болғаны мен барлық халықтар үшін оның мағынасы біреу ғана «рух» нақты нұсқап көрсетуге келмейтін еркек текті тәңіри бастау» деп жазған. Демек чуваштардың көкті, аспанды яғни тәңірді «тура» деп атауы қазақ тілінде түбірі сақталған «төр» сөзі екені дау тудырмаса керек.

Бұлай болған жағдайда «Тур», «Туры», «Тура», «Туран» һәм «Турк», сөздері қазақ тіліндегі «Төр», «Төре», «Төрк», атаулары деп қабылдағанымыз орынды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті, көкке сыйынған көк тәңірінің ұландары көшпелілерге ғана таңылған ерекше қастерлі атау. М.Қашқари: «...Тәңір оларды төркілер деп атап асқан сән салтанатқа ие қылды» деп төркілерге тәңірдің өзі арнайы ат қойғанын айтады.

Иә, аспанның - көк аспан, тәңірдің - көк тәңірі деп аталатыны сияқты төрктің – көк төрк деп аталуы, біздің төр/тур, төре/тура һәм төрк/турк атауын еншілеген тәңірі текті көктің ұландары екеніміздің айқын дәлелі. Күн нұрынан жаралып, көк тәңірінің қолдауымен, қаракөктің қайсар ұлдарының басын қосқан көшпелілердің даңқты қолбасшысы Қиат руынан шыққан Ұлы хан Шыңғысханның (Шынғ Ұс / Шың Құс биіктің, көктің құсы мағынасында) “Төре” тұқымы аталуы, Шыңғысханның шын мәнінде таза “Төрк”екенінің бұлтартпас айғағы деп білуіміз керек.

Шыңғысханның : «Құлаш бойымнан тұтамы қалса да,
Сен аман бол, Төре елім!
Тұла бойымнан қайратым кетсе де,
Сен аман бол, Ұлысым!» - деп тебіренуі тегін емес.

Бұл жерде ол маңғолым яғни мыңқолым деп әскери одағының қамын емес,жалпы көшпелі Төркі жұртының яғни Ұлы Ұс елінің қамын ойлап тұрғаны бірден аңғарылады.
Қожаберген жырау (1663 ж.) «Қазақтың түп атасы Оғыз-Түрік
Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік» - деп жырласа.

Қазақ тарихын терең зерттеген әрі оны өлеңмен жазған Шәкәрім атамыз: «Қазақтың түп атасы» деген өлеңінде:«Болады арап жұрты Самның ұлы
Біледі шежіренің бәрі мұны
Түріктің шын аты екен Нәдұлұше
Түрік деп неге атанды тыңда соны» дей келіп, «Түрік деп хан көтерген патша қылып» деп Нәдұлұшеге Түрік деген атақ, титул беріп хан көтергені хақында айтады. Осы «Түрік» атанған Нәдұлұше кім? Дұрысы Нәдұлұш. (Бұл біздің арагідік Алашты кейде Алаша деп «а» әріпін қосып айтатынымыз сияқты Нәдұлұшке Нәдұлұше делініп соңына «е» әріпі қосарланып айтылып тұр.)

Яғни «Ұлы Ұс» һәм «Ұлұ Ұш» деген екі компоненттен тұратын атаудағы алдынғы «Ұлы» сөзі, келесі Ұс, Ұш сөздеріне қосылып Ұлұс, Ұлұш болып танылғандықтан да осынау «Ұлұш» сөзін ұлылау үшін төркі жұртының бір бөлігі «Ұлы» сөзінің синонимі «Нәд» сөзін қолданып «Нәд Ұлұш» атауын өмірге әкелген деген тоқтамға келемін. Алыс Мажарстандағы қыпшақ қандастарымыз әлі күнге дейін осы «Нәд» сөзін қолданып «Ұлы Шеркеш» дегенді «Надьчеркеш», «Ұлы Құмандық» дегенді «Надькүншақ» деп атайды екен. Олай болса Надұлұш деп отырғанымыз Ұлы Ұлұш яғни кәдімгі Ұлұ Ұш - Ұлы Ұс атауы екені күмән тудырмас деймін.

Осы арада біз Ұлы Ұс, Нәдұлұш, Оғұз, Алаш атауларының егіз ұғымдар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз және барлығы дерлік бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші, әрі оларды өз алдына ел етуші алғашқы хан ретінде танылып тек төркі тілі диолектілеріне орай әртүрлі аталғанын аңғарамыз. Айтпақшы Нәдұлұштың «Төрк/Турк» атағын иеленуі дегеніміз сөз жоқ Ұлы Ұс – Алаш яғни Қазақтың - Төрк титулын иеленгенін паш етеді.
Оны «Қазақ түрік емес, қазақсыз түрік емес» деген ежелгі мәтел айғақтап беріп тұр. Бұл мәтелдің айтпағы мынау: Тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) жоғарының, төрдің, көктің (көк пен күн бір ұғым) аспанның символы. Тек қана символы.

Демек тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) – нақтылы тәңір немесе аспан емес яғни қазақ (Ұлы Ұс) - төрк емес деген сөз. Бірақ, сол тәңірдің, көктің, аспанның символы тәңірі құсы Ұлы Ұсты (құсты) ұлттық киетек (тотем) етуіміздің арқасында біз жоғарының төрдің, көктің ұланы төрк - көк төрк атанып отырмыз яғни қазақсыз (Ұлы Ұссыз) - төрк емес деуіміздің сыры осында. Міне осылайша бізге Нәдұлұштың – Ұлы Ұстың «ТӨРК» атағын иеленгені анықтала түседі.

Аталған сөйтіп Түрк Нәдұлұше
Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше
Түріктен шыққан талай сайып қыран
Жер жүзі тітіренген түрік десе – дейді Шәкәрім.

Жалпы құс культінің өзі тәңірге, көкке табынудың белгісі екенін жоғарыда айтқанбыз. Дегенмен де Б. Қайырбековтің «Беркут – птица счастья» деген мақаласында: «Казахи чтут орла, как вестника Весны, ведь он прилетает одним из первых, в конце марта. В прежние времена в честь прилета орла устраивали той... Вестник весны, как и сама весна почитался как Возродитель, творец природы. Именно поэтому орел – солнечное божество, связанное с древнейшим культом плодородия»1 - деп жазғанын айта кеткім келіп отыр. Қысқасы ұлы даланың еркіндік сүйгіш сайыпқыран ұландары, табиғатпен үндес өмір сүруді үйлестіріп қана қоймай, өздеріне тән тұрмыс-тіршілік пен наным-сенімді де қалыптастырды.

Сөйтіп әу баста көктің символы құсты киетек-тотем етіп қана қоймай, әуезді аспаптары қобыз бен домбырасын аққу мен қазға ұқсатып, үстілеріне киген сауыт киімдерін құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып, тақия, тымақ, сәукелесіне үкі тағып, құс етек көйлек киіп, аң – жануарларды бейнелегенде оларға қанат бітіріп қанатты барыс, қанатты бұғы, қанатты ат, қанатты киік түрінде суреттеген. Бұның бәрі де көшпелі төркілердің тәңірі текті, көктің ұландары екендіктерінің сөзсіз айғағы. Келе-келе олар таңғажайып далалық архитектура киіз үйді кіші әлем сипатында толықтай етіп жетілдірді. Сөйтіп қысы - жазы өздерімен бірге алып жүретін жылы ұясы-киіз үйдің төбесіне шуағын шашқан күн яғни шаңырақты қондырды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті төркілердің түпкі тегін айқындаушы ең басты да ең негізгі ТҮП ТЕКТІЛІК ЕЛ ТАҢБАСЫ еді.

Әрбір төрктің «Шаңыраққа қара!» - деп сес көрсете, өктем сөйлейтіні де содан. Қаракөктің ұландары әрқашанда «Қара шаңырақ» - деп үлкен үйдің, түтінін түтетіп шырағын сөндірмеуге тырысқан. «Отан от басынан басталады» - дейтін халқымыз «Шырағың сөнбесін» - деп бата берген. ШЫРАҚ – ОТ / ОТ– КҮН / КҮН– ШАҢЫРАҚ. Бабалардан мирас болған ұлы дала, ұлан байтақ Еуразия кеңістігі, төркілердің алтын ұя, ақ бесігі, бізге қалған қасиетті де киелі ҚАРА ШАҢЫРАҚ.

«Көп түрік енші алысып тарасқанда
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? – деуіміз де содан.

Бүгін де дербес ел ретінде төріне ойуы өрілген, қыраны қалықтаған, шуағын шашқан, көк тәңірлі көк ту көтеріп «ер қанаты – ат» демекші қанатты пырақ пен түп тектілікті айқындаушы елдік таңба ШАҢЫРАҚТЫ елтаңба етіп береке бірлігіміз жарасқан әлем мойындаған бірегей ел болып отырмыз.

«Жұдырықтай жүрегіммен мықшия
Бас орнына күн көтеріп келем мен» - дейтін Тыныштықбек ақынның енді бірде

«...Таңыра боп Шаңыра боп тұр Есің.
«Таңыра» да, «Шаңырақ» та – бір Есім.
Ал, ала ғой, сыйға тарттым мен саған
Ақ бүркітті – Алғырлықтың Киесін!...» - деуі тегін емес.

Күн – Шаңырақ – Аспан – Құс (шаңырақ күннің, құс көктің символы - көк пен күн бір ұғым). Ғалым А.Аманжоловтың «Ұс» «Ас» «Аз» - қиял ғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт ол – көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңіріның бейнесі – деуі аса көргендікпен айтылған ақиқат сөз.

Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
Ұлан байтақ шетсіз шексіз жерім бар.
Алаш бабам Ұлұ Ұс, үш Ұс атаған,
Тәңірі құсы қыран текті елім бар.

Ұс еліміз, Ұлы Ұспыз көк төрінен жаралған,
Сол себептен тегімізге “Төркі” аты таңылған.
Көк Төркілер, көшпелілер жер жаһанды ен жайлап,
Күллі әлемге Туран, Иш гуз , Сақ , Қазақ боп танылған.

 

Самат Сыпатайұлы

Ұлт порталы

РЕСЕЙ БӨЛШЕКТЕНЕ МЕ?

$
0
0

 

РЕСЕЙ БӨЛШЕКТЕНЕ МЕ?
25.10.2013 15:28 Берік Бейсенұлы
068
Бір қызығы Ресейдің алдағы уақытта бөлшектенуі жайында жиі айтылатын болды. Мұндай әсіре дауды қоздатып отырған жекеменшік басылымдар емес, Ресейдің мемлекеттік теле-радиоарналары. 
Рас, соңғы бір ғасырда Ресейдің бөлшектеніп ондаған ұсақ мемлекетке айналып кетуі жайында сәуегейлік айтқандар көп. Олар қатардағы қарапайым жұмысшы емес, аты елге мәшһүр дүр тұлғалар. Мәселен, атақты академик Сахаровтың өзі Ресейді төрт бөлікке бөлуді, ал КСРО-ны ұсақ-ұсақ 50 мемелекетте бөлшектеуді ұсынғаны белгілі. Сахаровтың сол кездегі айтқандары ол тұста құпия болғанымен қазір жарыққа шыға бастады. Қазірде сол Сахаровтың жолын қуып, Ресейді бөлшектеп, шығысын Жапон мен Қытайға беруге құмарлар көп. Мәселен 90-жылдары Ресейдің сыртқы істер министрі болып Козырев болып тұрған тұста Оңтүстік Курил аралдарын Жапон еліне беру туралы мәселе қозғалып, дайындық жүргізілген екен. Сондай-ақ Сахалин жөнінде де тартыс болған көрінеді. Мысалы, жақында ғана «The New Times» журналының бас редакторы «Эхо Москва» радиосына сұхбат бере отырып, «бүкіл Қиыр Шығысты және Орал тауларына дейінгі аймақты Қытайға бере салуға болады. Ол өңірден бізге келіп-кетер пайда шамалы. Түбі соған келе жатырмыз» деген сияқты әңгіме қозғады. Бұл бұл ма, жазушы Михаил Веллер «Радио Россия» арнасынан: «Калининград облысы баяғыдан-ақ Ресейдікі емес еді. Өзінше өмір сүріп жатқан аймақ. Ол жерге біздің еш қатысымыз жоқ. Сол секілді Оңтүстік Курил аралы. Ол арал ресейліктердің бас ауруына айналды. Түкке қажеті жоқ, бізге» дейді. Жалпы, Ресейдің алдағы уақытта бірнеше мемлекеттік бөлініп кетуі жөнінде Батыс сарапшылары талай болжамдар айтқан болатын. Тіпті Ресейдің өзінде 90-жылдардың ортасында Сібір мемлекеті жөнінде әңгіме көтерілгені белгілі. Қысқасы, алдағы он-жиырма жылда Ресейді не күтіп тұр? Бізге белгісіз. Ал сарапшылар мен сәуегейлердің айтқандарына құлақ салар болсақ, Ресейді жақсылық күтіп тұрмаған секілді.

Аякөз...

$
0
0

Аягөз емес, Аякөз...

0 88

 

«Аякөз – ая, аядай бұлақ деседі, Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?!» М.Мақатаев

 

Әңгіме арқауы ел тарихында ойып тұрып орын алатын тарихи мекен – Аягөз, дұрысы – Аякөз. Ойымыздың салмағын арттыру үшін аз-кем Аякөздің тарихынан сыр шерте кетсек, артық болмас.

Аякөз. Шағын қала. Жан-жағынан самал жел ескен, айналасы шоқылы жазықта орын тепкен. Егер бүгінде Аякөз жазығына құс ұшар биіктіктен қарар болсақ, бейне бір құдіреттің күшімен салынғандай, адамның көз жанарының сызығын байқаған болар едіңіз. Сонымен қатар тарам-тарам жолдар мен сан-салалы соқпақтарды көресің, яғни бұл – тарих жолдарының іздері.

Аякөз жері – аңыздар, батырлар мен абыздар елі. Аякөзден туған тарихын жырлаған көптеген белгілі адамдар шыққан. Кешегі өткен ақын Дулат Бабатайұлы, Ақтамберді жырау, белгілі айтыс ақыны Әріп Тәңірбергенұлы – осы өлкенің түлектері.

 

Бір анық

Қазақ дүниетанымының данагөйлері Абай мен Шәкәрім, шоқтығы биік ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов, әдебиет классиктерінің бір шоғыры:

Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатұлы, Мұқағали Мақатаев десек, бұлардың барлығы батырлар мен арулар елі – Аякөзге табан тіреп, асынан дәм татқан. Орыс ғалымдары П.Семенов-Тянь-Шанскийдің,

Г.Потаниннің, А.Янушкевичтің ізі қалған. Бұл тұлғалардың барлығы қала атауын «Аягөз» деп сақауламай, «Аякөз» деп әспеттеп, әуезді етіп жазған.

 

Аякөз туралы алғашқы дәйектер осы аймақта өмір сүріп, қазақтың «Ромео мен Джульеттасы» атанған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың» заманы XVI-XVII ғасырлар­дың тұңғиығына тартады.

Аудан аумағында қазақ халқының жоң­ғар басқыншыларымен кескілескен шайқастары өткені белгілі. Оның ішінде та­рихи айғақтар, ең ірі соғыс – 1718 жыл­ғы көктемде, Аякөз өзені бойында болған Аякөз шайқасы мен 1754 жылы Мамыр­су­да (кеңес заманында бұл ауыл Сергио­поль атанған) қазақ елінің басшысы Абы­лай хан мен Қытай мемлекетінің басшылы­ғы арасында бейбітшілік бітімгершілікке қол қойылуы.

1822 жылы Сібір қырғыздары туралы Патша Жарғысы шығып, жеті ішкі: Ақмола, Аякөз, Баянауыл, Көкпекті, Көкшетау, Қар­қаралы, Құсмұрын округтері құрылды. Ал 1830 жылы Аякөз сыртқы округі нақ­ты­ланып, бір жылдан кейін Аякөзді сырт­тан басқару бұйрығы жарық көрді.

1831 жылы Аякөз станциясының негізі қаланып, орыстардың Жетісу бойындағы алғашқы тірек бекеті пайда болды.

1854 жылы Батыс Сібір генерал-губер­наторлығының құрамында Семей облысы құрылды.

Аякөз аудан болып 1928 жылы құрыл­са, 1930 жылдан ресми түрде қала ретінде толыққанды іргетасы қалана бастады.

Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған тұста, яғни 1997 жылы Семей облысының тара­ты­луына байланысты Аякөз ауданы (оның құрамына таратылған Шұбартау ауданы қосылып) Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді.

Аякөз қаласы КСРО кезінде стратегия­лық маңызы бар нысан саналды, ол Тәуел­сіз Қазақстанның да әскери-шекаралық маңызы бар қаласына айналды. Бұл әре­кет қала елдің шығысында, Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасуы­нан болды. Кеңес кезінде осы көршімізден қауіп басым болып, әлеуетті әскери гар­ни­зонның орналасуына тиімді орын ретінде осы қала таңдалды. Мұнда Кеңестер кезі­нен танк дивизиясы орын теуіп, 1990-жыл­дардың басына дейін қала әуежайында әскери авиация орналасты. Ол әскери ба­заларда өте күшті зымырандар, шекара мен әуе қорғанысын қамтамасыз етуге ба­ғытталған заттар сақталған әскери қой­ма­лар да орын тепкен.

Аякөз ауданы – Шығыс Қазақстанның оңтүстік орталығы. Ауданда бір кент, 22 ауылдық округ бар. Экономикасының не­гіз­гі бағыты – мал шаруашылығы.

Аякөз тоғыз жолдың торабында, яғни аса маңызды автокөлік, теміржол, әуе жол­дарымен қамтылған. Бүгінде қала аумағы 16 073 мың гектар жерді алып жатыр. Жал­пы халық саны шамамен 38 595 мың адамды құрайды (01.01.2010 ж.).

Аякөз қаласы – облыс орталығы Өске­мен қаласынан 310 шақырым, Алматыдан 772 ша­қырым және Зайсан қаласынан 400 ша­қырымға жуық қашықтықта орналас­қан.

Аудан аумағында 18 тарихи ескерткіш бар. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған, тарихы тереңнен сыр шертетін, әлемге әйгілі сәулет ескерткіші – Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары мен елі­міздегі ең биік саздан жасалған Балтабек қажы кесенесі мен Барақ сұлтанға арнал­ған кесенелерді атап өтуге болады.

Мұның бәрін несіне тәптіштеп жазып отыр дерсіз. Мақсат – киелі мекеннің ма­ңыз­дылығын тағы бір рет еске түсіру, са­ра­лау. Електен өткізе келе, маңызды қала­мыздың атауын неге өз атымен атамаймыз деген заңды сұрақ туады.

Аякөз атауы, сөз жоқ, аудан аумағынан ағып өтетін Аякөз өзеніне байланысты ат­ал­ған. Бұл жерде тарихшы зерттеушілер мен тіл мамандарының пікірі екіге жары­лады. Бірі Аякөз түріктің «ай», «огыз» – өзен деген ежелгі түрік сөзінен «айдай өзен» деген ұғымды береді десе, екіншісі, қарапайым халық өзен мен аудан атауы түркінің «ая» – әдемі, «көз» – көз деген сөзі­нен шыққан деседі.

Екі ғасырдай уақыт бойы ресми түрде төл тілімізде «Аякөз» аталып, жазылып кел­ген сүйікті мекеніміз Аякөз қалайша Ая­гөз атанды? Аякөз патша заманында қа­мал болып құрылғанда, тіпті Кеңес өкіметі тұсында да қазақша «Аякөз» деп, орысша «Аягуз» деп жазылып келді емес пе? Ен­деше, тәуелсіз ел атанғанда бізді неге тү­лен түртті? Неге өз тілімізді өзекке теуіп, өзі­мізді мүкіс жасауымыз керек? Ел бодан­дықтан арылып, ұлт түлеп жатқанда тілі­міз­ге құрметіміздің сиқы осы ма? Бір ғана «к» әрпі айтылғанда ғана «г» әрпін алмас­ты­ратынын кез келген қазақ түсінеді. Мы­са­лы «шекара» айтылғанда «шегара» деп тілдік үндестік заңына бағынады, бірақ біз оны «шегара» деп жазбаймыз ғой?! Сол сияқ­ты Аякөз де айтылғанда ғана Аягөз, жазылғанда Аякөз деп жазылғаны дұрыс. Ендеше, «ештен кеш жақсы» дегендей, қала атауын тарихи өз атымен атап, әділетті ту етуді құзырлы органдардан талап етеміз.

Яғни, «Аякөз» аттас өзен, қала, аудан, темір­жол бекеті, әуежай (орысша трансли­те­рациясы «Аякоз», латынша «Ayakoz») «Ая­гөз» емес, «Аякөз» деп жазылып, тари­хи әділеттілік және тіл ғылымының заңды­лықтары сақталуы керек.

Көпті көрген дана халқымызда «халық айтса, қалт айтпайды» деген мәтел бекер­ден-бекер айтылмаса керек.

Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ, «Серпер» Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, суретші-мүсінші


ҚАЗАҚ ИНТЕРНЕТІНІҢ ҚАЗІРГІ ҚАРЫМЫ

$
0
0

ҚАЗАҚ ИНТЕРНЕТІНІҢ ҚАЗІРГІ ҚАРЫМЫ

Осыдан 3-4 жыл бұрын Microsoft Kazakhstan басшысы Гюнтер Дам мырзамен кездескенім бар. Басты сауалым, Microsoft өнімдерінің қазақшаланбауы еді. Сонда ол кеңсе қабырғасында ілініп тұрған кестені нұсқап, «Жалпы сауаттылық бойынша Қазақстан халқы әлемдегі озық елдермен бірге тұр. Алайда ақпараттық технологиялық сауаттылыққа келгенде Африка елдерінің қатарында» деген болатын.

Біздегі ең үлкен қиындық – ақпараттық технологиялық білімнің бұқараға жаппай жетпеуінде. Мектептерде компьютердің ішек-құрылысын түсіндіреді. Бірақ интернетке бейімделген контент әзірлеу, интернеттегі мәдениеттілік, интернеттен ақпарат тұтынудың әдебі, интернет қауіпсіздігі сияқты тақырыптар оқытылмайды.
Қазақстанда қоғамға сауатты ақпарат жеткізеді-ау дейтін кейбір журналистердің өз қазақша блогтар мен сайттардағы ақпаратқа «жиендік» жасап, сол үшін еңбекақысын алып жүре береді. Адам біреудің үйіне түсіп, мүлкін ұрлай ма, әлде блогына кіріп, оның жазған дүниесін ұрлай ма, бәрі де бір – ұрлық. Берекесіз жолмен ақпарат тауып, оны халыққа насихаттап жүрген «дүмше журналистерді» ешкім сотқа сүйреп жатқан жоқ.
Интернет қолданушылардың дені әлі күнге дейін дайын асқа тік қасық болғысы келеді. Кеңес Одағындағы «билік бәрін бізге жасап беруі керек» деген сыңаржақ түсінік тәуелсіздік жылдары дүниеге келгендердің де бойында бар. Сондықтан  ғаламтордағы дайын реферат-шығармаларды тауып, қолдануға әуес. Қазақ интернетінде көркем шығарма жазудың жолын көрсетіп, ғылыми рефераттарға жөн сілтейтіндер аз.
Қазақша ресурстарды көбейтетіндер – интернет қолданушылардың өздері. Бұған дейін сайтты бағдарламашы немесе кәсіби маман әзірлеу керек деген түсінік болған. Қазір контентті, яғни, интернеттің ішіндегі мәтін, видео, аудио, суреттерді интернет қолданушының өзі де жасай алады. Мысал ретінде, Wikipedia қазақша жобасын қарастырайық. Бұл әлемдік энциклопедияға мақала енгізу белгілі бір топтың жұмысы емес. Оған әрбір интернет қолданушы міндетті. Әрі тек мақала енгізіп қоймай, оны өңдеп, дамытып отыру да өздеріне тиесілі. Сондықтан қазақша ресурстардың көбеюіне кім мүдделі болса, сол осы бастан ресурстарды дамыта бастайды. «Неге интернетте қазақша бесік жыры жоқ?» –  деп өкініштен өзекті өртейтін заманда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бесік жырын таппай жатса, «Әжеме бесік жырын айтқызып, оны видеоға түсіріп youtube-қа, аудио нұсқасын жасап, box.net-ке, мәтінін өз блогыма салып, сосын әлеуметтік желі арқылы таратып, насихаттамасқа? Бәлкім, көп аудиторияны тарта алсам, жарнама қойып, аздаған тиын-тебен де табатын болармын, ә?!» деп ойлайтындар жетіспей жатыр.
Қазақ үкіметі интернет ресурстарды дамытуды қолға алып жатыр. Оны дамыту үшін ел бюджетінен қыруар ақша жұмсалуда. Алайда халыққа қажетті контентті билік емес, халықтың өзі жасайды. Билік бар болғаны соны жасағысы келіп жүргендерге жағдай жасаса болды. Сол кезде шетелдік компанияларға қызмет етіп жүрген қазақтың жастары өзімізде де коммерциялық жобаларды жасауға кірісер еді. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттен kaztube.kz бейне сервисін жасауға ақша бөлінді. Сервис жұмыс істеп тұр. Алайда бес-алты жігіттің өз күштерімен жасаған kiwi.k­z жобасының танымалдылығы бұдан едәуір жоғары. Сонда үкіметтен қыруар қаражат шығындап, kaztube жасағанша, kiwi тәрізді жоба авторларына көмек көрсетсе, әлдеқайда тиімді болар еді ғой. Екіншіден, интернеттегі жобалар өміршең болуы үшін нарықтың сұранысына жауап беруі керек. Бізде нарықтың алыс-берісі орыс тілінде жүретіндіктен қазақша өнімге инвесторлардың мойнын бұрғыза алмай жатырмыз. Себебі өзге де пост-кеңестік елдердегідей Қазақстандағы бизнестің тілі – орысша. Үшіншіден, болашақта контенттің көбі белгілі бір платформалы өнімдерге арнап жасалады деген болжам бар. Мысалы, сіз бен біз қолданатын компьютердің дені – Microsoft өнімі, ішіндегі интернетіміз Google компаниясына тиесілі. Қолымыздағы телефон Samsung немесе Nokia компаниясынікі.  Енді біздің жасайтын қазақша мәтіндеріміз сол шетелдік компания өнімдеріне сәйкес келуі керек. Бұл бірте-бірте тәуелділікке алып келеді. Сол себепті біраз уақыттан соң дамыған елдердің көбі өзінің компьютері мен телефонын шығаруға көшеді. Google қазірдің өзінде өзінің ноутбуктарын ғана емес, төл автокөлігін шығарып жатыр. Оңтүстік Шығыс Азия елдері google іздеу жүйесіне тәуелді болмауы үшін өзінің жеке іздеу жүйелерін дамытуда. Қытайдың baidu іздеу жүйесі – әлемдік деңгейдегі ірі ресурс. Әрі нарықтық құны да жоғары.
Қазақстан өзінің ғаламтордағы әлеуетін енді көтеріп жатыр. Қазақ тіліндегі контентті көбейтуге септігі тиетін кез келген жобаны қолдағанымыз жөн. Google Translate аудармашысына қазақ тілінің қосылуы өзге де ағылшын тіліндегі бағдарламаларды қазақшалауға жол ашады. Wikipedia-да қазақша контенттің болуы мазмұндық тұрғыдан қазақша электронды мәтіндердің көбеюіне үлес қосса, технологиялық тұрғыдан тілдік корпустың қалыптасуына жағдай жасамақ. Бірақ бұл жобалардың дамуы тікелей әрбір интернет қолданушының өзіне байланысты.

Асхат Еркімбай

Көктемде жиған абйрой күзге де жетпеді

$
0
0

"Президент айтпаса істемей ме?» деген тақырып талай газеттің көркін кіргізді. Бір бүгін емес, бұрыннан да солай еді. Осы аптадағы Президенттің шүйлігісі бөлек болды, бірақ. «Өгізге өк деген де өлім» деп атам қазақ бекер айтпаған. Үкіметтің жаны шығып кете жаздады. Рас па, өтірік пе? Қажыгелдиннің тұсында Үкіметте қызмет атқарған бір ағамыз: «Егер аппарат жылжытпаймын десе, қандай қаулыны болса да жылжытпай қояды», – деген. Біз әрине, жай сөз шығар деп сенгеміз жоқ. Сөйтсек сол сөз рас болып шықты.
Басқа планетадан келген ешкім жоқ. Шынында да Мемлекет басшысының қатысуымен басталған кейбір істердің орта жолдан қаңтарылып қалғанын бір-екі мәрте байқап та қалғанбыз. Президент лентасын қиған нысандардың бәрі бірдей гүлдеп кетпегенін де көзіміз көрген. Міне, сондықтан да: «Менің тапсырмам неге орындалмайды?» – деген сөз ойымыздың үстінен дөп түсті.
Қазір Қазақстанда тұрғын үй алу кезегі кептеліп тұр. Осыдан біраз жыл бұрын біреулер заңсыз пәтер алып кетіпті деген шу шыққан. Есік-терезесінің сыры кеппеген жаңа үйлерді прокуратура тексеріп пәле қылған. Сол кезде де: «Заңсыз үй алғандар пәтерлерін қайтарып жатыр», – деп еді. Президенттің кешелі-бүгінгі сынынан кейін тағы да «заңсыз алынған пәтерлер қайтарылып жатыр» деп естідік. Олардың алды қоныс тойын жасап та қойған болуы мүмкін. Бір жағы обал дейсің, бір жағы сауап дейсің.
Алайда одан кезек азайып қалған жоқ. Неше жылдан бері кезегім орнынан жылжымады деп жүргендер көп. Орындалмай жатқан бір бағдарламаны тастай салып, екінші бір бағдарламаның жалына жармасып, қайтадан құжат жинап әлектенуде. «Осының бәрін неге бір жүйеге келтірмеген?» – деп ызаң келеді. Екі-үш жыл бұрын «он сотық жер тегін беріледі» деп, бүкіл елді ұлардай шулаттық. Сонда сол он сотық жерді тегін алған кім бар екен?
Президент жақында елімізде бай адамдар көп болуына мүмкіншілік тудыру керектігін айтты. Бірақ үлкен қалалардың айналасында тірнектеп жинаған қаражатына шағын баспана салып жатқандар көп. Сұрай қалсаң, алақандай жерді пәленбай ақшаға сатып алған. Біраз жыл ақша жинап, соған қабырғасын бір бөлек көтеріп, шатырын бір бөлек жауып жатқандар бәрі. Қарапайым халықтың бар тапқан-таянғаны баспана салуға, содан соң оны жамап-жасқауға кетеді.
Енді келіп: «Қазақстанда үй неге қымбат?», – деген сұрақ туындап отыр. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамбетов кеше ғана үй де, жер де арзандайды дегендей бірдеңе айтыпты. Саясаттанушының үй мен жерге не қатысы бар екенін түсіне алмадық. Сөйтсек ондай пікірлер былтыр да айтылыпты, алдыңғы жылы да айтылыпты. Бұл халықты адастыру ма, алдаусырату ма, әлде не?
Егер үй мен жер арзандаса қазіргі жеңілдетілген пәтер кезегінде тұрғандар қайтпек? Олар бағдарламаға үсті-үстіне ақша құйып, іріктеуден әне өтемін, міне өтемін деп үміттеніп жүрген жоқ па? Демек үйдің де, жердің де әл-әзірге арзандауы мүмкін емес қой. Ендеше жоқ жерден болжам айтып, онсыз да алаңдап жүрген адамдардың көңілін алақұйын жасаудың не керегі бар?
Президент ел ішіндегі кейбір келеңсіздіктерді теріп-теріп айтып отыр. Мемлекет басшысы осы обьектілердің басына ғана үймелеп қалыңдар деген жоқ. Сондай кемшіліктерді түзеумен айналысыңдар дегені айтпаса да түсінікті. Біздіңше бұл сынның барлық салада жалғасын тапқаны жөн шығар, бәлкім. Әйтпесе әкімдердің ел алдында есеп беру жиынының да сиқы кетіп бара жатыр. Оны да Мемлекет басшысы қайта-қайта тапсырып жүріп жөнге салып еді. «Ауыз су жоқ, үй салатын жер жоқ, үй салған жерге баратын жол жоқ» деген әңгіменің бәрі сол жиындарда өткір көтерілетін. Кейінгі жылдары әкімдер есеп беру жиынына кезекті спектакльге дайындалғандай дайындалатын болып жүр.
Биыл көктемде ғана шенеуніктер жаппай аттестациядан өткен. «Жамандарынан» құтылып, «жақсыларын» қалдырғандай болғанбыз. Енді солардың алды Үкіметтен жаппай сөгіс алып жатыр. Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев бірталай шенеуніктер мен аудан, қала әкімдеріне қатаң сөгіс арқалатты. Қызметіне сай емес деп табылып, орынтағымен қоштасып жатқандар да бар көрінеді. Мұндай науқан басқа жерлерде де қайталанып жатыр.
Көктемде ел егіс науқанымен әуре болып жатқанда, әкім қаралар аттестацияға дайындалып, жаттау жаттап жатты ғой. Сол кезде аттестацияны ойыншық көрген талай әкім аттан ауып түсті. Оның алдындағы құқық қорғау саласындағы сынақ та оңай болған жоқ. Жүз метрге жүгіре алмай, жүрегі тоқтап қалғандар да кездесті. Бірақ не өзгерді, не қойды, соның бәрі халықтың көз алдында.
Енді міне, көктемде жинаған абырой күзге де жеткен жоқ. Тіпті сөгіс беру сәнге айналып кеткендей көрінді. Енді бұған ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік басшысы Әлихан Байменовтің түсініктеме беруіне тура келетін шығар. Бәйменовтің орнына Перуашев: «Президенттікі сөгіс бер деген сөз емес, шаруаңды түзе деген сөз» деп қалды бір жиында.
Әлде, Әлихан мырза аттестациядан өткіздік, сол жетеді деп отыр ма екен? Халықты кімдер басқарып отыр? Қандай кадрлар жетекшілік жұмыста жүр? Олар неге Президенттің тапсырмасын орындай алмай жатыр? Егер дәл бүгін осының басын ашпасақ, кемшілік қайталана беруі мүмкін. Әрине Байменовтің қолында тұрған ештеңе жоқ. Бірақ Перуашевтің қолында тұрған да ештеңе жоқ қой. Әркімнің бетіне қарап бал ашып отырғанша, бір жөнін айтқаны да жөн шығар дейміз. Біздікі де жұмыс жүрсе, бірақ жаппай жазалауға ұласып кетпесе деген тілек қой. «Жоғарыда не жағдай болып жатқанын көріп отырсыңдар ғой, енді ешқайсысыңды аямаймын» деушілер де пайда болған соң айтып отырмыз мұны.
Қазақстанда кадр сапасы төмен деген әңгіме туып кетпесе болды. Кадр саясаты дұрыс болмаса, кадр сапасы қалай дұрыс болады? Міне, Әлихан Байменов осы мәселемен айналысуы керек. Емтихан қабылдайтын мұғалім сияқты сүттен ақ, судан таза болып отырудың еш қажеті жоқ. Президент айтады, басқалар үндемейді, қарамағындағыларға сөгіс берумен құтылады. Алда тәуелсіздік күніне байланысты алғыс жариялайтын сәт те жақындап келе жатыр, мысалы. Сөгісті алғысқа айналдыра салмасақ болды, әйтеуір.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

Шаханов шақырып отыр

$
0
0

Шаханов шақырып отыр

Кеше, 11:15 2 пікір 72

Қадірлі рухтас бауырлар!

Бұдан бұрын хабарланғандай 2013 жылдың 23-ші қарашасында, Алматыда «Халық өкілдерінің құрылтайы» өтпек. Оған халқымыздың елдік, ұлттық мүддеге тамыр жіберген азаматтары, белгілі қоғам қайраткерлері, жалпы еліміздің болашағына жаны ауыратын адамдар қатысады.

Бүгінгі кезеңде биліктің немқұрайлы қарауының нәтижесінде саясат пен экономика саласында да, рухани салада да көптеген мәселелер, түйдек-түйдегімен алға шықты. Осы проблемалар төңірегінде ой толғап, келелі кездесу жасаудың қажеттігі туындап отыр.

Кейбір мәселелерге қысқаша тоқталып өтер болсақ және ұлтты ұлт етіп ұстайтын қуаттың негізгісі тіл екенін ескерсек, онда бұл мәселе  күні бүгінге дейін өз шешімін тапқан жоқ. 1989 жылы Ата заңымыз бойынша  Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып бекітілді. Содан бері 24 жыл уақыт өтсе де, мемлекеттік тіл мемлекеттік биліктің тіліне айнала алмады.

Жуырда Республикалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы атынан тiл жанашырлары мен ұлт зиялылары билiк басындағыларға арнап «Мемлекеттік тілдің мұңлы халі» (28.08.2013ж.)  атты мәлімдеме жариялады. Қысқаша ғана үзінді келтірер болсақ, онда мынадай талаптар бар:

«Елбасының өзінен бастап мемлекеттік лауазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кездесулерде, негізінен, мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеліп, республика көлеміндегі маңызды іс-шаралар мемлекеттік тілде жүргізілсін. Республика министрліктері, мемлекеттік органдар, департамент, басқармалардың іс-қағаздары толықтай мемлекеттік тілге көшірілуі керек. Мемлекеттік тілді білмейтіндер ілеспе аударма қызметін пайдаланатын болсын. Мемлекеттік тілді мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар – мемлекеттік қызметке алынбасын;

Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдап, заң негізінде мемлекеттік тілдің түбегейлі негіздерін күшейтіп, заң талаптары орындалмаған жағдайға қатысты жауапкершілікті нақты белгілеуі қажет;

Мәдениет және ақпарат министірлігінің бір бөлімшесі ретінде ғана Тіл комитеті қызмет етіп келеді. Турасын айтсақ, министрлік аясындағы комитеттің құзыры қордаланып қалған Мемлекеттік тіл проблемаларын шешуге мүлде дәрменсіз. Сондықтан Мемлекеттік Тіл агенттігін құруды ұсынамыз;

Негізін «американдық ұлттан» алатын «Қазақстандық ұлт» саясаты Қазақстан халқы Ассамблеясы  доктринасынан алынып тасталынғанмен, қоғамға сыналай ендіріліп жатыр. «Қазақстандық ұлт» саясаты қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауымның жіті назарында болғандықтан, бұл іске қайта бет бұру,  халықтың зор қарсылығын тудыратынын биліктің есіне саламыз...».

Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-шы орында деп мақтанамыз. Бірақ, адамзат тарихында 50 жылда 752 рет ядролық жарылысты басынан өткізген тек қазақ жері шығар... Оған «Байқоңырдан» жыл сайын  ұшатын Протондардан төгілетін гептилды, Ресейдің 7 әскери-сынақ полигондарында болатын сынақтарды қосыңыз.

Ядролық жарылыстардың зардапты салдары аз болғандай және Чернобольді, Фокусиманы көріп отырып, атом электр станциясын салмақшымыз. Әлем елдері бас тартып отырған ядролық қалдықтар мен отынның қоймасын да өз жерімізге әкелуге келісім бердік. Осының бәрі қазақ жеріне, Қазақстан халқына үлкен қауіп әкелмесіне кім кепілдік береді?

Сондай-ақ қазақ жерін қытай мемлекетіне жалға беру мәселесі де және ол елден ондаған миллиард доллар қарыз алғанымызды ескерсек, елді алаңдататын көкейтесті мәселелер жеткілікті екені даусыз.

Әлі күнге дейін сыртқа шикізат шығаруға тәуелді болып келе жатқан еліміз отандық өнім өндіру мәселесін шеше алған жоқ. Оның бір себебі елді жайлаған жемқорлық болса, екінші зор қауіп – Кедендік одақ.

Кедендік одақ тек экономикалық мақсатта құрылып, одан еліміз пайда тауып жатса әңгіме басқаша болар еді. Өкінішке қарай Қазақстан Кедендік одаққа кіруден тек зардап шегумен келеді. Атап айтсақ, одаққа кіру нәтижесінде жанар-жағар май бағасы қымбаттады. Ол халық тұтынатын тауарлардың, коммуналдық қызметтің бағасының шарықтауына да жол ашты.

Қазір Ресей мен Белоруссиядан келетін импорт көлемі артып, Қазақстаннан шығатын тауар көлемі кеміп барады. Қазақстандық шаруалар не сүт, не ет өнімдерін сата алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда Кедендік одақ  Қазақстанның экономикасына, бизнесінің дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына орасан зор кесірін тигізуде.

Ал болашақ Еуразиялық одақ Қазақстан тәуелсіздігіне, оның жер аумағының тұтастығына қауіп төндіретіні туралы халықтың алаңдаушылығы заңды деп ойлаймыз.

Республикамыздағы халық санын арттырудың негізгі бір жолы – шет елдегі қандастарымызды туған Отанына шақыру еді. Өкінішке қарай, бұл аса маңызды мәселе жарты жолда тоқтап қалды.

Қазіргі кезеңде баршамызды үлкен сын күтіп тұр. Қазақстан мемлекетінің ертеңі және жас ұрпақтың болашағы әрқайсымызды бейжай қалдырмауы тиіс. Ұлтымыздың тілі мен жерінің, ұлттық мүддеміз бен экономикамыздың, халық денсаулығының ертеңгі тағдыры таразыға түсіп отырған уақытта әр адам өз  жауапкершілігін сезінуі қажет.

Ұйысқан ұлтқа, біріккен елге, саяси және рухани күшке айналу жолында баршаңызды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ақылдасуға, сырласуға шақырамыз.

Жуырда мен «Шындығын жоғалтып алғандар мен ұлттық мүддеден бойын аулақ салғандар туралы» әрбір қазақ білуге тиісті жаңа ұстаным жарияладым. Осы ұстанымды негізге алған жағдайда ғана шындық тұғырына бет бұруға мүмкіндік табарымыз айқын. Ол ұстаным мынау:

 

Ұлтты алып шығу үшін рухсыздық қармақтан,

Мен ұстаным ұсынамын тұратын қос тармақтан:

Мейлі, ақын, жазушы ма, мейлі, үлкен ғалым ба?

Саясаткер болсын тіпті, билігі бар қолында.

Кәсіпкер де болсын мейлі, дарын жеккен қарынға,

Мейлі, сазгер, әнші болсын, жүрген өнер жолында.

Әлде ұстаз, әлде ұшқыш, кім болса да бәрі бір,

Барлық кәсіп, мамандыққа бұл талаптың мәні бір.

Ертелі-кеш тек билікті мақтан тұта отырып,

Көп газеттің, телеарнаның айтатыны өтірік.

Қаншама жұрт сондықтан да өтірікке нанады,

Кейбіреулер қызметі үшін сатқындыққа барады.

Кім айырма салса жиі ісі менен сөзіне, –

Екі жүзді, әрі алаяқ пенде оның өзі де!

ЕГЕР АДАМ ЖОЙЫП АЛСА ЖҮРЕГІНІҢ ШЫНДЫҒЫН,

Рух қуатын сезінбесе адал, әділ мұңдының,

Елге қажет пайдалы ойлар жүргенімен миында,

Шындығы өлсе, бітті, ісі бағаланар тиынға!

Талай тұлға құнсызданып ТЖ болған уақытта,

Шындығы өлген сорлылардан қашар нағыз бақыт та.

Тіпті, ол адам атақ-даңққа толтырса да қойынын,

ЕЛДІК, ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДЕН АУЛАҚ САЛСА МОЙЫНЫН,

Тоқтатуға тырысса да пендегерлік құлқынын,
Шыншыл рухты және адал перзенті емес ұлтының!..

.......................................................................................

Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай»,

Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?»

Ұлтсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,

Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай!

 

Құрметпен,

 

Мұхтар ШАХАНОВ,

«Тәуелсіздікті қорғау» және

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалыстарының төрағасы

 

Киімнен де мәдениетті болайық

$
0
0

Жігіттерге арналған жаңа кардиган

Кардиган сіздің гардеробыңыздығы заманауи киімдердің бірі болып табылады. Соңғы жылдары бұл киімнің танымалдығы арта түсуде.

Кардиган атауы офицер Джеймс Кэрдиганның құрметіне берілген. Қырым соғысында солдаттар осындай тоқыма жакетпен жылынған екен. Әрине ол кезден кейін біраз өзгеріске ұшырады. Бұрынғы ағылшын полкі жүннен тоқылған әскери салтанатты форма кисе, бүгінгі жігіттер жиденің сыртынан классикалық түрде кигенді ұнатады.

Кардиган тек қана жылылық үшін емес, стильді киім ретінде қызығушылық тудыруда. Ол ашық түсті жиденің сыртынан әдемі көрінеді. Оған галстук немесе бабочка тағуға болады. Кардиганның кеңселік дресс-кодтары жақсы сұранысқа ие.

Кардигандарды кез келген түстегі футболкамен киюге болады. «Кардиган тек орта жастағы адамдарға арналған» деген әңгіменің де болғаны рас. Алайда сәнгерлердің ұсынған жаңа нұсқасы көпшілік көңілінен шығып отыр. Кез келген еркек өзіне ұнаған түрлі үлгідегі кардигандарды таңдай алады.

Не себепті кардиганды кез келген жастағы ер адамдар кие алады? Біріншіден, кардиган әмбебап болып келеді. Сіз оны футболкамен де, джинсымен де кие бересіз. Сіздің еркін образыңызбен киноға, кештерге, тіпті университетке де баруға болады. Кардиганды классикалық жидемен кисеңіз жұмысқа немесе іскерлік кездесуге киіп баруға ыңғайлы. Ал, галстук тақсаңыз мейрамхана, кафелердегі кездесуге дайын болып шығасыз. Ендеше, іске сәт!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Ә.Ахметов: «Елбасы жаңсақ теорияның талқанын шығарды»

$
0
0

Ә.Ахметов: «Елбасы жаңсақ теорияның талқанын шығарды»

Астана. 14 қараша. Baq.kz - Бүгін түс ауа Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық Медиа форумында осы оқу орнының ЮНЕСКО кафедрасында халықаралық дипломат Әділ Ахметов «Батыс БАҚ беттерінде діни толеранттылықты насихаттау мәселелері» тақырыбында бұқаралық дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізді.

«Қазақстанда соңғы бес жылда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Төрағасының мұсылмандарды кемсітуге қарсы күрес жөніндегі жеке уәкілі ретінде қызмет атқардым. Жақында ғана Венада осы бес жылдық жұмысымның нәтижесін толық баяндап бердім. Оны 24.kz телеарнасы толық және екі тілде елге таратты. Мұның бүгінгі ұйымдастырылып отырған Медиа форумға сөзсіз қатысы бар. Өйткені, әлемде мұсылмандарға деген көзқарас мүлдем өзгерген. Әсіресе, батыс елдерде. Ислам дінін құбыжық етіп көрсету белең алып кетті. «Ол дін емес – идеология» – деген жаңсақ пікірлер қалыптасты. Мұсылман дінін тероризммен, экстремизммен, фундаментализммен байланыстырып, шындыққа мүлдем жанаспайтын көзқарастар қаптады. Ал шындығында бұл дін өте бейбіт дін. Өйткені, «ассалаумағалейкум» деген сөздің түп-төркініне ден қойсаңыз, ол – сізге жақсылық пен мейірімділік тілеп, ізгі ниеттілігін білдіретін сөз тіркестері. Ал енді сөз басын осылай бастауды дәріптейтін дінде қандай терроризм, қандай экстремизм, қандай фундаментализм бар?!. Бірақ, әлемде осындай жаңсақ теорияны әдейі жасаушылар бар. Бұл туралы Американың сәуегей ғалымы, Гарвард университетінде профессор болған Самуэль Хантинг атты азамат осындай теория жасаған. Әлемдердің қақтығысы – экономика мен өркениеттердің ғана қақтығысы емес. Ол идеологияның айырмашылығы негізінде ғана емес, оның ішіндегі діндердің қақтығысынан туындайды. Тіпті, шиеленістер міндетті түрде болады және ол заңдылық деп жаңсақ теория жасаған. Ал енді осы теорияны малданып, кейбір алпауыт мемлекеттер діндер мен діндерді, мәдениеттер мен мәдениеттерді қақтығыстырып, өзара шиеленістіруге тырысады. Өйткені, оның астарында олардың мүддесі бар. Мысалы, Дзержинскидің жоғарыда айтқан алпауыт елдердің мүддесі тұрғысынан жазылған «Ұлы даланың шахматы» деген кітабы бар. Сол кітабында «Еуразия – Американың жүлдесі» дейді. Бұл жаңсақ теорияға байланысты. Ал енді сол шахмат тақтасының бір шаршысы мынау біздің елімізге, байтақ даламызға тиесілі. Яғни, біздің мемлекетке байланысты айтылған. Қайсыбір жылдары Югославияда орын алған ұлтаралық дүрдараздықтың соңы соғысқа айналып кетті емес пе?!. Тура сондай шиеленістер осы жерде болады деп, қақтығыстар қазанына Қазақстанды да тоғытып жіберген. Сондықтан, бүгінгі басқосудың мақсаты осындай алып-қашпа көзқарастар мен концепцияларға қарсы күрес жүргізу үшін, жастардың, соның ішінде жас журналистердің оң көзқарас, дұрыс пікірін қалыптастыру үшін ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі сөзіміз осыған бағытталады. Өйткені, елімізде жүз отыздан астам этнос өкілі бар. Көп ұлтты мемлекетпіз. Ал енді жаңағы Дзержинкидің теориясына сүйенсеңіз, барлық қырғи-қабақ ұрыс-керіс пен қырық пышақ төбелес осы жерде болады да, берекесі кеткен елді алпаут мемлекет басып алу керек еді. Олай емес. Бізді сындарлы ішкі және көп векторлы сыртқы саясатымен басқарып отырған Елбасымыз бар. Ол ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, этностарды бір-бірімен жақындастырып, Халықтар Ассамблеясын құрып, жоғарыдағыдай жаңсақ теориялардың быт-шытын шығарды деп айтуға болады. Егер ол теориялар іске асқанда біз баяғыда-ақ жоқ болатын едік. Ұлт ретінде ымырамыз кетіп, мемлекет болудан қалатын едік. Бұл – мінекей, біздің еліміз бен Елбасымыздың дұрыс саясат ұстанып, түзу жол таңдай білуіміздің жемісі» - дейді Әділ Құрманжанұлы.

 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

Viewing all 386 articles
Browse latest View live