Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 »Мақала
Viewing all 386 articles
Browse latest View live

Қазақтың тазысы

$
0
0

Қазақтың тазысы

Стефан Бодио – АҚШ-тың танымал жазушы-саятшысы. Ол өзінің Eagle Dreams: Searchіng for Legends іn Wіld Mongolіa («Қырани армандар: жабайы Моңғолия аңыздары жолымен») атты еңбегінде бала күнінде Natіonal Geographіc журналынан баcында тымағы, үстінде шапаны, қолына қыран құсты қондырып тұрған қазақ бүркітшісінің суретін көргенін жазыпты. Бұл бүркітшінің бала Стефанға әсер еткені сондай, ол өмірлік мақсаты ретінде – Орталық Азия, Сібір, Моңғолия мен Қытайдың саятшылық өнерін зерттеуге бір-ақ бұрады. Көшпенділер өркениетімен танысқан зерттеушінің аңшылық өнерге құмары ерекше артады. Төменде автордың қазақ тазысын қалай АҚШ-қа апарып, жерсіндіргені жөнінде жазған мақаласын аударып, жариялап отырмыз.

Мен алғаш «Тазы» деген атауды осыдан он жыл уақыт бұрын Иранда өмір сүрген неміс әйелдің аузынан естідім. Ол бұл сөзді менің Луна атты салуки тұқымдас итіме қарата қолданған еді: «Не деген әдемі тазы!»
Сол уақытта мен бұл сөздің тек иттердің аймақтық, яғни парсы тіліндегі атауы шығар деп қойғанмын. Алайда біршама уақыт өткен соң маған орыс достарым Орталық Азиядағы «салукилердің» Қазақстанда бүркіттің көмегімен түлкі аулап жатқандары бейнеленген таспаны көрсетті. Бұл оқиға Ресейде болғанымен, бейнефильмдегі көрініс – биік қыраттар мен таулар менің туған өлкем – Нью Мексиконы есіме түсірді. Ал аңға шығып жүрген иттер менің салукилеріме өте ұқсас келеді екен, тек артқы аяқтарының түгі ұзындау әрі қалыңдау көрінді.
Қазақ тазылары менің құмарлығымды бірден оятты. Менің соңғы салукиім тоқсаныншы жылдардың басында-ақ өлген болатын. Ал мына тазылар біздің өлкенің ауа райына тез-ақ бейімделіп кететіндей көрінді. Өйткені Нью Мексиконың табиғаты мен таспадан көрген қазақ даласына өте ұқсас келеді. Демек, маған керегі дәл осы ит тұқымдастары деп шештім. Оның үстіне, жақсы аңшы салукилерді табу өте қиын шаруа.
Ақыры, қазақ тазыларына деген құмарлық мені батыл қимылдарға итермеледі. Ғаламтор арқылы қажетіңді іздеп табу бүгінде оңайлаған, мен де соның көмегіне жүгіндім. Тазыны іздеу барысында Финляндияда тұратын Сари Мантила есімді азаматпен және Украинадағы «Натуралист» интернет-журналының редакциясымен байланысқа шықтық. Сари біздің сұрауымызға орай жауабын лезде-ақ берді. Оның жазуынша, Санкт-Петербург қаласында тазының екі тұқымдасын асырап жатыр екен. Бірі – қазақ, яғни таулық тұқымдастары болса, екіншісі - түрікмен тазылары екен. Оны басқаша шөл дала тазылары деп атайтын боп шықты. «Қазақ тазылары ірі әрі мықты, бас сүйегі мен құлақтары үлкен және аяқтары қалың түктес келеді», – деп жазды Сари.

Нью Мексиконы көп адам ауа райы ыстық штат деп ойлағанымен, шын мәнінде, оның климаты құрғақ. Біз теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте өмір сүреміз, ол тау оңтүстікке қарай 3500 метрге дейін созыла биіктей береді. Мұнда көктем ыстық, желді әрі құрғақ. Температура 35 градусқа дейін көтеріледі. Ал, негізінен, шілдеге тап келетін жаңбыр алқапты суарып, ыстығын басып, біршама жасылдандырып кетеді. Дегенмен, қазан айы туысымен ызғар біліне бастап, көп ұзамастан-ақ жерді қалың қар басады. Қаңтар айында температура – 20 градусқа дейін төмендейді.
Биік таулардың бәрі қарағайлы орманмен көмкерілген. Дегенмен құрғақ жайылымдар мен арша өскен ашық ормандар да кездеседі. Қарап отырсаңыз, Қазақстан табиғатынан айырып алар ештеңесі жоқ. Осы атырапты қояндар мен түлкілердің бірнеше түрі мекен етеді. Сондай-ақ қасқыр, борсық, бөкендерді де кездестіруге болады. Осы жағдайлардың бәрін ескере келе, біздің таңдауымыз қазақ тазыларына түсті.
Сари жазған хаттармен қатар, украиналық «Натуралист» журналының тілшісі Сергейдің жазған мақалаларын да тамсанып оқып жүрдім. Әсіресе, оның тұмсығы қара түсті келген Қабылан атты ұрғашы тазысы қатты ұнады. Түрі барысқа келетін, тұмсығы қара иттерді АҚШ-та кездестіру мүмкін емес, сондықтан, бұл түстес тазы асырау біз үшін үлкен мәртебе болар деп санадық. Сергейге хат жазып едік, 2001 жылы ол өзінің тазылары жайлы баяндап, жауап жазып жіберді.
«1995 жылы мен Оңтүстік-шығыс Қазақстаннан Киевке екі тазы әкелдім. Өзім қазақ даласының Жетісу жерінде 1970 жылдан бері мекен еткенмін. Бүкіл өмірім сол тазылармен байланысты. Олармен үнемі аңға шығатынмын. Қос тазымнан бөлек тұйғыным бар болатын, ол көзіне іліккен қоянды аман қалдырмаушы еді. Кейін түлкі, қарақұйрық, жабайы мысықтар, қабан, тау ешкісі, борсық және өзгелерге де аңға шығуға машықтанып алды. Қазақ тазылары – аңшылық ит атаулы­ларының ең мықтысы десе болады» деп жазған Сергей Қабылан мен Аққұс атты тазыларының қыста күшіктейтінін жазды. Біз тағатсыздана күтумен болдық. Ақыры, 2002 жылдың 17 ақпаны күні Сергейден қысқа хат келді: «Қабылан күшіктеді. Күшіктерінің бірі анасына ұқсас – барыс жүнді, қара тұмсықты. Сіз күшік сатып алу ойыңыздан айнып қалған жоқсыз ба?»
«Әлбетте, жоқ» еді, біздің жауабымыз. Осы күнді көптен күтіп жүрдік қой. Сергейге қысқа хабарлама жазып жіберіп, жолға дайындала бастадық. Логистика өте қиын еді. Алғашқыда Сергей күшікті Финляндияға жеткізіп берсе, біз сол жерден алып кетерміз деп шештік. Алайда бұл мүмкін болмайтын болды да, екі ай бойына Магдалена – Киев – Хельсинки арасында толассыз электронды хат жолданып жатты. Мәселе жалғыз нәрсе – күшікті қалай АҚШ-қа жеткізе аламыз? Ақыр аяғы Микола Руд есімді азаматтың көмегімен біз жаңа жоспар әзірледік. Күшік Киевтен Амстердамға, ол жақтан Лос-Анджелеске ұшатын болды. Мен сол жерден күтіп алып, үйге алып кететін болып келістік. Бұл уақытқа дейін Сергей апта сайын күшікті суретке түсіріп, маған жолдап отырды.
Расы керек, күшік өте сүйкімді болатын. Өскен сайын денесі салмақтанып, бітім-болмысы аңшы итке лайықтанып келе жатқанын суреттен-ақ анық аңғаруға болатын. Күшікке Киевте-ақ ат қойылып қойды. Қазақтың «Лашын» деген аты берілген екен. Сергей тазыға құс атауын жүйріктігіне қарап беріпті. Мен бұл сөзді Моңғолияда мекендейтін қазақ ауылдарына барған кезімде алғаш естіген едім.
Әйтеуір, Лашынды күтіп алатын күн де жетті. Біздің мекеннен Лос-Анджелеске дейінгі жолдың өзі 2 күн уақытты алады. Оның үстіне, жол шөл дала арқылы өтеді, ал күн болса ми қайнатарлық. Бақытымызға орай, көлігімізде желдеткіш бар болатын. Біз Лашынды күтіп алуға өзіміз ғана емес, екі қыран құсты және қоян аулап әдеттеніп үлгерген «Пламмер» атты итімізді де ертіп шықтық. Қайтар жолда Лашынның аңшылық қасиетін сынап көрмек ойымыз бар. Әрине, Сергей оны ешқандай өнерге баулымағанын жазған, алайда нағыз аңшы иттері табиғатынан бұл іске бейім келетінін естуші едім. Мені, қызықтырған нәрсе, міне, осы болды.
Бақытымызға орай, сапарымыз оқыс оқиғасыз болды. Құстар мен итті бір көлікте тасымалдау, негізі, дұрыс емес. Өйткені біреуі жолды көтере алмай ауруға шалдығып қалар болса, дерт лезде өзге жануарларға жұғып кетуі мүмкін. Бірақ мұндай қиын жағдай орын алмады.
Ұшақ Лос-Анджелеске таңертең қонғанымен, құжаттарды рәсімдеу ұзақ уақыт алып, тек кешкі 17-50-де ғана күшікті көру бақытына ие болдық. Тор себетте жаңа адам, жаңа мекеннен үрке қарап тұрған күшікті жұмсақ қана «Лашын» деп шақырдым. Оның бұдан басқа бірде-бір сөзімді түсінбесін де білдім. Десе де орыс тіліндегі өзім білетін бірнеше сөзді қайталай бердім. Мүмкін, бұл сөздер оған таныс боп қалар деген үмітпен. Менің таң қалысыма орай, Лашын себеттен ытқып шығып, менің қолыма асылып секіріп берді. Құдды ендігі қожайыны мен екенін сезінгендей. Мен оны көтеріп көлікке мінгізіп ем, аяғымның арасына оралып жатып алды. Бұған дейін мен асыраған бірде-бір ит салған жерден мұндай достық пейілін танытпаған еді. Лашынның жаңа мекенге үйренісуі үшін біз Лос-Анджелесте бірнеше күнге аялдап қалдық. Бұл күндерде Лашын жаңа қожайыны мен, тек қана мен екенін анық түсініп үлгерді. Алғашқы 4-5 күн бойы менің қасымнан екі елі ұзамай қойды. Тысқа шықсақ, құдды мойнына қарғыбау салынғандай, соңымнан ереді де жүреді, үйге кірсек, арқасын маған жанап жатып ұйықтайды. Тіпті жуынып жатқанымда да, жуынатын бөлмеге басын кіргізіп қойып жатып алатын.

Алайда бұл әдеттің бәрі үш-төрт күннен соң үйге қайтқан соң басылды. Лос-Анджелесте жүргенде мені басқа ит пен құстардан қызғанып, шабуылдап жүрген Лашын менің фермамда олардан әлдеқайда көп жануарлар барын байқап, сабасына түссе керек. Әйтеуір көп ұзамастан-ақ, енді бір төсекте жатпайтынымызды түсінді. Лашын үй кептерлерімен тез-ақ «достасып» кетті. Алайда ол құстарды өзінің жолдастары емес, азық деп түсінеді. Қанша уақыт өтсе де, бұл әдетінен айықтыра алмай қойдық. Сірә, бұл да қазақ тазысының аңшылық инстинкті болар. Сондықтан кептерлер аулада Лашын жүрсе, кепелері­нен шықпайтын боп алды. Сергей өз хатында «Лашынды ерте жастан қыран құстармен бірге баулып үйрету керек. Әйтпеген жағдайда ол құстарды аңшы емес, жемтік ретінде көретін болады» деп ескерткен. Айтқаны айдай келді, Лашынды қырандарға қосып, баулимын дегенше, бірнеше кептердің басын жұлып үлгерді.
Дәл осы Лашынша құс аулай алатын жалғыз итім салуки тұқымдасынан болатын. Алайда ол бұған есейіп, біраз тәжірибе жинағаннан соң ғана машықтанса, қазақ тазысы оған табиғатынан бейім екенін аңғартты. Оның аңшылық инстинктінің күштілігі сол, жемтік көрсе, өзін тоқтатуы қиын. Соған орай, Лашын кептерлерімді аяусыз өлтіріп жатқанда, құсты қанша аяғаныма қарамастан, тазыға ешқандай ашу блдіре алмадым. Өйткені тазы – табиғаты­нан жыртқыш жан­уар. Тазы асырап-бағушылар жақсы білуі қажет, бұл жануар күшік кезінен-ақ талағыш келеді. Соған орай Лашынға біз қойған алғашқы ат – Шреддер (қағаз жоятын аппарат атауы) болды.
Оның аузына түскен заттың аман қалуы мүмкін емес. Ойыншықтар, құстардың томағалары, доп, аяқ киім, тіпті бұған дейін он шақты иттің аяғы боп келген пластмасса ыдыстың өзін тістеп, ұнтап, әбден ұсақтап тастады. Бірақ соған қарамастан, тазылар өте сезімтал келетінін аңғардым. Бір жолы оған мән бермей, итеріп тастаған сәтімде қатты материал саналатын бонзай ағашын 15 минут ішінде уақтап, теріс қарап жатып алды. Қызығы, ол әлі күнге дейін өзін менің «қызым» ретінде санайтын сияқты.
Лашын таза аңшылық ит екенін көп ұзамай дәлелдеп берді. Бар болғаны төрт айында алғашқы қоянын ұстап, рекорд жасады. Қанша ит асырасам да, дәл мұндай ерте жасында аң аулаған бірде-бірі жоқ болатын.
Лашынның ерек қасиеті сол, жемтік таңдамайды. Жүгірген қоян болсын, төмен ұшқан құс болсын, атылып тұрады. Ешқандай қорқыныш жоқ, үнемі тек алға ұмтылады. Мен оған «қолға үйретілген жыртқыш» деп баға беремін. Қазақ тазысынан асқан талантты аңшы ит көргенім жоқ. Лашынды Америкаға әкелу қанша қиын болса да, оған қанша шығын кетсе де, ол соның бәрін ақтады деп есептеймін.

«Бүгінде Лашыннан тараған тазылардың саны жиырмадан асады. Қазақ тазысы болғандықтан, олардың көбісіне қазақ есімдерін бердік. Сұңқар, Жеңіс, Жел, Қыран, Бүркіт сынды. Ал Лашыннан туған жалғыз ұрғашы күшікке сол уақытта классикалық музыканың үздігі Лариса есімді қыздың құрметіне орай осы атты еншіледік».

(Стефан Бодионың жеке блогынан)
Аударған: Нұрболат Аманжо


Е,...солай де,...

$
0
0

ұмаділовтің «жауы», Шахановтың дауы бітер емес...

Бүгінгінің фельетоны

(Атаққұмарлар мен шатаққұмарларға шапалақ)

«Семіздікті қой көтереді» деген мақалға «Бүлікшілер бой көтерді» деген тіркес қосқаныма ғафу өтінемін. Олай дейтінім, кейінгі кездері әдебиет ауылындағы атақтылардың шатақтары көбейіп кетті. Әу басында сірке деп еді, бүгінде битке айналды. Күні ертеңдер китке айналып кетуі де ғажап емес. Солардың оңды-солды сапырып жүрген сорақы сөздерін «Тәйт, әрі!» тежегішімен тоқтатуды жөн көрдім. Иншалла, оған да құқығым қомақты екен. Өйткені, Жазушылар одағына мүше болғаныма ат пен түйені қосқандай алпыс жыл болыпты. О кезде одақтың бар болғаны қырықтан астам ғана мүшесі бар еді. Қазір 800 санын тұспалдап тұр.
Қазақта «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген мақал да бар ғой. Бүгінде пәленің көкесі жеті жүздің сыртындағы ат төбеліндей ғана қырықтың қырсығында екеніне көзім әбден жетті. Содан соң «Бір қарын майды бір құмалақ шірітедіні» шимайлап тастап, «қарын майды қырық құмалақ құрытады» деп өзгерттім. Ал, бұған қалай қарайсыз, оқырман? Бұл қалай? деп күмәндансаңыз, ненің неден екенін басынан нетейін...
...Иә, гәп әлгі атақтылар айналасында. Атақ өз алдына десек те, шатақ атаулының бәрі де солардан лапылдайды. Топ құрып, тайраңдағандардың тілдеріне тежегіш қоюға қарманып көрейін, бәлемдердің. Отқа май құюға шебер басылымдарды жең ұштарынан жалғасқан қараниет қаламгерлер пайдаланудан тайынбайтынын да байқадық.
Шатағы таусылмайтын алауыздардың басында қой бастаған текедей текіреңдеп Қабдеш Жұмаділов тұр. Оның «Соңғы көшін» оқып, осымен керуені шөгерілген шығар деген ойда едім. Жо...ға қатты жаңылған екенмін. Қабдеш енді керіс керуенінің «көсеміне» айналды. Жолы теріс, сөзі керіс керуені жүк арқалаған жәй керуен емес, қазақ қаламгерлеріне қарсы бағытталған керуен. Жәдугейлік жолдары орыстардың «дальнобойщигінен» де дөкей. Көптен бері Қабдеш қарап жата алмайтын дертке шалдықты. Қақтығысуға қара іздеп, қара тер болғыш қасіретпен сырқаттана бастады. Бастабында Әбдіжәміл Нұрпейісовпен «жекпе-жекке» суыт шығып, сөз садақтарымен соғысып, ақыры соттасып, шоттасып шатақтасқан еді. Соңғы кезде Несіпбек Айтовпен аяқталмас айқасқа шыққан сыңайлы. Бұлар ғана емес-ау, Жұмаділовтің Жазушылар одағының Төрағасы (қазір сенатор) Нұрлан Мырқасымұлы Оразалиннің соңына шам алып түсіп, өсек аузын көсеп, шу шығарып жүргеніне де талай жыл болды. Жеке жағаласуға пәрмені жетпегендіктен қарсы тұрар қару ретінде қырық қаламгерден жасақ құрып, таусылмас дау жолына аттанған түрі бар. Сайып келгенде сайрайтындары:
– Төрағалықтан тайып тұрыңыз, қауырт құрылтай шақырып, Одаққа оңтайлы басшы сайлаймыз!..
Ал, керек болса!
Сол баяғы ескі әуен... Өткен құрылтайларда да жабылған жалалар, өкіре көйіткен өсектер...
Оны айтасыз-ау, әлгі қыңыр қырықты «бұйдаларынан» жетектеген Жұмаділовтің «төрағалығымен» жақтас жасақ, көзсіз күрескерлер атынан Елбасына да айбарлы ашық хаттарын айдап үлгерді. Сол баяғы ескі «әләуләйлар». Төрағаны тағынан тез арада тайдыру...
Көпті көрген, нені болса да әлемдік деңгейде, парасатпен пайымдайтын, жақсылықты жалғағыш, болашақты болжағыш Елбасымыз Нұрлан Оразалинді Сенаторлыққа ұсынғанда Жазушылар одағының беделін арттыруды ойластырғанын, қаламгерлерге деген қамқорлықты күшейтуді басты негізге алғанын кегежелері кейін кеткен кертартпалар неге түсінбейді?
Кеңестік кезде де Одақтың бірінші хатшылары Жоғарғы Кеңес депутаттығына, Қазақстан КП Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланатын еді ғой. Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Олжас Сүлейменов, Жұбан Молдағалиевтар сол лауазымдарды иеленгендері есімізде. Керек десеңіз, ұзақ жылдар бойы сөзуарлары көп одақты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай келген Оразалин мырзаға білдірілген үлкен сенім ғой бұл. Қасиетті қара шаңырақтың қалпын, алыптарымыздың салтын сақтап келген ыспар басшыға рахмет айтып, қаламгерлердің бірлігі мен шығармашылық тірлігіне шүкіршілік ету қажет емес пе? Қырық қыңыр бір жақ, мыңға тарта қаламы шымыр бір жақ болғаннан не ұтамыз? Халық жазушысы деген қасиетті лауазымдарына Ғабиден Мұстафин, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев, Әзілхан Нұршайықов, Қуандық Шаңғытбаевтар қылау түсірмей, бақилық болғандарын неге ұмытамыз?
Алдыңғы ағалардың адалдықтарын естен шығарып, ерсігөй есіргеннен не ұтамыз? Сұрқай өтінішпен өкініш өртін лаулатпаңдар!
Жұмаділов жасақтың бас басшысы болса, оның белсенді қосшысы – Мұхтар Шаханов. Құдайға шүкір, ол да атақтан ада емес. Нар көтере алмас атақтарын өзі де көтере алмай жүр-ау!.. Біз білетін Шаханов қайда жүрсе де екі иығын жұлып жеп, жөтеліп те, қақалып та, ашуына шашалып, қызбалана сөйлеуді әдетіне айналдырып алды.
Дәлел дөптейік. Үстіміздегі жылы ҚР Президенті іс басқармасына қарайтын Орталық аурухана ұжымының жолдамасымен мені сауықтыру үшін «Алматы» санаторийіне жіберген еді. Таныстар жетерлік екен. Академик Сұлтан Сартаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, жазушы, ғалым Уәлихан Қалижан және басқа зиялылар...
Айтпақшы, Мұхтар Шахановтың санаторийде екенін түскі астан соң палатамда тынығып жатқанда білдім. Сенесіз бе, әр бес минут сайын: «Кешкі сағат 19.00-де санаторийдің жиынжайына келуге асығыңыздар! Әлем ақыны (?) Мұхтар Шахановпен кездесу болады!» – деп қайта-қайта берілген хабарлама зықымды құртып, әбден мезі қылды. Сұқ саусақпен өшіріп тастадым (оның үстіне Мұхтарды бір кісідей білем ғой).
Жиынжайда сараң қатынның сықпасындай қылтиысқан сауығушылар.
...Кездесу басталып кетті. Ақыры әлімсақтан өзін-өзі әйгілегіш «Әлем ақыны» әлекедей жаланып, екі иығын жұлып жеп, шықты-ау сахнаға. Ежелгі әдетімен қолы ербеңдей жөнелді. «Анау-мынау емес, алдарыңызда Шахановтың өзі тұр» – дегендей, ерекшелене шабыттана шаба жөнелді. Бекер обалы, кәні, жырын жатқа оқып, шешен сөйлейді, тек сөздерін асығыс айтамын деп қақалып-шашалып қалатын тұстары да бар. Қолдары дирижерлардай ербеңдейді. Өзінің кім екенін, ана тілін қастерлеу қажеттігін айта кеп, өлеңдерін де өкіртті. Біраздан кейін баяғы әдетіне басты. Түсі кенеттен сұрлана өзгеріп:
– Біздің Жазушылар одағында жеті жүзден астам мүше болса, соның жетеуі ғана нағыз жазушы! – деді даусын көтере даурығып. Пістік тұмсығын біздите бір айтқанын қайта-қайта қайталаудан жалықпайтын тотықұстан аумайды. Тап сол кездесуде жазушыларды қыстырмалаудың қажеті бар ма еді? Басқа ақын-жазушыларға «Батыраш, Қотыраштана» аузыңнан түкірігіңді шашырата шытынағаннан не табасың. Әлгілердің, яғни, «нағыз еместердің» көпшілігі өз «командаңда» жүр емес пе! Есіріктене аптығып, айтарыңды айтып алған соң сол «командаластарыңның» бетіне қалай қарайсың?
Десе де өзің айтып жүрген сол жетеудің ішіне өзің кірер ме екенсің? Сенің ойыңдағыңша санайықшы... Мұзафар Әлімбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Иранбек Оразбаев, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтхожина, Ақұштап Бақтыгереева ... Ой, ой... асып кетіпті ғой, ішінде қараң көрінбейді ғой!..
Жоқ, әлде Шахановтың өзге қаламгерлерде төленбеген пайы, қайтарылмай қалған тайы бар ма? Дап-дардай адамның саудың тамағын ішіп, сырқаттың сөзін көйітетінін көзінен де, сөзінен де көріп тағы да қатты түңілдім. Ол менімен қарама-қарсы үстелде тағамды бірге ішсе де апта бойы маған сәлемін сататындай бұлдап, танымаған, білмеген қалпын танытқан еді.
Мен Шахановтан мүшел жас үлкенмін ғой. Оның жүйкесін жегілеген жеті жүзден астамның ішінде болғаным үшін бе? Кешіріңіз, 83-ке келсем де әлі өз күшімде, қаламгерлік ісімде жүрген қария екенімді сезеді құрғыр ішім де. Мейлі, Шаханов мырза, Мыңбай ағаңды түсінбесең түсінбе, – деген топшылаумен мен де теріс айналдым.
...Сол күні палатамда көзім ілінген жоқ. Дөңбекши берем. Бес минут сайын селектордан сұңқылдаған қыздың: «Әлем ақыны» деген сөзі барған сайын жиіркенішті көрінеді.
«Қазақ», «Қазақ тілі» деп қақаңдап, дүйім жұрт алдында ұпай жинап жүрген Шаханов «Қазақ» атауын қомсынып, даңғаза, «әлем» атауына сонша неге құмартып жүргеніне таңым бар. «Тфу!» – деп қалғып кеттім. «Қазақ» сөзін қомсынып, өз дегенін оңсынып жүрген Шахановқа не дерсің? Ау, аты айдай әлемге мәшһүр Расул Гамзатов, Мұстай Кәрім, Давид Кугултдиновтер, – Авар, башқұрт, қалмақ атауларын айрықша қастерлеп, мақтан тұтқанына куәгерміз ғой. Шахановтың өзі кеше ғана қолтығының астынан шыққан, талай жерде өзіне қалқан тұтқан Шыңғыс Айтматовтың өзі де қырғыз ұлтын сатпап еді, «әлем» атауымен алмастырмап еді.
Қазақ ақындары Жұбан Молдағалиев «Я – казах» деген айдармен кітабын Мәскеуден орысша шығарса, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев өз ұлтын ерекше әспеттеген. Ұлы Абайдың өзі де ұлт намысын аяққа басқандарға: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»... – демеп пе еді? Ал жоғарыдағы аты аталған ақындардан деңгейі аласа бола тұра Шаханов неге шатынайды? Атақтарын арқа тұтып, адыраңдаған Шаханов шулы шатақтарын қояр түрі жоқ. Оған әй дер әже, қой дер қожа да болмай жүр.
Қиястық құрығы ұзын Қабдештің «қаһары» әдебиетіміз бен өнеріміздің нағыз қаймақтарын қамтитынын қайтерсің! Астапыралла, оның сұрқай сөз оғымен көздеп атып «көздерінен тигізгендеріне» іліккендер: Әбіш Кекілбаев, Тахауи Ахтанов, Асқар Тоқпанов, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази еді. Ағалары мен тұрғыластарына шиті оғын бұршақтай боратқаны өз алдына, енді Несіпбек Айтұлы, Жанат Ахмади, Алтай Асқар сынды талантымен тас жарған інілерін арбалетпен атқылауды бастады.
Осы тұлғалардың қай-қайсына да сүрленген «Сұрқайлық сыбағасын» аямай үлестіріп үлгерді. Бірін аяқтан шалса, бірін күндеп, бірін жүндеп, өзгелердің де, өзінің де жүйке тамырын жұқартуды әдетіне айналдырды Жұмаділов.
«Бөлінгенді бөрі жейді» демеуші ме еді. Бүлік іздегіш Жұмаділовтің бейпілауыздығына қарасақ «іріген ауыздан шіріген сөз» болады да шығады. О, тоба!
...Сонымен мейлің сен, мейлің сенбе, оқырман, дау-дамай дүрбелеңіне – ақиық алыптарымыздың аруақтары да қозып, жатқан жерлерінен өре тұра келгендей. Әкіреңшілдердің әрекеттерін байқап қалған Әуезов:
– Пәлі, сан сорақы, көп көргенсіздікті көйіткен жетесіздер! десе, Асқар Тоқпанов шәкіртіне түнере түйіліп:
– Ой, сайтан алғыр, түбі түскірлер... Сығаев-ау – сахнаңды сығаламай, сыңаржақтар тобына топ ете түскенің қай қоқайың? Мына тоқпақпен төбеңнен кеп-кеп төпейін бе? – деді. Асекең қолындағы тоқпағын сілтей Жұмаділовке тап беріп айтқаны:
– Жап аузыңды!
Ал, Бейімбет әдетінше шекесіне түскен шашын шиыра:
– Әбдікұлы жерлесім, Төлен-ау, түлен түрткендей саған не болған? «Бүлдіргіштер бірлестігінен» бүлдіргі алғың келген бе? – деп кекесін күлді.
Жазушылар одағының жүйрік жетекшісі болған Сәбит Мұқанов ашуын былай бажайлап:
–Пыр-р... Осы еркінсінгендерің де жетеді! – деп бейпілауыздардың божысын кейін тарта қойды.
Тәңірім-ау, тырнақ астынан кір іздеген басылымның таспасына таңбаланған «төңкерісшілер» тізімінде кімдер жоқ дейсіз! Шақпа тілді шаян да жүр, атақтары биік ноян да жүр...
...Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні: атаққұмарлар шатақ-құмарлықтарын қашан қояды? Қаламгерлердің қыңыр ойлы қырық «сарбазын» желілеріне жетектеп, алауыздық әрекеттермен айналысып жүрген Жұмаділовтің жалақұмар, керісшіл көші қашан шөгеріледі? Шахановтың айқай-шулы шағымсымағы қашан басылады? Міне, сүттей ұйыған одаққа ойран салушы одағай іріткішіл «ірілер» өшпенділіктерін қашан доғарады? «Жақсыға айтса, біледі. Жаманды жақтан тартса, біледі» дегендей, «Жұмаділовтің жауы», Шахановтың дауы басыла ма? Менің жанайқайым осымен тәмәм.
Қаламгерлердің қалыптасқан бірлігі мен тірлігін бүлдірушілерге айтарым:
– Пасық пиғылдарыңнан қайт, әрі! Тәйт, әрі!.. Топтасқандар жалаңаяқ шоқ басқандар!..

Атағы да, шатағы да жоқ
Мыңбай РӘШ.

Ғаламтор және қазақ тілі

$
0
0

Ғаламтор және қазақ тілі

23-Қазан, 2013   Талқы   52 рет оқылды   0 пікір

Жуырда Қазақ ұлттық өнер университетінің мәжіліс залында «Ақпараттық кеңістікте қазақтілді тұтынушылардың белсенділігін арттыру жолдары» атты республикалық семинар болып өтті. Оған қазақтілді ғаламтор желілерінің басшылары, сарапшы мамандар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған «Аbаi.kz» ақпараттық сайтының бас редакторы Дәурен Қуат бүгінгі таңдағы қазақтілді ақпарат кеңістігінің жай-күйіне тоқталып, бірқатар мәселелер туралы өз пайымын ортаға салды. Оның айтуынша, Қазақстанда жаңа медианың дәл қай уақыттан бастау алатынын дөп басып айту қиын. Себебі кейбір азаматтар ғаламтор туралы сөз қозғағанда, аумақтық ерекшелікті негізге алады. Кейбір мамандар ғаламтор шекара талғамайтын болғандықтан, өзге елде пайда болған контент те Қазақстанның жаңа медиа-нарығының дамуына әсер ететінін айтады. «Қазақстанның интернет тұтынушылары қазақ тіліндегі алғашқы қызықты контенттің шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың күшімен жасалғанын жақсы біледі. Бұған 2005 жылы дүниеге келіп, жастар арасында танымал болған «massagan.сom» порталын дәлел ретінде келтіруге болады. Қазақстанның өз ішінде жасалған контенттің дені орыс тілінен аударма күйінде көрініс тапты. Алайда жекелеген адамдардың күшімен сапалы қазақша ғаламтор ресурстардың да пайда болғаны аян. Мысалы, «arkamedia.kz», «tarlan.kz», т.б. Сондықтан да қазақ тіліндегі Интернет туралы айтқанда шетелде тұрып жатқан қазақтардың да қазақ тіліндегі жаңа медианың дамуына үлес қосып отырғанын ескеруіміз керек» деген ол Қазақстанда ғаламтор медиа тұрғысынан емес, ақпарат құралы тұрғысынан қарастырылып, дамытылып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осыған орай «электронды үкімет» жобасы қолға алыныпты. Бұдан бөлек ғаламтор қызметін қажет ететін интерактивті қызмет көрсету түрлерін салалық ведомствалар енгізген. Мысалы 2009 жылы үкімет басшысы жеке блогын ашқанын хабарласа, соңғы жылдары Премьер-министрдің, министрлер мен депутаттардың әлеуметтік желідегі аккаунттары көзге үйреншікті бола бастады. «Бұдан бөлек Қазақстанның ғаламтор кеңістігінде ұлттық контентті дамыту мақсатында ресми ұйымдар жеке сайттар ашып, мемлекет әлеуметтік желілер мен порталдар құруға бюджеттен ақша бөлді. Мемлекеттің қолдауымен ашылған порталдарға «kaztube.кz», «bnews.­­kz­» cайттарын, ал ғаламтордағы ең алып энциклопедия саналатын Wikipedia-дағы қазақша мәтіндердің саны мен сапасын аз жылдың ішінде арттырған «WikiBilim» сайтын жатқызуға болады» деді Д.Қуат.
ҚР Мәдениет және ақпарат министр­лігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы Қазақстандағы ғаламтор тұтынушылар саны 9 миллионнан асып жығылатынын атап өтті. «Бұл жалпы халықтың 40%-ынан астамы деген сөз. кz доменінде тіркелген сайттардың 80%-ға жуығы орыс тілінде болса, тек 8%-ға жуығы ғана қазақ тілінде. Қалғаны өзге тілдердің үлесінде. Бұл тек Қазақстанда тұратын ғаламтор қолданушыларға қатысты жағдай. Ғаламтор – шекара тал­ға­майтын құрал болғандықтан, Қытай мен Моңғолия, Өзбекстан мен Ресейде қазақ тілінде қанша сайттар бар екенін дөп басып айта алмаймыз» деді. Сонымен қатар қа­зақ тіліндегі ғаламтор сайттардың дамуы­на нарықтық қатынастың қазақ тілінде жүр­гізілмеуі себеп болып отырғанын айтты.
«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай «Қазақтілді интернет қолдаушылардың қызығушылықтары мен ерекшеліктері» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол өз сөзінде «Ғаламторды қолдану, оған әр түрлі ақпараттарды енгізу арқылы біз қазір ғаламторды бағындырудың орнына, сол технологиялық құралға бағынышты болып барамыз. Ғаламтордың да өз ережесі, даму заңдылығы бар» деді. Сонымен қатар мектеп оқушыларына қазірден бастап жай ғана компьютер қолдануды емес, соның ішіндегі контентті саралаудың да жолдарын, ғаламторға жеке басқа қатысты мәліметтерді құпия сақтаудың жолдарын түсіндіруіміз керек екендігін атап өтті. «Қазақ ғаламторы дегенде мен көбіне қазақ тіліндегі контенті бар ресурстарды көз алдыма елестетемін. Өкінішке қарай, бізде ондай сапалы ресурстар өте аз. Мен бұны ағылшын немесе өзге тілдегі ресурстармен салыстырып отырмын. Бізде неше түрлі сайттар бар, бірақ сапа төмендеу, болашақта сан бірте-бірте сапаға алып келеді. Нәтижесінде қоғамда сапалы ақпарат пайда болады. Өзара бәсеке күшейеді» деді А. Еркімбай.
Жиында сөз алған «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нартай Әшім қазконтенттегі мемлекеттік тілді дамыту жұмыстары жөнінде тарқатып берді. Н.Әшімнің айтуынша, жаңа медиа компьютердің есептеу әдісі мен медианың коммуникативтік мүмкіндіктерін біріктірген құбылыс болып табылады. Сондықтан ол жаңа медиа термині жоғарыдағы дижитал мен онлайн сипаттарды да қамтуда. «Бірақ «жаңа» деген сөз әлі де дамып жатқан медианың түрлеріне орай кездеседі. Интернеттің пайда болғанына 40 жылдай уақыт өтсе-дағы жаңа медиа деп қолданудың сыры осында. Медианың өзегі – хабар, ақпарат, мәлімет десек, ол жаңа медиада өзгеріске түскен жоқ» деді ол.
«Қазақстан» телерадио корпорация­сы Интернет жобалар бөлімінің жетекшісі Мейірхан Жәпек мемлекеттік саясат­ты насихаттаудың көзі –интернет, журна­листика екенін тілге тиек етті. «Бүгінгі әлемде интернет технологиялар қарыш­тап дамуда. Интернет басқа салалармен қатар журналистикаға да үлкен өзгеріс­тер әкелді. Бүгінгі әлемдік БАҚ жаппай ғаламторға көшті. Дәстүрлі медиа түсіні­гі­мен қатар жаңа медиа өнімдері пайда болды. Ғаламтор мүмкіндігі тұтынушыға бір сайттан мәтін оқып, видео көріп, аудио­сын тыңдап, суреттері арқылы ақпарат алумен қатар, оны әрі қарай дамы­туға да мүмкіндік беріп отыр. Осылай тех­но­логияның дамуы ақпаратты әзірлеу, тұ­ты­ну және таратуға үлкен төңкеріс алып келді.
Бұған дейін оқырман тек мәліметті оқумен, көрумен немесе тыңдаумен ғана шектелетін болса, бүгінгі оқырман интернет арқылы мәліметті көріп, тыңдап, оқып қана қоймай, өзінің пікірін қосып, әрі қарай ол туралы достарына хабарлап, тіпті өзі де ақпарат жасаушыға айналып отыр. Интернет тұтынушыны қызықтыратын қазақша мультимедиалық өнім болмаса, интернет қолданушы сөзсіз өзге тілдегі өнімді тұтына бастайды» деді ол.
Семинар соңында тақырыпқа орай өзге де қатысушылардың түрлі пікірлері тыңдалды. Осылайша қазақтілді ақпарат кеңістігіндегі ғаламтордың рөлін талқы­лау­ға арналған жиында айтылған ой-пікір­лер іс жүзінде орындалса деген тілек бар.

Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының кандидаты

Астана

ҚАЗАҚ РОМАНЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӨРІСІ

$
0
0

ҚАЗАҚ РОМАНЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӨРІСІ

ХХ ғасырдың басында жазыла бастағанымен де дүние-болмыс туралы халықтың кең аялы таным, пайым дәстүрін шапшаң сіңіріп ілгері озған қазақ романы күні бүгінге шейін қалыптасып, даму жолында жанрлық бағытта біршама олжаға кенелді. Жазылу үлгісі, қоздатып көтерген құбылыстары сан тарап тұтас бір көркемдік әлем түзілді. Роман теориясының білгір мамандары жіліктеп, жіктеуге татитын бай рухани қор жинақталды. 

Қанипаш МӘДІБАЕВА,
әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дің
қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы
кафедрасының профессоры,
филология ғылымдарының докторы

Қазіргі дәуірде, көркемдік танымның тың қат­парлары түріле түскен ендігі кезеңде қазақ ро­манының сөз өнерінің сүбелі сыбағасы тиген осы жанр ауқымындағы қауқары туралы ой тү­седі.
Қандай бір қысталаңдарда да көркемдік өріс аш­қан қадау-қадау туындыларымыз туралы ке­зеңінде ұдайы ақиқат айтылып отырмағандығы, оның қилы себептері өз алдына ұзақ әңгіме.
Әлем әдебиетінде романшылдық үрдістің бай та­рихы бар, қилы бағыттары болды.
Қазақ романының қалыптасып, даму дәс­түрінде қаламгердің өз дәуірі, оның тарихи-әлеуметтік арқау-ағыстары ұдайы көркемдік үдеріске қосылып отырғаны бел­гілі. Міржақып Дулатұлы ХХ ғасыр басында «Ба­қытсыз Жамал» романында өз уақытының қал­пын, әлеуметтік болмысын иланымды жет­кізудің бағытында ден қоярлықтай елеулі көр­кем­дікке қол салды. «Бақытсыз Жамалға» ілесе жазылған қазақ прозасының озық үлгілері болды.
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» тек қазақ әдебиеті емес, әлемдік жазу өнері ая­сындағы жаңашыл бір өріс болғандығы даусыз.
Дүние дүбіліп жатқан дәуір қолтығындағы ел күйі, ел мұңы, ел мұраты жан қозғап отырып оқы­латын талай шығармалар уақыт көшімен іле­сіп келеді.
«Тар жол, тайғақ кешу», «Қартқожа», «Қилы за­ман», «Көз көрген» сынды қадау-қадау туын­ды­­лардың уақыт пен кеңістік ауқымындағы ше­бер­лік сүрлеуі елеулі.
Ғ. Мұстафиннің «Көз көргендегі» жазу бағыты туралы дер кезінде едәуір татымды ойлар ай­тыл­ған болатын. Қаламгердің бұл шығармасы ав­то-биографиялық роман, мемуарлық роман жан­рындағы туынды есебінде аталып жүрді. Зерттеушілер осы бағыттағы дәстүр жайын, әлем­дік әдебиеттегі озық үлгілер туралы ой қоз­ғағанда аталған романның әдеби өрістегі өзіндік елеулі мәнін аша түседі.
Қазіргі заман дегенді қайнап жатқан ортасы­мен әдеби әлемге дер кезінде әкеліп қосып жі­беріп отырудың дүниежүзі әдебиетіндегі озық үр­дістерінен қазақ романшылдары да қалыс қал­ған жоқ. Адамы ашылған шынайы қазіргі за­ман өмірін шарпыған романымыз бірақ көп те емес сияқты.
Әлемдік романшылдықта өз дәуірінің кең ты­нысты тұтастығын ондаған томдарға арқау ете оты­рып егжей-тегжейлі айтып, суреттейтін дәс­түр­дің түу басында Бальзак тұр.
Әлемдік әдеби үдерісте ықпалды шығарма­шы­лығы мен жазу өнеріндегі реалистік мектеп үр­дісін орнықтырудың беломыртқасындай бол­ған О.Бальзактың көркемдеу негіздерін, шеберлік тәсілдерін үйрену, сіңіру бағытындағы ізденістер ықпалы біздің әдебиетімізде даусыз бар.
Мұхтар Әуезовтің туабітті дарынымен сәу­леленген жазу машығында әлемдік озық үрдістер, соның ішінде, Оноре де Бальзактың да игі әсері болды. Бальзак басқаларды да баулып отырды.
Бальзак шығармашылығында аса елеулі екі та­рихи кезеңнің табы анық көрінеді. Қайта құру дәуірі мен шілде монархиясы, француз қоға­мындағы шиеленіскен әлеуметтік жағдайлар Бальзакқа «Адамзатқа әжуаны» жазғызған еді.
Оноре жастайынан өзгенің өмірін ой сүзгі­сінен өткізіп, бақылап отыруға қызығатын. Жұрт қалай тіршілік етеді деп мазаң күй кешкен келешек қаламгердің өмірді аяусыз шындық ауқы­мын­да тану дағдысы қалыптасты.
Бойында бұлқынған шығармашылық қуат барын сезінген жас Бальзак жазушылық жолға ден қойды. Ол 1830 жылы «Тобсек» новелласын, бір жыл шамасында «Шегірен былғары», «Луй Лам­бера», «Танылмаған асыл», 1832 жылы «Полковник Шаберді», 1833 жылы «Евгения Грандені» жазып тастайды.
1834 жылы «Горио отағасы» романын жазу үстінде оған адам ғұмырының әр кезеңін, барша қо­ғамдық жіктердің өмірін тұтас қамтып, бы­лайша айтқанда, француз өмірі түгі қалмай тұтас алынып жазылған шығармалар циклі бойынша жұмыс істеу туралы ой келді.
Қоғамның барша таптары, барлық кәсіп түр­лері, жас та, кәрі де қатысуы, тартылуы керек. Ең бастысы, адам атаулының барлығы: бағы тай­ғаны мен тасы өрге домалап тұрғаны, ақ­сүй­ек пен қара, дәрігер мен студент, дін қызметшісі мен әскерилер, актрисалар мен үй қызметшісі, зайыр­лы ортаның бикелері мен кір жуушылар.
Қоғамды ұсақ-түйегін қалдырмай қар­мап оты­рып қилы тағдырларын күйзеліс, шат­ты­ғымен, өмір дағдысымен көрсету ке­рек деп түй­ген. Жеке бас тағдырлар тауқыметін тір­ші­лікті тұтас шолып барып таныған ақи­қат­пен ұш­тастыру қажет еді. Осы бағытта әрбір жеке ро­ман ауқым­ды дүниенің бөлшегіне айналды, ол бөл­­шек келесі бөлшектермен жалғасып, бү­тінге ұласты.
Бальзакқа шейін де, онымен тұстастар да өз дәуірінің қоғамдық-әлеуметтік ах­уалын көр­сетудің көркемдік шешіміне дәл осылайша келе алған жоқ. Бальзак бар­лық мәнді құбылысты қалт жібермеуге ын­тықты. Барлығының құ­пия­сын ашып әш­керелегісі, барлығын ұғынғысы кел­ген. Қызу қанды, құштар көңіл, өз кейіп­кер­леріне қалтқысыз ғашық автор осыған қо­са, адамды аяусыз тергеп-тексеріп, сол ар­қылы тұтас халықтың күйін танып отыр­ған зерек зерт­теуші де болатын.
Қоғамды бүге-шігесіне шейін адам­гер­шілік мұраттар тұрғысында аяусыз ақи­қат талқысына тартуымен Бальзак ы­мырасыз, бірбеткей қаламгерге айналды. Ақсүйектердің азғындау үрдісін ол көр­мей тұра алмады.
Бальзак тұтасымен өз дәуірінің қай­на­ған ор­тасында тұрды. Халық өмірінің өт­кенін де, келешегін де ол айқын сурет­теуді мұрат еткен жоқ. Оның теңдессіз үз­дік туындыларының бар­лығы да өз уа­қы­тының шындығымен суарылған еді. ХІХ ға­сырдың бірінші жартысындағы, атап айт­қанда, 1789 жылғы революциядан кейін­гі ел өмірінің шындығымен.
Аяусыз әшкерелеп отырғанның өзінде Ба­ль­зактың адамсүйгіштік болмысы жо­ғары тұрар еді. Туған халқына деген құр­мет, өз дәуірінің озық жандарын таба білу, солар арқылы туған Франциясының жү­рек соғысын сезіну.
«Адамзатқа әжуаға» кіретін кез кел­ген шы­ғар­маны оқу үстінде Бальзактың өз­геше дара жазу машығын сіңіру қажет, осы бір автордың жан дауысын естуге ын­тығу керек, оның адамтану әлеміне еніп, шығармашылық болмысының өзін­дік бітіміне үңілген жөн.
Бальзак стилін замандастары бірден қа­былдай қоймайды. ХVІІІ ғасырдағы фран­цуз романшылдарындағы әшекей-ай­шық, ділмәрау мұнда жоқ. Шатобрианға да, Гюгоға да келмейді. Тұрпайы жазады деп жұрт ұнатпаған Ретиф де ла Бретоннмен, ХVІІ ғасырдағы ғұмырбаяндық шығар­ма­лар алыбы герцог Cен-Cимонға ұқ­сату­ға болар еді.
1887 жылы жарық көрген кітабында Эмиль Фаге Бальзактың асқан дарынын, өмірдің «сырт» құбылыстарын керемет бі­летінін мойындағанымен, оның бойында шынайы суреткерлік құштарлық пен да­рынсыз әуесқойдың дағдысы ұштасып жа­тыр деп тұжырым жасайды. Сонша­лық­ты байқампаз әрі қарабайыр, дөрекі, тым нәзік кейде тым надан көрінетін Бальзак дегенге дейін барады.
Фаге де, Лансон да, тіпті, Флобердің өзі де Бальзак стилінде көңіл бөлерлік дә­неңе жоқ деген ойлар айтқан. Соған қа­рамастан ақын Готье мен тарихшы Ип­полит Тэн ХІХ ғасырдың 50-жылдарында-ақ сыншы атаулыға қарсы Бальзактың стилі оның түп мақсатын айна-қатесіз жет­кізетіні, «Адамзатқа әжуадағы» тосын, ба­тыл және жеке құбылыстардан жаңа әрі маңызды байламдар жасайтынын айтты.
Бальзактың суреткерлік дарыны отандастарын мойындатты. Оның шығар­машылығын зерттеген Пьер Барберис: «Бальзак Флоберден, Золядан, ағайынды Гоннурлардан жоғарыда тұр. Ол Шекспир, Ми­келанджелолар қатарындағы дарын. Бальзактың құштарлығы мен тылсым сиқыры оның романдарының әрқай­сы­сының өзегінде жатыр... Болмысқа ол әр­қашан алапат құбылыстар ұйтқысы есе­бінде назар салған», – деген тоқ­тамдар жа­сайды.
«Өткен дәуірлердің, қазіргі уақыт пен ке­лешектің барлық Золяларынан гөрі мен үшін Бальзак әлдеқайда ірі реалист. Ол «Адамзатқа әжуасында» француз «қауы­мының» реалистікпен бейнеленген тарихын ашты» (Ф.Энгельс).
Бальзакты сіңіру үшін оның стиліне ден қою керек. Бальзак құйылған қор­ғасындай зілді сөз қолданыстарға бейім, ол сөздің сөлін сезініп отырып жазады. Оның әсірелеулері мысықтабандаған мыс­қылмен суарылған, оның сөз айшық­тарының астарында адам­ның арғы сырлары қылаң беріп тұ­рады, мығым, берік ұстанымдар жоталанып жатады. Күрделі оралымдардың ар­қауында адамдардың күрсінуі мен күңі­ренуі, тығырыққа тіреліп таусылған сәт­тері ашылады. Ол сомдаған адам бей­нелері мызғымайтын мүсіндей әлуетті. Оның қаламы көбіне елеусіз ғұмыр кешіп жат­қан кәдуілгі адамдарды сом­дауға бейім. Сонымен бірге, ол сон­ша­лықты нәзік әрі берік кісілікті бей­не­лерді де ше­берлікпен тұғырға қондырды. Көше бойын, үй-жайды, бөлме ішін су­реттеуінде адам­ның тіршілік тынысын дарыта жазады, кез келген сәт, құбылыс, әрекет оқу­шыға айтарын айдан анық жеткізіп бе­реді.
Ә дегенде баяу өрбіп басталатын оқи­ға желісі бірте-бірте жеделдікке ойысып, оқушыны адам тағдырының аяусыз күйі жа­­лаңаштана түскен оқиғаның ширыға өр­біп, тоқтаусыз дамыған легіне қосып әке­теді. Кейіпкер құлқы сізді өмірдің баяу ағы­сына қарамастан болмай қоймайтын, кенеттен келетін тосын оқиғаларға қарай жетектейді.
Адамның жеке бас тағдырындағы күй­лер ұдайы қала, деревня белгілі бір нүкте және Бальзактың қырағы әрі ын­тық ойы әрдайым астасып жататын Фран­цияның жай-күйімен қоса-қабат алынып отырады.
Бальзак стилінде жөнсіз ділмәрау, кейіпкер сөзі тұтас бір мақалаға айналып жүре беретін шұбалаңқылық та бар.
Бальзак күндіз-түні жазады. Тоқ­тау­сыз еңбектенеді.
«Алданған армандарды» аяқтауға та­қап, «Жарқырау мен жабығуды» бастан кеш­кен тұста Бальзак бел жазбай, бас кө­тер­мей еңбектенудің бейнетіне шағым­данатыны бар.
«Адамзатқа әжуаның» тіршілік симфониясын мың-сан әуенімен тұтасқан дауыс ұстап тұр. Сіз оны «Гобсекті» оқып отырып тыңдайсыз, «Адыра қалған армандарды» парақтап отырып естисіз. Мына бір мы­салға қараңызшы. «Полковник Шабер» новелласында графиня Ферро айтқан monsieur (мырза) сөзін алайық, мұн­да жазғыру да, жалбарыну да, кешірім де, күдік пен үміт те, жауап та, сұрақ та тұр. Барлығы бір сөздің аясында, алайда гәп осы сөздің қалай айтылуында. Графиня көл­гірсіп айтты оны. Осы бір бетке ұстар ор­таның өкілі тұла бойымен жалғандық еді.
Міне, Бальзактың әлеуметтік арқау­ла­р­мен өрілген шыншылдық бағыты осын­дай тұстарда қылаң беріп, айқын­дала түсіп отырады.
Бальзактың «Өсімқор» очеркі 1830 жыл­дың көктемінде «Мода» газетінде басылды. Бұл париждік кәнігі өсімқордың болмыс-бітімі баяндалған кәдуілгі очерктердің бірі болатын. Сюжеті жоқ шығарма. Бірақ осы туынды келешек өмір шындығымен суарылған новелланың, біртіндеп шыңдала түскен шеберліктің асыл өзегі іспетті болды. Әуелде оның атауы тәрбиелік мінде – «Ма­сыл­дық – тір­ліктің қауіп-қатері» еді. Бұл атау өсімқор­дан гөрі де Рестолар жанұя­сының қасіре­тіне келетін. Соған қара­мас­тан, өсімқор көркемдік тұрғыдан да, идея­­лық тұрғыдан да орталық тұлға мәнін­де танылды.
40-жылдардың басында шығар­ма­шының негізгі – «Тобсек» атауы айқын­дал­ды. Осы бағытта «Адамзатқа әжуасының» өзге бөлімдерімен Бальзак үшін аса маңызды байланыс түзілді. Көпшілік туындысында ара-тұра көрініп тұратын, ал «Полковник Шабер» новелласындағы ше­шуші бейне Дервиль тұлғасы сомдалды. Де Ресто әулетінің қасіреті «Горио ота­ғасы» романының тікелей жалғасы. Мак­сим де Трай – «Адамзатқа әжуасының» тұрақты кейіпкері.
«Арбау мен алдау» романындағы Эс­тер ван Гобсек – өсімқордың немере жие­ні. «Гобсек» – «Адамзатқа әжуасының» – дің­гек ұстындарының бірі.
Бальзактың 100 томға жуық туынды­сы­ның қай-қайсысын тарқатып әңгімелеу тау­сылмастан ұзаққа тарта берер еді. Тұ­тас бір дәуір, шырмауық тағдырлар шын­дығының астарындағы тіршіліктің жай далбаса әрекеттермен шым-шыты­рық шарпысқан дауасыз ақиқаты туралы әңгіме таусылушы ма еді.
Бальзак белгілі бір дәуір болмысымен бітімгершілікке құштарланып, өлер­мен­дік­пен өршеленіп естері шығып, ебі қа­шып жатқан адамдар ортасының қым-қуыт берекесіздігіне бей-жай қарап отыр­ғандай болып, кірпік қақпай бақы­лайды. Неге? Неге? – деген көп сауалға әуес емес. «Болғаны осы, міне», – дейді бір­де айызы қанып, бірде ашынып. Сол ұста­ныммен тұтас бір дүниенің бағыт ал­мас­тырған шақтағы қасірет ауанын, қал­­та­рыстағы ішмерез сұмдықтарын, адам­ның мысын басып, бағын байлайтын еріктен тыс кең жайылған кесапат албасты үстемдіктің қайырсыз масайрап, марқаюын мазасыз алаңмен лек-лек алмасып келе жатқан мың сан оқыр­ман­ның ой әлеміне табыстайды.
Әлем әдебиетінде уақыттың аяусыз ақи­қатымен арпалысқан он-сан тағдыр­лар көркемдік тұғыр тапқан. Қазақ әде­биетінде кең тынысты роман ауқымына тартып, адамды оның ор­тасымен астас­тықта аялап айтқан туын­дылар бар. Жазу бағыты схемаға түс­кен кезеңдердің өзін­де шынайы суреткер адамды алапат жа­сандылықтан құтқаруға құлшынысын бә­сеңдете алған жоқ. Бұл тұрғыда арнайы, кең әңгімелер қазіргі кезеңде қозғалуы тиіс. Ара-тұра айтылып жүрген дуалы ауыз тоқтамдар тұтас ғылыми жүйеде түзілетін кез де та­қап қалды.
«Абай жолы» – қазақ тарихи рома­нының белгілі бір кезеңде жазылған биігі. Осы туындысында дүние-болмыстың көркемдік өрісін алақандағыдай айқын сезінетін зерек Әуезов, жазу даралығы саяси жүйенің жасанды қыспағында мың бұлқынып, жүз қайтқан қайран Мұх­тар Әуезов тарихқа баруының өзінде Абай тұлғасын арқау ете отырып өз уа­қытының өзек өртеген өксікті мұнан да қо­са қабат өрбіткен еді.
Мұнда Абайдың ақын шәкірттеріне қа­тысты, әдебиет тарихының қилы бағыт­тарына, әсіресе, зар заманның жайына, артық туған ұлтының азғындауға бет ал­ған тарихи қасіретіне ден қоюды қалай­тын, қалап отырып, өз уақытының қамын қоса сөйлеуді мақсат тұтқан қаламгер мұ­раты айқын.
Романның жазылу тарихындағы шы­ғармашылық ұстаханаға қатысты назар аударылуы тиіс мәселелер әлде де жеткілікті қозғалмай жүргенін ойға салады. Кезінде Шәкәрім мен Мұхтар арақа­ты­насына қатысты сөз қозғау қиын болды. Қазірде осы мәселе жалпылай ға­на айтылады.
Мұхтар Әуезовтің абайтанудағы зерттеу еңбектері, «Абай жолы» романын жазу жолындағы ғылыми, шығармашылық өрі­сін­де Шәкәрімнің өзіндік ықпалы ай­қын.
Бұл жерде Әуезов қаламының әлемдік өре­дегі қамал бұзған, қиынды алған ше­берлік шексіздігі өз алдына бөлек әңгі­ме.
Ақиқат, ықтимал күйдің өзін қаламгер­лік мұратына жығып әкеп, иіп отырып илан­дыратын, иланғанда да жан жүйең дір етіп, өзегің күйіп, өксіп отырып илана­тын өзгеше бір аяусыз кепте қинап нандырады. Әсіре қолпаш Әуезовке келгенде түкке алғысыз құрғақ ділмәр сөз болып қалар еді.
Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет тарихы», «Әр жылдар ойлары» еңбектеріндегі қа­зақ әдебиеті тарихының даму кезеңдері, жанрлық қырлары, әдебиет үлгілері, бай мұраны туғызушы шығармашылық тұлға­лар жайлы кезінде қилы себептен қасаң ай­тылған ғылыми дерек, болжам, тұжы­рым­дардың «Абай жолы» роман-эпо­пея­сында қиюы келіп, қисыны табылып баян­далғаны – мұхтартануда кеңінен қоз­ғалып айтылмаған, бағамдалып бол­ма­ған шығармашылық сырдың бірі.
«Әдебиет тарихындағы» сөз басында «Қазақ ескілігінен аз мағлұмат» тақыры­бымен берілген ұғымда Мұхтар Әуезов ел өмірі мен әдеби туындының біте қай­на­сып жататын ерекшелігін қозғап отырып, әдебиет тарихын зерттеудің елтану ілімімен астасып жататын мәнін көлденең тартады. Арада жылдар өткенде Мұхтар Әуезов Абай туралы роман жазуында осы ұстанымды шығармашылыққа ұластыр­ды.
«Әдебиет тарихында» айтылған қазақ әдебиеті тарихы жайлары, әдебиет үлгі­ле­рінің бірі – ел салтындағы шер өлеңдер: жоқ­тау, естірту, қоштасу, көңіл айту.
Осы жоқтау, шер өлеңдер айту жайы «Абай жолында» ел өмірінің бір салты есе­бінде әлденеше қайта суреттеліп, баян­далып отырған. Оспан, Әбдірахман қа­засына қатысты Абайдың жоқтау өлең­дермен қатар, ел ішінің күнделікті тіршілік ағымындағы қазаға қатысты айтылған жоқтау өлеңдер баяндалған басқа да тұс­тар бар.
Тәкежанның үлкен баласы 12 жасар Мақұлбай қайтыс болғандағы жайды ел ішінің, ағайын арасының қабақ баққан, аңдысқан суық бір сәттерімен салыстыра баяндай отырып, Мұхтар Әуезов қазаның ар­тын жоқтау жайын Мақұлбай өлімімен ас­тастыра келіп, «Әдебиет тарихында» жа­саған жоқтау түрлеріне қатысты тоқ­там­дарын нақтылы жағдайлармен, көр­кем­дік өріс аясында айқындай, айғақтай түсіп отырған.
Роман-эпопеяда ел руханиятында өл­шеусіз орны болған сал-серілік өнер, ән өлеңнің «Әр жылдар ойлары» зерт­теуін­дегі ғылыми негіздемелермен астасып жатқан сәттері де көркемдік шешім тапты.
Абай еліне Біржанның келгенін айтуын­да, Мұхтар Әуезовтің айтатыным мұнан да көп дейтіндей. Біржан өнеріне құлап отырған Абай ойы арқылы талай дүниені аңғарып өтеді.
Жазушы Біржан жаз бойы ән салған жайлаудағы кедей-кепшік жұрттың жүдеу өміріне ғана қатысты айтып отырғаны айқын. Есбикенің қызын Сақыштың жиын­ға жете алмай қыстығып жылайтыны, Бүрсінбайдың мұңы – бәрі де айтылып кеткен. Ел жүзін жапқан қаяу басқа. «Арқа жүзіндегі сан сұмдық» та айтылмай айтылған. Отаршыл билік тырнағы әбден батқан ел жадаулығы ол...
Мұхтар Әуезов қиын-қыстау замандарда рухани қорегін малданып жан сақ­таған, ар сақтаған жұртының қасиеті зор, қуат-тірегі мол екендігін меңзейді.
Сал Біржан еліне қайтқанда, ел ер­келігін оятып қайтты. Әмірдің жайы, Ке­рім­баланың жайы... Бұл да көп дүниеге мең­зейді.
Қаламы құрсаулы, қиялы тұсаулы күндер, аяусыз салған жан жарақаты көп шақтардың өзінде қаламгер Әуезов сонау «Қилы заманды» жазғандағы, «Хан Кенені» жазғандағы қайраткерлігінде, қатпарлы суреткерлігінде қалып отырғандығы уақыт көші ұзаған сайын ашыла түсіп отырған ақиқат.
Әдебите тарихында аты мәңгі қалған айтулы ақындар ғибратын шығармаға сыналап кіргізуінде Мұхтар Әуезов Абай ақындығының айналасы, Абайдың ақындық мектебі жайында астасып жатқан арқаулары мол дерек, дәйектерді көркемдік өріске шығарды.
«Абай жолында» Мұхтар Әуезов Қа­дырбай (Сабырбай) ақынның сыр-толғамы арқылы Жанақтың тарихи тұлғасына қайта айналып, қайырылып, елеулі мән бе­реді. Осында Жанақ ақынның Абайдың алдындағы үлкен әдеби мектеп ар­на­сының бір көзі екендігін көрсету мақсаты бар.
Қарт ақын әр сөзінің тұсында әлдебір ертегідей алыс ақын Садаққа соға береді. Бала кезінде өзіне өзге ақындардан өз­геше көрінген сол Садекең екен. «Көргені мен білгені ұшан-теңіз. Ол кісінің айтқаны мен жеткізгенінің мың да бірін білмейміз. Тегін емес, кеудесінен нұр саулаған ақын сол еді, жарықтық!» – деп сөйлейді.
«Абай жолындағы» ХІХ ғасырдағы қа­зақ әдебиетінің жаңа бағыттары мен беталысы, Абайдың өзі де, ақын шәкірттері де құныға бас қойған әлемдік әдеби ағыс, орыс әдебиетінің жауһарлары туралы ой сілемі әдебиет тарихының Әуезов зерделеген өзекті жайларымен ұштасып жатыр.
Ұлан-ғайыр білім, ұшан-теңіз ойшыл­дықпен туған ұлтының тағдыр-талайын тарих таразысына тартуда қай бір күнде де қажымаған, алдағыны болжап, ар­тындағыны барлап, барын сарқып беріп кеткен дана Мұхтар Әуезовтің шығарма­шылық зертханасы тұрғысынан келгенде ғұлама ғалымның ғұмырлық ғылыми ұстанымдарын қаламгерлік, жазушылық өнерінде қалай ұқсатып жұмсағанын айқындай түсетін осындай да тұстары бар.
«Как я работал над романами «Абай» и «Путь Абая» мақаласында Мұхтар Әуе­зовтің суреткерлік парыз алдындағы адал ­еңбегі туралы ақиқат ойлар айтыл­ған.
Шығарманың жазылу тарихын тұтас қамтып баяндайтын бұл мақаланың да емеурінмен меңзеп жеткізетін қыр-сыры аз емес екендігін қазірде айқын ұғына түскендейміз... Ол – өз алдына және бір әңгіме арқауы...
Қазақ сөз өнерінің ғасырлар бойы түзіл­ген үздік үлгілерімен маңыздана тү­се­тін бай тарихы ХХ ғасырда жаңа туын­­­дылармен молықты.
Жазба проза бағытындағы жанрлық, көркемдік тәжірибелер, ізденіс, ізгі мұ­рат­­тар туралы бүгіннің талабымен ой қоз­­ғағанда ауызға алдымен ілінетін жоталы туындының бірі, сөз жоқ, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы.
Өткен ғасырдың 60-жылдарында жазылған «Қан мен тер» қазақ оқушысын елең еткізген. Сонау бір жылдарда өзіміз әрі тосырқай, әрі таңырқап, ынтыға та­быс­қан Ақбала, Еламан, Сүйеу қарт, Мөң­ке, Ақкемпір, Қаракемпірлер, Қарақатын, Судыр Ахметтер, Қален, Кенжекейлер арада жылдар өтіп жатқанымен, бізден бір сәт те ажыраған емес. «Қан мен тер» халықтық шығарма болып қалды. Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы қия­ға беттеп, қиыр шолған қилы ізденістерінің куәсінің бірі де осы – «Қан мен тер».
«Қан мен тер» қазақ әдебиетіне қанша жерден төңкеріс тақырыбын бүркен­гені­мен, әсіре саясиланбаған, алабөтен рухпен желігіп, елікпеген адамшылық қал­пы­мен, кісілік ғұрпымен өмір сүріп жүр­ген кәдімгі қарапайым пенделерді «қап­татып» алып келді. Кіршіксіз, мүлтіксіз ісі жоқтың қасы. Бірақ «Қан мен тер­де­гілер­дің» ішінде қымбатымыз да, қима­сымыз да, іздегеніміз де толып жүр еді.
Кезінде «Қан мен терге» қатысты әде­би сында әр алуан пікірлер айтылды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің адамды, оның сынаптай сырғып ағып өтіп бара жатқан аз-кем қызық дәуренін көркем бейнелеудің әлемдік озық үрдістеріне қол салған жаңашылдығы туралы шындап ойлана бастадық.
Қай заманда да, қандай тарихи әлеу­меттік жағдай қолтығында да жеке адам қырып-жойып, дүниені түгендеп, түзетіп тас­тамасын енді-енді мойындап келе­міз.
Бальзак ХІХ ғасырдағы француз қоға­мы, қоғам аясындағы адам тағдырлары туралы том-том шығарма жазды. Өмірдің адам еркінен тыс суық бауыр қатты шын­дығын суреттеді. Етжақын жандардың жатсыну, адамдар ортасындағы өгейлік сынды аяусыз ақиқаттарды алдыға жайып тастады.
Бальзактың қоғам өмірін типтік құбы­лыстар ауқымында көрсетуде егжей-тег­жейлі тәптіштеуге бармай-ақ, емеурінмен көп дүниенің арқауын тарқатып тастап кетіп отыратын жазу мәнері әлемдік тә­жіри­беде із-түзсіз кеткен жоқ...
Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен терді» жазуда дүние әдебиетінің бай дәстүрін, жаңа бағыттарын ұдайы ескеріп отырған, төлтума сипатты халықтың, ұлттық шы­ғар­­ма туғызу биік мұра абыройы оңай­шы­­лық­пен келмеген.
Осы «Қан мен тер» атты трилогия тура­лы сөз қозғау ХХ ғасырдағы қазақ әде­бие­тінің сүйекті туындыларының қай-қайсысы туралы айтудың қиын да күрделі міндетімен астасып жатыр.
Мұндайда көркем шығарма тудырудың атам-заманнан бергі ереже-мұраты, тір­шілік дариясының асау толқындарына жармасқан адам тағдырлары туралы көркемдік ақиқат бас көтереді.
«Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» романында ұлы даланың бір аумағында, теңіз қол­тығында ХХ ғасыр басындағы белгілі бір кезеңде өмір сүріп өткен ел тарихы баяндалады.
«Қан мен тердің» халықтық шығармаға ай­налуының себебі көп.
Романда орталық тұлға, кесек кейіп­кер әлденешеу. Автор белгілі бір дәуірдегі ел тарихын, адам тағдырын, жалпының ішіндегі жалқының өмір шырғалаңын ұдайы қатарластыра, қосқаптал ағыстар­мен, үзік-үзік, қадау-қадау айқын сәттер­мен астарлап алып отырады.
Шығарма оқушыны жұмбағына ын­тық­­тырып, Қарақатынның сыпсыңдаған өсек сөзімен басталған. Бірте-бірте Ақ­баланың жайына да қаны­ғамыз. Ақбала бейнесі беймәлім іштарту сезімін туғы­зып, көптің жүрегін қозғады. «Опасызды­ғына» қарамастан Ақбаланы автор «ағар­тып», Ақбала деп аялайды. Оқушы да Ақ­балаға ұғыныстық­пен қарады. Жек көре алған жоқ. Жерге қаратып кеткен Ела­манның өзі оған теңгерер түк таппай, жұмбақ бақытпен ғұмыр кешті. Ақбала­ның «сиқыры» неде сонда? Адам баласы әр уақытта да еркі­нен тыс дүлей сезімге, махаббатқа бір­түр­лі құрметпен қараумен келеді емес пе? Ақбаланы Аннаға (Каренина), Аксиньяға, т.б. толып жатқан сүй­гені үшін дәнеңеден іркілмей опат болатын әйел­дерге теңейді. Дұрыс та болар. Не дегенде де Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Ақбаласы қазақы ғұрыптың шындығынан шыққан ұлттық бейне болғандығымен де халық жүрегіне ұялады.
Судыр Ахмет – қазақ әдебиетінің ғана табысы емес, қала берді әлемдік деңгей­дегі олжалы бейне.
Бір көрмеге күлкі болып жүрген, жа­да­ғай, берекесіз біреу. Бірақ бұл – мей­лінше күрделі бейне. Оның тайқығыш, құ­­был­ма, опасыз аярлығы, суық немкет­тілік, масылдық пиғыл, аңқаусыған көлгір­лігі, байбаламшыл көз алдаушылы­ғы, т.б. толып жатқан кесел құлықтары тұ­таса келе осалдық кесапаты дейтін сұм­дық болып шыққан. Судыр Ахмет – адамның қоры. Автор Судыр Ахметті жағ­дай аясында, өмір ортасынан ойып алып, әр қырынан ашып, әшкерелейді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов – кейіпкерді алдын-ала дайындап пісіріп, жетілдіруден гөрі өмірдің өзіндегідей тосын, қапелім сәттерде ашуды көздеп отыратын қалам­гер.
Сүйеу қартты да, Қаракемпірді де, Айғанша, Кенжекейлерді де, тіпті, «ішіміз жылуға» тиіс емес Тәңірбергенді де өмір ағысының әр иірімінде қолайын тауып көр­сетіп кетіп отыру арқылы тұтас тұлға түзіліміне тартады.
Сонау бір жылдарда «Қан мен тер» арқылы кешеуілдеп дамыған қазақ жазба көркем прозасының алысқа бет түзе­ген баянды бағыты жаңа бір сыр, сымбаттармен тұғырлана түсті.
Жазушының сурет сыйғызып отырып төгіп-төгіп өтетін баяндау тәсілдері, ара-тұра ұлттық бітімнің бүтін тұтастығын ай­­шықтап, аша түсетін, жылы мейірім шар­пыған жеңіл мысқылдау; өмірдің өзі­нен шыққан дара-дара, соқталы кейіп­керлердің аузымен айтылатын, айтушысына ғана сай тура тоқтам, табылған сөздер...
Жазушы оқиға қуып дүниені түген­де­мейді. Оқиға қажет кезінде, дер шағында оқу­шының алдынан «өзі шығады».
«Қан мен тер» өміршеңдігі қаламгердің қолдан мән жасауға ыңғай бермей, қай ғасырда, қандай тарихи жағдайлар ауқы­мында ғұмыр кешіп жатқандығына қара­мас­тан-ақ атам заманнан адам баласы маңдайын соғып, кеудесін төсеп сүріп өте­тін қысқа ғұмырдың қызуы мен ызғары туралы жүрек иланған баянды әңгіме айт­қан шеберлік сырларында жатса керек.
Жазушы Жұмабай Шаштайұлы «Аяз би» романында кеңестік кезең характерін, қолдан шыққан қондырғы болмыстың шыңырау мағынасыздығын «қарадан шығып хан болған» көптің бірі Миятбектің қысқа ғұмырдағы қайтымсыз бақытсыз­дыққа бастаған татымсыз тіршілік әрекет­тері ауқымында қозғайды.
Романда дәуір, кезең беталыстары, жеке бастағы уақыт ықпалы, ел өміріндегі елеулі құбылыстар формасындағы Мият­бектің отбасылық аядағы, қызмет бабын­дағы сынаптай сырғыған күндері иланымды көркемдік кеңістік түзген.
Ел басқару ісі жақсыларға міндет болған замандар баяғыда өтіп кеткен. Ендігінің атқа мінгендері атаққұмар, дүниеқор, сері, селтең. Алыстан шолып, ар ойлап, абырой сақтаудан ада жаңа бір лек. Айлакер, аса сырдаң, асқан сұм. Жұма­бай Шаштайұлы кеңес әдебиетінде ұдайы жағымды қалыпта ғана алынып кел­ген партия адамының адым озғызбас кереғар пенделік күйкілігін жаппай жайыл­ған типтік сипаттар ауқымынан көз­дейді. Ауыл, аудан, облыс, республика деңгейіндегі алуан кейіпті басшы бейнесі біздің заманның адамдарының көпшілі­гінің таныс-бейтаныстары болғандығы рас. Жазушы үй іші, отбасылық әңгіме төңірегінде, жалпы Миятбектің айналасын, ортасын тарта отырып баяндайтын көпшілік өмір оқиғаларын бір қарағанда шарттылау болып та көрінетін ситуациялар төңірегіне шоғырландырып отырып, әлеуметтік ауыр ағысты күйлер аясын­дағы адамды боямасыз, бүкпе, бүркеусіз, барын­ша екіұдай, кереғар, күнәһар, бірде биік, бірде аласа табиғатымен тұтас­тықта алуға тәуекел еткен.
Жұмабай Шаштайұлы шығармада заман түзген ортақ сипаттары анық, сонымен бірге дара қалпындағы етенелігі де күмән туғызбайтын кейіпкерлер ортасында жүреді. Жазушының образ ашу шеберлігі туралы адамның жүзіндегі сәт сайын қылаң бермей қоймайтын ішкі аласапыранның жойқын ағыстарын аулау, соны өзіндік ұсталықпен ұқсатып түгендеу, тұтастандыру тәсіліндегі оқшау аңғарымпаздықты айтсақ болар еді.
Қанша жерден қымтағанымен қылаң бермей қала алмайтын адамның ішкі пиғылын аулауда Жұмабай көбіне көзді бағады. Маңдайдың терлеуі, мұрынның сулануы, шекенің тырысуы, аяқ асты жарқ ететін көңіл қошы, қолдың дірілі, еңсенің түсуі, тағы да басқа толып жатқан адам тұрқының жан мазмұнымен астасқан «опасыз» құбылуларын теруде жазушы алабөтен аңғарымпаз. Қырағы, суық көз сақшы.
Романдағы Байқадиевті жүз құбыл­тып қойған заман, басқаларды да аяусыз бұзған. Жұмабай Шаштайұлы өмір фак­тілерін сыналап кіргізіп отыруында осыны меңзейді.
Шығармадағы негізгі оқиға Миятбек­тің хатшылықтан түсуі. Осы тұс аярлық та, алдамшы да, арзан да жамырай жабылып, өзі де оңып тұрмаған Миятбектің опасыздықпен жанышталғандай болған өкпелі күйін шерте отырып, тіршіліктің талай-талай арсыз парақтарын ақтара түседі. А.Ісмақова айтқандай, қайсібір туындысында да идеализациялауға ыңғай бермейтін Жұмабай Шаштайұлы­ның Миятбегі партиялық кадр туралы стереотипке кірікпейтін біртүрлі ыңғай­сыз адам.
Қырымға баратынынан алдын-ала ақпар таратып, айналасындағылардан ақша дәметеді. Дәметіп қана қоймайды, қалтасын қампайтып кетеді демалысына. Іні болып, іші-бауырына кіріп жүрген бая­ғы шешесін сабайтын соқыр Жалбосын­ның Арқабегінің келіншегіне ынсапсыз көзі құрығыр қайта-қайта түсе беріп, ақы­ры ауға түсіреді. Ешкімге сенбейді. Елді жерге бөледі, руын, тегін теріп тексе­ретін әдеті да жоқ емес. Қоғам меншігін әкеден қалған мұрадай оңды-солды жайқап жатқан билік басындағылармен бірге туған. Айнымайтын әдеттері, дағды­лы машықтары бар.
Осы ортаның өзара сапырылысып қайнап жататын қызу өмірінде адам қызығатындай дәнеңе болмағаны – ұлы қасірет. Қожанасыр жарықтық алаң­ғасарлы­ғымен өзі отырған ағашты өзі шапса, мұндағыларға бәрібір, күл болмаса бүл болсын, бұтада қонақтап отыр­ған­дағы шырқы бұзылмаса болғаны сияқты. Ордалы жыланға теңесек, өзімізге өмірі беймәлім жылан жарық­тықтардың обалына қалуымыз мүмкін.
Жұмабай Шаштайұлы тозып таусылуға тақаған жүйенің жүлге құртындай жандана түскен атам заманғыны, адамның әу бастағы осалдығын заманына қолайлы қалыпқа ойысқан құбылысында жілік­тейді.
Бел стансасындағы апасына барып-қайтқан Нұржановтың жанын безек қақтырып, тыным бермей жүрген ар алдындағы арылу азабы ма, жоқ ауқымы тар өзімшіл өкпе ме? Ойлану керек. Өткенге өкініп, өмір бағытын түзей қалды дегенге емеурін білдірсе, қаламгер біртүрлі романтик болып кетер еді. Қал­пы, тұрқы қайсібір сынақ сәттерде мәлім болған Нұржанов, аяқ асты тақтан тайдым екен деп қалайша сүттен ақ, судан таза бола қалмақ? Ол – фантастика. Нұр­жанов өзін тудырған жүйенің «қайыр­лы» өнімі. Төлтума тұқымы. Тұқымқуалау­шы­лықтың зардабын әлі талай ұрпақ тартуы да кәдік.
Шығарманың кез келген тұсынан замана перзенттерінің бойындағы төлтума сипаттар қылаң беріп отырады.
Партияға соншалықты тәнті болған­дай, тәртіпке ғана құл сияқты, әсіресе қай­раткер шенеуніктердің осал тұсы – қу дүние. Ақша мен алтын. Жаппай осы дерт­ке шалдыққан.
Миятбектің әкесінің қарындасын араға жылдар өткенде іздеп барып, кейуананың біртүрлі суық қабақ танытуы сияқты қолайсыздау бұрынғы қазақ ішін­де салтқа сіңе қоймаған құбылыстар еді. Ендігі заман жатсынудың басын осылай байқатады.
Қасында жүрген әйел азаматының ғана емес, ел абыройын ойлаған, ел тілек­шісі болған заманалар да кейіндеп кетіп бара жатқаны қауіпті. Қиын күнде де қақырайып, ошақтың отын өшірмеген аналар дәстүрі берік болған қазақ дейтін халық үшін бұл – қасірет.
Оноре де Бальзак бел алып, дендеп бара жатқан капитал дүниесінің адамзат үшін ауыр зардаптары айқын көрінген ХІХ ғасырдың бел ортасындағы француз қоғамынан осындай сорақы сұмдықтарды көп көрсе, «өркениетке» жел айдаған қаңбақтай екпінмен қуылып қосылған қазақ баласының басынан бақ тайған заманалардағы қаламгер «қауіп еткеннен айтқан» осындай-осындай күйлері болды.
Бальзак сән, жан мен тән рахаты үшін туған әкенің өлігін аттап кетуден қымсын­байт­ын Горио отағасының қыздарын айт­­са, солармен жаны туыс ұрпақ қазақ­тан да ­туды. Жұмабай лама пальтоның тө­ңірегіндегі әңгімені тілге тиек ете отырып, жас буынның беталысынан бай­қалған тосын құбылуларға зер салады.
Өз заманының адамдарын бақылап отырып, барлап отырып, әр сәт, әр әре­кетін егжей-тегжейлі ақтарып жазу, осы­дан тұтас дәуірдің нышандарын айқындау мұратындағы көркемдік жинақтаулар жасаудың әлем әдебиетіндегі озық үрдістерімен үзеңгі қағыстырар шығар­маларға сусап отырған уақыттарда жазылған «Аяз би» романы – қазақ ро­ман­дары­ның тұтас шоғырында қазіргі заман­ғы романның әлеуметтік-психо­логиялық үлгісін дарытуда кеңістік аша келген туынды болды. Уақыттың құбы­лыстары пішіндеген замандас бейнесі барынша өміршең қалпында тұлғаланған шығар­маның тілдік құрылымындағы ынтықты­рып отыратын жан серпілтер тылсым қуат – ана тіліміздің байтақ әлуеті, баянды мәртебесі.
Шығармадағы орталық бейне іргелі адамшылық ұстанымдар жұтап бара жатқан белгілі-бір кезеңнің тұтас қалпы десек те болатындай. Уақытты түрлі дең­гей­дегі лауазымды қызметтегі бірнеше басшының жеке бас сипаттарымен сомдалған образ деңгейінде көркемдік кеңістікке алып шығу үлгісі қазақ әде­биетіне осылай келді.
Жұмабай адамға тән осалдықтарды адам еркінен тыс алақұйын сезім сергел­деңдерін, жан иітер жылы сәттерді барынша натурасымен, батыл жазуға бейім. Ер адамның жаратылыс құпияла­рын ашық-шашық жазу – жазушы Жұ­ма­бай Шаш­тайұлының шеберлік тылсымда­ры­ның бір қыры.
Әлемдік романшылдықта небір үздік үлгілер болғанымен, төл әдебиетіміздің ұлттық төлтума сипаттары қанық өзіндік игіліктерінің орны бөлек.


PS. Замандас тұлғасын сомдау бағытында, уақыт, кезең шындығын көрсетуде құрсау бұзып, қайырлы бағыттар түзген қазақ романы баршылық. Сәті келсе, басқа туындылар туралы да әңгіме өрбіту ойымызда.

«ЕЖЕЛГІ ҰЛЫС ТАРИХЫНА» ШОЛУ

$
0
0

«ЕЖЕЛГІ ҰЛЫС ТАРИХЫНА» ШОЛУ

Posted by sjanbolat on 2013-04-16 in Мақала | 编辑 |

 

Сержан  СӘРСЕНБАЕВ

«ЕЖЕЛГІ ҰЛЫС ТАРИХЫНА»  ШОЛУ

 

  1. АВТОР ТУРАЛЫ АЗ АЯЛ

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ – 1936 жылы 1 қаңтарда, ҚХР ШҰАР Тарбағатай
аймағы Шағантоғай ауданының Қаракемер ауылындағы малшы отбасында дүниеге
келген. Қазақ. 1956 жылы Шынжаң институты физ-мат факультетін, 1961 жылы
Чаңчұндағы Жилин (Гирин) университеті Физика факультеті радио-электроника
мамандығын бітірген. 1961-1986 жылдары Шынжаң университетінде оқытушы, Қытай
қазақтарынан тұңғыш доцент, кейін келе магистрлер жетекшісі, кафедраның және
информация зертханасының меңгерушісі, деканның орынбасары (1980 жылдан),
проректор (1983 жылдан), ҚХР Электроника қоғамының басалқа мүшесі, ҚХР Азұлт
жазуындағы информацияларды өңдеу қоғамының төрағасы, ШҰАР Ғылым және техника
қауымдастығының тұрақты жорасы, ШҰАР ЖОО кәсіптік қызмет атақтарын аттестаттау
комиссиясының бастығы, т.б. қызметтерді өтеген. Радио-электроника мамандығын құрып
шыққан. Азұлт жазуларын комьпютерде біржақты ету жүйесін жаратып, «Техникалық
Прогрес» сыйлығын алған. «Комьпютер принциптері», «Жартылай өткізгіштік
радиоқабылдағыш», «Магнитофонды радиоқабылдағыш», «Калкулатор» т.б. техникалық
кітаптары жарық көрген.

1962-1966 жылдары “ұлтшыл”, “ревизионист”, “шетелге қашқанның ұлы”, “ақ
маман” сияқты “бөріктермен” көрген саяси қақпайы “Мәдениет Төнкерісінде”
(1966-1976) айдалу, күреске алыну мен мырза қамаққа асқынған Сөкең, бертінгі
Дың Шяупиң саясатынан соң ғана оң көзге түсе бастайды. Ол 1986-1996 жылдары ШҰАР Оқу-ағарту комитеті төрағасының (білім минстрінің)
орынбасары, Оқу-ағартуды зерттеу институтының профессоры (1988 ж), ШҰАР-дың
төтенше үлесі бар маманы (1990), бұған қоса Чяугуаң шығыс ғылымы мен мәдениеті
академиясының мүшесі, ЖОО-ларда білім беруді зерделеу институтының директоры
мен аға зерттеушісі, Үрімжі кәсіптік университетінің профессоры болды. Ал,
1993-2003 жж, 8-және 9-(екі кезектік) Мемлекеттік Халық Құрылтайының
(парламент) депутаты, оның Ұлттар Комиссиясының мүшесі болды. 2005 жылы
Дүниежүзі Қазақтарының ІҮ құрылтайында оның Қауымдастық  Төралқасына мүеше болып сайланды. Қазір ШҰАР
телеуниверситетінің профессоры, ҚР Мұхтар Әуезов атындағы Семей университеті
сықлдылардың құрметті прфессоры.

С.Р.ЖАНБОЛАТОВ 1986 жылдан кейін (минстрлікке келгендіктен лабораториядан
қол үзіп, техникалық мамандығын жалғастыру мүмкіндігінен айрылған соң),
әкімшілік жұмысқа жанай,  өзі жастайынан
құмар болған тарих пен көркем әдебиетке бұрылады. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан
бастап, «Үйсін Хикаясы» атты трилогиясы - «Елжау Күнбй», «Саншора Күнбй» және
«Оңғай Күнбй» атты үш романы жарық көреді және «үздік шығарма» сықылды сыйлықтарға
ие болады, ол ҚР да «ХХІ ғасырдағы қазақтың 100 романы» атты бағдарламаға енді.
Сұлтанның бұдан басқа, «Таластағы жанталас» секілді повестері, бес томдық
мақалалар (монографиялық еңбектер) топтамасы, сондай-ақ очерк, әңгіме жинақтары
бар. 2008 жылдан бастап “Біз” дейтін ( «Ес кіру», «Ес шығу», «Ес жию» атты
романдардан тұратын) автобиографиялық трилогиясы жарық көрді. Жуықта
«Атлах-Талас  шайқасы» дейтін тарихи
романды Іле Халық баспасына ұсыныпты. Ол кісі Қытай және Қазақстан жазушылар
одақтарының мүшесі. Президент Н.Ә. Назарбаевтың бекітуі арқылы 2001 жылы,
ҚР-ның тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, мерекелік медальмен, 2007 жылы
“Достық” орденімен марапатталған. 2004 жылы ол тағы “Тяншян” әдебиет-өнер
сыйлығының ең жоғарғысы “Үлес” сыйлығымен марапатталды. Сөкең туралы ҚХР дағы
«Шығыс перзенттері» мен «Шынжаң газетінде» ( 1982 ж. 25 ақпан «Заман түлегі»,
2002 ж. , 30 қаңтар «Ғалым жазушы»), ҚР дағы «Қазақ Елі» (1998. шілде. «Мен -
біткен ойпаң жерге аласа ағаш») мен «Егемен Қазақстанда» (2002 ж. 28 желтоқсан. «Өмір сүру
формуласы») таныстырулар бар.

Ескерте кетерлігі – 2003-жылы, әйгілі бесеумен бірге тұңғыш таратылған
«Үлес» сыйлығын иемденуі бұл кісінің өз ортасында зор абыройға иелігін
аңғартады. Ол әйгілі бесеу – кезінде Бұқара Тышқанбаевпен бірге «Қасен мен
Жәмила» кинофилмін жазған, жасаған хәнзу жазушы Уаң Йүйхоу мен Лю Шауу,
ұйғырдың атақты әншісі Паша Ишан мен атақты суретшісі Ғазы Әмет, қырғыздың
атақты манасшысы Юсуп Мамай.

Ол кісінің бұл абыройы кісілігі мен еңбегіне байланысты. Сөкең 1962-жылдан
бері қалам тербеп, Қытайдағы қазақ халқының оқу-ағартуы, тілі, әдебиеті, т.б.
мәдениеттері өңіріне көп еңбек сіңіруде. Сұлтан Жанболатовтың кей мақалалары
(мысалы, арақкештік апатынан айығу; «қос тіл оқытуын», ана тілді мықтап
қорғаған негізде, шынайы қос, тіпті көп тілді ету; қазақ халқының бейзаттық
мәдени мұрасы ақындар айтысын мықтап қорғау мен дұрыс жолға қою, т.б.туралы
жазғандары) бүкіл Шинжяңда зор да оң дүмпу қозғап, Қытайдағы қазақ халқының
дамуына өзіндік мұрындық рөл де атқарып келеді.

Сұлтан - Қазақстанның тәуелсіздік алуын ұзақтан армандаған диаспора
уәкілдерінің бірі. 1985-жылы ШҰАР дағы Су Бейхай сықылды тарихшы ғалымдардың
Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылмаған деген мазмұндағы мақаласы Мәскеудің,
соның ықпалы арқылы Қытай ішіндегі ішінара топтың қатты сынына ұшырағанда,
проректор болып тұрған Сұлтан Су Бейхайды қатты қорғап қалған. С.Жанболатовтың
«Үйсін хикаясы» - қазақ елінің мемлекеттігінің арыдан басталатынын көркем
әдебиет арқылы әйгілеген және сол заманға тән дипломатиялық тәжірибе-сабақтарды
пайымдаған.

Сұлтан 1986-1996 жылдары (ШҰАР оқу-ағарту комитетінің төрағасына – ШҰАР
үкіметінің вицепремьеріне орынбасар болып тұрған кезінде, 1989 жылы делегация
бастап Алматыға  барып қайтқаннан соң),
Шинжяң мен Қазақстан ара білім беру өңіріндегі байланысты (Шайсұлтан Шаяхметов,
Шәмша Беркімбаева, Бердібек Сапарбаев, Серік Прәлиев, Қалдарбек Найманбеев
сықылдылармен тығыз сәйкесе отырып) қатты күшейтті. Ана бір жылы, Қытайдан 1500
баланың ҚР ға оқуға келетіні сол тұс. Бұл өз кезегінде көші-қонға да зор әсер
етті. Сұлтан екі ел байланысын дұрыс та пайдалы, тату да тең жолмен дамыту
жақтарынан ҚР дің Қытайдағы елшілеріне (Мұрат Әуезов, Қуаныш Сұлтанов, Жәнібек
Кәрібжанов, Икрам Адырбеков және қазіргі елші Нұрлан Ермекбаевтерге) және
консулдарына ыстық ықыласты дұрыс қолдау көрсетіп келді. Сұлтан әр рет Қазақстанға
келіп қайтқан сайын, Қазақстан дамуын Қытай жаққа таныстыратын мақалалар жазып
жариялап тұрады. Қазақстандағы маңызды шараларға (Абайдың 150 жылдығы, Мұхтар
Әуезовтың 110 жылдығы, т.б.) жақсы тартуларымен келді және он неше жылдан бері
өзінің жеке блогы арқылы да қазақстанды үгіттеуде.

2.АВТОРДЫҢ ЕРТЕДЕГІ ҮЙСІН ҰЛЫСЫН ЗЕРТТЕУІ

Профессор Сұлтан
Рамазанұлы жастайынан тарихқа, әдебиетке құмар болыпты. Бірақ тәртіпке
бағындырған компартяның орналастыруы бойынша талай жыл физикамен айналысқан.
Айналысып қана қоймай, ол саладан да недәуір нәтижелерге қол жеткізген. Сонда
да қаламгерлік қырын күшейтуді ұмытпаған. Оның тырнақалды еңбегі (1962 –жылы жариялаған)
«домбыра физикасы» (ғылыми очерк) болсын, одан кейінгі (1979 жылы жариялаған)
«хас сақтары» (ғылыми фантастикалық әңгіме) болсын ұлт тарихын қамти жазылған
дүниелер.

Сөкең, «Үйсін
хикаясы» атты тарихи трилогияны жазу үшін, 1980 жылдардың басынан тартып,
қазақты құраған басты тайпалардың бірі ежелгі (б.з.д. 2 және б.з.1
ғасырларындағы) Үйсін мемлекетінің тарихына қатты үңіледі. Батыс пен шығыстың
ежелгі тарихи деректері мен бергі заман тарихшыларының зерттеулерін зерделей
келе, трилогияның қаңқасын сол деректердің шындыққа жанасымды тұстарымен құрап
шығады. Осы негізде оған «ет», «тамыр», «тері» жапсырып, «қан» жүгіртіп, «киім»
кигізіп, сөйлетеді.

С.Жанболатовтың
алғашқы атын «Үйсіннама» деп қойған мына еңбегі «Ертедегі ұлыс тарихы»  - осы отыз жылдық зерттеуінің жемісі.

Бұл зерттеу
барысында Сұлтанның мына тараптары қатты ес қатқан:

Бірінші, аса ұлтжандылығы, ұлт тарихына деген күшті қызғындығы;

Екінші, түп бітіміндегі шыншылдығы, жалтақойлықтан аулақтығы;

Үшінші, физика мен математикалық дәлелдеу дағдыларынан
қалыптасқан, мәселелерді ыспаттауға қатаң логикалық, деректік, жүйелік,
иландырғыш талаптар қойғыштығы;

Төртінші, қазақ ғана емес, қытай, ұйғыр тілдеріне жетіктігі мен
татар,түрік, орыс тілдерінен хабарлы болуы;

Бесінші, университет кітапханалары ғана емес, интернеттен толық
пайдалана алатыны;

Алтыншы, аса еңбекшілдігі;

Жетінші, білім аясының (гуманитарлық, техникалық, ...білімдерді
қамтыған) кеңдігі; т.б.

Автор бұл зерттеуге және аталған еңбекке зор мақсатпен келген. Оны автордың
: «Ежелгі үйсіндер туралы жазылған деректер өте маңызды. Ал, оларды толық көру,
дұрыс оқу, дәл түсіну, әділ пайдалану одан да маңызды. Бүгінге шейін, бұлардың
ішінде бір-біріне қайшы көзқарастар мен қалам ізі түспеген тұстардың аз
еместігі де шындық. Сондықтан да, ежелгі Үйсін мемлекетінің, дұрыс ниетті және
жауапкершілігі күшті нағыз ғалымдардың бүгінге дейінгі зерттеулерінің дұрыс
табыстарына таянған, неғұрлым толық та айқын, жүйелі де сенімді арнайы тарихы
қатты қажет болып отыр» дегенінен-ақ байқауға болады.

Соның үшін автор ежелгі үйсіндерге байланысты
мәселелерден мына тұстарға баса шұқшиған:

«А. Үйсіндердің этногенезі. Ежелгі үйсіндердің арғы тегін
іздестіру және олардың бергі дүниеге ұласымын талдау[1].

Ә. Үйсін ұлысының Ғұн қағанатынан тәуелсіздік алу
себептеріне қатысты таласқа[2] лебіз білдіре келіп, оның
б.з.б. Ⅱ - Ⅰ ғасырда заманына сай ірі де күшті мемлекет болғанын
гоографиясы, демографиясы, экономикасы, қорғанысы, мәдениеті, дипломатиясы
арқылы дәлелдей түсу.

Б. Үйсін ұлысының ыдырауына талдау жасап, басты себебін
ашу.

В. Үйсіндердің Түрік қағанатына қарағанға шейінгі
тіршілігінен қысқаша мағлұмат беріп, оның ұшты-күйді жоғалып кетпегенін
дәлелдеп, өзге тайпалармен байланысын (соның ішінде басым бөлігінің қазақты
құрағанын) айқындау».

 

3.«ЕРТЕДЕГІ ҰЛЫС ТАРИХЫ» ТУРАЛЫ

 

Меніңше, «Ертедегі
ұлыс тарихы» - ертедегі Үйсін Мемлекетінің жүйелі тарихы мұқият та байсалды
ғылыми зерттеулер негізінде баяндалған тұңғыш шығарма.

Бұл еңбек қысқаша кірісссөзден соң, бес бөлімнен
тұрады:

 Бірінші бөлімде, Үйсін ұлысы шаңырақ көтерген
Ұлы Дала сөз болып, бұл даланың арғы тұрғыны сақтардың тегі, құрамы, дамуы,
мемлекеттік құрылымға жеткені баяндалады.

Екінші бөлімде, осы даланың тумасы үйсіндердің түрік текті сақтар екені, олардың алғашқы мекені, Мөде тәңірқұтқа бағынуы, артынан Елжау
күнбидің тәуелсіздікке беттеуі және оның себептері сөз болады.

Үшінші
бөлімде,
 тәуелсіз Үйсін ұлысының б.з.д. 2-1 ғасырлардағы кешірмелері,
демографиясы, жағрафиясы, түзімі, экономикасы, мәдениеті баяндалып, оның бұл
өңірде ең күшті мемлекет болғаны айтылады.

  Төртінші бөлімде, Үйсін елінің сыртқы
және ішкі себептер салдарынан ыдрап, Үйсін атты мемлекет ретінде тарихи
сахнадан түсуге беттеуі, бірақ өз құрамындағы тайпалардың өсіп-өне келе өзге
шаңырақ көтергені, сол беті өзге (м. Дулат, Албан, т.б.) атпен тарихын жалғасыты
жазғаны айтылады.

 Бесінші бөлімде, қажетті қосымша
мәліметтер берілген.

Менің
байқауымда, Үйсін ұлысына қатысты таласты тақырыптардан бұл еңбек шешкен немесе
шешуге дем берген бірнеше басты мәселе мыналар:

Бірінші,
авторша айтқанда, «Жуыққа шейін адамзаттың төркіні туралы пікір екі ұдай еді. Өткен ғасырдың 70 жылдарынан
басталған “Һауа болжалы” 1980 жылдардағы әр құрлық адамдарының DNA сына
жүргізілген зерделеулер арқылы күшейді. ... Сонымен жуықта, Комбриж университетінің
генетика факультетіндегі антрополог, профессор Франсис Барокс сияқты ғалымдар, ...
зерттеу қорытындыларын: “Адамзаттың этногенезі жайлы талас толастады. - дей
келе, - Осызаман адамзатының тұқияны Африкадан келген, сосын жаһанды иелеген
дейтін фактіге күмандану қиын” деп тұжырды. Барокстардың пікірінше, мөлшермен 70-80 мың жылдың алдында
солтүстік-шығыс африкалықтардың (мысалы, эфиопиялықтардың) дене бітімі
осызамандық адамдар деңгейіне толық жеткен. Сосын тез өсіп-өнген олардың көбі,
өз жұртынан әлемге аттанып, әр тұстағы алғашқы жерліктердің (олар белгісіз
себептен не осы ата-бабаларымыздың қолынан құрыған сықылды)
 орнын басып, дүниені иелеуге кіріскен. Бұдан 10 мың жыл
бұрын бұл зор көлемді жабал көшке айналған. ... Демек, бүгінгі ғылыми
зерттеулердің нәтижесі арғы замандағы Ұлы Даладағы қалың тайпалардың арғы
аталарының өңшең Африкадан көшіп келген саф қара нәсілділер екенінде дау жоқ
деп отыр. Олар бертін келе ішіп-жем мен сыртқы ортаның ықпалынан өңшең саф ақ
нәсілдіге өзгерген. Бұл олар үшін екінші кезең есепті еді. Үйсіндердің тегі -
ең алдымен осы ақтар. Ал, бұл ата-бабаларымыздың үшінші кезеңі - ақ пен сарының
араласбасына (метистенуіне) өзгеруі бертінде басталған. Осыны білмеу кей
адамдарды археологиялық табыстардан шыққан ақ нәсілді сүйектерді, бүгінгілерге
жолатпай, қателесуге, тіке қазіргі еуропалықтарға итеруге апарып жүр».

Екінші,
Хән тарихнамаларындағы қазіргіше «У Сүн» деп оқылатын екі иероглифтің (乌孙) арғы бергі тарихын зерделей келе, оның атам заманда да,
өзгеше емес, тұпа-тура «У Сүн» (демек «Үйсін») болып оқылатынын дәлелдеген.

 Үшінші, Үйсін ұлысының ыдырауы Хән әулеті
ұзатқан қыздың тақ таласына араласып, аяғында «орда төнкерісін» жасауынан
басталғанын, осыдан соң Хән әулетіне одан бұрын да бағынбаған Үйсін елінің Хән
әулетінен мүлде аулақтап кеткенін ыспаттайды.

Төртінші, көне тарихтардан айқын дәлелдер мен деректерді тізе
отырып, үйсіндердің «Үйсін» атымен де, құрамындағы тайплар (Дулат – Түркеш –
Сарыүйсін, Иөбән – Албан, т.б.) атымен де жалғасты өмір сүре келе, Түрік қағандығына
қосылғанын баяндайды. Мұның арты, әрине, оның өзге ұлттарды құрауға, денінің
қазақты қалыптастыруға қатысуы болмақ.

 

Ескертулер:

  1. Бұл еңбекті орысшаға аударып жарияласа жақсы болар еді.

Оның төте жазушасы мен ханзушасы Қытайдан шықпақ.

  1. Автор бұл еңбегін ең алғаш төрт ғалымға (Қытайдағы Жақып

Мырзаханов пен Шадыман Ахметке, Қазақстандағы Нәбижан
Мұхаметхан мен Мәмбет Қойгелдіге көрсетіп, олардың пікірін алып өңдегенін, тек
олар қысқарт деген тұстардың (кіріспе мен түрік қағандығына қосылғаннан соңғы
баяндаудың) автор мен баспа ара ұғыспаудың салдарынан сол беті басылып кеткенін
айтады және соңғы екі ғалымнан кешірім сұрайды.

 

 



[1] Ежелгі
үйсіндерді бүгінгі қазақ түгіл, түріктергеде жолатпай еуропалық этностарға
телушілер бар.

[2] Әкесін
Ғұн Тәңірқұты өлтіргендіктен және нүкістерді қуып ірге кеңейтіп, күшейгендіктен
дейтін екі қарас бар

Ру туралы

$
0
0

СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙ
Ру – атадан өрбіген туыстас адамдардың жиынтығы екендігі көпке мәлім. Қазақ жөн сұрасқанда «қай елсің, қай русың» – деп сұрайды. Өйткені қазақ тарихы – жеке адамдардың, рулардың, тайпалардың тарихы. Қазіргі уақытта ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға байланысты руын, тегін білу бұрынғы кездегідей «айып» болмай отыр. Дегенмен, баспасөз беттерінде рушылдық туралы мақалалар да аз емес.  Тарихымызға көз салып отырсақ, аталарымыздың осы ру таласынан опық жеген уақыттары аз болмаған екен. Руға бөліну қазақ елін біріктірмей, талай рет өзге ұлт өкілдерінің алдында беделімізді де түсірген. Сонда рушылдық дегеніміз не?
Бір қызығы, кез-келген қазақ  өз ұлтының бойында жікшіл, бөлінгіш қасиеті барын түсінеді және сынайды да. Сонда да осы бірлік, ұйымшылдық жөніндегі ұрандар көбіне жеме-жемге келгенде жоққа шығады. Бұрынғы заманда да, «сонау революциялық жылдары да қазақ зиялылары «бірлік» деп айтып өткен еді, әлі айтып жүрміз, айтып келеміз. Яғни, қазақ өзінің осы әдетінің ең сорақы екендігін білгенімен, ұйымшыл ұлт болу жөніндегі әрекеті сәтсіз болып шығып жүргенге саяды. Ойлап отырсақ, руға бөлінушілік қазақ қанына сіңген, мәңгілікке бұйыртқан «жазасы» іспетті. Мұны қазақтың «ұлттық қасиеті» деуге болар еді, бірақ өзін-өзі жамандыққа кім қия алады?
Теңгенің екі жағы сияқты рушылдықтың да екі жағы бар. Бірі – жақсы жағы, екіншісі – жаман жағы. Жаман жағынан тоқталып өтетін болсақ, рудың оқшаулануы, қазіргі кезде – жұмыс бабындағы «ағайыншылдық». Егер біз бір таныс адамды үлкен орынға сайласақ, не сол таныс басшылық орынға ие болса, оның ертең өз жақындарын «заңдандырылған» жолдармен өз төңірегіне жинамасына кепіл бере алмаймыз. Яғни біз оны сайлағанда (тағайындағанда) «әй осы халыққа пайда келтірсін, елге қызмет етсін» – деп ойламайтынымыз шын. Тіпті өтіп ойламағанның өзінде, ми түкпірінің бір түбінде жатқан осындай ойдың болуы обьективті нәрсе. Ең алдымен, біз өз пайдамызды ойлаймыз. Әрине, мұны жаман деуге болмайды, мәселе осы ниеттің көлемінде.
Қазақтың ішінен көпшілікте қалыптасқан бар адамды «орташа қазақ» деп алатын болсақ, әлгі қазақтың «үлкен орын» туралы ойының негізі – жайлылық, тынышы, пайдасы мол, жауапкершілігі жоқ қызмет, яғни бұл таңдаудың басты критерийі - өзіне пайда келтіру, «сен маған, мен саған».
Жоғары деңгейдегі рушылдық пен ағайыншылдық – бюрократиялық мемлекеттің жемісі. Айтылып өткен принцип («у ішсең руыңмен») өзінің жағымсыз көріністеріне осы қоғамда кең қанат жайғызды. ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезінде капиталистік қатынастардың дамуына байланысты рулық қатынастың «мұзы» да ери бастаған еді. Әсіресе, 1921-1928 жылдардағы жаңа экономикалық саясат (НЭП) мұны тездетті. Қазақ арасында жеке меншік заң жүзінде реттеліп, «орташа» адамдардың үлесі өскен еді, ал «орташа» дегеніміз жекеменшікке негізделген, даму барысында рулық байланыстарды жоятын бірден-бір күш еді. 1928 жылдардан басталған коллективтендіру бұл ыдыраушылықты тоқтатты. Толық мемлекеттендірілген шарушылықта «жаңа рушылдықтың»  бой көтеруіне толық жағдай жасалынды, оның нәтижесін қазір көріп те жүрміз. Бұл құбылыстың себебін түсіну үшін ру-рушылдық дегеннің не екенін түсінуіміз керек.
Ғылыми тілмен айтсақ, ру – тарихи-әлеуметтік категория яғни қанша «көрмейік, ұмытпайық» дегенімізбен, біздің ойымызға бағынбайтын обьективті нәрсе. Біріншіден, ру – тарихи категория, көшпелілер өмірінің тарихы осы ру-тайпалардың тарихы, екіншіден, саяси  категория – ру көшпелі халық үшін өзіндік «паспорт», сол арқылы өзінің жадын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды. Үшіншіден, биологиялық категория - әр ру жетінші ұрпаққа дейін қан бұзылмауын, яғни қандас туыстардың некелеспеуін қадағалап отырған.
Сонымен қатар ру дегеніміз – қоғамның, қазақ көшпелі қоғамының экономикалық бірлігі, «атомы». Классикалық капиталистік қоғамның экономикалық бірлігі – жекеменшігі бар адам болса, қазақ қоғамынікі – осы ру болды. Көпшілік ойлағандай қазақ қоғамында жекеменшік болған жоқ. Өйткені қазақ үшін экономиканың негізі, құраушысы – мал, жайылым, су көзі болса, осы үшеуі рудың меншігінде болды. Ру – қандас туыстардан тұрғанымен экономикалық қажеттілікке бағынышты болды. Мал бағу үшін белгілі көлемде (шөбінің құнарлығы мен жеткіліктілігіне сай) жайылым керек, сол жайылымдағы мал мен ру мүшелерін асырау үшін адам саны да шектеулі болуы тиіс. Дәстүрлі қазақ ауылы негізінен 20-50 жанұядан тұрды. Одан арта бастағанда әлгі ру кіші руға бөлінуі керек, яғни қазақ тілмен айтсақ, балалар енші алып, басқа жерден жайылым алып, жаңа ауыл құруы тиіс. Қазақта рулардың төрт-бес атадан кейін тармақталуы осыған байланысты.
Ал рудың ішкі құрылымы да біртекті емес. Рудың ішінде байы, биі, батыры, сондай-ақ «қаралары» болады. Байлар іс жүзінде мал мен жерді меншіктенгенімен, бәрібір мал мен жер игілігіне де қатысты болды. Және де ру мүшелері бір-біріне тығыз байланысты, бір-бірімен өмір сүруі – сол заманға сай еді. Ең төменгі сатыдағы ру – ауыл өз жерін, өз малы мен суын көршілерден қорғауы үшін ұйымшылдыққа дағдыланды, сөйтіп көршілерінің деңгейі өсе бастаған сайын (көрші ауылдан көрші жауласқан халыққа дейін) рулар да үлкен рулық бірлестікке, одан үлкен тайпаға біріге алады. Былайша айтқанда, адай кіші жүз арасында адай болса, қазақ арасында Кіші жүз болып шыға келді, ал ішкі мәселеге келгенде жеменей не мұңал болып бөлініп кете алады.
Қысқаша айтқанда, рудың өмір сүруі экономикаға байланысты болып, негізгі принципі – сыртқа күштерден қорғану болды. Тыныш болғанда, кіші рулар мал-жанға бір-бірімен қырқысса, соғыс жағдайында тайпаға, жүзге, халыққа бірікті. Сондықтан үш мың жыл бойына дала тарихында мемлекеттердің халықтардың, тайпалардың, рулардың сан рет ыдырап, сан рет, сан түрлі рет бірігуі – экономикалық қажеттілік пен осы «қорғаныс факторының» нәтижесі деп түсіндіруге әбден болады. Қорғаныс факторына тіл, дін, шаруашылық әдіс те әсер етеді.
Социализм заманында үш мың жыл бойына ешбір өзгеріссіз дерлік (шаруашылық әдіс бойынша) дамыған көшпелі қазақ халқы бірден, тез уақыт ішінде жаңа қоғамдық қатынастарға өтті. Қазақтар – дінін, жер-суын, атын, экономикалық жүйесін, тілін, әдет-ғұрпын жоғалтуға таяды.
Бірақ рушылдық социализм жағдайында түкпірге айдап тығылса да, сақталылп қалды.  «Қорғаныс факторы» бұл система да (тек жағымсыз жағынан) жүзеге асты. Кез-келген қоғамдық, өнідірістік обьекті (мекеме, оқу орны, кәсіпорын, т.б.) мемлекеттік меншікте болып, еңбек нәтижесіне қарамастан, еңбек байлығы бірқалыпта, бірдей бөлініп отырды. Яғни жұмысты нашар істесең де, жақсы істесең де алатын табысың бірдей.  Сондықтан осындай обьектіні басқару «бәрібір алатыным – сол айлық, жанығып нем бар», – деген ойды туғызды. Бастық болған адам өзінің «тыныштығы мен пайдасы» үшін қылмысты  «көрмейтін» көбіне ағайын-туыстарын жинайды, «жылы орынға» орналастырады. Бұл құбылысты өндірісте де, қоғамдық өмірде де, оқуда да көріп жүрміз.
Экономикалық қатынастар да халықтық сананы анықтайды. Сондықтан да ұлттық сананы «әй, ағайын, руға бөлінбең!» – деген бағытта үгіт-насихат жүргізу, тәрбиелеу экономикалық негіз өзгермейінше сәтсіз болмақ. Қазақ өзінің «рушыл», «арызқой» екенін жақсы білгенімен, келеңсіз әдет екенін түсінгенімен оны қазіргі жағдайда жоя алмайтыны түсінікті. Өйткені тілектің аты тілеу, қанша айтқанмен өмір өз дегенін істейді. Сонда рушылдықтың ертеңі не болмақ?
Қоғамның нарықтық экономикалық қатынастарға өте бастауы осы мәселені шешуде үміт күттіретін жағдай. Экономикалық-саяси еркіндік заманында «рулық мекемелер» өмір сүре алмайды. Өйткені табыс әрқашанда еңбек ету нәтижесінде келеді. Ал бастық үшін енді «арамтамақ» ағайындардың қажеттілігі көп салада, әсіресе таза өндірістік мекемелерде жойылады. Ал кең демократиялық жариялылық мемлекеттік басқару аппараттарында «рудың» кең қанат жаюына жол бермейді.
Дегенмен, азиялық дамыған елдердің (Корея, Жапония, Кувейт, т.б.) экономикалық тәжірибесін алатын болсақ, осы елдердің табысының көзі – «батыстық» европалық технология мен ұлттық дәстүрді, ұлттық философияны дұрыс ұштастыра білуінде. Осы жетістікте жанұялардың (ру-клан) жағымды жақтарын ұмытпауымыз керек. Өйткені осы елдердің экономикасында семьялық кландардың ролі күшті.
Нарықтық қатынасқа өте отырып, қазақ ру бірлестігінің жақсы жақтарын: туысқа көмектесу, үлкенді сыйлау тағы басқа, барынша толық пайдаланып, халық өмірін жақсартуға, экономикалық дамуға кең мүмкіндік бар. Болашақта «социалистік рудан» - оқыған, зиялы, адал рулық, ағайыншылдыққа өтетін шығармыз деп үміттенеміз.

Жаңа өмір газеті, 28-қыркүйек-1995 ж.

Мәлімдеме

$
0
0

«Халық өкілдері құрылтайы» құрған Қазақ Ұлттық Кеңесінің мәлімдемесі

Бүгін, 6:33 2 пікір 82

Қазақстан Републикасының Президенті

   Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА,

       ҚР Парламент Сенатының Төрағасы

  Қасымжомарт ТОҚАЕВҚА,

      ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы

      Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИНГЕ,

  Қазақстан Республикасының Премьер министрі

   Серік АХМЕТОВКЕ,

   Қазақстан Республикасының Мемлекеттік

    хатшысы Марат ТӘЖИНГЕ

және барлық Қазақстан халқына

 

«Халық өкілдері құрылтайы» құрған 

Қазақ Ұлттық Кеңесінің

М Ә Л І М Д Е М Е С І

2013 жылдың 23-ші қарашасында Алматы қаласында «Халық өкілдерінің құрылтайы» өтті. Бірақ, билік Құрылтайды өткізбеуге барынша тырысып баққанымен, шындық күші өріс тапты. Оған республикамыздың 12 облысынан арнайы өкілдер қатысты.

Сіздердің назарларыңызды «Халық өкілдерінің құрылтайында» көтерілген мына мәселеге аударғымыз келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Байырғы халықтардың құқығы туралы Декларациясында республикадағы байырғы халық жоғарғы билікке, жергілікті мемлекеттік органдарға талаптар қоюға, Үкіметпен, басқа да ресми орындармен келіссөздер, кездесулер өткізуге, ұлттық мемлекет құру тұжырымдамасын, әлеуметтік ахуалды жақсартудың, ұлттық экономика мен ұлттық идеология қалыптастырудың өзге де мәселелерін көтеруге және сол мәселелерді шешуге, мемлекеттік тіркеуді қажет етпейтін ұйым құруға толықтай құқылы делінген. Осыған орай, «Халық өкілдерінің құрылтайы» Біріккен Ұлттар Ұйымының Байырғы халықтардың құқығы туралы Декларациясының 18-19-баптарының және құрылтайдың қарарына сәйкес, республикамызда тіркеуді мүлде қажет етпейтін Қазақ Ұлттық Кеңесінқұрды.

«Халық өкілдерінің құрылтайында» Қазақ Ұлттық Кеңесіне мемлекет құраушы Қазақ халқының атынан мемлекеттік органдар алдында ресми түрде Қазақ халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік мүдделерін қорғау, сондай-ақ ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің, министрліктер мен ведомстволардың, басқа да мемлекеттік органдардың, әкімшіліктердің, сот орындарының жұмысына, лауазым иелерінің қызметіне ұлттық көзқарас тұрғысынан қоғамдық баға беру және бірлесіп жұмыс істеу міндеттері жүктелді.

Бұл міндеттер Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері құқықтарының шектелмеуін басты назарда ұстайды және оларға әрдайым көмек қолын ұсынуға әзір екендіктерін мәлімдейді.

Құрылған ұйымның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қорғау және нығайту, еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау және барлық Қазақстан азаматтарын ұлтына, тіліне, дініне қарамастан мемлекетіміздің одан әрі дамуы жолында бірлесіп қызмет етуге топтастыру.

 

Қазақ Ұлттық Кеңесі қазіргі Қазақстан билігіне төмендегідей

ТАЛАПТАР ҚОЯДЫ:

1. Қазақстанның көрші елдермен достық, экономикалық байланыстарының маңыздылығы сөзсіз. Алайда Еркін экономикалық аймақтар құру арқылы шешілетін мәселеге Кедендік одақ құрудың қажеті жоқ болатын. Енді бұл мәселені түпкілікті шешу үшін Кедендік одақта қалмау мәселесіне мароторий жариялау қажет деп санаймыз. Кедендік Одақ құрудағы мақсат Еуразиялық Экономикалық Одаққа қол жеткізу екендігі ешкімге құпия емес. Еуразиялық Экономикалық Одақ құру жөніндегі құжаттарға 2014 жылдың 1-мамырында қол қойылып, 2015 жылдың 1-қаңтарында күшіне енеді. Бұл – бұрынғы Кеңестер Одағын қайта жаңғырту. Оның ертеңі – саяси бодандық. Қазақ халқы бір қақпанға екі рет түсуді қаламайды. Еуразиялық Экономикалық Одақ дегеніміз – ортақ заңдар шығаратын Ортақ Парламент құруға, заңдардың орындалуына төрелік ететін ортақ сот құруға, бодандықты ақшамен бекітетін ортақ валюта шығаруға апарады. Бұл – тәуелсіздікті қолдан беру емес пе? Сондықтан Қазақстан Үкіметі мемлекетімізді саяси бодандыққа ұрындыратын идеялардың қандайынан болса да бас тартуға тиіс!

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың төңірегіндегі мақтау мен мадақтың шегі мен шетінің болмауы, елімізде жеке адамға табыну мәселесінің кей тұстары Сталин, Хрущев, Брежнев кезіндегіден де асып түсуі ащы шындық екені айқын. Екі-үш мысал ғана келтірелік: Қазақстанның барлық облыстарында дерлік, кезінде Абайдың, Махамбеттің, т.б. ұлы тұлғалардың есімін иеленген, жұрт көп қыдыратын Орталық саябақтардың бұрынғы аты алынып тасталып, тек тұңғыш Президенттің атына ауыстырылуы, республикамызда болашақта ұзын-саны 90-ға жететін, бүгінгі таңда 20 «Назарбаев зияткерлік мектебінің» салтанат құруы және оларға басқа мектептердің түсіне кірмеген қыруар қаржының бөлінуі, «Хабар», «Қазақстан», тағы басқа телеарналар уақытының үлкен бөлігін тек Президентті мадақтауға құруы, бүкіл әлемде қалыптасқан демократиялық үрдістерге мүлде қайшы істер. Қазақстандағы жеке адамға табыну ағымына тоқтау салар кезең келді. Бұған Президенттің өзі де қарсы болмас деп сенеміз.

3. Мемлекет басшысына ант берген лауазым иелерінің едәуірі қылмыскер атанып жатыр. Бұл авторитаризмге негізделген Президенттік басқару формасынан туындаған «жемістер». Президент құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикамызда екінші Парламент қызметін атқарып жүр. Әлемнің бірде-бір елінде мұндай саяси жүйе жоқ. Мұның мүлде орынсыз екендігі сан рет айтылды, жазылды. Бірақ оған құлақ асар билік жоқ. Енді халық алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, Конституциялық жолмен Президенттік билікті Парламенттік-президенттік басқару формасына ауыстырғанды жөн деп білеміз. Президент Парламент алдында, депутаттар халық алдында жауапты болуға тиіс. Билік тармақтарының демократиялық қағидаттары сақталуы керек. Бір-бірін ретсіз қайталаушылықтан арылту үшін Парламенттің екі палаталық формасы біріктіріліп, шынайы халық өкілдерінен құралатын бір палаталық формаға көшірілсін. Депутаттыққа ұсыну мен сайлау жанама – партиялық тәсілмен емес, сайлау округтері бойынша, халықтық төтелей сайлау арқылы жүзеге асырылсын;

4. 2013 жылдың 30-шілдесіндегі ресми ақпарат бойынша Қазақстанның сыртқы қарызының көлемі 145,4 млрд. АҚШ долларына жетіпті. Мәселен, біз Нидерланды еліне – 33,5 млрд. доллар, Ұлыбританияға – 23,6 млрд. доллар, Қытай халық республикасына – 17,1 млрд. доллар, ал АҚШ-қа 11,2 млрд. доллар қарыз екенбіз. Осынша мол қаржы Қазақстанның қай жыртығына жамау болды және қайда жұмсалды? Әлде бұл қаржының едәуір бөлігі жеке адамдардың қалтасын қампайтты ма? Осы көкейтесті сұрақтардың жауабын халық білуі керек.

5. Қазақстан Республикасының «Ел бірлігі» доктринасында жазылғандай: «Қазақстан Республикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттігінің құқықтық, тарихи жалғыз дара мұрагері және оның саяси, мемлекеттік құрылымының табиғи жалғасы болып табылады. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін қорғау және ұлттық мемлекеттігін күшейту жолындағы барлық шараларды атқарады». Доктринадағы осы сөз мүлде назарға алынбауда. Еліміздің заңдары мен мемлекеттік шешімдерінің барлығы қазақ халқының ұлттық мүддесіне кереғар келмеуі тиіс. Сонда ғана қазақ халқы Қазақстан азаматтарын топтастырушы этнос рөлін абыроймен атқара алады.

6. Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-шы орында деп мақтанамыз. Бірақ, адамзат тарихында 50 жылда 752 рет ядролық жарылысты басынан өткізген тек қазақ жері шығар... Оған «Байқоңырдан» жыл сайын ұшатын Протондардан төгілетін гептилды, Ресейдің 7 әскери-сынақ полигондарында болатын сынақтарды қосыңыз. Ядролық жарылыстардың зардапты салдары аз болғандай және Чернобольді, Фокусиманы көріп отырып, атом электр станциясын салмақшымыз. Әлем елдері бас тартып отырған ядролық қалдықтар мен отынның қоймасын да өз жерімізге әкелуге келісім бердік. Осының бәрі қазақ жеріне, Қазақстан халқына үлкен қауіп әкелетінін билік білуге тиіс!

7. Ширек ғасырдан бері мемлекеттік тілге қатысты қолданылып келген саяси ойын салдарынан, мемлекеттік тілдің даму өрісі кеңеймей, қасаң бағдарламалар аясында қалып қойды. Үкіметте, Парламентте, дипломатияда, қаржы-бизнес, есеп-қисап т.б. салаларда мемлекеттік тілді қолдануға ерік-жігер мен ынта туғызылмады. Түрлі жиындардың басы мен аяғында қазақша бір-екі ауыз ғана сөз айтып, мемлекеттік тілді қорлау етек алды. Сондықтан мемлекеттік тілдің ең алдымен мемлекет құраушы ұлт тілі екендігі ескеріліп, Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдап, заң негізінде мемлекеттік тілдің құзырын күшейту қажет. Елбасының өзінен бастап мемлекеттік лауазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кездесулерде, негізінен, мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеліп, республика көлеміндегі маңызды іс-шаралар мемлекеттік тілде жүргізілсін. Республика министрліктері, мемлекеттік органдар, департамент, басқармалардың іс-қағаздары толықтай мемлекеттік тілге көшірілуі керек. Мемлекеттік тілді білмейтіндер ілеспе аударма қызметін пайдаланатын болсын. Мемлекеттік тілді мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар – мемлекеттік қызметке алынбасын! Мәдениет және ақпарат министрлігінің бір бөлімшесі ретінде ғана қызмет ететін Тіл комитетінің тіл проблемаларын шешуге мүлде шамасы жетпейді. Сондықтан Мемлекеттік Тіл агенттігін және Тіл инспекциясын құруды ұсынамыз;

8. Құрамында 23 ұлттың өкілі, 100 мыңнан астам мүшесі бар «Халық рухы» партиясын тіркеуге берген 6 жылдан астам уақыт ішінде партия өкілдері Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне 32 рет қайырылған екен. Олардың жауаптары: «Әлі тексеріп жатырмыз. Күте тұрыңыздар!». Тексерудің шегі мен шеті болмағаны қалай? Әділет министрлігінің жалтарма жауаптарын демократиялық ұстанымдарға мүлде қайшы деп есептеп, жақын арада партияны тіркеуді талап етеміз. Бұл талап орындалмаған жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымына және әлемдік деңгейдегі демократиялық күштердің қорғауына жүгінетінімізді мәлімдейміз;

9. 1926 жылы Кеңестер Одағының кезінде Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. 62 жылғы үзілістен соң Наурыз мейрамы 1988 жылдан бастап, мемлекеттік деңгейде қайта тойлануда. Бірақ әлі күнге дейін өзінің негізгі міндетін атқара алмай келеді. Наурыз мерекесі (21-22-наурыз күні) түркітілдес халықтардың Жаңа жылы болып саналады. Нақ осы мерзімде күн менен түн теңеседі. Әрбір отбасы ағаш отырғызуға міндетті. Егер адамдар ренжіскен, өкпелескен болса, өзара кешірім сұрасып, татуласуы шарт. Наурыз мейрамының осындай рухани өнегесі бар. Бірақ біз әлі күнге дейін Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан дәстүр бойынша, Жаңа жылды 1-қаңтарда тойлап келеміз. Бұдан былай Жаңа жыл мерекесін Наурыз мейрамымен бірге тойлау – ежелгі ата-баба дәстүріне бет бұру екенін ұмытпағанымыз абзал.

10. «1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы» деп аталған Желтоқсан көтерілісі көлемі және рухани қуаты жағынан бүкіл Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы болды. Кейіннен Одақ құрамынан шығып, егемендік туын желбіреткен елдердің бәрі дерлік белгілі деңгейде осы Желтоқсан көтерілісіне қарыздар. Желтоқсан оқиғасын тексерген және оған түпкілікті баға берген комиссия Кеңестер Одағының салтанат құрып тұрған кезінің өзінде КОКП Орталық Комитетіне, оның Саяси Бюросына үлкен кінә тағып, билік құпия ұстап келген 168 адамның қаза болғанын және оқиғаға айыпты 41 адамның аты-жөнін әйгіледі. Бірақ Қазақстан Прокуратурасы комиссияның талаптары мен ұсыныстарына құлақ аспай, мәселені жылы жауып қойды. Тіпті Қазақстан билігі Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығын да ескерусіз қалдырды. Әлі күнге дейін республикамыздың тарихы жазылған кітаптарда және мектеп оқулықтарында Желтоқсан көтерілісінің шындығы мүлде жоқ. Билік қалыптастырған бұл тоңмойындыққа әділетті көзбен қарар кезең әлдеқашан келгенін ескертеміз.

11.  Жат жұрттағы 5 миллион қандастарымыздың көпшілігі Қытайда, Ресей мен Өзбекстанда тұрады. Бұл елдерде қазақ тілді мектептер мүлде жабылып, білім беру жүйесі тұтастай қытай, орыс және өзбек тілдеріне ауыстырылған. Сондықтан да ұлтсыздандыру саясаты қарқынды жүруде. Үкімет дайындаған «Еңбек миграциясы туралы» соңғы заң жобасында қандастарымыздың азаматтық алу мәселесін 5 жылға ұзартып, олардың елге оралуына үлкен бөгет қойылуда. Сондықтан бұл заңның кері қайтарылып, шетелдердегі қандастарымыздың атамекенге оралуына құқықтық тұрғыдан барынша жағдай жасалуы қажет. Оралмандардың азаматтық алу процесі мейлінше жеңілдетіліп, олардың елге оралуына барлық мүмкіндікті жасаумен шұғылданатын арнайы Мемлекеттік Агенттік құрылсын;

12. Елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер бөлшектерінің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткендігі ешкімге құпия емес. Бұрын Ислам діні, кейінірек Христиан діні салтанант құрған қазақ жерінде егеменді ел атанғаннан соң 4 жарым мыңнан астам бірлестіктер мен секталардың, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген миссионерлердің қаптап кетуі және олардың үйме-үй жүріп жұртты өз дініне үгіттеуі, миллионға жуық қазақтың басқа дінге өтіп кетуі, билік басындағылардың бұған тоқтау саларлық заң қабылдауға мүмкіндік бермеуі, Хрущев кезіндегідей Қазақстанның ұлттар достығының лабораториясына айналғаны сияқты, бүгінгі дәуірде діндер лабораториясына айналуы елдігімізге сын болды. Егер Американың осындай шараларға жыл сайын 11 млрд. доллар қаржы бөлетінін ескерсек, соның үлкен бөлігі Қазақстанға келіп жатқаны белгілі. Сол үшін де шетелден қаржыландырылатын және дәстүрлі дінімізбен үндеспейтін жат діни ағымдарға тосқауыл қойылып, жергілікті халықтың әдет-ғұрыптарына қайшы келетін діни бірлестіктердің іс-әрекеттеріне тыйым салынсын;

13. Төл тарихымыздағы ақтаңдақтарды еске алу – ата-бабаларымыздың алдындағы басты парызымыз. Мәселен, 1918 жылы Түркістан автономиялық республикасында 1 миллиондай, 1921-22 жылдары болған ашаршылық нәубетінен 800 мыңдай қазақ опат болды. 1931-33 жылдары арнайы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың зардабынан қазақтың 70 пайыздайы қырылып қалды. 1928-38 жылдары болған қуғын-сүргінде 130 мың адам жазықсыз сотталды. 25 мыңдай қайраткерлеріміз бен арыстарымыз халық жауы деген жаламен атылып кетті. Осы жантүршігерлік қасіретті еске алу күні неге жоқ? Жазықсыз жапа шегіп, жоқтаусыз кеткен, ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етіп тұру үшін, 31-мамырда атап өтілетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін «Қазақ Ұлтының Қасірет күні» деп атауды ұсынамыз;

14. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді қайта сараптаудан өткізіп, латифундистер мен олигархтарға әр түрлі жолдармен шектеусіз үлестірілген, күтімсіз қалған жерлерді мемлекет иелігіне қайтарып, оны диқан-шаруаларға, оралмандарға беріп, ол жерлерді игеруге мемлекет тарапынан, ұлттық қазынадан қаржы бөлінуі қажет. Дәнді дақылдар өсіру, оны шетелге сату сияқты желеулермен бірлескен күмәнді кәсіпорындар құруға жол беруге болмайды. Сондай-ақ, шетелдіктерге әртүрлі сылтаулармен 49, 99 жылға жалға берілген жерлерді кері қайтару мәселесін шешу және мұндай істерге тосқауыл қоятын кезең жеткенін ескертеміз. Сол сияқты «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен өзге де құндылықтарымыз да халық игілігіне қайтарылуы тиіс;

15. Сот және құқық қорғау органдарының өздері сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың қайнар көзіне айналды. Сондықтан елімізде жемқорлық пен парақорлыққа қарсы тосқауыл қоюдың жаңа және тиімді түрлерін іздестірген абзал;

Ел  экономикасының  70  пайыздан  астамы  шетелдік компанияларға 24-50 жылға басқаруға берілген. Оларға керегі – Қазақстанның шикізаты. Сондықтан ел экспортының 90 пайыздан астамы шикізаттың үлесінде. Шикізатқа тәуелді Қазақстан дамыған ел қатарына қосылуы екіталай. Сондықтан, елдің экономикалық саясатын түпкілікті өзгертіп, инновацияны қоғамның барлық саласына енгізуді қамтамасыз етіп, Қазақстанның жоғарғы технологиясы дамыған өркениетті мемлекет болуына қол жеткізу. Өз экономикамызды өзіміз басқаратын жағдайға жету үшін, шетелдік компанияларға басқаруға берілген кен орындары мен кәсіпорындарды Ұлттық компаниялардың меншігіне қайтару саясатын жүйелі жүргізу қажет. Еліміздің шағын және орта кәсіпкерлігін дамытуға жан-жақты жағдай жасалсын және Қазақстанның ұлттық байлығы мемлекет меншігіне қайтарылсын;

16.  Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленгеніне 25 жылға таяу уақыт өтсе де мемлекеттік тіл туралы арнайы заңның болмауы ана тілі беделінің құлдырауына әкеп соқты. Оның үстіне билік «Үш тұғырлы тіл» дегенді ойлап тапты. Бұл орыс тілін де мемлекеттік тіл жасау саясатынан туындаған әдіс. Әлі оң қолы мен сол қолын айқын айыра алмайтын балабақшадағы екі жасар сәбиге бірден үш тіл үйретуге бет бұру педагогиканың заңына түгелдей қайшы, қылмысқа барабар іс. Тіпті бұрынғы  Кеңестер Одағының өзінде балаға шет тілді бастауыш сыныптан кейін үйрететін. Ал Жапонияда бүлдіршін 12 жасқа жеткеннен кейін ғана шет тілдерді үйренуге бағыт алады. Оған дейін жас қанат өз ана тілінің сұлулығын, құдіретін бойына толық сіңіруі, туған ана қуатын мойындауы қажет. Содан кейін ғана он тіл, тіпті жүз тіл меңгере ме, өз еркі. Педагогиканың заңына кереғар «Үш тұғырлы тіл» саясатын өркениетті елдер тәжірибесіне үйлестіріп, жалпы жас жеткіншектерге шет тілін үйретуді әлемдік тәжірибеге сай жүргізуді талап етеміз;

17. Қазір республикамыздағы кез-келген банк жүйесі туралы «пайыздарын көбейтіп, тұтынушыларын қанайды» деген нақты деректермен берілген пікірлер баспасөз беттерінде айтыла бастады. Еуропада несиелік пайыздың нормасы 1-2, ары кетсе 3 пайыздан аспайды екен. Ал АҚШ-та 3,3 пайызды құраса, Жапонияда 2 пайыздық өсіммен беріледі. Ал біздің елімізде бұл көрсеткіштер 10 есеге дейін жоғары. Оның себебі, шетел банктерінен 2-3 пайыздық қайтарыммен алып келген мол қаржыны елдегі банктер 20-30 пайыздық өсіммен халыққа ұсынады. Қазір елімізде еңбекке жарамды адамдардың несие алмағаны кемде-кем. Яғни, республика жұртшылығын түгелдей банктер қанауда. Сол сияқты мемлекет тарапынан қолдаудағы «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасын іске асыратын «Тұрғын-үй құ­рылыс жинақ банкінің» өзі коммерциялық, түрлі астыртын амалдармен ипотекалық несиеге негізсіз пайыздық сыйақы қосады. Банктер «жасырын пайыз» арқылы өте көп пайда көріп отыр. Сондықтан да борышкерлердің қарызы екі-үш есеге көтеріліп кетті. Осыған орай, астыртын, арам амалдармен халықты қанап отырған банк пайыздарының мөлшерін төмендететін банктік реформа жасауды талап етеміз;

18.  Елімізде әйелдердің зейнетке шығу мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Бұл тұрғыда үкімет қолға алған реформаның мәселе мәніне бойламай, асығыс жасалғандығы осы сала министрінің жылы орнын босатуына ұласты. Аталмыш реформаның аяғынан тік тұрып кетуіне Парламент барынша қолдау білдіргенімен, ол бәрібір халықтан қолдау таппады. Мәселеге Президент араласқаннан кейін үкімет қолға алған реформа сырт көзге өзгеріске түскендей болып көрінгенімен, әйелдердің зейнетке шығу жасын 63 жасқа ұлғайту шешімі сол қалпында қалды. Аналар құқығы тіпті Кеңестер Одағы кезінде де тап бұлайша аяқасты болмаған еді. Сондықтан, біз зейнетақы реформасын тәуелсіз ел мүддесіне сай қайта қарау керек деп есептейміз;

19. Қазба байлықтарының көлемінің молдығы жағынан Қазақстан әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі екені даусыз. Егер алтынның 1 грамы 6 мың теңге екенін ескерсек, елімізде өндірілетін, әлемнің ешбір елінде кездеспейтін осми және рени атты рудалардың 1 грамы жабық көтерме сауда орындарында 100 мың АҚШ долларына бағаланады екен. Ал қорғасын, цинк, барит, хром рудаларының көптігі жағынан біз бүкіл әлемде бірінші орын, уран, марганец, күмістен екінші орын, мыс қорының молдығы жағынан үшінші орын, кобальт, қара металл рудаларынан бесінші орын, фосфорит пен көмір қоры бойынша алтыншы орын, мұнай қорының көптігі жағынан жетінші орын иеленеді екенбіз. «Осындай ұшан-теңіз байлықтарда қарапайым халықтың үлесі бар ма?» деген сұрақ ылғи да алға шығады. Дәл біз сияқты мұнай қорын иеленген араб елдері әрбір жаңа туған балаға 7 мың доллар, үйленіп, шаңырақ көтерген жас жанұяға 64 мың доллар, кәсіпкерлікпен шұғылданамын дегендерге 20 мың доллар көлемінде қайтарымсыз көмек-қаржы береді. Бұған қоса бүкіл елдің оқуын, медициналық жәрдемін және пәтер ақысын мемлекет өз мойнына алған. Біздің елімізде мұнайдан және басқа байлықтардан түскен қаржылар кімдердің қалтасын толтырып жатқанын жұрт біледі. Неге республикамызда осындай игіліктердің бірі жоқ? Туған жеріміздің қазба байлықтарынан түскен қаржының республика азаматтарының игілігіне жұмсалуын талап етеміз;

20. Елімізде қазақ тілінде 500-ге жуық, ал орыс тілінде 2 жарым мыңға тақау газет-журнал жарық көреді екен. Егер тек Шымкент қаласынан өз ана тілімізде 300 газет-журнал шығатынын ескерсек, қалған 200 басылым бүкіл республикаға тиесілі. Әрине, бұл мақтанарлық жағдай емес. Ең күрделі мәселе мынада: Ресей мемлекетінен Қазақстанға 5500-ге жуық газет-журнал келіп тарайды. Кез келген дүңгіршекке барыңыз, қазақ басылымдары орыс баспасөзінің көлеңкесінде қалған. Тіпті, дүңгіршек иелерінің  көпшілігі белгілі қазақ басылымдарының атын да атай алмайды. Енді республикамыздың қалаларындағы барлық кітап дүкендерінде 90, 95, 100 пайызға дейін тек Ресей баспалары өнімдерінің сатылуы, сондай-ақ Ресейдің 50-60 телеарнасының кабельдік  жүйе арқылы әрбір үйде күндіз-түні көрсетілуі қазақ зиялыларын «біз осы Қазақстанда тұрамыз ба, жоқ әлде Ресей Федерациясының құрамына еніп кеттік пе?» деген ойға тартады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін сақтау және еліміздің ұлттық мүддесін қорғау үшін Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы туралы ұлттық бағдарламасы қабылданып, шұғыл түрде жүзеге асырылсын;

21. Негізін «американдық ұлттан» алатын «Қазақстандық ұлт» саясаты Қазақстан халқы Ассамблеясы доктринасынан алынып тасталынғанмен, қоғамға сыналай ендіріліп жатыр. «Қазақстандық ұлт» саясаты қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауымның жіті назарында болғандықтан, бұл іске қайта бет бұру, халықтың зор қарсылығын тудыратынын биліктің есіне саламыз:

22. Кез келген мемлекеттің демократиялық  құқына назар салып көріңіз. Егер халық билікке риза болмаса, көшеге шығып, жиналыстар, митингілер, шерулер өткізіп, өз пікірі мен ойын ашық түрде білдіре алады. Ал бізде «Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заң бойынша жергілікті әкімшіліктерден шеру немесе қоғамдық жиналыс өткізуге рұқсат сұрауға тиістісің. Ол өтініштің өзіне әкімшілік он бес-жиырма күнде немесе бір айда әзер жауап қайырады, негізінен рұқсат бермейді. Ресми рұқсат етілмеген жиындарды ұйымдастырушыларды қысқа мерзімге қамауға алып, айыппұл салады. Заңмен бекітілген бұл жүйе адам құқықтарын жүзеге асырудың халықаралық стандарттарына қайшы келетіндіктен, бұл орайдағы заңды қайта қарауды талап етеміз;

23. Жоғарыда қойылған талаптардың ойдағыдай орындалуы үшін, үш ай мерзім ішінде, еліміздің құзырлы мемлекеттік органдары мен Қазақ Ұлттық Кеңесінің мүшелерінен топтастырылған Біріккен жұмысшы тобын құруды талап етеміз.

 

Қазақ Ұлттық Кеңесі атынан:

Мұхтар ШАХАНОВ, Республикалық «Тәуелсіздікті қорғау» және «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалыстарының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы; Амангелді АЙТАЛЫ, Қоғам және мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор; Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы;Тұрсынбек КӘКІШЕВакадемик, филология ғылымдарының докторы, профессор; Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы; Дулат ИСАБЕКОВ, «Мәдениет» журналының бас редакторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы; Оразалы СӘБДЕН,  Қазақстан Ғалымдар Одағының Президентi, ҚР ҰИA Академигi, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты;Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы-публицист;  Жарылқап ҚАЛЫБАЙ«Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының бас редакторы; Мақсат НҰРЫПБАЕВ,заңгер, қоғам қайраткері; Ғабиден ЖӘКЕЕВ, тарихшы, Ғабит Мүсірепов пен Бердібек Соқпақбаев қорларының төрағасы; Болатбек БІЛӘЛОВ,саясаттанушы; Айдар ӘЛІБАЕВ, қаржыгер, Қазақстан зейнеткерлер қауымдастығының төрағасы; Ермұрат БАПИ, «Тасжарған» газетінің бас оқырманы; Дәурен ҚУАТ, «Абай.kz» ақпараттық порталының жетекшісі;Мақсұт ҚАЛЫБАЙ, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңірген зейнеткер; Совет-Хан ҒАББАСОВ, жазушы, Медицина және педагогика ғылымдарының докторы, Махамбет сыйлығының лауреаты, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі; Жанұзақ ӘКІМ, саясаттанушы,биология ғылымдарының кандидаты; Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, ҚР мәдениет қайраткері; Балташ ТҰРСЫМБАЕВсаясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері; Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Мереке ҚҰЛКЕНОВ, жазушы, «Өлке» баспасының директоры;Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» республикалық жастар қозғалысының лидері; Дос НҰР-АХМЕТ, «Ұлт патриоттары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті;Қазыбек ИСА, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері; Ғазиз АЛДАМЖАРОВ, қоғам қайраткері; Мұсағали ДУАМБЕКОВ, «Халық жемқорлыққа қарсы комитеті» қоғамдық қозғалысының төрағасы; Еркін РАҚЫШЕВ, «Жас Ұлан» киностудиясының директоры;Молдағали МАТҚАН, жазушы-академик, қоғам қайраткері; Иса ОМАР,журналист-жазушы, «Замана» Баспа үйінің бас директоры; Жангелді ШЫМШЫҚОВ, ҚР ҒК Экономика институтының Астана қаласы бойынша филиалының директоры; Мәди МАНАТБЕК, тележурналист; Әзімбай ҒАЛИ,саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы; Серікжан МӘМБЕТАЛИН,қоғам қайраткері; Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері; Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Мемлекеттік тілге-құрмет» бірлестігі және  Әзірбайжан мәдени-орталықтарының төрайымы;КЛАРА ХАН,  Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі;  Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторыТалғат АЙТПАЙҰЛЫ, жазушы-публицист; Тоғайбай РЫСБЕК, журналист, Халықаралық жазушылар Одағының мүшесі; Рахым АЙЫПҰЛЫ«Жебеу» РҚБ орталық атқару кеңесінің директоры; Жұмаш КЕНЕБАЙ, «Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі; Жұмабек АШУҰЛЫ, Қазақстан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы; Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ,зейнеткер, қоғам белсендісі; Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, Бүкілтүркідүниесі ақындар фестивалі және Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты;  Тілеуберді БІНАШЕВ, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; Болат ДҮЙСЕНБІ, қоғам қайраткері; Бақытжан ТОБАЯҚОВ, ақын, ҚР мәдениет қайраткері, Ә.Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты; Назарбек ҚАНАФИЯ, филология ғылымдарының кандидаты; Қарлығаш ҚОЖАМҰРАТОВА, «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Бақтыгүл МӘКІМБАЙ, «Общественная позиция» газетінің бас редакторы; Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, «Қазақ елі» газетінің бас редакторы; Төлемырза ТЕМІРБЕКҰЛЫ, «Төртінші билік» газетінің бас редакторы; Асқар НАЙМАНТАЕВ, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайтаркері, «Беймарал» театрының бас продюсері; Болат ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,«Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық қозғалысы Астана қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары; Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ, қоғам қайраткері;Бейсенғазы СӘДУҰЛЫ, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Мәлік ӘБДІЛДИН, суретші, Дизаинерлер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері; Ілесбек БАЙЖАНОВ, «Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық қозғалысының ОҚО бөлімінің жетекшісі; Марат БӨТЕЕВ, «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы; Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының президенті;  Кенесары ҚАПТАҒАЙ, «Халық дабылы» қозғалысының төрағасы; Жанысбек ӨТЕГЕН саясаткер, Ибрагим ПАЙЗОЛЛА, «Қазақтану» қоғамдық қорының төрағасы; Құрманғали АШАНҰЛЫ, кәсіпкер; Айгүл ҚОХАЕВА, қоғам қайраткері; Талғат БАЛТАБАЕВ, «Уақыт» газетінің бас редакторы; Ардабек СОЛДАТБАЙ,«Шын» интернет порталының бас редакторы; Мұхтар МҰХАМБЕТЖАН, «Ел бірлігі» қоғамдық қозғалысының төрағасы; Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, «Қазақия» газетінің тілші; Мұхамбет-Шәріп КЕНЖЕБАЙ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің доценті, Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты;Кеулімжай ҚҰТИЕВ, «Иман» журналының тілшісі; Көбентай ҚАДЫРҒАЛИ,ҚР мәдениет қайраткері; Мұхтархан АБАҒАН, «Кенесары хан» қоғамдық қорының төрағасы; Рамазан ҚҰРМАНБАЕВ, «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қозғалысының Павлодар облысы бөлімшісінің төрайымы;Сәлім ОРАЗАЛИЕВ, «Жер  ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы; Бақтияр СЕЙІТОВ, заңгер; Серік БАЛТАБЕК, қоғам белсендісі; СЕРІК БАЙМУРЗИН,қоғам қайраткері; Берік АҒЫБАЕВ, «Болашақ» қозғалысы жастар қанатының жетекшісі; Нұржанбай ШЫНБАЕВ, «Алаш рухы» қоғамдық бірлістігінің белсендісі; Азат КӨКЕН«Азат» қозғалысының мүшесі; Айтмұхан ТАУЖАНОВ, зейнеткер; Зейнеп МЫРЗАБОЛАТ, зейнеткер, қоғам қайраткері;Мақсұт ОРАЗАЙ, қоғам қайраткері; Нұржан ОШАНБЕКОВ, қоғам қайраткері; Жұмамұрат ШӘМШІ, тарих ғылымдарының кандидаты; Жанна ИМАНҚҰЛОВА, журналист, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты;Әмірбек НҰРСҰЛТАН, заң және құқық магистрі; Шәкизада СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР Мәдениет қайраткері; Нұрғали ЖҮСІПБАЙ,www.erkineurasia.com медиа порталы редакторлар кеңесінің төрағасы; Аманғазы КӘРІПЖАН, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі; Сәуле АХМЕТОВА, ҚР баспа ісінің қайраткері; т.б. Барлығы: 227 адам қол қойды.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МҰРАТЫ

$
0
0
Әбдіжәлел Бәкір28 Қараша 2013, 12:33,010
ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МҰРАТЫ – ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ
Туасы демократияны жалпы адамзат баласы бостандығының қарапайым атрибуты деп түсінген, қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің әйгілі шығармаларының бірі – «Сот реформасы туралы жазбасында»: «қандай даму сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін қажет нәрселер: өздігінен даму, өздігінен қорғану, өзін-өзі басқару және тергеусіз сот», – деп жазған болатын. Ал, шындығына келгенде, бұл қағиданың астарында ұлттық мемлекет туралы логикалық ой да жатқан еді. Заманы туғанда Алаш қозғалысының жетекшілері бұл идеяны әуелі патшалық Ресейдің отаршылдығынан, сонан соң кеңестің қыспағынан құтылудың бірден-бір жолы ретінде ұғынды. 
Мемлекеттігіміздің бастауы болған Қазақ хандығы ХV ғасырда этникалық үдерістер мен қатынастар, мәдени-әлеуметтік мен экономикалық дамудың, қазақ этносының жетілуі нәтижесінде құрылғаны белгілі. Оның басында Керей мен Жәнібек сұлтан бастаған ұлтымыздың зиялы тобы болды. Мемлекеттіліктің бір нысаны ретіндегі хандық жүйенің өзіндік дамуы, аймағының кеңейе және нығая түсуі патшалық Ресейдің әуелі 1822 және 1824 жылдары қабылдаған «Сібір және Орынбор қазақ-қырғыздары туралы» жарғыларынан соң, одан кейін территориялық басқарудың отарлаушылық жүйесі ендірілуімен тоқтаған еді. Ресей мен оған өз еркімен кірген Кіші және Орта жүздің арасындағы құқықтық қатынаста қазақ жерін иемденуге байланысты сөз болмағанымен бұл үдеріс басталып кеткен болатын. 1867-1868 жж. «Уақытша ережелерге» байланыс­ты жүргізілген саяси-әкімшілік реформаға сәйкес арнайы қаржыландырылғаннан кейін орыс шаруаларының қазақ өлкесіне көшірілуі жүйелілік сипатқа ие болып, бұрын-соңды болмаған жаңа қарқын алған-ды. Мұны 1886-1891 жылдарғы ережелер жалғастыра түсті.
Ресей империясы қазақ халқын өзіндік өсіп-өркендеу жолы бар этникалық қауым ретінде өз халқымен тең көрмеді. Қайта ол өзінің табиғи ерекшелігінен қол үзіп, дамудың орыстану жолына түсуі тиісті деп ұғынды. Осы үшін сан түрлі айла-шарғыларға барды. Ең бірінші, жергілікті патша әкімшілігінің күшімен орыс қоныстанушыларына ежелгі тұрғындардың ата қоныстары, оты-суы мол, ең шұрайлы, шөбі шүйгін жерлері тартып әперілді. Қазақ шөл және шөлейт, т.б. құнарсыз жерлерге еріксіз ығыстырылды. Осы үдерісті жіті байқаған кәсіби тұңғыш ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин өз достарының біріне жолдаған хатында «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы жазғанын айта келіп, былай деген еді: «Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар, – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың». Бұдан сөз иесінің соншалықты көрегендігін еліміз тәуелсіздік алғанда ғана терең сезіне алып отырмыз.
Ұлттық намыс пен сана-сезімге тию, ежелгі дәстүрлі мәдениет мен ата салтты аяқ асты ету, рухани өркендеуіне кедергілердің қойылуы жергілікті халықтың ашу-ызасын келтірді. Жүздеген бас көтерулер болды. Кіші жүз қазақтарының Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы пен Махамбет Өтемісұлы, 1837 – 1847 жылдарғы Кенесары Қасымұлы, Есет Көтібарұлы және Сырдария қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедов басқарған көтерілістер, 1916 жылғы Қазақстанның талай жерін қамтыған бас көтерулер халқымыздың жадында мәңгілік орын алды. Бұлардың барлығы да жеңіліс тапты, бірақ азаттық идеясы бір сәт халық жадынан жоғалған жоқ.
ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегі жағдай қазақ өлкесінде жаңа әлеуметтік-саяси күштің пайда болуына алып келді. Мұндай ұйым 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткен Бірінші Бүкілқазақтық съездің шешімімен дүниеге келді. Ол ұлттық-демократиялық «Алаш» саяси партиясы еді. Оның басы-қасында Әлихан Бөкейхан бастаған бірсыпырасы Санкт-Петербург, Мәскеу сияқты қалаларда оқып, арысы Батыстың, берісі Ресейдің демократиялық ұстанымынан сусындаған, өз заманына сәйкес жоғарғы білім алған, озық ойлы сол кездегі Алаштың алдыңғы қатарлы азаматтары болды. Олар жетекшілік еткен күрес алдымен қазақ өлкесін, бірте-бірте бүкіл Түркістан аймағын қамтыған ұлт-азаттық қозғалысқа айналды.
Алаш қозғалысы қоғамдағы өктемдік пен әділетсіздікке қарсы шыққан қазақ халқының ұйымдасқан түрдегі іс-әрекеті, ұлттық сананың оянуының қоғамдық көрінісі болатын. Бұл өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты және қамтыған аумағы жағынан қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны еді. Мұның басқалардан басты артықшылығы, жер және билік мәселесімен қатар ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман талабына сәйкес етіп бейімдеу мәселесін көздеуінде болды.
«Алаш» партиясының бағдарламасының жо­басында негізгі идея еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болды. Бұл партия бағдарламасындағы «Мемлекет қалпы» деген бірінші тараудан айқын аңғарылады. Онда «Россия демократическая, федеративная республика болу. (Демократия мағынасы мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративная республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әр қайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді)» деп жазылған. Осындағы аса бір принципті мәселе – федерациядағы бірлескен мемлекеттердің құрдас, яғни олардың құқықтары тең, ынтымағы бір, бірақ іргелерінің бөлек және өз тізгіндерінің өздерінде болуы деген идея нағыз ұлттық мемлекеттіліктің болмысы болатын.
Мұндай мемлекеттің мәнін жақсы түсінген Әлихан Бөкейхан ортағасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеуліктен алып шығатын Батыстық буржуазиялық қатынас жолын таңдай отырып, қазақтың тарихи және ұлттық ерекшеліктерін қатаң сақтауды естен шығарған жоқ. Осы ғылыми әдістемелік қағиданың бүгінгі күні мәні ерекше зор болып отыр. Кейбір министрліктердің жиі тықпалайтын, кейде пайдалы реформаларының жүзеге аспай қалып жатқандығының да көбіне-көп сыры осында жатыр.
Ұлттық мемлекет құру туралы идея 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда жүзеге асты. Тоғыз күнге созылған Бүкілқазақтардың екінші съезі Автономия құру туралы шешімге келді. Уақытша Халықтық кеңес құрылып, Әлихан Бөкейхан соның төрағасы болып сайланды. Алайда жаңа замандағы ұлттық мемлекеттің үлгісіндей болған «Алашорда» автономиясы екі жарым жылдай ғана өмір сүрді. Кеңестік тоталитарлық жүйе қазақ халқының азаттықты аңсаған идеяларының жемісіндей болған Алашорда мекемелерін таратып тынды.
Алайда тәуелсіздік пен ұлттық мемлекет құру идеясын Алаш жетекшілері әсте ұмыта қоймады. Біреулері кеңестік құрылымда қызмет ете жүріп, екіншілері сыртта болғанымен бұл асқақ мұраттар үшін күрестерін тоқтатпады. «Найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметті» қолдамай Мәскеуге жер аударылғанымен, Әлихан Бөкейхан өмірлік ұстанымынан айнымады. Халық ағарту комиссары, Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі лауазымын ала жүріп Ахмет Байтұрсынұлының 1920 жылы В.И.Ленинге жазған хатында көтерілген қазақ өлкесін басқарудың басында жергілікті ұлт зиялыларының арасынан шыққан таза идеялық қызметкерлердің болуы, қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін қазақтардың басқаруы және т.б. ұлттық мемлекеттіліктің мәселелері болатын. Бірақ кеңес көсемі үнсіз қалды, жауап бергісі келмеді. Ал елдегі ішкі жағдайдан шетелде қоныс табуға мәжбүр болған Мұстафа Шоқай 1929 жылы «Біздің жол» деген мақаласында «Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп бодандықтан құтылуының бұдан басқа жолы болмағанын, қазір де жоқ екенін және бұдан соң да болмайтынын кесіп айтқан еді.
Азамат соғысында жеңіп, жаңа саяси-экономикалық және құқықтық бағдармен мемлекеттің қаңқасын құрып, іргесін бекітіп алғаннан кейін кеңес көсемдері азаттық пен ұлттық мемлекеттілік идеясын жүректерінде мәңгі сақтаған қазақ халқының саяси жетекшілері мен рухани көсемдеріне қайта оралып, оларды түгел дерлік әртүрлі қуғын-сүргінге ұшыратты, жан-жаққа айдады, атты.
Сөйтіп қазақтың талай ұрпағының ғұмырын қиған асқақ арман, биік мақсат жүзеге аспай, бар тізгін Мәскеудің қолына көшіп, жетпіс жыл бергені аз емес, бірақ алғаны әлдеқайда көп болған кеңестік Ресейдің құрамында болдық. Қазақ елі қағаз жүзінде «одақтас», ал іс жүзінде «тәуелді» республикалардың біріне айналды. Осы жылдары Қазақстан басшыларының арасында екі-ақ қазақтың болуы да көп нәрсені аңғартса керек. Ең негізгісі – қазақ қауымы адамзат қоғамының толыққанды мүшесі ретінде саяси һәм рухани еркіндікте болмады. Алайда азаттық идеясы қазақ жүрегінде сөнген емес. Оған кеңес заманындағы әртүрлі көтерілістер мен бас көтерулер айқын дәлел бола алады.
Жаңа мемлекеттілік жолында
ХХ ғасырдың соңы кеңес Одағы кеңістігінде саяси ахуалды өзгертті. Эконо­ми­калық-әлеуметтік салада қордаланған қиын­шылықтарды шешуге жалғыз коммунистік партия басшылық жасаған тоталитарлық жүйе дәрменсіздік танытты. Басшылық жаһанданудың оң ағыстарымен санаспады. Тиісті реформалар жүргізілмеді. Сондай-ақ ұлттық республикалардың мұдделерімен есептеспеу, олардың ұлттық мәселелеріне тоңмойындық таныту іштей бірліктің жойылуына алып келді. Мұның барлығы өзін мәңгілік санаған алып мемлекеттің ыдырауымен аяқталды. Сөйтіп жеке билікке негізделген мемлекеттің ғұмыры ұзақ болмайтынын кәрі тарих тағы да дәлелдеді.
Енді ұлттық республикалар өз тағ­дыр­ларын өздері шеше бастады. Осындай жаңа заманның елең-алаңында Алаш көшбасшыларының тәуелсіздікті тілден бастау керек деген дәстүрін еліміздің ұлтшыл азаматтары алғы шепке шығарды. Сөйтіп 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заңы қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды.
Шындығында, бұл кезең еліміз үшін аса бір сындарлы шақ болатын. 1989 жылы республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-сы орыстар тұғын. Осындай жағдайда ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы, шын мәнісіндегі, зор мәні бар оқиға болғаны сөзсіз. Бұл туған тіліміз азаттықтың әліпбиіндей қазақтың табиғи құқығы, тәуелсіздігіміздің туы да, тұғыры да деген қоғамдық түсініктің нәтижесі болатын.
Ұлттық тарихымызға алтын әріппен жазылған егемендік пен тәуелсіздіктің сәулелі таңдары да атты. Алаш көсемдерінің: «Біз құл болып отыра алмаймыз. Ұлт азаттығын аламыз» деген сенімдері, асқақ арман, биік мақсаттары шындыққа айналды. Кезінде Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы үшеуі қол қойып, Ақпан революциясы туралы «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяу арман қалған жоқ» деулерінің шын реті енді келген-тұғын.
1990 жылғы 25 қазанда және 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда мемлекетіміздің ұлттық сипаты атап көрсетілумен бірге оны сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады деген қағидалар тайға таңба басқандай айқын жазылды. 1995 жылғы Ата заңда мемлекетіміздің құқықтық құрылымы айқындалды. Арнайы конституциялық заңдарда мемлекеттің биліктің үш тармағы туралы принципті мәселелер шешілді. Қоғамдық өмірдің барлық саласындағы дамудың құқықтық негіздері қаланды.
Әрине, тоталитарлық жүйеден өзінің саяси мәні мен тұрпаты жағынан бөлек қоғамға өту – аса күрделі болды. Бұл бағыттағы қоғам дамуында төте жол жоқ екенін біздің тәжірибеміз де көрсетті. Бір жағынан жаңа саяси институттар жетіліп, нарықтық қоғамдық қатынастар өмірге етене еніп жатса, екінші жағынан кеңестік жүйенің болмыстары да оп-оңай орын босатып жатқан жоқ. Бұл – өмір заңы. Жаңа заманның талабымен астасқан ежелгі құндылықтар терең орнықпай, ескі дүние өз-өзінен кете қоймайды. Оның үстіне бүгінгі ақпараттың құдіретімен кеңістік пен қашықтықты мо-йындай қоймайтын жаһандану үдерісінің күшімен де есептеспеуге болмайды.
Алайда еліміз қысқа мерзімде сан алуан асуларды алды. Ең бірінші әрі ұлы жетістігіміз – Конституцияда атап көрсе­тілгендей, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық көздің қарашығындай сақталуда. Республикада тұратын халықтардың бірлігі мен достығын нығайту бірінші дәрежелі міндет саналып келеді. Бұл мемлекетіміздің, Елбасымыздың сара саясаты болып отыр. Еліміздің саяси сипатының саралануы да, әлеуметтік ахуалының артуы да, экономикасының дамуы да осы парасатты пайымдылыққа тұрақты негізделіп келеді. Осының арқасында бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Қазір қазақ елін дүние жүзі таныды.
Жаңа мемлекеттің ордасы Сарыарқаның төрінен орын теуіп, Астанамыз күш-қуатымыздың символына айналып, бүкіл еліміздің тұла бойына тіршілік тынысын таратып отыр. Тәуелсіздіктің ырғақты желбіреген қасиетті Туы астында Қазақстанның бүкіл халқы иықтасып, бір мақсатқа жұмылып, бір бағытқа бет алуда.
Алдағы экономикалық және әлеуметтік шыңдар «Қазақстан – 2050» стратегиясында барынша айқындалды. Бағдарламаның өзегі – еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан орын алуы. Дүниежүзілік қауымдастықтың ең танымал ұлттарының біріне айналудың бірден бір жолы болып отырған бұл асқаралы міндеттерді шешу сөзсіз мемлекетіміздің ұлттық сипатына да қатысты.
Бүгінгі бар рухани құндылықтарымызды жаһандану заманы ұсынып отырған жаңалықтарымен байыта отырып, мықты да толыққанды ұлт болып қана әлемдік адамзат қауымдастығына лайықты үлес қоса аламыз. Бұл еліміздің алғашқы аса маңызды құжаттарындағы бүгініміз үшін де, келешегіміз үшін де аса маңызды «Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деген қағиданың жүзеге асуына батыл әрекеттерді қажет етеді. Өйткені қазір еліміздегі бүкіл халықтың 65 пайызын құрап отырған қазақ ұлтын басқа этностармен теңестіріп, ресми құжаттарда «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деген сөз тіркесін қолданатын болдық. Біздің қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелердің барлығы дерлік мемлекеттің ұлттық сипатын, оны құрап отырған өз ұлтымызды толыққанды мойындата алмай отырғанымыздан болып отыр.
Өркениетті мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, Қазақстанды көпұлтты мемлекет деуге негіз жоқ. Мемлекеттіміздің аты біресе «Қазақ КСР» немесе «Қазақстан» деп жазылғанымен «қазақ» деген түбірді ешкім жоя алмады. Біріншіден, осыдан алты ғасырдай бұрын осы аймақта хандық мемлекет құрған – қазақ ұлты. Бұған басқа халықтың қатысы болған жоқ. Екіншіден, қазақ америкалықтар сияқты өзге елден көшіп келмеді, осы жердің қашаннан иесі. Үшіншіден, өз тарихында талай қырғынды көріп, бір ғасырдан кейін болса да, еліміздегі халықтың басым көпшілігі болып отырған да қазақ. Бұл жайлармен санасу қажет. Сондықтан алдымен мемлекет құраушы ұлттың мұраттары шешілмей, ол өзіне тарих жүктеп отырған қасиетті миссияны – елдегі басқа этностардың басын біріктірушілік, ұйытқылық рөлді толыққанды атқара алмайды.
Осы бағытта ең бірінші ойға қазақ тілі оралады. Бұл ұлтымыздың ең басты белгісі ғана емес, рухани күші де. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ана тілімізге тұрақты көңіл бөлуі тегіннен-тегін емес. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегеннен қалай қарапайым айтуға болады? Үш тілдің бірлігі туралы айта отырып, қазақ тілі үш тілдің бірі емес, біріншісі, негізгісі, бастысы деп атап көрсеткен жоқ па? Сондай-ақ Елбасымыздың осы «үштілдің бірлігі» деген формуласында қазақ тілін, орыс және ағылшын тілдерін білумен қатар үш тілдің иесі болып отырған халықтардың тарихын, әдебиеті, білімі мен ілімін, т.т. рухани құндылықтарын игерсек, біздер өркениеттің жаңа сатысына көтерілер едік деген де терең ой жатыр емес пе?
Алайда әлі көбімізде тәуелсіз сананың орныға қоймауы, ұлттық намыстың жетіспей жатқандағынан осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1989 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміз мемлекеттіміздің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылмай, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізудің толыққанды тілі бола алмай отыр.
Ал енді, әсіресе орыс тілді басылымдарда әдейі орыс тілін ресми тіл деп атау көп кездеседі. Шындап келгенде бұл көп оқырмандарды шатастырады, шындықтан алыс ойларға жетелейді. (Monitor.№44 (464). 8-14 ноября 2013 г. Руслан Жангазы. «Грани постепенно стираются»). Бұл конституциялық норманы бұрмалау болып саналады.
Бүгінгі жаһандану жағдайында тек бір тілмен ұзаққа бара алмайтынымызды өмір көрсетіп отыр. Бұл – қазақтың қазіргі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуының әлеуметтік амалдары. Егер тарихымыздың төріне тереңірек зер салсақ, кейбір фарабист ғалымдарымыз әл Фараби жетпіс жеті тіл білген дейді. Ұлы ойшылдың әлемнің екінші ұстазы атануы тегіннен-тегін емес қой! Кешегі дәстүрлі қазақ қоғамында өмір сүрген ұлы ағартушыларымыз Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхандар да бірнеше тіл білген. Ал бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай әлемнің жетекші жеті тілін білген, сол тілдерде жаза, сөйлей алған.
Тәуелсіздік халқымыздың рухани дүние­сі­нің бір тіні саналатын өзінің дәстүрлі ді­німен қайта қауышуына алып келді. Дінге сенушілер көбейіп, діни бірлестіктердің саны артты. Осы аймақтың ежелден жалғыз иесі болып келе жатқан қазақтың дәстүрлі ислами бірлестіктері қарқынды өсті. Мешіттер көбейіп, көптеген діни мектептер ашылды. Олар имандылық пен ізгіліктің орнына айналуда.
2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заң қоғамдағы діни қатынастарды реттеуде жаңа бетбұрыс болды. Жалпы діни ұйымдарды тіркеуге, миссионерлік қызметке талапты күшейтуге ұмтылыс айқын аңғарылып отыр. Әсіресе, ислам дінінің ханафи бағытының (кейбіреулердің «ханаби бағытындағы ислам» деп жазып жүргеніндей емес) халықтың мәдениеті мен рухани өміріндегі тарихи рөлін тану турасындағы заңдық қағиданың қазір басқаны былай қойып, ежелгі ислам дініміздің өзі түрлі ағымдарға бөлініп, олардың арасындағы дау-дамай кейде жасырын, кейде ашық жүріп жатқанда маңызды екеніне дау жоқ.
Дегенмен еліміздегі діни қатынасты құқықтық жағынан реттеуді жетілдіре түсуде алда тұрған мәселелер баршылық. Қазір елімізде 70 пайызды құрайтын мұсылмандардың – 2229 және халқымыздың 20 пайызынан астамы болып отырған орыстардың 280 діни бірлестігі болса, неше пайыз екені белгісіз католиктер мен протестанттардың әртүрлі діни ұйымдары 500-дің үстінде болып отыр. Тіркеуден өткен еліміздегі шетелдік 237 миссионерлердің басым көпшілігі католиктер мен протестанттар. Шетелдік миссионерлер заңды қатаң сақтай отырып, өз мақсаттары мен міндеттерін толық шеше алады. Оған олардың теориялық дайындықтары да, тәжірибелері де, қалталары да жетеді. Бұл мәселелер ұлтымыздың шынайы зиялы қауымын ойландырмайды емес, ойландырады. Жалпы адамзат тарихында көп конфессиялылық тиімді бола бермеген.
Тіл де, дін де – қазақ халқының тұтас­тығын қамтамасыз ететін аса маңызды факторлар. Мұны қазақ жүзге, руға бөлінбей, жерлестікке салынбай, ішкі рухани тұтастығын сақтай отырып қана шеше алады. Сол себепті қазір қазаққа ішкі бірлікті нығайта түскеннен артық мәселе жоқ. Өзіміз тұтаса отырып, еліміздегі басқа этнос өкілдерін ұйыстыра аламыз. Бұл қазақ халқына бүгінгі тарихи жағдай жүктеп отырған ерекше миссия. Сондықтан өз жағдайымызды толық біле отырып, орын алған кемшін тұстарды жетілдіре және алдымыздағы асуды айқындай отырып, біз жетіле аламыз, толыққанды ұлт бола аламыз.
Ешкім бізді біріктіре алмайды, бірігетін де, берекемізді байытатын да тек өзіміз. Елбасының «Біз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз» деуінің үлкен мәні бар. Сондықтан алда да халқымыздың ұлттық ділінде жатқан дәстүрлі мәдениетінің прогрессивті белгілерін – бостандық сүйгіштік, өзара адамгершілік сыйластық, ынтымақтастық және төзімділік, табиғатқа ерекше қатынас, үлкендерге құрмет, тұрмыста өнегелі мінез-құлық, ұрпақтар жалғастығын ескеру сияқты адами қасиеттерді дамыта отырып, мемлекетіміздің ұлттық сипатын күшейте аламыз.
Тәуелсіздік тағылымы
«Тәуелсіздік», «бостандық», «еркіндік» – жалпы адам баласы мәңгілік ұмтылып келе жатқан қасиетті ұғымдар. Тәуелсіздік әрбір мемлекеттің аса қажетті атрибуты болса, азаттық пен еркіндік – сол мемлекеттің әрбір мүшесінің асқақ арманы мен өмір сүру тәсілі.
Мемлекетіміздің тәуелсіздік сипатқа ие болғанына 20 жылдан асса да, қоғамымызда «Тәуелсіздік» ұғымына әлі тереңдеп бара алмаудың, оның Алаш жетекшілерінің түсінігіндегі құдіретті мәнін толық игермеудің салдарынан еркін сананы қалыптастыра алмай келеміз. Баяғы құлдық психологиядан арыла алмау, өзгеге жалтақтау, басқаға жөн-жосықсыз еліктеу, саяси белсенділігіміздің әлсіздігі, рухани жұтаңдық ұлттық мәселелеріміздің батыл шешілуіне, ұлттық рухымызды көтеруде тұсау болуда. Осы орайда халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлының осыдан 60 жылдай бұрын айтқан: «Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседі, ал бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет» деген өсиетін айта кетсек артық болмас.
Қазір біразымызға ұлттық рухпен суарылған ұлтшылдық қасиет жетпей отыр. Тіпті осы «ұлтшылдық» ұғымды ресми қолдануда көбіне кешегі кеңестік кездегіден аса алмай жүрміз. Өз ұлтын шынайы сүйгенді Алаш көсемдері ұлтшыл деп атаған еді. М.Әуезов 1923 жылы жазған Ыбырай Алтынсарин туралы мақаласында: «Біздің ойымызша, Ыбырай барып тұрған ұлтшыл болғандықтан, өзінің сүйікті ана тілінде жазды», – деген еді. Қазақ сөзінің мән-мағынасын Мұхаңнан артық біле қоймайтын шығармыз.
Осыларды ескере отырып, өз халқын шынайы сүйгенді Алаш жетекшілерінің тілімен «ұлтшыл» деп, өз ұлтын өз­ге­ден артық санауды, яғни ұлттық астам­шылдықты «шовинизм» деген жөн болар еді. Әсілі, өз ұлтын сүйе алмаған өзгенің де қадір-қасиетіне жете қоймайды. Өз ұлтын биік санаған өзгенің асқарын көре алмайды.
Қазіргі жаһандану заманында рухани иммунитеті күшті, өз ұлтын жанындай жақсы көретін, ұлттық рухы мықты, бірақ өзге этностардың да қадір-қасиетін тани білетін шынайы ұлт­шылдарды тәрбиелеу аса қажет болып отыр. Бұл бағытта барлық тәрбиенің негізі, темірқазығы болып саналатын отбасының рөлін айрықша көтеруіміз керек. Өйткені қоғам отбасынан бастау алған. Қазіргі қоғамдағы келеңсіз көріністердің барлығы отбасындағы шындық. Осы бір аса маңызды әлеуметтік ортаның өзінің ежелгі дәстүрінен айрылуы көп жағдайларда ұлттық тәрбиеде жүйелілікті жоғалтуға, туған тілді тұғырынан тайдыруға, жарасымды ұлттық салт-санамызды әлсіретуге әкеліп отыр.
Ал батыстың жаман әдеттерін, алдау мен арбаудың, адам өлтірудің алпыс айласын үйрететін, айлап, жылдап көрсетілген телесериалдар жасымызға да, жасампазымызға да тәлім беріп жатыр деу қиын. Шетелдік мультфильмдер балаларымыз жаулап алды. Ал жас жеткіншектер күннен күнге жақсарып келе жатқан «Балапан» телеарнасын көре бермейді.
Тәуелсіздік пен ұлттық мемлекет – егіз ұғымдар. Бірінсіз бірі бола қоймайды. Оны бүгінгі өміріміз көрсетіп отыр. Өйткені тәуелсіздік үшін күрестің бағдары – ұлттың мүдде-мұраты екені белгілі. Сол себепті тіліміз бен дінімізді, айналып келгенде ділімізді ұлттық бұлақтың қайнарынан қандыра отырып қана бүгінімізді ба-йытып, келешегімізді кемелдендіріп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ете аламыз.
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор

Жанболат Аупаев

$
0
0
31 Шілде 2013, 16:28АЙРЫҚША ПІКІР4540
Жампоз жанкештілігімен жарқырайды
Жампоз жанкештілігімен жарқырайды Қазақ журналистикасында өзіндік жаңашылдығымен, қаламының қарымдылығымен, парасаттылық пайымдылығымен, таланттылық тағылымымен ерте танылып үлгерген Жанболат Әлиханұлы Аупаевтың жазғандарын халық қалт жібермей, қадағалап оқитыны ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Оның қаламынан шыққан шығармашылық туындылары жайлы белгілі қаламгерлердің көсіле ой толғап тастағаны көпке мәлім. Нарынқол топырағында бала кезімізден тай-құлындай тебісіп өскендіктен мен оның есею жылдарына қалай бет алған қырларына тоқталып өткенді жөн санадым.
Қайсы жердегі болсын, өткен ХХ ғасырдың 60 жылдардағы балалары мен қыздарының бітімі мен болмысы, ой-санасы мен таным-талғамы, өмірге деген өзіндік көзқарасының өлшемі бөлекше еді ғой. Бет-әлпеттерін күн қақтаған, қатқан қара қайыстай олардың кез келгенінің «Аман бол, адам бол, құлыным!» деген ата-анасының ақ тілеуінен адасқан жерін көрмедік. Сабақтан тыс уақыттарында шаш етектен келетін үй шаруасына бастарының байланып жатқаны. Соның өзі де бір сағынышқа толы сартап болған дәурен екен-ау...
Осындайда мектеп қабырғасында жүрген кездеріміз еріксіз еске түседі. Мен Жанболаттан бір сынып төмен оқимын. Ол уақытта оқушыларға бойын күтіп, сәндікпен айналысатын салтанат деген жоқ қой. Аяқта керзі етік, бұтта қырланбаған шалбар, үстіден күпәйке, бастан қарабайыр малақай, мойыннан қызыл галстук түспейді. Комсомол қатарына ілінгенімізде омырауымызда значоктың қадалып тұруы, қатып қалған заңдылық болатын. Айнымас дәстүр бойынша қалыптасып кеткен сол кездегі тәртіп пен реттілік сондай еді.
Иә, сонда мектептегі әр дүйсенбіде 15 минуттық үзілісте өтіп тұратын линейканың маңызы ерекше болатын. Онда оқушылардың үлгеріміне бастан-аяқ қанық болатынбыз. Осы салтанатты жиындарда Жанболаттың және әпкесі Аққағаздың оқу озаттары қатарында екеніне әбден қанығып алдық. Екеуінің сыныптастары да олардың өте жақсы оқитынын мақтанышпен тілдеріне тиек ететін. Озат оқушы ретінде аудандық газетке суреттері және олар жайлы мақалалар шығып жататын.
Ленин орденді Мариям Айтленова, Шоғанбай Мұсаев, Әбіл Дәлденбаев, Тілеужан Сақалов, Төленді Мұстафаев, Жолдасбай Бекбердиев, Асқар Әбішев, Түймен Бұғыбаева, Бәтімқан Жазылбекова, Мариям Рахметжанова, Қырғызбай Айсабаев, тағы басқа мұғалімдер бізге Жанболат пен Аққағазды үлгі етіп, бетке ұстап айтып отыратын. Оңашада ой құшағында қалғанда, шіркін, солардай болсақ деп армандайтынбыз. Сондықтан болар мектеп оқушылары әпкелі-інілі екеуіне қатты қызыға қарайтын.
Жанболаттың үйлері көшенің ең ұшар басында. Біздікі бір қиырда. Менің Түрбек бауырыммен Жанболаттың аралары алшақ болмағаннан соң жақсы араласатын. Олар жаққа барғанымда кейде қызып жатқан ойындар волейболдың, футболдың үстінен түсетінмін. Жанболаттың спортты да жанындай жақсы көретінін сонда байқадым. Кейде тобымызбен Жағатал өзеніне тартып кетеміз. Суға жүзуден де ол алдына жан салмайтын. Сұлтан, Жетен, Алтай, Ақылжан, Жакен сияқты сыныптастарынан, көршілері –Төленді, Қырғызбек, Түрбек, Нұрландардан аралары бір елі ажырамайтын. Ұйымшылдықтары ұнасымды еді. Әудем жерде тұратыныма қарамастан мен де бірте-бірте олардың ортасынан табыла бастадым.
Бірде Жанболаттардікіне барудың реті келіп қалды. Есіктерінің алды мен үйлерінің іші тап-тұйнақтай жинақы екен. Жылы шыраймен қарсы алды. Қолында «Лениншіл жас» қазіргі «Жас алаш» газеті. Басқа газеттері үстелінде жатыр. Әдеби кітаптары молынан тұр. Мына қызықты қараңыз. Жанболат бір сәт төсегінің астына үңіліп, бір папканы алып шықты. Ұмытпасам, газеттің «Күмбез» айдарымен шыққан материалдарын жинақтап қоюды әдетке айналдырған. Бұдан басқа «Маздақ», «Аққу», тағы басқа айдарларына да папкалар ашып қойыпты. Әңгіме барысында Жанболаттың көп оқитынын анық аңғардым.
Оның газеттер мен журналдардан оқыған дүниелерін айтқанда, аузымды ашып, аң-таң болдым да қалдым. Көптеген кітаптарды оқып тастапты. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас сөз ғой. Жанболаттың алғырлығы, танбас табандылығы, шынашақтай болғанмен шымырлығы, бәрінен де білім мен әдебиетке, өнерге деген құштарлығы, сонымен бірге ұстараның жүзіндей аунақшыған төрткүл дүниеге де алаңдаулы екені, оның ерте есейіп кеткенін аңғартты. Сол жолы Жанболатқа қатты таңырқап қайттым. Оның айналыса бастаған шаруасына менің де бүйрегім бұра бастады.
Бір күні аудандық «Советтік шекара» қазіргі «Хантәңірі» газетінде Жанболаттың бір топ өлеңдері басылыпты. Өз көзіме өзім сенбеймін. Онда біздің өлеңді онша ұғына бермейтін шағымыз ғой. Сол күні біздің үйден онша алыс тұрмайтын, кейін әйгілі жазушы-драматург атанған Баққожа Мұқаев жол үстінде кездесіп қалды. Аудандық газетте істейтін. Ол кісіден Жанболаттың өлеңдері жайлы сұрадым. Ағамыз кергіген жоқ. Көшенің бойындағы сылдырап су ағып жатқан арықтың жағасындағы көк майсаға жақсылап тұрып жайғасып алды. Туған інісі Ақылжан Жанболатпен бірге оқитын.
«Әй, Қанат-ай, Ақылжан екеуің Жанболаттан мыңдаған шақырым алыста жатырсыңдар. Сабақтың да шекесін қыздырып жүрген жоқсыңдар. Ал, әдебиет пен өнерді көп түсіне бермейсіңдер. Жанболатпен теңесу қайда сендерге. Ол өлең жазуды да, мақала жазуды да бес саусағындай меңгеріп алған. Одан түбінде мықты ақын немесе мықты журналист шығады. Белгілі ақын Еркін Ібітановтың қолынан өткен оның өлеңдері жаман болсын ба?! Көресіңдер әлі. Оның самғайтын шағы алда. Сондықтан да қарап жүрмеңдер. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегенді естеріңнен шығармаңдар деп оның әр шумағының мәні мен мазмұнын асықпай түсіндіріп берді. Табиғат суреттерін мөлдіретіп-ақ кестелепті. Оның жазғандары бізді тапқырлығымен тәнті етіп, алдағы арманымызға адастырмас бағыт сілтеді. Бір өкініштісі, ол келе-келе өлең өлкесіне ат ізін салмайтын болды. өлең жазуды қойып кетті. Алайда аңсаған арман жолынан адасқан жоқ.
Біздің үй орталықтағы жолдың үстінде. Бірде үйге Жанболат келіп тұр. Екеуміз біраз әңгіме құрдық. Ойыма қайдан сап ете қалғаны, ақын Кеңесжан Шалқаровтың табиғат жайлы сыр шертетін бір өлеңін жатқа білетінмін. Соны өзімнің өлеңім деп оқып бердім. Ә, дегеннен-ақ күлімдеп отырған Жанболат өлең біткеннен кейін: «Әй, мынауың Кеңесжан Шалқаровтың өлеңі ғой. Тұңғыштар сериясымен шыққан «Таңғы шық» кітабынан оқығанмын. Бұған қалай дәтің барды. Әдеби тілмен айтқанда, мұны плагиат дейді. Мұндайға әуестенуіңді қой. Бірақ, сен бұл қателігіңді қалтқысыз мойындап отырсың. Бар әлем білетін бір данагөй «Жіберген қателігін мойындаған адам, ұлы адамнан кем емес» депті», – деп екі езуі екі құлағына жетіп, басын шайқап қойды. Сөйтіп, менің ойламаған жерден опық жегенім бар. Мұндай ағаттыққа барғаным маған үлкен сабақ болды. Жанболаттың қазақ поэзиясын бес саусағындай білетініне Баққожа ағаның айтқаны айдай келіп, сонда көзім жеткен еді.
Мектепті өте жақсы бітірген Жанболат бірден КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп кетті. Мен болсам отбасылық жағдайыма байланысты оқуға бара алмай, солдатқа кеттім. Қиыр шығыстамын. Бір күні Жанболаттан хат келіпті. Ой, қуанғаным-ай! Ашып қарасам суретін де салыпты. Артына «Қанатқа! Студенттік өмір атты бес актылы драманың алғашқы актысынан экспозиция" деп аты мен жылын жазып қойыпты. Хатының арасында «Лениншіл жас» газетінің қиындылары жүр. Онда «Балауса» айдарымен өзінің курстастары Несіпбек Айтов, Асқар Егеубаев, Тұрсын Жұртбаев, Жүрсін Ермановтың өлеңдері шығыпты. Жанымдағы танкист әріптестерім оның хатындағы өмір туралы толғаныстарына қатты мән беріп, шеттерінен кәдімгідей ойланып қалды. Мен де жанымнан тастамай оқып жүрдім. Бұдан кейін де хаттары, газет қиындылары, суреттері үзбей келіп тұрды. Жанболаттың хаттарын оқыған сайын көкірегіме көп сыр түйіп, өмірге деген құштарлығым арта түсті.
Азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін КазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түстім. Сессия сайын Жанболаттыкіне келемін. Өздері үйден-үйге көшіп жүреді. Ешқашанда қабақ шытып қарсы алған емес. Құдай қосқан қосағы Ләззат та жайдары қалпымен жаны қалмай тұрады. Газет жұмысы қайдан оңай болсын. Жанболаттың жанкешті еңбегін мен сонда көрдім. Күнде жұмыстан келген сайын апыл-ғұпыл тамақтанып алып жазу үстеліне отырады. Неткен төзім, неткен жігер десеңізші. Басына қағаз қалпағын киіп алып, жан-тәнімен жазу әлеміне беріліп кетеді. Ештеңеге елең етіп қоймайды. Таңның атысымен жұмысына жиналып жатады.
Кейде әңгіме құрудың реті келіп қалады. Сонда анда-санда ол «Иә, так, атасын нәлет» деген сөз тіркестерін жиі-жиі айтып қояды. Мен себебін сұрасам ол: «Иә, дегенім қолыма алған жұмысыма көңілімнің толғаны. Так дегенім, енді не жоспарым болмақ. Атасын нәлет дегенім, оңынан болмай, орайын таппай жатқан шаруаның жайы ғой» деп қысқа қайырады. Осылайша жұмыс істеу оның берік ұстанымына айналған. Оның ұқыптылығы мен ұтқырлығына, адамдық асыл қасиеттерден айнымайтын қарапайымдылығына қайран қалмай тұра алмайсың. Отырған орынтағын бұлдамайды.
Жанболаттың жан-жары Ләззат жан сырын жасырмайтын, жайдары қалпынан жаңылмайтын жаратылысы бөлек адам ғой. Аузын ашқаннан-ақ көмекейі көрініп тұрады. Әңгімешілдігі де әдемі-ақ. Кейде ол Жанболаттың балалық шағы мен бозбала кездерінің қалай өткендігі жайында, ұстанған принциптерінің қандай болғанын ақиқат аумағынан алыс кетпей, ашық айтып беруімді сұрайды. Ол жағынан мен бөгелмеймін. Жанболаттың өмір өткелдерінің боямасыз болғанын ой елегінен өткізе отырып, Ләззатқа баяндай бастаймын.
Табиғаттың оған тартқан сыйының бәрі де үлбіреген қалпында үйлесімін тауып тұрады. Адам алдындағы биязылығы, сырбаздығы мен сыпайылығы, өсек-аяң мен өтірік айтуды жаны сүймейтіндігі, кейбіреулер сияқты кеудесін ұрғылап мақтануды жек көретіндігі, орнынан тұрмай, орасан жұмыс атқарса да, бәз біреулер сияқты жарты әлемге жар салмайтынын бабына келтіріп, тілімнің жеткенінше айтып беремін. Әсіресе, оның ауылға барған кезінде араласып-құраласқан, көзі көрген адамдардың о дүниелік болып кеткенін естігенде мазасыз күйге түсіп, солардың үйлеріне кіріп, көңіл айтып шыққанша тағат таппайтынын тіліме тиек етіп, тізбектеп жөнелемін.
Бұл Жанболаттың «өліге иман, тіріге береке» тілеп жүретін бедерлі де безбенді қасиеті екені даусыз. Сондай-ақ оның туысқаншылыққа, көңіл жықпастыққа, алалап-бөлелеуге салынбай, қандай шаруаға болсын турашылдығымен, ала жіпті аттамайтынын, адам баласына қылдай қиянаты жоқтығы мекендестері үшін үлкен мәртебе болып жүр. Біз сонысына қуанамыз.
«Ел құлағы елу» деген емес пе. Бірде Ләззат «Мектепте жүргенде қыздардың біразы Жанболатқа ғашық болыпты» дегенді естіп едім. Әрине, оларды одан қызғанбаймын. Оны мен сезімнің шарпуы деп ойлаймын. Осыны айтып берші» деп орынды сұрақтың төбесін қылтитқаны. "Естіген құлақта жазық жоқ» демей ме?. Ләззатқа бұл сыбыстың бекер еместігін алдына жайып салдым. Ол қыздардың аттарын да атап жібердім. Сонда оның жарқын жүзінен қылаудай да қызғанштың белгісін байқамадым. Сүйген жарға деген адалдықтың айналы белгісі осы болатын шығар.
Мектептің озат оқушысы, қоғамдық жұмыстардың белсендісі, әрдайым пәндік олимпиадаларда алдына жан салмайтын Жанболаттың ұстаздар ұжымы мен мектеп оқушыларының алдындағы беделі биік. Ол туралы газеттерге шығып жатқан материалдарды қоссаңыз, оның тұлғасы одан әрі зорая түседі. Ондай жалынды жасқа қыздар қалай жан-тәнімен ғашық болып, жүрегінің төрінен қалай орын бермесін. Бірақ, Жанболаттың қыздың соңынан қырындап жүгіргенін көрмеппін. Ол уақытта мектепте апта сайын би болатын. Жанболаттың сонда би алаңына бір рет келіп, би дүбірін қыздырғанын көзіміз шалмапты.
Замандастарымыз бен қатарластарымыз оның осынау жұмбақ әрекетіне шеттерінен аң-таң болып жүретін. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген қанатты қағида тектен-текке айтылмаған сияқты. Қыздардың қоғадай жапырылып, оған өлердей ғашық болып жүргенінде ешқандай да жасырын сыр жоқ. Дағыстанның дара ақыны Расул Ғамзатовқа 100 қыздың ғашық болғанын кім білмейді. Осы жағын құбылтып, құлпыртып айтқанымда, Ләззат кәдімгідей мәз болып қалатын.
Студент кезінде оның демалысқа келгенін ести салысымен үйіне барамын. Сонда қарап жүрген, не демалып жатқан Жанболатты көрмеймін. Қолына шырт түкіріп қойып, қорасына шөп шығарып немесе бас алмай отын бұтап жатқанының үстінен түсемін. Картоп күтімі тағы бар. Кейде шанамен немесе қол арбамен су әкеле жатады. Оның әкесі мен шешесі де алтын адамдар ғой. Әкесі Әлихан колхоздың темірден түйін түйген ұстасы болатын. Кейіндеп токарлықты бесаспаптарша меңгеріп алды. Қолынан келмейтіні жоқ. Халықтың ақ ниетті алғысына бөленіп жүргенін жиі еститінбіз. Тыным таппайтын еңбекқор еді. «Әке көрген оқ жонар» демекші оның осы қасиеті Жанболатқа жазбай дарыған.
Ал, анасы Нұрша болса, табалдырығын аттап кірген адамның асты-үстіне түсіп, бар сый-сияпатын көрсетіп, қу жаны қуырдақ болып кететін адам болатын. Бар тілеуі Жанболаты мен Аққағазының жарқын болашағының қамы еді. Аққағаз әпкесінің қағілездігін де халық жақсы көретін. Ал, сүйген жары Ләззат пен балалары Ардақ, Айнұр, Елдосы оның қас-қабағына қарап, қайтсек көңілінен шығамыз деп құрақ ұшып тұрады. Айрандай ұйып тұратын отбасылық сыйластықтары қандай жарасымды. Немересі Санжар қызықты қылығымен баурап алатын балапандары.
Он бес кітаптың авторы атанған Жанболаттың өз ұстанымы бар журналист, көсемсөзші, жазушы екенін халық жақсы біледі. Баспасөздегі ел ағасы атанып кеткен «Егемен Қазақстан» газетіндегі жауапты қызметке табан ет, маңдай терін сарп етіп келе жатқанын кім де болса жоғары бағалайды. Оның таланты мен жанкештілігін қаламдас әріптестері бүге-шігесіне дейін қалдырмай жазып тастағаны елге аян. Жанболаттың адам баласына жақсылық жасағысы келіп тұратынын талай-талай көргеніміз бар. Өзіме де үнемі қол ұшын беріп тұратынын қалай ұмытайын. Оның үлкенге ізетін, кішіге құрметін көрсетуден аянып қалған жері жоқ. Оны тектіліктің төресі деп айтсақ, тірліктегі іс-қимылы осы айтқанымызға сай келеді.
Осы жерде өткен өмірдегі мына бір жайдың ойыма оралып тұрғаны. Ауылда қыстың бір қыраулы күнінде үйге Жанболат келіпті: «Дәрілік облипиха, (сауысқанның тамағы) керек болып тұрғаны. Таң қараңғысында соған шықсақ» деді. Мен бұлтартпай келістім. Соғатын сойылымызды, палаткамызды, шелегімізді қамдап алып, тоғайға тарттық. Қар қалың. Аяз деген қарып тұр. Біздің тірлігіміз мандымай-ақ қойды. Қанша ұрғыласақ та палаткаға дәндер онша түсіңкіремейді.
Мен «Жанболат, мына жұмысымыз өндімей жатыр ғой. Одан да қарашырғанақтың сабақтарын сындырып алып, үйден қайшымен қырқып алайық. Жеңіл болады» дедім. Мұныма тіксініп қалған Жанболат: «Жоқ, олай болмайды. Обал емес пе? Біз бұлай істесек, қалғандар не істемейді. Осы да жетіп қалар. Қанағат керек, қанағат», – деп жолға жинала бастады. Міне, оның арының тазалығы, адалдығы. Қиянат атаулыға аттап баспайтын кіділігі мен кірпияздығы бұл. Ол осындай ақиқатты бұрмаламайтын адалдығымен сүйсіндіреді.
Баяғыда оның қолынан «Комсомольская правда» газеті түспейтін. Одан онысының мән-жайын сұрағанымда, «мұндағы табиғаттың тамыршысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Василий Песковтың жазғандарын қалт жібермей, қадағалап оқимын. Онын қазақ тілінде шыққан «Таңғы шық» деген кітабы бар. Соны оқып көрші. Табиғаттың құндақталған құпияларына қанығасың» дегені. Шынында да сол кітапты оқығаннан кейін жансарайым ашылып сала берді. Содан кейін Жанболаттың «Жанарымда – туған жер», «Таңсәрі мен талтүс», «Мынау ғажап дүние» атты кітаптарын қайта оқып шықтым. Табиғат көріністерімен астарлап берілген ауыл азаматтары мен замандастарымның жан сырларын тереңдеп көңіліме тоқыдым. Жанболат прозалық шығармалар жазып жүргенінен де хабардар еткені бар еді. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ қой. Бір күні олары кітап болып жарық көріп қалар деген үміттемін.
Жанболат кітапты рухани азығым деп бағалайтын. Үйіне барып қалғанымда қарыстай-қарыстай қалың кітаптарды жатпай-тұрмай оқып жататын. Бір күні маған: «Қалада кітап деген қат болып барады. «ЖЗЛ» сериясымен шығатын кітаптардың біразына қолым жетпей жүргені. Ауылда көп ала бермейтін шығар. Егер мүмкіндігің болса, осы кітаптар жағынан көмектесіп тұрсаң» деп өтінішін айтқаны. Оның бұл өтінішіне қалай жан шыдасын. Алып-ұшып кітап дүкеніне барсам, айтқан кітаптары бар екен. Сонда сыншы Сағат Әшімбаев ағамды жазбай таныдым. Ағаның қуанышында шек жоқ. Көптеген кітаптар алыпты.
Ол кісіге Жанболаттың жасаған өтінішін айтып едім, тіптен қуанып кетті. «Жанболаттікі ақыл екен. Ауыл дүкені бай екен. Мен келген сайын мұнда соқпай кетпеймін. Қажетімді алып, қарық болып қаламын» деп маған тұрған кітаптардың қайсысын оқуым керек екенін түбегейлі түсіндіріп шықты. Сонда Сағат ағаның жанашырлық ықыласына риза болғаным соншалық, қуаныштан жарылып кете жаздадым. Айтқан өтінішін аяқсыз қалдырмағаным үшін Жанболат ағынан ақтарылып, алғысын айтып жүрді. Халықтың жүрегіне қаламгерлігімен ұялап қалған оның орны мен үшін қашан да қара үзіп, дараланып тұрады.
Адамның басынан не өтпейді дейсіз. Ол осыдан біраз уақыт бұрын аяқасты қатты ауырып, пышаққа ілінді. Ол кезде әкесі Әлихан да екі дүниенің ортасында жатқан еді. Сонда Жанболат «әкеме топырақ та сала алмайтын болдым-ау» деп арпалысқа түсіпті. Қатты жүдеп, жүнжіп кетіпті. Оны мен үлкен ғалым Кеңес Үшбаев ағамыздан естідім. Сол кезде оның жанына араша түскен, бірге істейтін басшысы Сауытбек Әбдірахмановтікі нағыз ерлік деуге тұрарлық екен. Әйтпесе оның тағдыры немен тынары неғайбыл еді.
Сәукеңнің жасаған бұл жақсылығын Жанболат еміс-еміс емірене есіне алып қояды. Оған деген Ләззаттың да ризашылығы шексіз. Қасынан қарыс қадам шықпай, күндіз-түні қарап отырған Ләззаттың сол кезде Жанболат үшін жүрегі қорқыныштан шайлығып, ол да күтпеген жерден операцияға түсті. Оған да Сауытбектің туған бауырындай көмегін көрсетіп, барын салғанын Жанболаттың отбасы үнемі ауыздарынан тастамайды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты қағида Сауытбек сияқты асыл азаматтарға арналып айтылғандай әсерге бөлейді. Халықтың қамын ойлаған адам осындай болса керек. Қазір оған деген халықтың шынайы ықыластан туған пейілі өзгеше. Біз соған ризамыз.
Биылғы қыстың аяғына таман Жанболат үйге келіпті. Оның қашан болсын шаруасы тығыз болып, асығыс-үсігіс жүретін әдеті. Бұл жолы да солай. Онша көп сырласа алмадық. Бала-шағамның жағдайын жаны қалмай сұрастырып жатыр. Бір кезде қолындағы қоржынының ішінен өзінің «Ашылмаған аралдар», «Біртуарлар», «Ұлылардың ұрпақтары» атты қарыстай-қарыстай қалың үш кітабын сыйға тартты. Баспадан жаңадан шыққан беті екен. Жанболат кеткеннен кейін бала-шағамыз болып, оның осы кітаптарына бас қойдық. Жанболаттың кітаптарының жаман болғанын көрген жеріміз жоқ. Бұл кітаптарын да бәріміз сүйіне оқып шықтық. Сонда оның осы еңбектеріне Жанболаттың ел алдында берген есебі екен ғой деген түйінмен тоқтам жасадық. Шындығында да солай екені анық.
Аспантаулар аясы атанып кеткен Нарынқол ауылындағы қасиетті Хантәңірдің әулие шоқысына және бір-бірімен тізбектеле жалғасып жатқан Тянь-Шань сілемдеріне қараған сайын ойыма Жанболат оралады. Оның қыран тұмсығына теңеген Ақбұлақ шыңы да халықтың жүрегінде жатталып қалды. Жанкештілігімен жарқырап тұрған жампоз Жанболат Аупбаев туралы не айтуға болады? Ол халық әлдеқашан мойындап қойған қадірлі қайраткерлер сапында.
Тура жолдағы ұстаған туын түсірмей келеді. Қазір ол пайғамбар жасына қарай қадам жасап келеді. Жанболат нағыз кемел кезеңнің келісті шағында. Оның халқына берер несібесіне қажыры мен қайраты жетерлік. Қолындағы қаламы шыңдалған, егеулі найзадай қайраулы қалпында. Ол көздеген нысанасын қалт жібермейді. Оған деген халықтың сенімі мығым. Жанболаттың ауылдасы әрі әріптес сыйласы ретінде ол туралы менің жазарым енді ғана басталған сияқты. Ең бастысы – басымыз аман, бауырымыз бүтін болса екен.
Өмір тұрар сілкініп санасында, Жаны құштар жақсылық жарасымға. Хантәңірден қалқыған бала қыран, Алдындағы ұмтылған бар асуға.
Кенде емес, үлкеннен бата алудан, Көш басында өзінің қатарынан. Жазғандары жаныңа шуақ төгер, Олжалы ол әр жолғы сапарынан.
Алыс пенен жақынға ардақ аты, Халқының қастер тұтар қолқанаты. Өмір жолы өзге үшін бір кітаптай, Осы болар, жампозы, Жанболаты, – деп сөзімнің соңына өлең шумақтарымен нүкте қойғым келеді.
Автор: Қанат ТӘКЕБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Алтын діңгек

$
0
0
27 Қараша 2013, 21:31АЙРЫҚША ПІКІР160
Алтын діңгек
Алтын діңгек Кәріліктің де дәрісі бар екен...
Өтіп бара жатқан жылдың басында Президент өнер адамдарымен арнайы кездесу өткізіп, екі сағат әңгімелесті. Мемлекет басында отырған, әрбір минуты санаулы адамға осынша уақытты бір салаға арнау – өте сирек ұшырасатын жағдай. Бұл да Елбасының ұлттық өнерімізге, ата дәстүрімізге деген қамқорлығы болса керек. Келіп жағдайымды сұрады.
– Қалай, Сәке, жақсысыз ба? – деді.
– Шүкір Құдайға. «Көбелектің кәрісі жоқ, кәріліктің дәрісі жоқ» деген ғой бұрынғылар. Жоқ, кәріліктің де дәрісі бар екен. Кәріліктің дәрісі – сіздің өнер қайраткерлерімен дидарласқаныңыз. Бұдан артық бізге дәрінің керегі жоқ, – дедім.
Кездесу әсерлі өтті. Жігерленіп шық­тық.
Жан жолдасым домбыра...
Көптен сыйласып жүретін құрдас, замандас, көзкөрген ғұлама азаматты кез­дестірдім. Көзі мұңды. Амандық-саулық­тан кейін маған:
– Домбыра тартып жүрсің бе? – деді.
– Иә, тартып жүрмін. Ендігі жердегі жан азығымыз сол ғой. Оны тартқанда бір сергіп қаласың. Бірақ, қайдағы-жай­да­ғыны еске түсіреді, ойға батасың... Өзің қалайсың?
– Шүкір, Аллаға, жаман емес. Домбыра тартуым аз болып барады. Неге екенін білмеймін, соңғы кездері тартудан қалып барам. Дауыстарымыз қобыздың даусына ұқсап бара ма, қалай? Біртүрлі, бұрын­ғыдай емес, – деп бір тоқтады. Сосын сөзін қайта жалғап:
– Мүмкіндігі болғанша домбыраны тірідей жетім қалдырмай, күмбірлетіп тарту керек. Онсыз да қазіргі кезде теперіш көрген құдіретті аспабымыздың мазасы шамалы. Бабалар тегін айтпаған:
«Жан жолдасым, домбыра,
Сен де өзімдей аңыра,
Ажал құрық жеткен күн,
Қаларсың сен де адыра»,
– деп. Қайран жастық шақ. Сен бір кездері Біржанның «Теміртасын» домбырамен нақышына келтіріп орындағанда тың­даушың сілтідей тынатын. Анда-санда paдиодан беруші еді, одан да қалдық. Оны айтасыз, небір құдіретті әншілері­міздің үні өшіп барады. Кейбір білгіштер заманның озық техникасына сай емес деген сылтау айтады. Қазақ десең, өзіңе тиеді. Өзбек ағайындар ата-бабасынан қалған ән-күйлерін түгел тазартқан, осы кезге ыңғайлаған. Таңның атысынан күннің батысына дейін көне саздары радиосында сарнап тұр.
Алматыға көрік беріп тұрған – Тәңіртау
Әсем қалада тұрғанымызға, өзіміз ойланып қарасақ, бақытты екенбіз. Менің Алматыда тұрғаныма 60 жыл болды. Осында келдік арман қуып, оқу оқыдық, білім алдық, маман болдық. Әркім өз саласында қызмет жасап, ауылға кеткендер ауылға кетті, қалада қалғандар қалада қалды. Ал біздің мамандығымыз өнер саласы, әртіс болғандықтан, әйтеуір қай қалада болса да, соған баруымызға тура келді. 1959 жылы консерватория бітір­гендердің бәрін Әуезов театрына Жандарбеков алып қалды ғой. Содан бері, міне­кей, әкемтеатрда аянбастан еңбек етіп, абыройлы болып келе жатырмыз.
Ондағы Алматы қандай еді, шіркін! Менің таңғалғаным, дүниежүзінде қан­шама елде болдым, қаншама қалаларды көрдім, ал Алматының соған ұқсамайтын бір ерекшелігі бар. Кейбір қалалар ғима­ратымен әсем болып көрінеді. Ал енді Алматы – ғимаратымен де, ғимаратсыз да өте бір көркем қала. Оған көрік беріп тұратын – Тәңіртау. О баста Тәңіртау екен ғой, кейіннен Алатау деп, қырғыздардың айтып жүргені көрінеді. Шерхан ағам солай дейді.
Дүниежүзінде таулар көп, кейбі­реулер әншейін бір ат шауып шығатын төбенің өзін тау деп, жер-көкке сыйдырмай мақтап, өмір бойы жырлап өтеді. Олардың жыраулары да, ақындары да, айтыскерлері де бар. Ал енді біздің мына Алатауымыздың биіктігі, әсемдігі – дү­ние­жүзінде өте сирек кездесетін бір табиғи құбылыс. Менің бір байқағаным, осы кейінгі жылдары біздің Алматыда жүретін қарлығаш дейтін қасиетті құс жоғалып кетті. Екі жыл болды мінекей, жоқ, келмейді. Мен соларды сағынамын. Әлде осы Алматыға көз тиді ме деп те қор­қамын. Өйткені, келгендердің бар­лығы тамсанып, таңғалады ғой. Былтырғы апат таудағы тұрған шыршалар мен қарағайлардың бәрін жермен-жексен етті. Міне, солардың өзі де – бізді ойландыратын жағдайлар.
Алматы керемет, бірақ, тұрғындары көшенің кез келген жерінен кесіп өте береді екен...
Қаламызда қанша жұмыс жасалып жатса да мән бермей жүре береміз. Әрине, қаланың әсемдігі ең бірінші – жолы мен тазалығынан басталады. Содан соң халқының мәдениетіне байланысты. Айталық, адамдар арнайы жүргінші жолынан басқа жерден өтпейтін болса, ол қаланың мәдениеті жоғары деп есепте­леді. Баяғыда Ленинградтан «БТД» дейтін театр келді. Сонда Юрский Сергей Юрьевич дейтін актер болды, қазір де бар. Мен содан «Алматы қалай?» деп сұрадым. Ол: «Ой, Алматы керемет, бірақ, тұрғындары көшенің кез келген жерінен кесіп өте береді екен. Бұл жақсы емес, бұл әдептілік емес», – деді. Сөйтіп, мақтап-мақтап келді де, бір ауыз сөзбен пышақсыз «бауыз­дай» салды.
Ал енді театрдың, Алматының дамып, көркейіп келе жатқанын ел көріп отыр. Қаншама тұрғын үй, ғимарат салынды. Спорт құрылыстары да жоғары деңгейде, қыстыгүні жоғарыдан төмен қарай сырғанап түсетін ғимараттың өзі қандай әсем. Бұл біздің Алматыға көрік берді.
Медеуге келсек, бұл – ертеден келе жатқан, Алматымызға сән беретін қасиет­ті орын. Медеу деген кісінің де өзіндік тарихи бар. Мұз айдыны, басқа да спорттық кешендер салынған шатқал сол кісінің жайлаулары екен. Кеңес заманында ол кісінің аты қалды, жаман кісі болмаған шығар деп ойлаймын. Кемтарларға көп көмек көрсеткен дәулетті жан болса керек. Демократия орнаған соң жақсы жерлерге қолынан келгендер үй салып тастады. Бірақ, жекеменшіктің қиындығы да аз болған жоқ. Бұрын, шіркін, кез келген жерге отыра қалып, рахаттанып демалатынбыз. Суы қандай еді. Ал қазір оның бәріне мүмкіндік жоқ. Өйткені, қазір Алматыда ұлтарақтай жердің иесі бар.
Тәуелсіздігіміздің көк Туы алғаш Алматыда желбіреді
Алматы қаласының тарихы жөнінде көптен бері сөз болып жүр. Әлі күнге бір тиянақты шаруалар болады-ау деген үмітпен келе жатырмыз. Бір кездерде Алматының 150 жылдығы деді ме, соны тойлағансымақ болды. Ол Храпуновтың дәуірлеп тұрған уақыты болатын. Елеу­сіз­деу, жетім қыздың тойындай болып өтті. Біреу біліп, біреу білмей қалды. Ал енді қазір Алматының 1000 жылдан астам тарихы бар екендігі ғылыми түрде дәлел­денді. Осыны біз атап өтуіміз керек. Ал­матының тойын қалай етіп атасаңыз да жарасар еді. Бұл өзі қасиетті жер. Бұл қала да біздің астанамыз болды. Халықтың тағдырына қатысты небір жақсы шешім­дер, бүкіл қазақ халқын қуантатын тамаша жақсы істер осы шаһарда атқарылды. Егемендік алып, Тәуелсіздігіміздің көк Туы алғаш Алматыда желбіреді. Содан соң астана Арқаға көшті.
Бұл да игілікті шаруа болды, өйткені, біздің саясатымызға сай келді. Мына жа­ғымыз – Қытай, мына жағымыз – орыс. Орыс орманына кіргізбейді, Қытай қорғанына жолатпайды. Әрқайсысы алпауыт ел. Екі алпауыт елдің ортасында азғантай ғана халықпен зор көлемді жерді иеленіп тұру оңай емес. Бұл үшін өте ақылды әрі сындарлы саясат керек болды. Бұл – көршілермен жақсы болудың бір жолы. Қиындық көрсек те, азап шексек те, оның бәрін кек сақтамай, бүгінгі күннің шешімімен олармен тату-тәтті, жақсы жағдайларда болу керек қой деп ойлаймын.
Есімов – ешкімге ұқсамайтын, басқаша әкім
Алматыда қаншама жолайрықтар салынып жатыр. Әр әкім келген сайын өзінің бар мүмкіндіктерін пайдаланып, Алматыны көркейтуге бар күшін салып келеді. Ахметжан мырза келгелі де көп өзгеріс болды. Бұл да бір ешкімге ұқ­самайтын, басқаша әкім болып шықты. Маған бір ұнағаны, қала ішіндегі келеңсіз жағдайларды орын-орнына қоя білді. Алматыға кезінде қарағаштарды көп еккен. Қарағаштар – қаланың ағашы емес, даланың ағашы. Өйткені, бұл ағаштардың тамыры тереңге кетеді. Желдің өтінде тұратын ағаш қой. Солтүстіктен де, оң­түстіктен де, шығыстан да, батыстан да соққан желдің барлығына да ыңғайланып, мықты боп өседі. Ал қалада ондай емес, жел жоқ. Сәл-пәл бір дауыл соғатын болса қопарылып түсіп, не құлайды, не сынады. Астында машиналар, үйлер... тіпті, адам да қалып жатады. Кісі өлімі болған кез­дер де орын алған. Сондықтан қала­дағы ағаштарды тазалау, саялы, берік ағаштар отырғызу бағдарламасын мен өзім өте құптаймын.
Айналмалы жол салғаны бізге өте қолайлы болды. Қазір әуежайға қаланың кез келген айналмалы жолымен 10-15 минутта жетіп барасыз. Бұл да – жақсы­лықтың нышаны. Онан кейін, қаланың ауасы да тазарып келеді. Халыққа аса қажет заттың бірі – ауа. Оның қадір-қасиетін біле бермейміз. Адам оттегі болмаса өмір сүре алмайды, өледі де қалады. Адамға ғұмыр сыйлап, өкпесін, денесін, қанын тазалап отыратын – ауа.
Әрбір студенттің қолында бір-бір алма жүретін...
Екінші қажет дүние – су. Алматыда бұрын арықтардың бәрінен су ағып жататын. Алмалары самсап тұратын. 1954 жы­лы оқуға осында келген кезімізде әрбір студенттің қолында бір-бір алма жүретін, арықта ағып келе жатқан алманы сүртіп-сүртіп жей беретін. Одан ауырып жатқан олар жоқ, қайта беттері алмадай болып қызарып шыға келетін. Ол бір сондай кезең еді-ау. Қазір біз айрылып қала жаздаған апортымызды қайта­дан отырғызып, қайтадан өсіріп жатырмыз. Айта берсек, Алматыда жаңалық көп. Қаланың қоғамдық көліктері шетінен жаңарып жатыр. Жаңа жылға дейін шет елдің заманауи 200-ден астам автобусы келеді. Оның бәрі – газбен жүретін көліктер. Оларға жүргізушілер таңдалып алынатын көрінеді. Бұрынырақта кез келген адам шофер болып, 4 теңге, 3 теңге үшін бірімен-бірі жарысып, қаланың шат-шәлекейін шығарған кездер болды. Соның барлығы ретке келіп жатыр. Оның бергі жағында, құдайға шүкір, метромыз да бар. Бұл да бір қуанышты жағдай. Метроға түсіп көрсеңіз, жаздың ысты­ғында іші деген бір жұмақ. Әттең, әлі бекеттер аз әрі қысқалау болып тұр... Енді ол көбейеді және ұзарады ғой.
Осы метроны бітірген соң 40 жыл бойы жөндеу көрмеген Республика сарайы қайта жөндеу мен өңдеуден өткізілді. Қос қуанышқа ортақтасу үшін Елбасымыз Алматыға өзі келіп, метроны ашты. «Осы метро не ары емес, не бері емес болып, әбден мазамызды алып жүр еді. Тоқтатайық десек, оны көму үшін 3 есе артық қаражат керек екен. Тәуекел жасап, бас-тап едік, ақыры бітірдік. Бұл бір игі іс болды», – деді Президент сөзінде.
Брежнев жайлы қызық әңгіме
Осы жерде Нұрекең Брежнев жайында бір қызық әңгіме айтты. «Брежнев өзінің ең жақын досына «Социалистік Еңбек Ері» атағы мен «Ленин» орденін беру туралы жарлыққа қол қоймақшы болып, оны өзіне шақыртыпты. Досын құшақтап, беті-аузынан сүйіп тұрып «Айналайын досым, Отан соғысында бірге болдық, талай қиындықты бірге көрдік, сені сүйемін, сен де мені сүйесің, міне, құдайға шүкір, мына марапатты да менің қолымнан алайын деп отырсың. Мына жұлдызы – маған, ордені – саған болсын» деп арқасынан қағып жіберіпті дейді». Жұрттың бәрі ду күлді.
Сол кездесуде Елбасымыз Алматы жөнінде, Алматыға деген өзінің махаббаты жайында көп әңгіме айтты. Астанаға неге көшкенімізді, сол кезгі саясатты сөз етті. «Бұл не деген ессіздік, не деген бассыздық, халықтың тұрмысы нашар кезде қала салу ақылды шаруа емес. Алматыдан Арқаға көшіп, астынан су шықты ма...» дегендер де болғанын айтты. «Алматы – өзімнің туған жерім, өскен елім. Халық үшін, қазақ үшін, ел үшін сондай саясатқа көшу керек болды. Бірақ, Алматы менің назарымнан шықпайды. Бұрынғы болған әкім Иманғали көп жұмыс атқарды. Қазіргі Ахметжан да аянып жатқан жоқ. Жақсы жұмыс істеп жүр. Қаржы бөліп жатырмыз. Түбінде біз ұстанған осы саясаттың бәрі дұрыс болып шықты», – деді.
Бізбен отырып шәй ішті, әңгімелесті, сөйтіп қоштастық та кеттік. 1000 жылдан астам тарихы бар Алматының осындай қалаға айналғанын дұрыстап тойлауымыз керек қой деп ойлаймын.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...»
Мемлекет Басшысының Алматыдағы резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлеріне президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсыруға арналған дәстүрлі басқосу болды. Бұл – 1995 жылдан бері келе жатқан, салтымызға айналған басқосу. Рәсімге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушылар, ақындар, әртістер, суретшілер, музыканттар, Қазақстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлер қатысты. Мемлекет Басшысы шығармашыл және мә­дениет интеллигенция өкілдерін сти­пендияға ие болуларымен құттықтай оты­рып, стипендиаттар құрамы қоғам­ның көпұлтты құрылымын көрсететінін атап өтті.
Жолдаудағы міндеттер айтылды. Президент Жолдаулары – ел болашағының бағдары. 2030 бағдарламасын алайық. Алға қойылған міндет – әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру болатын. Шүкір, бұл талапты өз межесіне жетті деу­ге әбден болады. Қазір Қазақстан әлем бойынша 51-орында тұр. Экономикасы дамыған, қыруар шаруалар атқаруға қау­қарлы ел. Қалыптасқанына, яғни негізін қалағанына небәрі 20 жылдан енді ғана асқан жас мемлекет үшін бұл аз жетістік пе?
Мемлекет Басшысы Қазақстан мәде­ниетінің жаһандық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналуы тиістігін, әлемге танылған, мысалы, қытайлық, ре­сейлік, жапондық, кореялық және өзге мәдениеттердей болуы керектігін сөз етті. Осы орайда, қазаққа қатысты және жал­пықазақстандық мәдени мұраны жаһан­дық деңгейде тарату тетіктерін ойлас­тырудың маңыздылығы, бұл үшін ақ­па­ратты алға жылжытудың жаңа технологиясын іске қосу қажеттігі айтылды. Бұған келешекте өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, сондай-ақ, әлемдік ауқымдағы өзге де іс-шаралар мен форумдар тамаша мүмкіндік беретінін сенімді түрде жеткізді.
Жаңа Жолдауында Елбасымыз рес­пуб­лика халқының алдына тағы да үлкен міндет қойды. 2050 жылға арналған стра­тегиялық жоспармен таныстырды. Осы орайда бір айта кететін мәселе – Елбасымыз қандай мәселе көтерсе де, қандай меже белгілесе де ең алдымен ұлтаралық достық пен татулыққа үлкен мән береді. Бұл жолғы Жолдаудың да өзегі – халықтар достығы. Халықтың бір-бірімен тату болуы – мемлекеттің нығаюының, әл-ау­қатының жақсаруының, өсіп-өнуінің сенімді кепілі. Қазіргі кезең – бәсеке заманы. Бәсекеге төтеп беру үшін қабілеттілік керек. Осыны үнемі құлағымызға құйып келеді.
Американың Дениал деген оқымысты көріпкелі «Әлемге осындай Президент көбірек керек. Егер барлық мемлекет басшысы Қазақстан Президенті сияқты ойлап, іс істейтін болса, әлем халқының жағдайы әлдеқайда жақсы болар еді» депті.
Елбасымыз жұртшылықпен болған бір кездесуінде «Не істесек те ақылмен істейік, арзан сөзге ермейік, жалған сөзге тізгін бермейік. Тарих жолы ұзақ, асықсақ та аптықпайық, Қазақстан халқы жұлды­зының жоғары болатынына сенемін», – деген еді. Үміт ақталды. Түптеп келгенде, адам тұрмысының жақсы болуына, бейбіт өмір сүруіне татулықтың ғана жол ашатынын айқындап берді.
Президент адам бойындағы парасат­тылық пен адамгершілік қасиеттерге көп мән береді. Барлық Жолдауларында осы екі қасиет басымдылықпен айтылып жүр. Онысы дұрыс. Біздің данышпан Абайымыз да бұл тұрғыда өзінің сөзін айтып кеткен.
Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және сүй Хақ жолы деп әділетті,
– дейді ұлт ұстазы.
Көрдіңіз бе, Абай бабамыздың осы жыр жолдары бүкіл адамзат баласын татулыққа шақырып отырған ұран емес пе?
Толстой шіркеуден неге кетті?
Абай адам баласының бәрін, тіпті, ұл­тына, руына қарамастан сүй деп отырған жоқ па? Орыстың ғұлама жазушысы Лев Толстой өмірінің соңғы жылдарында дін қызметкерлерінен іргесін аулақтап, шір­кеуден кетіп қалады. Сондағысы Иса пай­ғамбардың «Кім болса, ол болсын, орыс болсын, неміс болсын немесе итальян болсын, барлығын бірдей жақсы көру керек. Жау болып келе жатқан адамдардың өзін жақсылап қарсы алу керек, сонда жер бе­тінде тыныштық орнайды, бейбітшілік болады. Сендер, шіркеудің қызметкерлері, осы пайғамбардың айтқан өсиетін бұз­дыңдар. Сендер мені «құдайдан безген» деп кінәлайсыңдар. Құдайдан безген мен емес, сендер! Құдайға шын берілгендіктен де Иса пайғамбардың сөзін естеріңе салып отырмын» дейді. Толстой туралы кезінде өте нашар пікір болған. Ақырында бұл сөз жо­ғары жаққа жетіп, император «Сендер Толстойға тиіспеңдер. Ол құдайдың адам­затқа берген абызы» деген ғой. Сөйтіп барып жаладан әрі жазадан аман қалған.
Сол кезеңде ерегістер, жанжалдар көп шыққан ғой. Соның салдарынан Пушкин дуэльге (жеке-жек) шығып, қарсыласы Дантестің оғынан өлді. Лермонтов та жекпе-жектің құрбаны болды. Тургенев пен Толстойдың арасында да осындай үлкен ерегіс, даулы жанжал болған. Бірақ, ақылды адамдар табылып, солардың араласуымен екеуін әрең дегенде тоқтатқан. Егер де сол жекпе-жек болғанда, Толстой мерт болар еді. Өйткені, Тургенев аңшы болған көрінеді. «Записки охотника» деген кітабы бұл сөзімізді растайды.
Осындай жағдай біздің қазақтардың арасында да болған. Ерегіс, берекесіз жанжал, дау-дамай көрініс тауып отырған. Болайын деп тұрған нәрсені болдырмауға тырысатынымыз бар. Сөйтіп ғайбат сөздер айтамыз. Мұның өзі жеке адамдардың арасында болғанымен, қоғамның өсіп-дамуына кері әсерін тигізіп жатады.
Қазақ – небір аласапыранды, алапатты, от-дауылды басынан кешірген төзімді ха­лық. Өздерінің халі мүшкіл бола тұрып, өзге жұрттың жетімі мен жесірін тенті­ретпей, телміртпей, соларға қамқор болған халық. Қаншама ұлт пен ұлыс қазақ даласынан, мейірімді халықтың шаңырағынан пана тапты. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй» деген сөзі ақынның аузынан шық­қанымен, қазақтың көңіліндегі үні бұл. «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген қазақ емеспіз бе?
Асанәлінің әзілі
Осы секілді ұлағатты ойлар, мерейлі мақ­саттар Жолдауға арқау болған.
Бұл жолғы кездесуде жастар көп болды. Ақыны бар, әнші-күйші және бишісі бар, бәрі келді. Олардың ішінде Абай атындағы опера және балет театрында қызмет ететін бір топ өрімдей жас ұл-қыздар бар. Үлкен кісінің өнерге деген көзқарасы (біздің бақытымызға қарай) қай кезде де жақсы ғой. Үнемі қамқорлық танытып жүр. Елбасымыз өз сөзінде Астанада салынған Опера театры туралы айтты.
– Мен Францияның, Италияның, Авс­тра­лияның, Американың театрларын көр­дім. Барлығын көріп-көріп келіп, қазақ өнерінің қара шаңырағы болсын, ән-күйді аңсаған халық келіп мауқын басатын, демалатын киелі өнер ордасына айналсын деген оймен ешқайсысына ұқсамайтын етіп салдырдым. Жақсылықтың нышаны ғой деп жаңа Жолдауымды да сол ғимаратта өткіздім, – деді.
Кездесу сағат 15.00-ге белгіленген екен. Біздер, бұрынғы Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков, Асанәлі және мен сәл ертерек келіп, өзімізге тиесілі стипендиямызды алып, шүйіркелесіп отырдық. Бір кезде бүлдіршіндей жас қыздар мен жігіттер келіп бізге сәлем берді. «Айна­лайындар, бақытты болыңдар, өнердің өріне өрлеңдер» деп батамызды беріп жатырмыз. Асанәлі мені түртіп:
– Анау бойжеткеннің мүсінін көрдің бе, қандай керемет, – деді.
– Оның не таңғалатыны бар, сенің кезіңде де сондай сұлу мүсіндер болды ғой, – дедім мен.
– Әрине, болуын болды ғой, бірақ бүгінгі жастар ол кездердегіден сұлуырақ сияқты, – деп Асекең де қояр емес.
– «Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды» деген рас-ау, – дедім. Екеуміз де қосарланып мырс-мырс күліп алдық.
Елбасы дәл белгіленген уақытта келді. Бәрімізге ой сала сөйледі. Еңбек етуге, жас­тарды еңбекке баулуға шақырды.
2012 жыл шын мәнінде табыссыз болған жоқ қой. Қай салада да ауыз толтырып айтатын, желпіне сөйлейтін жетістігіміз болды. Спортты алайық, тарихымызда бол­маған деңгейге жеттік. Спортшыларымыз 7 алтын медальді иеленді. Күміс, қола ме­дальдарға қолымыз жетті. Осы жерде Аб­рамов пен Әбдісалан Нұрмахановтың бокс­тасқаны есіме түсіп отыр. Жеңіп тұрған жерінде Нұрмахановқа жеңісті бермеді ғой. Өйткені, бодан елдің азаматтары ол кезде ондай дәрежеге жете алмайтын. Жол жабық болды. Алдыңғы қатарда мемлекетті билеп отырған халықтың өкіл­дері болу керек деген біз білмейтін қағи­далар, қитұрқы саясат дендеген еді.
Кездесу бітті. Елбасымыз орнынан тұ­рып, шетінен амандаса бастады. Асанә­лімен, Жексенбек ағамызбен, сосын мені­мен қол алысты. Асанәліге қарап:
– Ай, Асеке, аяғың қалай? – деді.
– Жаман емес, – деді.
– Сәбит сенің аяғың туралы анекдот айтып жүр ғой, – деді Нұрекең езу тартып.
– Ой, мұның көзінше ешнәрсе айтуға болмайды. Баяғыда Елубай Өмірзақов пен Серке Қожамқұлов ағаларымыз жұмысқа келгесін бірі аяғының, бірі белінің ауыратынын айтып мұңын шағып жатқанда ішек-сілеміз қатып күлуші едік. Тура сол басқа келді. Аяғым жүріп келе жатқанда басайын деген жерге дөп түспейді, қас қылғандай, жанамалап барып түседі, – деді Асекең.
– Ал енді қазір қалайсың?
– Қазір жаман емес, бірақ, жетісіп тұр­ғаны шамалы. Межелеген жерге жетпей, кері кетіп жүр. Бірақ, жас бикештерді көр­сем, табаным ойлаған жерге тарс ете қалады, – деп қарқылдап күлді. Біз де күлдік. Елбасы маған қарап:
– Қалің қалай? – деді.
– Жаман емес, бірақ, Сіздікіндей емес, – дедім былтырғы сөзімді қайталап.
– Түу, сен де қоймайды екенсің, – деді. Сосын сәл кідіріп:
– Тағы бір сөзің бар еді ғой, – деді.
– Ол біреуі – «Көбелектің кәрісі жоқ, Кәріліктің дәрісі жоқ» дегенім ғой. Бірақ, Сізбен кездесу біздер үшін – дәрі» деп айтқанмын, – дедім.
– Е, мұның өте дұрыс, – деді.
Еңбек еткен халық жаман болмайды
Шынында да ойланып қарасақ, қазіргі өмірімізге ештеңе жетпейді. Жас кезімізде көрген қиындығымыз, әке-шешелеріміздің бастарынан өткерген ауыртпалығы тіл жетпейтін азапты жағдай ғой. Есімізге түссе, әлі күнге жанымыз түршігеді. Еңбек етсе, халық жаман болмайды.
Кездесуде латын әліпбиі туралы да сөз болды. Елбасы бұл үдерістің жақсы дайын­дықпен және ойластырылып жүргізілуі қажеттігіне тоқталды. XX ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзір­ленгенін, ең маңыздысы, қазақстан­дық­тардың болашақ ұрпағына арналған ха­лықтың осынау қазынасы жоғалып кет­пегенін, латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік екенін айтты. Мемлекет Басшысы сонымен қатар, қазақ тілін латын әрпіне көшіру жө­нінде мемлекеттік комиссия құрыла­тынын да жеткізді.
Нұрекең кездесу соңында көпшіліктің бәрімен амандасты, бірге ескерткішке суретке түсті. Өнер қайраткерлері Елбасына алғысын айтты. Бәріміз мәре-сәре болып, көңілді тарастық.
...Әнге қосылып, шырқап кетті
Астананың 10 жылдығында Президент­тің мәдени орталығында талантты ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» деп аталатын поэмасы бойынша дайындалған қойылым көрсетілді. Астананың белгілі әртістері қатысты. Мен де қатысып, Жы­раудың бейнесін жасадым.
Спектакльді көруге Президенттің өзі келді. Қойылымның соңы сценарий бойынша, Елбасының сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың әнімен аяқталды. Міне, ғажап, Елбасы әнге қосылып шырқап кетті. Көрермендердің де, сахнада тұрған әртістердің де делебесі қозып, әнді хорға айналдырып жіберді. Қойылым соңында Нұрсұлтан Әбішұлы алғысын айтып, ризалық көңілін білдірді. Сонан соң сахна жаққа қарап: «Дана бабаларымыздың тол­ғауын айтқан Сәбең, Сәбит Оразбаев – әкемтеатрда елу жылдан астам қызметте келе жатқан ақсақалымыз. Біз Сәбеңмен отыз жылдай араласып, сырласқан жандармыз. Жастық шағымызда тауға да шықтық, күннің батысынан таңның атысына дейін ән шырқадық. Өткен өмірде, жақсы сәттерде, қиындық кезеңдерде де бірге болдық. Құдайға шүкір, Сәбең сақал-шашы қауғадай болып, ақсақалдық дәре­жеге жетті», – деді. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Елбасының қысқа болса да айтқан естелігінен әрі қуат алып, әрі қысылып қалдым. Төбем көкке жеткендей сезіндім. Шынында да, Елбасымен бір заманда өмір кешу мен үшін зор мақтаныш еді…
Иманжүсіптің толғауын төгілдірді
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары (ұмытпасам, 1974 жыл ғой деймін) болатын. Араласып жүретін Шаншар Манкеев деген азамат қонақ болып, шай ішуге үйіне шақырды. Үйіне кіріп келгенімде маңдайы жарқыраған, қою қара шашты, нұрлы жүз­ді жігіт қарсы ұшырасты. Бұрыннан көріп-біліп жүрген адамдардай емен-жарқын амандастық. Шаншар мені таныс­тыруға ыңғайлана бергенде: «Бұл кісіні танимын, телеарнадан «Халық қазынасын» жүргізеді. «Қымызханада» әнші жігіт Шөңгебайды ойнайды», – деп өнерден хабардар екенін аңғартты.
Нұрекеңмен танысқан кезде мен аз да болса атақ-абыройға ие болып, театрдың белді әртісі бола бастағам. Айтса айтқандай, телеарнадан үзбей беріліп тұратын «Қымызхана» атты сатиралық қойылым халыққа танымал еткен еді.
Ұзақ отырдық. Өнер жайында әңгі­мелестік. Төле бидің толғауын орындадым. Мұқият тыңдап отырған Нұрекең, қай­талап айтуымды сұрады.
– Бұл қазақтың баласы
Тегінде нені көрмеген.
Неше бір жайсаң данасы,
Шешен де болып сөйлеген.
Көсем де болған ойменен.
Бірақ, соның бәрі де
Ыдырап жатқан қазақтың
Қоса алмады бастарын.
Алауыз болып ағайын,
Бейбіт жатқан елімді
Жаулап алып, қор қылды.
Көк атты келіп көлденең.
Мен боламын дегендер
Ақтамады сенімді
Көкірек қаққан хандарым,
Лауазымға таласып,
Быт-шыт қылды елімді,
– деген жерін өзі де бірнеше рет қайталады.
Қатаған мен Сүйінбайдың айтысынан үзінді айттым. Нұрсұлтан Әбішұлы тағы­лымды толғауды соншалықты мән беріп тыңдады.
Нұрекеңе домбыра ұсындық, керемет даусы да бар екен. Ол кезде айтуға рұқсат етілмейтін, әлі ақталмаған Иманжүсіптің толғауын орындады.
«Мен қалайша бұл елде тұрақтаймын,
Көлге біткен майысып құрақтайын.
Зорлық еткен кәпірдің талайларын
Бақыртып сабаушы едім лақтайын»,
– деген шумақтарды екпіндетіп, ерекше жігермен орындады. Бірнеше халық әндерін қоса шырқады. Осылайша елжан­дылығын, қайсарлығын танытты. Бабалар аманатын сол кездің өзінде-ақ көкірегіне сақтап, соларды жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойған азамат екенін аңғартты.
«Мүмкіндік болса, Қарағанды қаласына келіңіз», – деді маған кетерінде. Бір-бірімізге ризашылық білдіріп тараcтық.
Қалт-құлт етіп қайық тұр...
Жаз айларының бірінде Қарағанды қаласына жолым түсіп, барған соң уәде бойынша хабарластым. Қуана қарсы алды. Арнайы жеңіл көлік жіберіп, қонақүйден Теміртауға алдырды.
Қарапайым екіқабатты үйдің жоғарғы қабатында тұрады екен. Жоғары көтеріліп келе жатқанымда алдымнан өзі шығып, үйіне бастап барды. Зайыбы Сараға таныс­тырды. Үй жиһаздары өте қарапайым, таза, рет-ретімен жиналған. Сапалы дыбыс жазатын магнитофон мен радио аппараттары үстел үстінде тұр. Арнайы дайындап қойса керек. Үстел мен орындықтардың санына қарағанда, біраз қонақ болатын сияқ­ты. Нұрекең: «Бүгін жақсы отырыс болғалы тұр, Сәке. Кешке Теміртаудың зауытында істейтін азаматтар келеді. Оған дейін көлдің арғы жағына өтіп, саяжайда демалып, суға шомылып қайтайық», – деді. «Қонақ қойдан жуас» деген емес пе?
Көл өте үлкен екен. О шеті мен бұ шеті көрінбейді. Жағада шағын моторлы қайық тұр. Жүргізуші орта жастағы орыс жігіті. Ол бізбен амандасты да, қайыққа отырғасын бірден жүріп кетті. Әне-міне дегенше, үлкен көлдің ортасына жақындап қалдық. Көңіліміз көтеріліп, ыңылдап іштей ән салып келеміз.
Аяқ астынан жел тұрды. Үлкенді-кішілі толқындар пайда бола бастады. Оған да мән бермей ілгері жылжи бердік. Ой, тоба! Бір кезде жел күшейіп, соңы алай-дүлей дауыл болып кетті. Жан-жағымызға қа­расақ, жаға көрінбейді. Су шашырап, қайықтың ішіне құйылып жатыр. Қатты желдің қай жақтан соққанын да білмейсің. Дауыл қайықтың бағытын өзгерткен сияқты. Ой, Жасаған ием, бәле қайда, бассаң аяғыңның астында, деген осы. Әп-сәтте дүние төңкеріліп, алай-дүлей болды. Мотор баяғыда өшкен. Қайықшы орыс жігіті: «Боже мой! Я дурак, я пропал, извините, Нурсултан Абишевич!»– деп еңіреп қоя берді. Нұрсұлтан маған қарап:
– Сәке, суға жүзе аласыз ба? – деді.
– Жүземін! – дедім.
Менің батыл жауабыма риза болды білем:
– Онда әрекет жасайық, жылағаннан ештеңе өнбейді, – деді. Осы сөзден кейін іске кірістік.Үстімдегі киімді жылдам шеше бастадым. Нұрекең де киімдерін шешіп, жүзуге ыңғайланды. Қайық қалт-құлт етіп тұр. Орыс шелекпен іштегі суды сыртқа төге бастады. Дауыл тағы бір соққанда қарасам, қайықшы жоқ. Суға құлап кетіпті, қылтиып басы ғана көрінеді. Үсті малмандай. Айқайлап, жан даусы шығып, қайыққа жармасты. Нұрекең көмектесіп жүріп қайыққа мінгізді. Өстіп, арпалысып жүргенімізде көк жүзін торлаған қара бұлт сейіліп, аяқ астынан тыныштық пайда болды. Ескекпен есіп отырып, кері қайттық. Жаңағы кісі түрткілеп жүріп моторды отал­дырды. Жүзіне қан жүгіріп, құдайына құлшылық айтып жатыр. Сонымен бір апаттан аман қалған біз үйге де жеттік-ау.
Ән-жырға құмар, сауықшыл жан...
Кешкілік қонақтар да жиналды. Кілең өңдері шырайлы, денелері шымыр мар­қасқа жігіттер. Комсомолдан көтерілгендер, Теміртаудың негізін қалауға атсалысқандар екен. Дастарқан басында көңілді отырыс болды.
Нұрекеңнің бір ғажабы, менің алғашқы кездесуде айтқандарымның бәрі есінде сақталыпты. Бір досына: «Саған керек болады, ел басқарып отырсың», – деп қалжың­дап алды да, Бигелді ақынның термесін төгілтті:
«Бір сырлы болсын жігіт сегіз қырлы,
Сақтасын жатқа шашпай асыл сырды.
Келеді ең әуелі жырға қосқым,
Ән мен күй, жақсы әңгіме, өлең-жырды.
Екінші болу керек жігіт көпшіл,
Кең пейіл болған дұрыс, болмай кекшіл.
Біреуді алыс, біреуді жақын көрмей,
Жұмысы болсын тегіс әлеуметшіл...».
…Түннің бір уақытына дейін отырып, көңіл-күйіміз көтеріңкі болып тарадық. Иә, Елбасымыз – дәл осындай ән-жырға құмар, сауықшыл жан.
(Мақала С. Оразбайдың
«Өмірдің өзі – театр» атты кітабы негізінде әзірленді.
«Арна-В» баспасының рұқсатымен,
2013 жыл).
Автор: Сәбит ОРАЗБАЙ, Қазақстанның ха­лық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Ашшы шындық!!!

$
0
0
Қытайдағы оқушы қазақ қызының хаты
Уақыты:2013-01-12
“Мен қарапайым отбасынан шығып, Қытай Халық Республикасында окып жатқан Қазақстан Республикасының азаматшасымын. Осы күнге дейін бұл елде оқитын студенттер жайында ешқандай хабарым болмаған. Хат мазмұнында тілге тиек етейін деп отырғаным - жүрекке инедей қадалып жүрген бұл елдегі өз отандас құраластарымның, яғни біздің қазақ студенттерінің өмірі мен жағдайы.
“Мен қарапайым отбасынан шығып, Қытай Халық Республикасында окып жатқан Қазақстан Республикасының азаматшасымын. Оқудың төлемақысын өзім төлеймін, ата-анамның қалауымен "Аспан асты "елін таңдадым. Осы күнге дейін бұл елде оқитын студенттер жайында ешқандай хабарым болмаған. Әңгіме менің неге қытай тілін таңдадым және оқуға қатысты тақырыпта емес, сондықтан хат мазмұнында тілге тиек етейін деп отырғаным жүрекке инедей қадалып жүрген бұл елдегі өз Отандас құраластарымның, яғни біздің қазақ студенттерінің өмірі мен жағдайы. Десек те бұл менің айналамда болып жатқан осы үрдістер тұрмыстық деңгейде болса да, осы жағдайымыз ұлт тағдырына үлкен қауіп төндіріп тұр. “Айқап.kz” ақпараттар порталының басы-қасында жүрген ұлтжанды азаматтардың бұл хатқа жете назар аударатынына көзім жеткен соң, бұл хатты ұлт үшін шыр-пыр болған қазақ қызының мұңды жүрегінен шыққан дауысы деп санасаңыздар болады. 
Бүгінгі таңда Қытайдағы қазақ студенттерінің дені ҰБТ-дан төмен нәтижеге ие болғандар немесе жәй қыдырыстап "тусовка" үшін келгендер. Ниеттері қандай екені қайдам, әйтеуір тірліктері осыны көрсетеді.
Сонау 2010 жылдан бастап қазіргі күнге дейін мың түрлі қазақты көрдім, әрине мінсіз ұлт, мінсіз адам болмайды, бірақ біздің қандастар тым шектен асатыны үш ұйықтасам да түсіме кірмеген.
Қытайға келіп алғашқы рет оқу ордасының табалдырығын аттағаным және ең бірінші оқу күнін әлі ұмытқаным жоқ, өйткені ең бірінші боп біздің қаракөз қазақтар көз алдыма түскен болатын. Сол мезетте “қазақтарым ғой” деп амандасуға бара жатқанымда "че опять что ли эти казахи приехали" дегенді естідім. Бетім қызарып, ешнәрсені түсінбей қалдым, оған қоса олардың көзқарастары да тым жаман болатын. Үндемей оқу залына қарай бет бұрдым. Ішіне кіріп келген кезде біздің қазақ қыз-жігіттер темекілерін тартып, бір-бірін құшақтап алып, сүйісіп тұрған түрлерін көргенде, шынымды айтайын құлап қала жаздадым! Мен мұндай масқараны еш жерде көрмегенмін, десек те ондай жастар басқа ұлт өкілдері болса "ой, біздікілер болмаса болды" деп теріс қарап кетесің ғой, бірақ мен қаракөз қазақ қыз-жігіттерін көргенімде, кіріп кететін жер таппадым. Оған қарамастан маған қарай түтіндерін бүркітіп, бір-біріне "мынау қайдан келген типа ангелочек?" - деп сықылықтап күліп алды, сол кезде ата-анам телефон шалып қалған, туған анаңа қазақ тілінде сөйлемегенде кімге сөйлейің, қазақша тіл қатып жатқанымда олар маған біртүрлі қарап ,"мамбетка" деп кекетіп сөйлеген. Әрине бетке айтпайды, бірақ естіртеді...
Қыздың да,жігіттің де жалпы адам баласының тәрбиесіне енбейтін нәрселерді осы Қытайдағы жатақханада көріп естідім. Түнде біздің қыздардың қасына қазақтар да келеді, оған қоймай араб, түрік, пәкістан және т.б ұлт өкілдері біздің қазақ қыздардың қасынан шықпайды. Тектен-текке келмейді ғой! Тегінде қазақ қыздарына келгендегі діттеген мақсаттарына жетпесе, түн ұйқысын төрт бөліп есірген жігіттер келе ме? Күндіз ұйықтап, түнде маскүнем қазақ қыздарының "концерттері" басталады. Олар демалып жатқан студенттердің "қойсаңшы"деген сөзі түгіл, жатақхана қараушысының "шығарып жібереміз" деген сөзіне қарамай, қырылуға дайын тұрады, ауыздарынан орыстың жаман сөздерінің сан түрлері шығып жатады. Қыздар бір-бірлерімен қырылып, беттерін тырнап, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Қазақы тәрбие көрген мен үшін бұның бәрі жат болды. Тіпті бұл көрініс қазақы болмай-ақ қойсын, әйтеуір дұрыс тәрбие көрген кез-келген адамға оғаш болып көрінетін көрініс. Мен бұның біріне шыдамадым, сөйтіп келесі жылы П. қаласына ауыстым, тіл тамамдаған жерім С. қаласы.
П. қаласына ауысқаннан кейін мұндағы қазақтар өзге шығар деп ойлағанмын, оған қоса оқу сапасы С. қаласына қарағанда жер мен көктей. Екі айдан кейін қателескенімді түсіндім, оқу сапасы жағынан емес, қазақтар жағынан. Сабақ оқымайтындар, сабаққа кешігетіндер, сабаққа күндеп емес, айлап бармайтындар - бәрі бәрі ҚАЗАҚТАР!!! Бұған дейін қазақтар осындай жағдайда екенін мұғалімдер де айтқан, біраздан соң олардың сөздерін сол жердегі көргенім растап берді.
Жігіттер мотоцикл алудан, қыздар киім-кешекпен жарысудан шаршамайды. Бәрінің тілегі - Қасиетті Жұма күні "бухать по полной программе" (өстіп айтады)
Қасиетті Жұма демекші "өтірік мұсылмандардың" да саны аз емес, ауыздарының суын ағызып қойып уағыз айтқанда: бұл адам иманы бар екен, білімді екен деген ойда боласың, бірақ бір күні ол адамның да басқа өзгеше "қырын" көресің. Сөздері мен істері бір-біріне түк үйлеспейді, бойларында екі адам бар секілді. Темекі де, арақ та, түнгі клубта жүру де, қыздарға білгенін істеу де солардан қалған. Жұма күні күндіз сабаққа бармайды, Жұма Намазға баруым керек деп, сосын кешкісін жын-ойнақтардан бір шығады. Оқу далада қалған жоқ, себебі оқу деген ұғым да, ой да олардың санасында жоқ!
Осы жерге дейін оқығаннан кейін "немене Қазақстанның студенттерін қадағалайтын ұйымдар жоқ па?” - деп ойлайтын шығарсыз. Әрине бар! "Жас Қыран" деген ұйым бар! Бірақ "жасқырандықтардың" тек қағазға жазып "I love Kazakhstan" дегеннен басқа түк ұлтжанды істері жоқ!!! Әйтеуір бітпейтін "казах пати" деген тойлары бар. Қазақстан немесе Қазақ мәселесін талқылайтын "пати" ма деп жүрсек, сөйтсек "арақты кім бірінші тауысады" деген жарыстар өткізеді екен. Әрине кездескен сайын емес, бірақ осындай жарыстар болған. Ал өзге бағдарламар да осындай тақырып аясында. Қыздардың түрі тыртиған жезөкшеден асып түспесе кем емес!!! Наурыз болсын, Тәуелсіздік күні болсын бәрібір: олар үшін міндетті түрде "Казах Пати " өту керек! Дебат анау-мынау ұйымдастырады, олардың Құдайға да қажеті жоқ! Тек қана бос сөз, мәселен "елді қалай дамытамыз, не істейміз" деп ауызынан көпірік аққанша бос сөйлеп, сөз таластырудан қолдары босамайды. Ешкім нақты қимылдап, сөздерін іспен жарытып жатқан жоқ. Ертең "жиналыс" деп өмірбақи сабаққа бармайтын шолақбелсенділер де аз емес, әйтеуір саны бар, сапасы жоқ, дүмше патриоттар ұйымы.
Өз тәнін ақша үшін жалғыз қытай емес, басқа ұлт өкілдерімен төсектес болып жүрген қазақ қыздары жылдан жылға көбейіп барады. Әрине олар үшін ішкі дүние маңызды емес, ең бастысы жұрттан асып киінсе болды! Өз-өздерінен жиіркенетін уақытқа әлі жетпеді-ау деп ойлаймын. Бұндай жүріспен жете ме? Апта сайын түнгі клуб табалдырығын тоздырып жүрген қыздар да қазақ қыздары. Мейлі билесін, көңіл көтерсін. Бірақ араққа сылқия тойып алып, өз беделін түсірудің не мәні бар? Бұл жүрістермен олар өздерін кемсітіп жүрсе ештеңе емес қой, бірақ ҰЛТ ТАҒДЫРЫ ДЕГЕН ҰҒЫМ ҚАЙДА СОНДА??? Мас болып, мал болып жерде жатқан қазақ қыздарын достары да алып кетпейді: сөйтіп әр бұрышта есінен танып жатады. Бір Алла біледі ол қызға кім не істегенін. Таң атқанға дейін ол қыздарға әркім өз білгенін істейді. Ұлттың құрдымға кетіп бара жатқаны бұлардың санасына кіріп шықпайды. Себебі санада ондай ойға орын жоқ. Қытайдағы Қазақстан елшілігінің де бұл іске шаруасы жоқ! Олар бөлек, біз бөлек. Дипломатиялық іс құдды тек сауда мен саясат төңірегінде сияқты. Студенттер тәртібі мен оқу үлгерімін ешкім қадағаламайды! Елшіліктің ішінде көп адам қытай тілін де білмейді, әрине олар да туыс-таныс деп кіргендер шығар. Және өз жұмыстарын да дұрыс білмейді, қытай тілін білмесе де қазақ тілін білуге тиісті олар!!! Ішінің дені орысқұлдар! Шаруаңмен барсаң, дөрекі жауап береді! Сірә "аспанасты елі" деген ұғымды бұлар тікесінен пайдаланытын сияқты, өздерін аспанда отырғандай сезеді. Қазақ жастарын қадағалауға немесе бағдарламалар жасауға қаражат бөліне ме? Бөлінсе олар қалай жаратылады? Бөлінген гранттарды "жасқырандықтар" немесе таныстардың балалары алып алған!
Қытайда анаша, төбелес, ұрлықтан да сотталған қазақтар жетеді. Оған қарамастан елге қайтканнан кейін жаңа паспортпен келгендерді де көрдім. Есірткелерді көбінесе Қытайдың ұйғырларынан сатып алып жатады.
Қытайдағы көп студенттер университеттен университетке ауысудан шаршамайтындар, өйткені Қытайда өзің үшін оқисың, сені ешкім қадағаламайды, бірақ тәртіп бәріне ортақ! Оқудан оқуға ауысудан ерекше көзге түсетіндер - қазақстандықтар!!
Бөтен елде Қазақстан беделін түсіріп жатырған қазақтар үшін жаным ашиды! Сонда ата-ана берген тәрбие қайда? Рух байлығы қайда? Намыс, ұят дегеннен жұрдай болдық қой... "Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым" - деген осындайда айтылатын шығар...
Мен Қазақпын деген сөзден ұялғым келмейді! Бірақ Қазақстандықпын дегенде жаман көзқарасты көргім де келмейді! Шошқа етін жеп: "я не знаю че такое ру ,"да ну казахский никчемный язык, который в современном мире не востребован" - деген "казахтарды" да көргім келмейді! Мен Қазақстан болашағы үшін қорқамын! Қауіптенемін. Оған барлық сілтемелер бар. Ең өкініштісі: көшеде қазақ қазақты көргенде жауын көргендей болады! Бірауыз сәлемге де күштері жетпей қалады. Ауызбіршіліктің не екенін ұмыттық...
Ер балаларға айтатыным: сіздер еркек емессіздер, өйткені сол жаман жолға түсіп кеткен қыздарға ақыл айтып, жол сілтедеудің орнына, өздеріңіз сол қыздарды зат ретінде пайдаланып жүрсіздер! Бүгін бір зат (қыз), ертең басқа зат (қыз). Заттардың қолдану реті ауысу мүмкін, бірақ заты бір - ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ! Бұған көзім баяғыда жеткен! Қытайдағы барлық студенттер жоғарыда жазғанымдай емес, бірақ дені осындай!
Жоғары жақтан студенттердің жағдайына назар аударуды сұраймын! Мәжілістен Қытайдағы елшіліктен сұрау салуды сұраймын! Ата-аналардан 20-дан асса да әлі есі кірмеген ұл-қыздарын Қытайға жібермеуін сұраймын! Қызға қырық үйден тыйым деген ұғым бар! Ата-аналар! Сіздер қырық қадам тұрмақ, Құдайдан да қорықпағандардың құрған сонау Қытай мемлекетіне мәпелеп өсірген ұл-қыздарыңызды жіберіп отырсыздар! Қыздарыңыздың ары төсекте, кім көрінгеннің қойнында былғанып жатқанын қаламасаңыздар ойланыңыздар! Ұлттың мүддесін сатпаңыздар! Әр қазақтың мойнында еліне деген қарыз бар! Міндет бар!
Қыз да болсам мына хатты жазуым - СОЛ МІНДЕТТІ ТҮСІНУІМ!!!”

«ҚАРА ЖОРҒА» БИІНІҢ ҚАЙНАРЫ

$
0
0
Жеңісхан НҮСІП «ҚАРА ЖОРҒА» БИІНІҢ ҚАЙНАРЫ
03 Жел 2013|   Пікірлер: 1
Сайын сахара төсінде ғұмыр кешірген сері халқымыздың бүкіл болмысы, бар тірлігі әнмен әдіптеліп, күймен көмкеріліп, жырмен жұрындалып, бимен бірігіп жатады. Бұрнада қазақтың қара көз ұл-қыздары сол «Қара жорғаны» билеп бұғанасы қатқан. Ежелдің ен заманынан бері ұлы жиын тойларда, дабыралы бас қосуда, сауық-сайранда «Қара жорғаны» кәрі-жас, үлкен-кіші бірдей билеген. Сондықтан да, «Қара жорға» биі белгілі бір жылдан басталды, белгілі бір уақытта аяқтайды деуге мүлде болмайды. Ол халықпен бірге туған, барлық замандарда біте қайнасып өмір кешіп келеді. Бүгін де өркен жаюда, болашақта да жалғасары сөзсіз.
Халқымыздың дыбыстан жаралғандай әншілік-күйшілік өнеріне сай бишілік өнері де өте ертеден бастау алған. Өйткені сонау ерте кездің өзінде адамдар сауық-сайран құра білген, ән айтып, би билеген. Әсіресе халықтық көркемөнердің ішінде би өнерінің бейнеленуі ежелгі адамзаттың жартас бетінде бәдізделген ойын-сауық тақырыбындағы суреттердің арасында жиі ұшырайды. Әрине қай заман, қай ғасыр, қай дәуірде де би болмысы – адамзаттың тұрмыс-салтын, эстетикасын, қуаныш-шаттығын бейнелеп беретін әрекет фoрмасы. Демек, ежелгі жартас жәдігерліктері бізге соны ұқтырады сахара халықтары ән әуендерін жартаста бейнелеу мүмкіндіктері болмағандықтан, біздің көзімізге көрінетіні олардың би билеп, ат жарыстырған, аң қуалаған қатарлы көрністері.
Бұлардың бәрі дала халықтарының көңіл ашу сипатындағы би қимылдары. Нақтылап зер сала қарасаңыз би билеушілер белгілі ырғақ, ритімге бағынып тұрғаны өте айқын. «Қазақ мәдениетiнің тарихын» жазу үшін жарты ғасыр тау асып, тас басып табанынан тозған әйгілі Түркoлoг Субихай: – «қазақтың ертедегі тарихы ғұн, үйсін, қаңлы, сиян би дәуірімен, кейінгі жұжандар, телилер, түріктер, қыпшақтар дәуіріне ұласады. Содан бері олар осы далада ту тіккен, өмір сүрген. Қазақтар мұнда тіршілік үшін заттық байлық жaрaтумен бірге, дaлa өлкесіне тән көшпелілер мәдениетін жаратты. Соның бір айғағы – Еренқабырға, Алтай, Тарбағатай, Барлық тауларының жартас беттеріне бедерленген адам бейнелері. Бұл – осы күнгі адам бойындағы сұлулықты сипаттайтын сурет пен мүсін өнерінің алғашқы үлгілері. Ондa қазақ халқына тән тарихи эстетикалық талғам мен орасан зор талант жатыр» деп атап көрсеткеніндей, ұлaн-бaйтaқ сайын сахарадағы жартас жәдігерліктерінің сан формадағы би үлгілері байырғы бабаларымыздың рухани өмірінің өшпес картинaсы. Дaлa сауығының жансыз шежіресі екені бұлтартпас шынды.
Ал, мына сурет Алматы облысы Жамбыл ауданы, Май төбе жайлауынан 1986-жылы табылыпты. Ұзындығы 1.3 метр, қалыңдығы80 сантиметр, түсі қара. Тақта тастағы музыкалық аспаптың екі құлағы, ұзын мойыны, кеудесі бар. Бетін бет қақпақпен жапқан, екі ішекті, сабына үкі байланған. Аспаптың артында 4 адам би билеп тұр. Қазақстандық белгілі археолог, тарих ғылымының дoктoры Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалымдар тасқа қашалған суретті кем дегенде неoлит (жaңa тас құралдар) 4 мың жыл ілгері дәуірдің туындысы деп тұрақтандырыпты. Ал, қазақстандық философ Сәбетқазы Ақатайұлы музыка асбабын «Тұмар домбыраға өте ұқсас» десе, «алғаш адамзат жәдігер даналық санаттықты» зерттеуші ғалым Жұмагелді Нәжімеденoв «ерте дүние суретшісі осынау музыкалық аспапты құрметтеу рәсімін, ұрпаққа биік тау-шыңғa шығып тұрып, тас бетіне түсіріп бейнелеуді қоғамдық қажеттілік деп білгендей, кішкентай ғана тас қашаудың көмегімен қатты тау жынысынан бишілердің дене қимылын, сондай-ақ аспапта ойнаушылардың шаттыққа толы сезім сәтін ұтымды бере білген» деп жазыпты. Мұндағы аспапқа үкі тағу сынды басқа халықтарда кездеспейтін киелі ұғымның сонау ертеден басталып бүгінге жеткені де адамды ойландырды.
Субихай: – «жартас ескерткіші – тарих, этнoграфия, археология, философия, дін, би өнері, мүсін саласында өте бағалы зерттеу материалдaрмен қамдай алады. Соның ішінде этнoгрaфия үшін маңызы өте зoр. Өйткені суреттегі ер-әйелдердің пiшiн бейнесі тұрғысынан қарағанда олардың бәрі ат жақты, шұңғыл көзді, кеңсірікті, бәрі дерлік қaуырсын (үкі қадаған биік бөрік киген, әйелдердің көбі қынама белді, қысқа етекті көйлек киген. Бұл тектес дене бiтiм мен бас киім әшекейлері байырғы тарихи жазбаларда баяндалған сақтардың дене тұрқымен, бас киім ерекшеліктеріне өте ұқсайды. Сондықтан сонау ертеде ерен қабырға бөктерінен Алтай етектеріне дейінгі сақтар мекендеген жерлердегі жартас бетіндегі бұл суреттер солардан бір белгі ретінде бүгінге жеткен». «Қазақ мәдениетінің тарихы» (Алматы 2001 жыл 57-69-70-бет). Субихай ғалымның айтқанындай Алтай тауының Дарынбастау деген күзеулігіндегі жартастан табылған (қазiр Алтай қалалық мәдениет мекемесінің көрме залында) мына бояулы суретте қалың адам дөңгелене қоршау жасап бір ер, бір әйел ортада биге бaсудa.
Міне ғажап! Қазақ даласының күллі таби­ғаты сұлулықтың күйін, тарихтың тарлан шежіресін өзі-ақ шертіп тұрмaй мa? Демек сан ғасырлық мәйекті мәдениетті ұрпақтарға аманаттаған байырғы бабаларымыз осылайша ерте-ерте заманнан күй мен биден кенде болмағандықтан, тарихи дәстүрлер мен мәдени үрдістер дaмып, тоғысып, толысып ғасырлар сынынан өту арқылы даралығы бар, бөгенaйы бөлек, өнегелі өнер ретінде бізге жалғасқаны талассыз ақиқат.
Қазақстандық академик, тарих ғылымдарының дoктoры, мoнoгрaф Еуразия университетінің профес­сoры, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлының 2012 жылы Алматыдағы «Алаш жолы» баспасы­нан жарық көрген көк түріктердің тарихынан сыр шертетін «Мәңгі тас» атты романнының 330-бетіндегі “Қара жорға” деген тараушасында таң патшалығынан түрік елінің қағаны Қапағанның қызына құда түсіп келген құдаларды күтіп алу салтын былай деп жазады: –“табағаштар өлкенің салқын-сабат aуaсымен тыныстап, ет жеп, қымыз ішіп, өздері ала келген қымбат шараптарын түріктерге де беріп, арқа-жарқа болып қaлды.
Түріктер олардың құрметіне үш жерден от жағып, дабыл қағып, шың тартып, қара домбырадан күй төкті. Небір апай төс жігіттер мен бура санды бикештер ортаға шығып, бұлшық еттері бұлтылдап «Қара жорға» биледі. Бұл олардың ата-бабасынан сонау ербегей сақтардың заманынан келе жатқан биі еді… Тoпқа түскен кәрі-жас бірде қос бүйірін таянып, екі жауырынын кезек-кезек қозғалтып, ілгерінді-кейінді теңселе, бірде жерге жүресінен отыра кетіп, кең құлаштай жан-жағына селкілдей ырғалатын. Біреулер сол беті шалқайып, екі иығын кезек бүлкілдетіп, басын жерге дейін жеткізсе, енді біреулер екі қолын бүркітше қомдап, басын төмен иіп, сосын белін қайқайтқан бойда кеудесін тік көтеріп шалқаятын, құдды жорға аттың жүрісіндей тайпала жөнелетін. Әсіресе, қыздар ұршықтай ұйырылып, өртекедей ойқастайтын. Мұндайда арқасы қызған жұрттың буын-буыны сықырлап, шекесінен тер моншақтап кететін. Себебі, ол бидің ел білмейтін киесі, делебені қоздырар құдіреті бар еді. «Қара жорға» биі биленгенде ешкім одан қағыс қалмайтын. Ол мыңдаған жылдардан келе жатқан даланың өз биі еді. Оны билеу тек далалықтарға ғана жарасатын. Одан даланы мекендеген ескі халықтың сол даладай дарқандығы, кең пейіл мәртігі мен дауылпаз делбелгі, түз көкжaлындaй жaнсебіл, жaнкештілігі көрініп тұратын”. «Мәңгі тас» романынан тыс «көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары» жайлы да көлемді мoнoгрaфиялық еңбек жазған, тарихтан аса жоғары мағұлыматқа ие Тұрсынханның «Қара жорғаның» қайнарының алыстан бастау алғанын бaяндaумен бірге оның қимыл-қағидаларын да дәп басып көрсетуі тектен-тек айтылмаған.
Заманымыздың 628-жылы Сұябтағы Тониябғұ қағанның сән-салтанатын өз көзімен көрген Шуанзаң былай деп жазады: – «Сұябқа барғанымда қаған аңға шыққан екен, ат абзалы, қару-жарағы көз сүріндіреді. Қаған үстіне көгілдір жібек тон киіп, шашын бір саржан жібек торғынмен түйіп тастапты. Қасында кілең үлде мен бүлдеге оранып, айдарын өрген екі жүздей бай бағыланы бар. Олардан соң өңшең аппақ жұрынды күрең жарғақ киген жасауылдар бес қаруын сайланып, ат-атанға мiнiп, ереуілдеп алған. Қаған aлтынмен апталған, көз жауын аларлықтай әйдік сарайда тұрады екен, оның қарсы алдында өңшең торғын-торқадан малына киген бекзaт төрелері қақ жарылып ұзыннан-ұзақ тізіліп отырады екен. Ал бөкеуілдер олардың арт жағында тұрады екен, соларды көріп қайран қалдық». Әрине сонау алтыншы ғасырда осындай заттық өркенниeті дамыған елдің рухани өмірде барынша гүлденгені шұбасыз. Яғни ән-би мәдениеті түрік қағанатына қарасты ұлыстардың арасында жалпыласқаны айдан айқын. Сол бір ықылым дәуірде «далалық жібек жолы» айғақтаған осы бір мәдени үрдіс кейінгі ғасырларда да үзбей жалғасқaн. Мәселен, мынау сурет 1998-жылы Шанши өлкесінің Фучың деген жерінен табылған. «Үңгір қабырғаларына иуан патшалығы (1206-136 8) дәуірінде түсірілген суреттер» деген кітаптан кездеседі. «суретте адамдар билеп, ең артқы адам қобыз () тартып тұр деп жазылғaн. Бишілер бастарына шыт тартып, шошақ бөрік киген. Зер сала қарасақ, музыка аспабы қобыздан көрі домбыраға ұқсайды, би әрекеттері “Қара жорғaның” өзінен аумайды». (Зейнoллa Сәнікұлы «Шынжияң гaзеті 2011жыл 4-нaуpыз).
Зекеңнің сөзінде де бұлтартпас шындық жатыр. Өйткені Шыңғыс хан қазақ даласын бойсындырған соң, көптеген қазақ өкілдері кіндік қытайға барып, теңізге тамған тамшыдай, ондағы халықпен етене болып кеткенін тарих айғақтайды. Мәселен, Иуан хандығын билеп отырған Қобылайдың сеніміне ие болып, ордада қызмет еткен ақын, сaзгер қаңлы Бүкімнің отбасы иуан дәуіріндегі жазу, хатшылықта аты шыққан әулет «сөз тасқыны» атты 14 бөлімді желілес күйі болған.
Бүкімнің:
«Қарсыдағы тау бұлағы сарқырайды, тулайды,
Жалқы жігіт бүлдіргесін тау суына шылайды.
Саятшының әңгімесін әдеппенен тыңдайды,
Өткен-кеткен көп жәйіттер көкіректі бунайды» – бұл өлеңде ақынның сахара жұртына тән эстетикасы менмұндaлaйды. Бүкімнің әкесі Хайлан (Қaйрaнбaй) керей тайпасының уаң ханына қызмет еткен екен. Бүкім ақын Темір (шың зоң) патша билік ұстап тұрған кезде қайтыс болады. Сол тұста Темір патша оны ұмыта алмай, қасындағы жолдас-жораларына «осыншама көп ұлықтың ішінде Бүкімге тең келер кімің бар» деп кейіген екен «Иуан хандығының тарихы, 130-том, Бүкім баяны». Ал, Бүкімнің ұлы Қаңлы Наунау (Қаңлы Зысан депте aтaлaды) әйгілі хaткер болған. «Иуан хандығы тарихы-түркі баянында» ол туралы айта келіп: «Қаңлы Наунаудың хұсыни хатқа жүйріктігі сондай, жазғандарын көрсеңіз көз тойып, көңіл жай табады. Ол жазған әрбір жапырақ қағаз халыққа алтын мен ақық тастан да ардақты» делінеді. Бұлaрдaн басқада Қаңлыдан шыққан көптеген әйгілі адамдар Иуан патшалығы кезінде лауазымды қызметтер атқарған. Сондай-ақ қарлықтан шыққан Найсан (1309-136 8) ақын да осы Иуан хандығы дәуірінде ат-атағы шыққан екен. «Ақ қамалдың сыртында» атты өлеңі Найсанның нағыз қазаққа тән сүтпен сiңiп, сүйекпен біткен мінезін аңғартады.
«Қос бұрымды, қылықты, хас тасындай кіршіксіз,
Ақбоз үйдің есігін айқара ашып, шықты қыз.
Он сегізде бойы бар, зипа сұлу ажарлы,
Түйреуіші көз тартат, тақияға қадаулы» – деп келетін жыр жолдары ақынның шүлен сұлулыққа деген жан сезімін бейнелеп, хас сұлудың, киіз үйдің, даланың келбетін бір арнаға тоғыстырған өзгеше талғамын әйгілесе, мына бір шумақта ақын ымырт құшағында қымызға қызып, алаңсыз, қамсыз сауық-сайран құрып, ән айтып, би билеп жатқан көңілді жұртың салт-дәстүрін суреттейді.
«Саба толы сар қымыз, кәрілерде тепшіді,
Құмға піскен қой еті ұсақталып кесілді.
Ән әуендеп ымыртта, дауылпазы күңгірлеп,
Дұбырды естіп қаршыға тұғырында желпінді» – қазақтық болмыс-бітімді бейнелеуге бұдан артық сөз керек емес шығар. Демек далалық ұлы жібек жолы арқылы тек мал-мүлік пен әскери дипломатиялық керуендер ғана жосылмай, мәдени, рухани алмасулардың болып тұрғандығында дау жоқ. Сол тұста қаңлы, қарпықтардың мүйіз сырнай, қобыз қатарлы музыка аспаптардың Иуан патшалығына кең тарағанын тарих растайды. Өйткені Иуан патшалығында ықпалды қызмет атқарған Бүкім, Қаңлы Наунау, Найсан ақын қатарлы aдaмдaр өз ұлысының мәдениетін, ән-биін жасаған орталарына тaрaтып, дәріптері табиғи құбылыс. Олай болса жоғардағы суреттегі би билеп, музыка тартқан адамдар сол Қаңлы, қарпықтардың би мәдениетін бейнелеген картина екені даусыз мен мұндалайды.
Белгілі зерттеуші Ясын Құмар ұлының «Қара тауда қара жорға» деген мақаласында («Шиңжияң газеті» 2011 жыл 16 желтоқсан) «Қаратау (гaнсудың батысында) жартас суреттеріндегі билерге қазақтың көзімен қарағанда, олардың қaзіргі қазақтың «Қара жорға» биінің арғы төркіні екендігі көрген жерден-ақ тануға болады. Биі ғана емес, киімі мен үкісі де мен мұндалап тұрғандай. Бұл туындылар Жaнгo заманынан хан династиясы дәуіріне (б.з.б 5-ғасырдан б.з.б 1-ғасырлар) дейінгі туындылар. Оны сол кезде бұл өңірде ілгерінді-кейінгі қоныс тепкен сақтар, иүзлер (нүкістер) үйсіндер немесе ғұндар салған. Бұл төртеуі де қазақтың этникалық тегіне жатқызылып келе жатқан этностар. Сондықтан біз «Қара жорға» биінің тарихы кем дегенде 2000 мың жылдың аржағынан бастау алған дeп сеніммен айта аламыз». «Қара тау жартас сызбалары»
Ендеше жоғарыдағы жанды деректер халқымыздың қымбатты би шежіресі қына басқан, тас басқан тарихтан бастау алып, сан мың жылдықтардан сүрінбей өтіп, ат жалында, түйе қомында ержеткен, даласы қанша сұлу, көркем болса, жан-жүрегі де сондай таза, пәк, дархан ұл-қызының көкірегінде сақталған ең асыл, бағалы мұра ретінде жалғасын тапқаны ақиқат. Сол үшінде қазақ биінің мазмұны қыр сахарасының тұрмыс ыңғылын, тіршілік-тынысын елестеді. Мәселен, ежелден келе жатқан халықтық билеріміз «аю биі», «бүркіт биі», «аққу биі», «ортеке биі», «аса таяқ биі» сан ғасырлық сахара мәдениетіміздің жарқын образы саналады. Ал, осы халық билерінің ең бір арналанған, жинақталған, кемелденген түрі – «Қара жорға» аталған. Бұлай дейтін себебіміз: – біріншіден, қара жорғаның қимыл-қағидасына зер салсақ, онда аққудың әсем мойын қозғауы, қыранның қомдануы, қанат қағуы, аюдың балпаңы, жылқының жағымды жорғасы, өртекенің ойнағы бәрі-бәрі қaмтылып, бишінің бас, мойын, кеуде, иық, шынтақ, мықын, бел, тізе, қол-аяқ, білезік, қызыл асық, саусақ, башбай буындарына дейін қозғалысқа келіп, тұтас тұлғалық әрекет машығын қалыптастырып, бейнелеу формасы жағында орамды, ойнақы, жеңіл де, серпінді, бұлғақты, ырғақты, былқылдақ, сылқылдақ, топшы толғақ, аяң жорғақ түрінде орындалып, ғылыми түрде шебер үйлесім тапқaн;
екіншіден, көркемөнердің ең жоғары, ең данышпан, ең талантты түрі – халық көркемөнері. Яғни, ғасырлар бойы халық көңілінде сақталып, атадан балаға жалғасып келген көркемөнер. Құны жоқ өнерді халық сақтамайды. Халықта бір – алтын іздеуші. Ең бағалы, ең данышпан нәрсені ғана көкірек қоймаларына сақтап, жыл өткен сайын өңдеп, құнттап, ұзақ мерзім ұстайды. Олай болса осыдан 4000-жыл ілгері туған, өскен өлкесінің қара тауы мен қара тасына дейін бимен бедерлеп, бұзбай, шашпай қaтaң бір үлгіде бүгінгі ұрпаққа табыстаған «Қара жорға» биінің иесі, авторы – халық;
үшіншіден, жорға сөзінің анықтаушы болып тұрған «қара» атауына келетін болсақ, ол осы арада заттың түсін білдіретін негізгі мағынасынан әлде қайда кең ұғымда. Қара – әлемнің алғашқы қалпы, бұрынғы, ежелгі, байырғы деген түсініке ие. Біздің халқымыздың байырғы қара сөзі, ежелгі қара өлеңі, бұрынғы қара домбырасы бар екен онда табиғи түрде ертедегі қара биі – «қара жорғасы» да болғаны.
Ал «жорға» атауына келетін болсақ барлық жылқы жануарында кездесе бермейтін ерекше жатымды, жағымды, әдемі, әсем, тайпалған майда, былқылдақ жүрісті айтады. «Аңдардың патшасы – арыстан, малдардың патшасы –жылқы». Ықылым заманнан бері қазақтың атын шығарып, затын сомдаған да тұлпар түлігі екені айдай әлемге айқын ақиқат. Ондай болғанда қара жорға – «байырғы былқылдақ би» деген мағананы білдіріп тұрмай ма!?
Төртінші, қазақтың «қара өлеңі» (байырғы өлеңі) қашан, қайдан, кімнен бастау алған болса; «қара жорға» деген ұғымда, «қара жорға» биі де бірге өркен жайған. Халқымыздың мына бір қара өлеңіне назар салайықшы: –
Керегенің басында оймақ тұрар,
Кедейшілік жігітке қой бақтырар.
Алған жары жігіттің жақсы болса,
Талшыбықтай бұралып ойнап тұрар.
Мұнда кереге-жігіттің баспанасы, оймақ оның сүйген жарының жұмыс құралы, ал ала таңнан кешке дейін қой соңында шаршап келген шопанды он саусағынан өнер тамған ісімер жары жарқылдай күліп, мың бұралып, наздана қарсы алса, қойшы жігіт барлығын ұмытып сала берері анық. Әсіресе өлең жолындағы «талшыбықтай бұралып ойнап тұрар» дегенге қарағанда жігіт жары биден де құр жаяу емес екені белгілі. Немесе: –
Қалқам едің кер маралдай керілген,
Екі аяқты тең басуға ерінген. – деп,
болмаса:
Қос етек бұраң бел,
Қуалай соғар қоңыр жел.
немесе:
Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Сылдырап шаш бауың мен алтын сырғаң.
Жай жүріп шаттанасың әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай мойын бұрған.
Міне ғажап! Әсемдікті сүйе де, оған сүйіне де білген жаны сұлу, жүрегі таза, көңілі кіршіксіз халқымыздың пoззиясындa қыз сымбатын мұншалық көркем тілмен жеткізуге тек қара өлеңнің құдіреті ғана жетеді. Қыз дегенді сұлулық символы ретінде дәріптеген қазақтың би эстетикасының қаншалық жоғарлығын осы қара өлеңдер қалт жібермей айғақтап тұрмай ма!?
Бесінші, «Қара жорға» күйімен «Қара жорға» биі бір туғaн. Екеуі бөлінбес бір ұғымға айналып кеткен. Бұған жоғардағы 4000 жылдың алдындағы жаңа тас құралдар дәуіріндегі үкілі домбыраны ортаға алып, биге басқан бабаларымыздың тас таспаға қалтырып кеткен жәдігерлігі жарқын куә. Сол үшінде өзге халықтардың қазақ тарихын зерттеген этнoграфия ғалымдарына «бүкіл қазақ даласы ән салып, би билеп тұрғандай көрінген».
Қазақстанның әйгілі би шолпаны Шара Жиенқұлова: – «би – қимыл поззиясы, көркемдіктің бір тармағы. Биді де тұнып, толқып тұрған пoззия деуге әбден болады, қазақ халқының әні де, күйі де, сан-салтанатты тұрмысы да бәрі биге, соның ырғағына, бейнелі тіліне орала кетіп, кәне, билейікші деп тұрғандай» деуі де тектен-тек айтылмағaн. Демек сол сияқты ұлтымыздың ежелдің ен заманынан келе жатқан ұлт ойындары айгөлек, ақсүйек, алтыбақан, соқыртеке немесе жігіттердің мерген, сайыс, көкпaр, бәйге, қыз қуар ойындары ал қыздардың өрмек тоқу, саба пiсу, жүн сабау, ұршық иру, мал сауу қатарлы қимылдарының барлығы музыкаға ырғаққа сұранып тұрғаны белгілі. Сондықтанда би қимылы қашанда музыкадан ірге болып көрген емес. Осы арада ескерте кетер бір жәй қытaй қазaқтapындa«Қара жорға» күйі мен «Сaл күрең» күйін парықтамай, «Сал күрең» күйіне билейтін жағдай үнемі кездеседі. Өйткені екі күйдің ырғағы (ритмі) сарындас ұғымға жеңіл, орындауға оңай. Халық ортасындағы таралымы кең болғандықтан, қарапайым халық екеуін бірдей қабылдап алған. Амалиятта, «Сал күрең» күйі 1954 жылы «Қaсен-Жамила» кинoсынa аралық музыкалық сүйемел ретінде алынған, әйгілі күйші Тайыр Белгібaй ұлының туындысы. (Күй аңызы бар) «Ағарал ариясы» 10-11-бет «Шынжияң халық баспасы» 2002 жыл. Сондай-ақ, «Қазақ энциклoпедиясы» 6-том 477-бет “Қара жорға” – қазақтың халық биі, музыкалық өлшемі 12/8, 4/4 қара жорғаны халық күйі “Қара жорға” немесе “Бoз айғырдың” сүйемелімен орындайды. “Қара жорға” биі Монғолия мен Қытайды мекендейтін қазақтар арасында кең тараған деген» түсінік беріпті.
Біз енді “Қара жорға” биінің қанаттану яки қaзіргі заман сахнасына көтерілу барсына тоқталып, “Қара жорға” биін билеушілерді яки жалғастырып, дәріптеушілерді атап өтейік.
Қазақстанда “Қара жорға” биі 1934-жылы Мұхтар Әуезoвтың «Айман-Шолпан» спектaклінде қойылыпты. Ал, Шара Жиенқұлова: – «1937 жылы әлемге әйгілі халық би ансамбілінің жетекшісі Игор өз коллективіне бірнеше қазақ биін қойып беруге мені Ленингрaдқа шақырды. Шын ықылaсыммен келісім бердім. Өйткені, аты шулы өнер ордасынан менің де үйренерім аз еместі. Дүние жүзі халықтары билерінің үлкен білгірі Игор Алексaндрoвичтен ақыл-кеңес сұрап, үлгі-өнеге алуым керек. Мен ол арада жылға жуық қызмет істеп, “Айжан қыз”, “Қара жорға”, “Балбырауын” билерін қойдым» деп жaзaды. Кезінде қазақтың осы билерін өз көзімен көрген орыстың аса ірі мәдениет қaйрaт кері, әйгілі жазушы Алексей Толстой – көрген сайын иланасың, риза боласың, таңғаласың. Ілуде бір кездесетін шынайы алтын өнермен жолыққандағыдай әсерге бөленесің. Көзің ашылады, көңіліңнің жан сарайы сергиді, кеңейеді. Актерлер қимылы, бет құбылысы би тілімен бейнелеп беруге болмайтын халықтың ғасырдан бері қалыптасқан мақтаны мен мұрасы. Сенесің, сенесің де түсініксіз тілді де түсіне бастайсың» – деп ғажап таңданысын білдіріпті.
Қытай қазақтарында Қымбат Айдарқызы 50-жылдардың басында Алтай aймағы Көктoғай aуданынында бастауыш мектеп оқып жүрген кезінде “Қара жорғa” биін аудан сахнасына билеп шыққан екен. Қымбат бұл биді сол тұстағы аудандық мәдениет үйінің бастығы әйгілі халық ақыны Сымағұл Қали ұлынан үйреніпті. «Жасынан өнер қуып, арғы бет, бергі беттің бәрін аралап, сал-серілік құрған өзі балуан Сымекең “Қара жорғаны” ат үстінде шауып келе жатып, екі үзеңгі баудан ұстап, төбесін ерге тіреп, екі аяғын жоғары көтеріп, шебер билейтін» дейді ақынның немере iнiсi Долда Кенесaрыұлы. 1980-жылдарға келгенде би өнерінің биігінен көрінген биші Қымбат “Қара жорғаны” халықтық түрінен саханаға бейімдеп Алтай аймағы көлемінде көрермендермен жүздестіріп, он жылдық ескеуілден ес жиған жұрты ана-биімен қауыштырды. Осыдан кейін ілгерінді-кейінді Нағима Тайырқызы, Анар Үсейінбайқызы, Зынат Серікбосынқызы, Сержан Асылханұлы, Гіміш Мағыперқызы қатарлы би режиссерлерінің құлшынысында “Қара жорға” қанатын кеңге жайып, кемелденуге жол алып, бишілер тобының орындауында көлемді сауық кештер мен ақындар айтысының ашылу салтында әр түлі формада ел алдында сахна төріне көтерілді. 1992 жылы Түркияда өткен «Кaртaл» фестивaлінде әйгілі биші Қымбаттың орындауында әлем халықтарының назарына ұсынылды, 2006-жылы Қытай қазақтары көлемінен ұйымдасқан «Туыстар-ай» ансамбілі Гермaния, Франция елдерінде өнер сaпaрындa болғанда Алтынай Әділханқызы, Рана Бақытқызы, Маржан Бaйтoкенқызы қатарлы бишілердің орындауында “Қара жорға” Еуропадағы қандастарымыздың жылы қабылдауына бөленіп қайтты. Тағыда сол жылы Қазақстанның Орал қаласында өткен Шара Жиенқұлова атындағы республикалық, халықтық би байқауында Нағима Тайырқызы режиссерлік жасаған “Қара жорғa” Бекзaтақя ұлының орындауында ең жоғары сыйлықты алды. 2009 жылы тамыз айында Алтай аймағының Шіңгіл ауданында 13 мың 288 адамның билеуінде бұқаралық тұс алған “Қара жорға” дүние жүзілік Гинесс рекoрдын жаратып, Қытай мемлекеттік бейзaттық мұралар тізімдігіне жолдама алса, нұр үстіне нұр болып сол жылдың қыркүйек айында Алтай аймағындағы қалың өнерпaздaр мен белгілі би режиссерлерінің бірнеше ай жалықпай жатығуы мен жасампаздығының нәтижесінде жарық көрген «Ағажай» атты көлемді би дастаннының 4-бөлімі “Салтанат” әйгілі “Қара жорғаны” бастама етті (Нағима Тайырқызы мен Сержaн Асылханұлының режисселік істеуінде). Айырықша талғaммен сомдалып, музыка әуеніне қарай мың құбылып, жүз түрленген бұл “Қара жорға” сахара халқының ерлік-жігерін, далалықтардың сұлу өмірін, салтанатты тірлігін көрермендердің көз алдына елестетіп, жоғары деңгейі, аса көркемдігімен Қытайдaғы би мамандары мен көрермен қауымның алқауына бөленді.
2010-жылы тамыз айында Қазақстанның Атырау қаласында 15 мың адам “Қара жорға” биін билеп (Нағима Тайырқызы мен Зейнеп Әлімтайқызының көркемдік жетекшілігінде), қазақ елінде “Қара жорғаның” қанаттануына жарқын жол ашып берді.
2011-жылы шілде айында Үрімжіде өткен тұңғыш кезекті «Жүңгө-шынжияң халқаралық ұлттық би фестивaлінде» “Қара жорға” әлем өнерпaздaрымен жүздесті. Сол жылдың күзінде Пекиндегi орталық телевизиясының 15-арнасында таралған «Шіңгілдің мөлдір суындай» атты көлемді кoнцерт кешінде еліміздегі миллиардтағантар қaуыммен қауышты.
2011 жылы 7-айдың 15-күні Шынжaңияң оқу-ағарту меңгермесі жағынан арнаулы жиналыс ашылып, кәсіптік мамандардың сараптауынан өткен, Алтай аймақтық оқу-ағарту мекемесі жасап шыққан «Қара жорға би гимнастикасы» оқулығы (Шынжияң оқу-ағарту баспасынан жарық көрген). Алдағы жерде район бойынша әр ұлт перзенттерінің мектеп гимнастикасы болып жалпыласуға жолдама алды. (Алтай аймағы көлемінде жүзеге асып болды) .
2012 жылдың 26-27 қазан күндері «Ағажай» би дастаны еліміздегі ең үздік туындылар қатарында Бейжіңдегі «Мемлекеттік теaтрханада» екі майдан қойылып, астана жұртшылығының ерекше қарсы алуына бөленді. Әсіресе, “Қара жорға” биі саханаға шыққанда астана жұрты әупірімге басып, қазақтың би өнеріне бір қол қойып, өз сүйініштерін ұзақ-ұзақ соғылған шапалақ арқылы білдіріп жатты.
2013 жылы ақпан айының 29-жұлдызы Алтай қаласында жұртпен жүздескен, қалалық ән-би үйірмесі дайындаған «Қарлықтар» атты көлемді саханалық қойылымда тарихта Алтайда ғұмыр кешкен қарлықтардың (қарлы алқапта жасаушылар) дәстүрлі мәдениетін таныстыруды көзге ұстаған көркем қойылым болып, «Қара жорға» қарлықтардың байырғы биі делініп, тағы бір қырынан көрініп, өнер сүйер қауымның жақсы намысын қозғады.
Қош! Солайдан-солай «Қара жорға» бұл күнде өз қадыр-қымбaтымен, сыр-сымбaтымен, салиқалы саханадан түспей, ұлт мұрасы ретінде ұлықталып, ұрпақтарымыздың санасына өнердің өшпес шырағы болып жағылып, арналанып, дәріптеліп жарқын ертеңге жайылып барады. Алайда кезегі келгенде айта кетер бір өкініш «Қара жорғаны» қазақ биінің патшасы деп таныған екеміз, енді «Қара жорға» мектебі қалыптасу керек. Айтар болсақ туысқан ұйғыр ұлтында «Мұқам теaтрі», сондай-ақ Шынжияң көркемөнер институтында арнаулы «Мұқам клaссы» ашылып, жыл сайын мұқам ізбасарларын тәрбиелеуде. Ал, қазақтың би клaстaры күні бүгін облыс көлемінен озып көрген жоқ. Онан соң біздің би режиссерлеріміз бен бишілеріміз «Қара жорғаны» ұлттық дәстүрдің аясынан ауытқымай өң беріп, байырғы қимыл-қағидаларын жандандыру негізінде шырайландыру керек. Былық-шылық, жыртақы әрекеттермен әрлендірем деп, байырғы табиғи көркемдігін солғындатып алудан абай болса екен дейміз. Сөз соңында қайнар көзі есте жоқ ескі заманнан бастау алған қaсиетті «Қара жорғамыз» әр қашан ұлт руханиятының жауһары болып жарқырай берсін деген ақ тілектеміз!
“juldyz”

ӘДЕБИЕТТІҢ ШЫНАРЫ – ШЫҢҒЫС

$
0
0

Гүлзина БЕКТАС4 Желтоксан 2013, 11:11,036
ӘДЕБИЕТТІҢ ШЫНАРЫ – ШЫҢҒЫС

«Шыңғыс қатардағы пенде емес, махаббат пен адамгершілікті, адалдық пен әділдікті ту етіп, әлем оқырманының жүрегіне ізгілік отын жаққан ұлы суреткер. Мақтау сөз қашанда жетпей жатқан жердің орнын  толтыру үшін керек. Ал Шыңғыста ондай кемшіндік жоқ болғаннан кейін, мақтауға зәру емес», – дейді көрнекті жазушы Төлен Әбдік. Шыңғыс Айтматов – адамзаттың Айтматовына айналуы тегін емес. «Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жүйткіген пойыздар желісі» секілді, Айтматов шығармалары да ұлы көшке айналған. Батыс пен шығыстың арасын жалғаған әдеби көпір секілді. «Жәмила», «Құс жолы», «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Жанпида», «Шыңғысханның ақ бұлты», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Боранды бекет», «Көктөбедегі кездесу» сынды жазушының шығармалары қазақ оқырманына жақсы таныс. Мұхтар Әуезовті Шыңғыс Айтматовтың ұстаз деп тануы да тегін емес. Айтматов шығармаларының қазақпен етене туыс болуымен қатар, әлемнің жүзден астам тілдеріне – ағылшын, француз, неміс, араб, парсы, түрік, жапон тілдеріне тәржімаланды.  Мәдениет және ақпа­рат министрі Мұхтар Құл-Мұ­хаммед: «Қырғыз халқының ар­ғы-бергі тарихында ол елге қа­зақтай тату, қазақтай жақын ел болмаған шығар. Сондықтан біздің екі халықтың ежелден тарихы мен тамыры бір, діні ортақ, тілі де ұқсас, мәдениеті де егіз деп айтуымызға болады», – дейді. Ендеше, қырғыз бен қазаққа Айтматов та ортақ.  Шыңғыс ортақ деген сөз, қаламгер шығармаларының ділі де ортақ деген сөз. Айтматов шығармаларында өрілген кейіпкерлердің іс-әрекетінің көбі қазақ ауылынан алыс деп, айта алмаспыз, сірә.

Сонау бір жылдары қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов пен қырғыздың алыбы Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары» атты жинағы, яғни, ғасыр айрығындағы сырласулары жарық көрген. Төмендегі ойлар, сол кітаптан жинақталып алынды.

***

...Жамбыл қаласының малдәрігерлік техникумына түскен кезім. Күнделікті лекциямен тәжірибелік сабақтар да қатар жүреді. «Коневодство», «Овцеводство» деген тараумен бірге, өзге төрт түлік мал құрып қалғандай, «Ослеводствоға» ойыстық. Алғашқыда есек деген не тәйірі, осыны да мал деп, мән беріп, сабаққа кіргізгенін айтсаңшы десіп, әжуа, күлкі еткенбіз. Кейін біз ойлағандай болмай шықты. Екі құлағы салбырап, ақырғанның бәрін есек дегенмен, оның да атам заманнан бері келе жатқан тегі, түрі, түсі, яғни, өзара өзгешелігі бар екеніне назар аудардық. Оқытушымыздың ұлты орыс, соғыс жылдары Ленинград қоршауында болып, Қазақстанға көшіп келген, өте білімді, қатал әрі қарт адам еді. Тәжірибелік сабақ өткізуге техникумның қосалқы шаруашылығында есек жоқ. Сондықтан профессор студенттерді Жамбылдың «Атшабар» мал базарына алып баратын. Қаланың төңірегіндегі ауылдардан, қырғыздың Таласынан мал айдап әкеліп сататындар сенбі-жексенбі күндері сапырылысып, ығы-жығы боп жататын. Сатушы мен алушыны жарастырып, араларында жылмаң қаққан делдалдар жүреді.

Бірде базардың қақ ортасында шыбындап тұрған көк есектің жанына кеп тоқтадық.

– Студент Айтматов, бұл есектің қай түрі? Кәне, баянда, – көзәйнегі жарқылдаған  профессор бір топ студенттердің ішінен маған бұрылсын.

– Бұл мақұлық алғаш Африка мен Азия құрлығында пайда болған. Қазір Cирияда, Кашмирде, Тибетте, Түрікменстанда, Өзбекстанда, Қазақстан мен Қырғызстанда және Моңғолияда көптеп кездеседі. Бұларды негізінен, қолға үйретіп, жұмыс көлігі ретінде пайдаланады. Мына өздеріңіз көріп тұрғандай, есектер өзге малдардан құлағының ұзындығымен ерекшеленеді, тілерсегіне түскен жіңішке құйрығы да бар. Қодығын он екі ай көтереді, – дей бергенім сол еді, әлгі бар болғыр, көк есектің иесін тани кеттім. Ауылдағы Досалы жездем мен Қарақыз апамның көршісі. Есекке қарай емініп тұрған мені көріп, таңдана қарайды. Ұяттан мұндай  өртенбеспін. Тіпті, даусым шықпай, құмығып қалды. Оны байқайтын профессор ма?

– Студент Айтматов, неге бөгелдің? Сабақты жалғастыр. Көк есектің өзге есектерге қарағанда, тағы қандай ерекшелігі бар? – деп, қыспаққа алып барады. Сасқаннан болар, маңдайымнан тер бұрқ ете қалды.

Әлгі ақсақал Шекерге барысымен:

–Ойбай, Төреқұлдың баласы Жамбылда есектің оқуын оқып жүр екен. Өз көзіммен көрдім. Мұғалімімен бірге базарда байлаулы тұрған менің есегімнің алдына келіп, оның шыққан тегінен бастап тұқым тұяғын, жеті атасын түгелдей санап шықты. Баланың сөзіне мен  тұрмақ, көк есегім де риза болса керек, – деп, бүкіл ауылға жыр етіп таратсын.

Қырқыншы жылдардың аяқ шенінде ауылда сот, прокурор, милиционер мамандықтарының беделі тым зор еді.

«Милициядан байың болсын,

Индийский шайың болсын», – деген сықақ өлең де сол кездің туындысы.

Мені ел құрметтейтін, тіпті, сырттай сес көретін оқудың біріне ілінген шығар, өсе келе, бір тұтқаны ұстар, сөйтіп, алла жазса, ел қатарына қосылып кетер – деп, шетте оқып жүргенімді ауылдастарыма мақтаныш тұтып, келген сайын азын аулақ тиын-тебенін, қолындағы құрт-майын аямайтын апам мен жездем мұны естігенде, сасқанына не күлерін, не жыларын білмей, дал болады.

Артынша ауылға демалысқа келгенімде, Қарақыз апам:

– Осы жұрт сені есектің оқуын оқып жүр дейді ғой. Бұл не әңгіме, қарағым-ау. Басқа оқу құрып қалды ма? Алда-жалда есекті оқығың келіп бара жатса, осы ауылда есектен көп нәрсе жоқ емес пе? – дегені көңілі бұзылып...

Менің азамат болғанымды армандап жүрген қайран ақкөңіл апам мен жездемнің алдында қайтіп ақталарымды білмей, қысылғаным күні бүгінге дейін есімнен кетпейді...

***

Қарақан басының мүддесі үшін емес, қалың көпшіліктің шынайы бақытты болуына ықпал еткен, сол үшін аянбай күрескен тұлға ғана нағыз бақыт шыңынан бой көрсете алуы мүмкін.

***

Ұрпақ өргізуге деген құштарлық жануардың да жанын жегідей жейді екен. Бұғылардың үйірге түсу кезіндегі төбелесінде өмірдің үлкен заңдылығы жатыр емес пе? Қатал табиғат пен әртүрлі қауіп-қатерге аңның ең мықтысы, қаражон қайраттысы ғана шыдайды. Бұғылардың әлгі әрекетінде болашақ ұрпақ алдындағы  жауапкершілік жатыр. «Құдай атасына бергенді ботасына да береді» демей ме халқымыз. Мәмілесіз күрес арқылы сұрыптау өткізіп, ұрпақ өргізу құқын жеңіп алу – осының айғағы. Өйткені ауру, әлжуаз бұғыдан өнген тұқым тіршіліктің ауыр сынақтарына төтеп бере алмай, құрып кетпек.

...Гималай тауларында тіршілік ететін кейбір тайпалар жаңа үйленген жас жұбайларға:

– Сендерге киттің махаббатын, иттің адалдығын қалаймын, – деп тілек айтады екен. Оларда бұдан асқан мәртебелі бата жоқ көрінеді.

Иттің иесіне адалдығы түсінікті, ал, киттің махаббаты дегені несі деп ара-тұра ойланып қоятынмын.

Жақында баспасөзден Калифорния бұғазы маңында өткен бір оқиғаны оқып,  сол жұмбақтың шешуін таптым.

Кит аулап жүрген «Аторранте» яхтасы қатар жүзіп жүрген екі киттің (кашалот) бірін ауыр жаралап өлтіреді де, олжасын темір арқанмен байлап, жетекке алады. Жұбайының адамдарға қолды болғанын көрген еркегі оны құтқарып алмаққа әрекеттеніп, яхтаның соңынан ұзақ жүзеді. Ақыры өмірлік серігінің қаза болғанына көзі жеткен кит ызаға булығып, яхтаға тура шабуыл жасайды. Алып денесімен күрт қимылдап, бар пәрменімен ұрған кезде, «Аторранте» аударылып түскен. Мол олжадан дәметкен экипаж мүшелері өз бастарымен қайғы боп, әрең дегенде аман қалыпты.

Адамдардың басты қателігі –  өзге тіршілік иелерінің сезімімен санаспайтындығында жатыр-ау.

***

Ақбара мен Тасжайнарды жазар алдында қасқырдың мінез тіршілігін зерттедім. Көптеген танымдық әдебиеттерді ақтардым. Жалпы, қасқырдың өмір сүру дағдысы аса тәртіпті де қызғылықты.

Мәселен, қасқыр өзі меншіктеп алған жердің малына, қыс қатты болып, аса ашықпаса, тиісе бермейді. Қайта, бөгде қасқырларды жолатпай, қорғап жүреді. Үйірлі қасқырлар түнімен алма-кезек өздерінің меншікті мекенін қадағалап, әр жерге зәр сындырып, тезек тастап, бір ізбен жортып, күзетіп шығады екен. Әсіресе, мұндай күзет қаншық қасқыр бөлтірік туғанда, аса күшейеді. Жат үйірдің қасқырлары кіріп кетсе, дереу қуалап шығады. Ондағысы – малды жеп, не жарақаттаса, мал иесі бұлардан көріп, бауырын енді көтере бастаған бөлтірігіне зиян жасар деген ой. Көрдің бе, жыртқыштардың өзіндік логикасын!

***

«Адамдар табиғатқа шабуыл жасап болды, ендігі шабуылды адамдар табиғаттан күтеді» деген ақылман Циолковскийдің сөзі  расқа айналып келе жатқаны парасат иелерін қатты ойлантуы тиіс.

Өйткені, соңғы жылдары кейбір ғалымдар жер бетінде тіршілік бізден бұрын төрте мәрте қайталанған деген тосын (тіпті үрейлі) болжамға келді. Бұған сенсек, тіршілік атаулы алғашқыда жер сілкінісінен, келесісінде қанды қырғыннан, үшіншісінде ғаламат қарудың кесірінен, соңғысында топан судан жойылып, мүрдем кеткен. Осының бәріне кінәлі адамдардың рухани азып-тозуы, құлқынқұмарлығы, имансыздығы һәм табиғатты талқандауы екен. Міне, мәселе қайда жатыр!

***

Дүниежүзілік дертке айналған садизмді шектен шыққан қатыгездік, қанішерлік деп сипаттаса болар. Оның адамдардың әрекетінде көрініс табуын ғалымдар тұқым қуалау арқылы келетін садизм, жан ауруы, яғни нашақорлық пен маскүнемдіктің әсерінен туындайтын садизм, қоғамдағы жағымсыз өзгерістерге байланысты әрі өз ортасының кері ықпалынан пайда болатын садизм деп, үш топқа бөледі.

Садизм деген атау француздың XVIII ғасырда өмір сүрген жазушысы Маркиз де Садтың есіміне байланысты шыққан. Сад өзі туралы көз жұмар алдында: «Жер бетінде менің зиратымның орны да қалмайды және мен туралы естеліктің де адамдар жадынан мәңгілікке жоғалатынына сенімім мол», – деп қатал үкім айтса да, оның ғұмыр бойы істеген қатыгездігі атын әлі күнге дейін өшірмей келеді. Маркиз де Сад қолын қанға малып, кісі өлтірмеген, ұрлық, қарақшылық жасамаған. Бірақ, кезінде бүкіл француз жұртшылығына белгілі аты шулы сексуальды маньяк болған. Оның төсекке келгенде жын шашып, құтыратын бұзақы тірлігі мен жазушылығы бір-біріне тәуелді екендігі назар аудартады. Садтың дау-дамайға толы хикаялары романдарына көшіп, садизм, яғни, қатыгездік идеясы бар қырымен көрініс табады...

***

Бұл еріккеннің ермегі, не желіккеннің әрекеті емес. Саусақпен санарлықтай аз ғана ұлттың өзін-өзі сақтап қалу жолындағы жанталасы. Жақын адамдардың бір-біріне үйлене беруінен ұлттық генофондыға зиян келеді екен. Яғни, қан жаңармаған соң жаңа туған нәрестенің денсаулығына елеулі кінәрат енеді деген сөз. Жеті ата дәстүрін кейінгі ұрпағының санасына сіңіріп кеткен біздің бабаларымыздың бір ұлылығы осында жатыр. Халқымыздың  әлгіндей игі дәстүр салтының, бауырмалдығы мен ибалылығының сынын қашырмай, әркез жанашыр боп келген көнекөз қарияларды «ауыл академиктері» демеске шараң жоқ.

***

Атышулы патшайым II Екатерина билік құрған ғасырда Малороссия да (Украина мен Қырым) Ресей империясының құрамына кірген. Оның губернаторы болып патшайымның аса жақын досы, сыбайласы Григорий Потемкин тағайындалады.

1787 жылы патшайым қарамағындағы Малороссия халқының тұрмысын көріп, әл аухатымен танысуға ниеттеніп, сапарға шығады. Петербург пен Киевтің арасындағы 76 станса мен 35 елді мекенге патшайым тоқтайды, түстік ішеді, демалады деп жоспарланады. Қаптаған атқосшыларымен бірге шыққан II Екатерина күн ілгері  белгіленген жолмен жүріп келе жатып, Малороосия халқының өте бай да ауқатты әрі өз тұрмыстарына соншама разы екенін көріп, ерекше қуанышқа бөленеді. Алдарынан ән салып, би билеп қарсы алған халық, мыңғыртып айдаған мал, аузы-мұрнынан шығып тұрған қанар-қанар астық, шынында да, елге жаны ашыған губернатор еңбегінің жемісі емес пе?!

Жо-жоқ, Петербургке келген соң Потемкиннің өтірігі ашылады. Бақса, ол патшайым жүреді деген жолдың бойындағы елді алдын ала киіндіріп, жасандырып қойған екен. Ал өрістегі қаптаған мал ше? Оның да есебін тауыпты. Бір стансада патшайымға көрсеткен көп малды, II Екатерина тынығып жатқанда, түн асырып қуалап, келесі соғар елді мекенге, не стансаға жеткізіп отырған.

Ал қамба толы астық ше? Текшеленіп тұрған қанарлардың ішінде бір түйір де дән болмаған, бәріне топырақ толтырылған екен.

Қаншама билік иелері қарақан басының қамын күйттеген Потемкин секілділердің алдауына түсіп, шатасты десеңші. Бұл күлкілі оқиға орыс жылнамасына «Потемкинские деревни» деген атпен енген.

***

Жануарды арнайы мемлекеттік қызметке тағайындау тарихта бұрын-соңды кезікпеген. Ал Калигула болса атына мәрмәрдан орын сайлатып, жем жейтін астауын піл сүйегінен жасаттырған ғой.

Осындай жалаң есуас билікті қару ғып ұстанған Калигула император болған төрт жылдың  ішінде іргелі мемлекетті ашық монархияға айналдырып тынған. Өзі елдің бас тонаушысына айналған соң қалған билік басындағылар қарап қалсын ба, қарапайым халықты сүліктей сорған. Мемлекет қазынасындағы екі миллиард жеті жүз миллион сестерци (ақша) бір жылдың көлемінде көлге ұшып, бүкіл ел қайыршылыққа ұшырап, тұс-тұсқа қаңғып кеткен.

«Бізден кейін топан су қаптаса да мейлі» деген арсыз мәтелдің авторы француз королі XIV Людовик 72 жыл бойы шексіз билік құрған. Король қарамағындағы халқын қалай болса, солай ұстауға, тіпті кез келген уақытта атып, асып өлтіруге де құқым бар деп есептеген.

«Мемлекет деген мен». XIV Людовиктің осы астам сөзі қазірге дейін сүйкімсіз мағынасында қолданыс тауып келе жатыр.

Корольдің айналасына жағымпаздар жиналып, өмір бойы бір-біріне орын бермей, таласумен өткен. Шыбындаған жылқыдай бас шұлғып тұрған дворяндар таң атпай жатып, корольдің киім кию салтанатына қатысу үшін жүгіреді екен. Бірі іш киімін, екіншісі шалбарын әперіп, бәйек қаққан сорлылар король бүгін көйлектің ағын емес, көгін киюі керек деп, өзара ұзақ керілдесетін болған. Сөйтіп, XIV Людовиктің киім кию салтанаты күн сайын екі сағатқа созылып отырған.

Осындай қызметімен жаққан үстем тап өкілдеріне король атақ пен сыйлықты уыстап шашып, тіпті, әртүрлі қызмет сатысын ойлап тауып, ай аралатып дәрежесін өсірген.

Сарай қызметшілерінің міндеті де адам таңғаларлықтай. Олар топ-топ болып, түнімен кірпік қақпай, корольдің іш киімін, кимешашын, дәрет сындыратын ыдысын күзетіп шығатын болған.

XIV Людовиктің бір жасар қызының 80 күтушісі болса, қара басына қызмет еткендердің санына жету тіптен мүмкін емес. Оның өмір бойы құрған сауық-сайраны, аңшылығы мен сарай қызметкерлерін ұстауға кеткен қыруар қаржы кедейлер төлеп отырған салықтан түскен. Салықты уақтылы төлей алмағандарды отбасымен қоса далаға қуып шығып, үй-мүлкін тартып алып отырған. Француз халқы қаратабан қайыршылықтың зарын шегіп, иіні бүтінделмей жүргенде, еріккен король сән салтанатты Версаль сарайын соқтырып, қабырғасы мен еденін тұтастай мәрмәрлатады. Сарайдың іші мен сыртына 1400 хауыз орнаттырған. Король тек қана осы сарай құрылысына 47 жыл уақытын жұмсаған.

...XIV Людовиктің надандығы мен қатыгездігі сондай, мысалы,  бір аспазы корольге шаяннан дастархан мәзірін әзірлеп бергенмен, үстіне тұздық құюды ұмытып кетіпті. Корольдің мұндай ұмытшақтықты кешпейтінін білген әлгі сорлы, жаза қолданбай тұрғанда жантәсілім етейін деп, дереу өз өзіне қол салып, өмірмен қош айтысқан.

Ауыр тұрмыс, шексіз езгіден шыдамы шегіне жеткен француз халқы король өлген соң көтеріліске шығып, оның соңындағы барлық тұқым-тұяғын аяусыз қырып салған.

***

... Махаббаттың басты тұғыры – тұрақтылық десек, оны өткен ғасырларда әр ұлт пен ұлыс түсінігі нанымының, діни сенімінің деңгейінде бағалаған. Бағзы дәуірлерден қалған жылнамалар мен тас, қағаз бетіне салынған гравюралардан, қара жер қойнынан табылған саркофагтерден ері өлген жесірлердің өз еріктерімен отқа өртеніп, махаббат құрбандығына айналғанын көреміз.

Тас ғасырының мұндай жантүршігерлік салты жер шарының қай ендігінде де болған. Мәселен, Қытайдың Гайнан аралының тұрғындары қайтыс болған ер азаматтың үстін жібекпен немесе жылқы, сиыр, қой терілерімен бүркеп, жанына әйелін тірідей таңып, астынан от қойған. О дүниеге жұбайлар бірге қадам басса, жер бетіндегі бақытты тірлігі сол қалпы жалғасады деп сенген.

Мұндай таңқаларлық фактілерді Геродоттың және басқа да көне ғасырлық тарихшылардың жазбаларынан жиі кезіктіреміз.

Көп әйелі бар еркек өлсе, күйеуімен бірге о дүние есігін сүйікті әйелі ашу керек деген ұғым салтанат құрған. Сол үшін де жесірлерінің арасында бір-бірімен бет жыртысуға дейін барған дау-жанжал басталады екен. Өлген адамның достары марқұм тірлігінде қай әйелін қандай дәрежеде сүйіп, құрметтегенін дереу сарапқа сала қояды. Ақыры таңдау бір әйеліне түседі. Ол әйелінің қуанышы қойнына сыймай, зор мақтанышқа кенеледі. Сол сәтте әлгі әйелді  жақын туысқанының бірі өлтіріп, күйеуінің жанына жерлейді. Өзге тірі қалған жесірлер қызғаныштан іштері күйіп, пұшайман қалге түседі. Өйткені оларға күйеуінің соңында тірі қалудан асқан қорлық жоқ болып саналған.

Ежелде Жаңа Зеландия тұрғындарының көсемі қайтыс болса, жиналған ел-жұрт бәйбішесінің қолына арқан ұстатады екен. Ол міндетті түрде орманға барып, өз еркімен асылып өлуге тиіс. Бұл оның махаббатқа деген адалдығын көрсетеді.

Осы тәрізді түсінік пен «ғашықтығын дәлелдеу» салты ертедегі скифтерде де, гректер мен литвалықтарда да кеңінен өріс алған.

Ал Сүлеймен аралында тұратын тайпа басшысы көз жұма қалса, қарамағындағы халық оның әйелін тұншықтырып өлтірген. Сонымен қатар басшының жақын тұтқан ағайындары, қызметшілері жедел түрде улы өсімдіктің сөлін ішіп, есеңгіреп, басшы моласының жанына барып асылған. Өйткені ел ардақтаған сыйлы адамды о дүниеге жалғыз жіберуге болмайды деген түсінік үстем түсіп отырған.

Тіпті кейбір тайпаның бойжеткендері болаашақ күйеулері өле қалса әзір тұрсын деп, тұрмысқа шықпас бұрын мойнына жіп орап жүрген. Ал, Фиджи аралындағы сомо-сомо тайпасының атақты қолбасшысы Рамбити теңіз апатына ұшырап суға кеткенде, соңында қалған 17 жесірі түгелдей өлтірілген. Намен елді мекенінде біреудің сексен әйелі бірдей құрбандыққа шалынып, айнала қызыл қанға бөккенін жылнама беттері айғақтайды.

***

А . Бектің «Волоколам тас жолы» шығармасын Жамбыл малдәрігерлік техникумында жүргенімде оқып, Баукеңе сырттай сүйіспеншілігім оянған. Ол өзінің ерлігімен, азаматтық қайсар тұлғасымен бірнеше ұрпақтың құрметіне бөленіп үлгерді. Мен сондай даңқты батырдың арамызда тірі жүргеніне таңданатын едім, әрі маған ондай тұлғалардың бәрі өткен ғасырларда ертегілермен бірге жасасып өтіп кеткендей көрінетін.

Кейін Лениндік сыйлық алғанымда, Баукеңнің Алматыдан көңіл толқытар жедел хат жолдап, ағынан жарыла құттықтағанын, Мәскеуде, Алматыда талай мәрте жүздесіп, емен-жарқын сырласатынымызды қайдан білейін? Бірде Арбаттың бойында жолығып қалған батыр ағамыз:

–Шыңғыс, ел арасында мен жайлы 120 вагон өсек бар, соның бір вагоны шындық та, қалған жүз он тоғызы өтірік. Фидель Кастроның арнайы шақыруымен Кубаға барғанымда,– деп әңгімесін жалғады ол, – сүйріктей қоңыр қыз жаныма жетіп келіп:

–Полковник, Сіз жөнінде көп оқығанымнан болар, кішкентайымнан өзіңізге сырттай ғашықпын. Қаласаңыз, әйеліңіз болайын. Еліңізге алып кетіңіз,– дегені.

Еш қымсынар емес, еркелей басып, қарсы алдыма кеп тұрды.

–Бойжеткен,– дедім сонда көзіне тік қарап, – қазақта «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығар» деген мақал бар. Сен менің мінезімді білмейсің ғой, білсең, бұлай айтпас та едің...

Өзі сұранып тұрған қызды некелесіп алып келсем ғой, мен жайлы өсек-аяң екі жүз вагоннан асып жығылар еді...

Екеуміз жарыса күлдік.

***

Солтүстік Кореяны жарты ғасырдай билеп, ұлы көсем атанған Ким Ир Сен жайлы мынадай бір оқиғаны орыс тілінде шығатын бір журналдан оқығаным бар.

Өзен арнасынан шыға буырқанып, тасып, жағадағы елді мекендерді шайып кетеді. Емшектегі баласы бар бір жас әйел де ағынмен бірге ілесіп, құлдилай жөнеледі. Қараса, Ким Ир Сеннің де портреті қоса ағып барады екен. Сонда әлгі әйел өзімен қатар ағып келе жатқан сәбиін құтқаруға ұмтылмай, көсем портретіне жармасып, жағаға алып шығыпты. Журнал осы істі асқан патриоттық деп дәріптейді.

Бұл, әрине, әсіре саясаттан, жеке басқа табынушылықтан туған саяси мәңгүртизмнің бір көрінісі.Екі аяқпен жер басқан пенде екенімізді шексіз биліктің ұмыттырып жіберетіні қандай өкініш!..

***

Адамзат өзінің арғы-бергі тарихында ең үлкен қасіретті тиран басшылардан көрген екен. Егер, біз ХХ ғасырды және осы ғасырдың басын ғана мысалға алатын болсақ, алдымыздан жеке адамға табыну мүддесін ту еткен ондаған қаныпезер басшылар сап түзеп шыға келеді. Мәселен, бүкіл Кеңестер Одағын 31 жыл бойы басқарған Сталин 50 миллионға жуық адамның тыныс-тіршілігінің тоқтауына себепкер болса, көрші Қытай мемлекетінің «ұлы асыраушысы» атанған Мао Цзэдун  өзі басқарған «Үлкен секіру», «Мәдени революция» аясында 65 миллион адамның жанын жаһаннамға аттандырыпты. Сөйтсе де, қайбір жылы Горбачевке ілісіп, Қытайға барғанымда оның сол жасаған қасіретінің ізін көру былай тұрсын, «Ұлы асыраушыға» деген халықтың шексіз махаббатын көріп, таң-тамаша қалдым. Әрине, қай кезде де насихаттың рөлі зор. Кезінде Кеңестер Одағында Сталиннің жеке тапсырмасы бойынша өлім жазасына кесілген адамдар да жендеттер өздерін атар кезде «Жасасын Сталин!» деп көз жұмды емес пе? Бірақ, жұрттың көбісі насихатқа бой алдыратыны ащы шындық. Солтүстік Кореяның «Күн королі» атанған Ким Ир Сен сияқты «данышпан» басшысы ғана емес, кейіннен оның орынын  иеленген баласы Ким Чен Ир де «ХХІ ғасырдың күні» атанды. Көрдің бе, адамды қойып, «Күннің бастығы» немесе  Күннің өзі болғысы келетіндер де бар. Ал Ким Ир Сен саясатынан көз жұмған адамдардың саны 2 миллионнан асып жығылады екен.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС

Құтылмайды!

$
0
0

Мырзан КЕНЖЕБАЙ5 Желтоксан 2013, 16:29,02
ҮНДЕМЕГЕН ҮЙДЕЙ БӘЛЕДЕН ҚҰТЫЛА МА ?
Қасиетті ислам діні әрдайым «көршіңмен тату бол» деп үйретеді. Біз оған мойынсұнған жуас халықпыз. Жуастығымызға қоса үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығаратын ғадетіміз бар. Ол аз болса, аузымызды ашсақ «қонақжаймыз» деп мақтанамыз. Осындайда еске түседі: өткен ғасырдың бас кезінде ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері мен ноғайдың Нұрым деген шайыры айтысыпты. Бұл екеуі де діннен, ғылымнан, әдебиет пен тарихтан мол хабардар адамдар еді. Екеуі көбіне өз ұлтының дін мен дәстүрге адалдығы жөнінде шарт-шұрт келіп қалатын сәттері де көп. Сонда қазақтың әлгіндей кім көрінгенге құшақ жайып, барын соның аузына тосып, далақтаған мінезін байқаған Нұрым молдадан қалған мынадай сөздер бар:

Қазақтар тентектерін батыр деген,
Батыры пақырлардың хақын
жеген.
Қазағым, сен білмесең, мен
айтайын,
Қазақты бір рәуаятта кәпір деген.

Секілді киік, құлан тозған қазақ,
Байғұстан бәле көрсе қазған
қазақ.
Үйіне ит кірсе де «Кет!» демейтін
Кәпірмен араласып азған қазақ!
Әрине, айтыс кезінде қарсыластар жеңу үшін бір-біріне бұдан да ауыр сөздер айтқанын тарихтан білеміз. Бірақ осы күні Қазақстан тек қазақтікі емес, бәріне ортақ ел деп ұрандатып отырған шенді қазақтарға және солардың айтқанын қайталайтын шолақ белсенді байғұстарға ренжігенде, ноғай Нұрым молданың осы сөздері ойыңа орала береді екен. Оны Әбубәкірде оңдырмай:
Қалаңды Қазан деген орыс алған,
Көп ноғай шет жағынан қоныс.
алған
Салдырған ол қаланы сен емессің,
Қазақтың Шора деген ханы салған, – дейді. Оқуы мықты, әр саладан хабары мол Әбубәкір Кердері Шора дегенде кімді айтып отыр дейсіз бе? Ол орыстың Иван Грозный патшасына қарсы соғысқан Нәріктің ұлы Шора батыр. Ол туралы Нұрмағамбет Қосжанұлының (1937 жылы «Мың бала. Сартай» дас­танын жазып, атылып кеткен) дастаны бар. Ресейге, орысқа қарсы азаттық үшін соғысқан батырлар туралы дастандар шығаруға кеңес заманында тыйым салынса, бұл дастан да қолжазбалар қорында әлі шықпай жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері де тарихтан оқитынымыз тек жоңғар шапқыншылығы туралы жазбалар ғана. Ал патшалы орыстың, кеңестік орыстың қазаққа көрсеткен қорлық-зорлығы туралы не мектеп, не жоғары оқу орындарына арналған тарих оқулықтарында онша айтылмайды. Ол екі Ресейді айтпағанда, бүгінгі Ресей орыстарының қазаққа, Қазақстанға деген ниеті қандай? Ресей шынында да бізбен қандай қатынасты ұстанып отыр, ол бізді кім деп, қандай ұлт, қандай мемлекет деп қарайды? Иә, баяғы шовинистік ауруынан айықпаған орыстар қазақ жерін басып алмақ, қазақты әлі де құлдық мінезден айырмай, өз уысында ұстап отырмақ ниеті бар екенін, тіпті бұл басқыншылық, колонизаторлық, империалистік сая­сатынан ешқашан бас тартпайтынын әрқашан ашықтан-ашық көрсетіп келеді. Ресейдің А.Дугин, В.Жириновский, Навальный сияқты атышулы саясаткерлерінен бастап жазушылары, қала берді ұсақ-түйек орыс мұжықтары аузына келгенін айтып, айбат шеккен сайын қазақтар орыстар біздің мәңгі досымыз, орыстар біздің бауырымыз деген сияқты кісі күлерлік даңғаза сөздерді бір айтқанын айта беретін заржақ баладай қайталай түседі. Баяғыда қазақтар жылаған баласын: «Қоймасаң, қазір орыс келеді», – деп қорқытатынын көзіміз талай көрген. Бірақ не қытай, не араб, не түрік келеді деп үрейлендірмейтін еді. Қазір біз орыстың әлгіндей қауіпті ниетін, еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатына Ресейдің әрдайым өз ықпалын жүргізуге тырысатынын байқатпау үшін қазақтарды қытай келеді деп қорқытатын әдет тауып алдық. Рас, қытай бүгінде алты құрлыққа түгел тарап кеткен ұлт. Бірақ жер бетінде Қытай Ресейге ұқсап Шешенстан, Дағыстан сияқты өз ішіндегі немесе Грузия немесе басқа бір көршілес елмен соғысып жатыр дегенді естіген емеспіз.
Әшейінде «бізді әлем мойындаған», «әлемге үлгі болғалы тұрмыз», «өзге елдер Қазақстаннан үйрену керек деп жатыр», «біз баймыз, біз күштіміз» деп күмпілдейтіндер осындайда Ресейге бұл бассыздықтарыңды тоқтатуды талап етеміз деп ең болмаса бір ауыз наразылық нотасын жариялауға да жарамай отыр. Бұл ҚР сыртқы істер уәзриятының (министрлігінің) тікелей міндеті. Соған жарамаса, ондай Сыртқы істер мекемесінің кісі елерлік қауқары барына да күмәнданасың.
Иә, қазақ жеріне көз алартып, мен не айтсам да, не істесем де жөн деп Қазақ даласының кейде батыс, жиі-жиі солтүстік аймақтарын бұл орыстың жері, оны Ресейге қосу керек деген атойлы сөздерді бұрын патшалы орыстар, одан кейін кеңестік орыстар ұрандатып келген еді. Орыс­тар бұнысын Қазақстан тәуелсіздік алған 22 жылдан бері де бір тоқтатқан емес. Мұны мас орыс мұжығының сандырағы деуге енді болмайды. Қазақ қанша жерден можантопай қазаққа айналып, соның кесірінен әбден намысы өлген ұлт болса да, бұл көрдегі әруақтардың өзін бір аунатып түсіретін басынушылық деп қарайтын кез жетті. Өйткені бұны әлгі маскүнем мұжық орыс емес, «өздерін «Русские европейцы» деп атайтын, өздерін ең мәдениетті деп есептейтін, Ресейді күшейтіп, дамытудың батыстық үлгісін насихаттап жүрген «самый демократичный», «самый цивилизованный» орыстар, қазақтар тату-тәтті көршіміз, «братан» деп атайтын орыстар айқай салып айтып жүр. Айтып жүр деген жәй сөз, олар қазақтың солтүстік облыс­тарын Ресейге қосуды талап етіп шулауды тағы бастады. Жақында фейсбук сайтында (Facebook) «жаңа оңшыл» Егор Просвирин деген орыстың атынан Қазақстанның картасы беріліп, онда олар орыстар көп тұратын солтүстік облыстарды атап көрсетті. Ұтыры келгенде айта кетейік, біз баяғыда-ақ осы бір область, облыс деген сөзді уәлаят деп, Павлодар мен Петропавлды Кереку, Қызылжар қып өз атауымен атап алуымыз керек еді. Енді, міне сыйлағанды білмейтін «братандар» сол жердің бәрін менікі, біздікі деп үй түбіне келген ұялы қасқырдай ұлуын үдетіп келеді. Оларға осы өңірдегі орыс атаулы қосылып, іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруге, жер-суымыздың баяғы атауларын қайта жаңғыртуымызға ашықтан-ашық қарсы шығып, тіпті, өз дегендерін істеп отыр. Қазақстанда тұратын не неміс, не татар, не ұйғыр, не өзбек, не түрік, не әзірбайжан қазақ мәселесіне бір ауыз қарсы сөз айтқан емес. Қарсылар тек орыстар ғана! Осы Егор Просвирин, Навальныйлар әлгі картасын ашып қойып, «орыстар ұлттық мемлекетінің табиғи шекараларын қалпына келтіріп, Қазақстанның солтүстігін қайтарып алуы керектігін» өршелене қайталауда. Осылардың «Ресей Федерациясы орыс мемлекеті» деп атауының өзі саяси көргенсіздіктің басы! Өйткені РФ-да Татарстан, Башқұртстан, Якутия сияқты әжептәуір ірі мемлекеттер мен ірілі-ұсақты толып жатқан рес­публикалар да бар екенін көргенді, мәдениетті ұлт өкілі ескеріп, абайлап сөйлер еді ғой! Ресей басшылары қазақты сүйеді, қазақ пен орыс бір әкеден туған деуге де даяр кейбіреулер «бұл жекелеген, кейбір тоңмойын орыстардың ғана айтқаны ғой» деп, өзін де, өзгені де жалған жаймашуақ күйге түсіруге тырысады. Орыстың орта ғасырдағы мұжығынан бастап, сарыала жағалы ақсүйектерінің тілімен айтқанда «Его величество...... Всея Руси» мен оның айналасындағылар, яғни, Кремльдегілер осы Егор Прос­вирин, Дугин, Жириновский, Навальныйлар сияқты қазақ даласына жерік болып қалған жүздеген, мыңдаған орыстардың қазаққа деген осындай ашық дұшпандық, ашық арандатуларын көрмей, білмей отырған жоқ. Көрмей-білмей дейміз-ау, орыс басшылары Ресейде «Россия только для русских», «Чужеземцы вон из Росии» деп сүрен салып, Ресейде оқып жүрген азиялық студенттерді ұрып-соғып, тіпті өлтіріп кетіп жатқандарды өздері ұйымдастырып отырған болуы да мүмкін деген күдік кім-кімде де жоқ емес. Егер бір қазақ соларға ұқсап «Қазақстан только для казахов» деп көрсінші! Біздің елде ондайды айту тұрмақ ойлаудың өзі нонсенс!
Сол Просвирин бастаған орыстар бұдан әрі мынадай арсыздық, қазаққа деген мынадай өшпенділік сөздерге дейін барады: «Солтүстік Қазақстан дегеніміз Сібірдің жағрафиялық та, демографиялық та жалғасы. Бұл аймақ біздің ұлы бабаларымыз отарлап алған (колонизированная) аймақ. Ол кейін ешқандай қисынға, ешқандай адамгершілікке жатпайтын жолмен Қазақстанға заңсыз қосылған аймақ. Сондықтан да болашақ демократиялық орыс үкіметі орыстар тұрып жатқан, ықылым заманнан орыс территориясына жататын бұл жерлерді қайтарып алуға міндетті», – дейді олар. Бұдан әрі бұл шовинистер «Павлодарда тұратын орыс отбасы неге қазақшаны үйренуі керек. Солай емес пе?! Тіпті, қазақтардың бұл аймаққа қандай қатысы бар?», – деп күшенеді. Бұлар Сібірді Сибирь деп өзгертіп, бұл сөздің қандай мағына беретінін де білмейді. Білмегенімен тұрмай сол бүкіл Ібір–Сібірді орыс жері деп баяғы тумысынан қалған таяздығын, надандығын көрсетіп отыр. Осындайда Жан-Жак Руссоның: «Орыстар ешқашан шын мәніндегі мәдениетті, өркениетті ел бола алмайды. Өйткені мәдениет оларға тым ерте және күшпен таңылды. Себебі, І Петрдің таланты тек басқаларға еліктеу дәрежесінде ғана еді. Оның бойында өзі бірнәрсені жасап, сосын соны одан әрі дамытатын қабілет мүлде болған емес. Ол әуелі нағыз орыс халқын қалыптастырудың орнына олардан әуелі неміс, ағылшын жасап шығармақ болды» деген көрегендік сөздері еске түседі. Шынында да осы Просвирин, Жириновский, Дугиндер де, олардың Кремльдегі пірлестері мен сасық самогонды ұлттық сусын деп санайтын ормандық мұжықтары да өздері әулие шаһар тұтатын Москва, Кремль деген сөздердің қайдан шыққанын, ол сөздер не мағына беретінін де білмейді. Павлодар мен Петропавл орыс жері деп жүргендерге бір номад келіп: «Әй, өресіз мұжық! Сенің Кремль дегеніңнің өзі біздің «керемл», яки, «қамал» деген сөзіміз. Қане, біздің ата-бабамыз үш жүз жыл басқарған жерімізді қайтарып беріңдер»,– десе не болар еді? Орыстың осынау оспадарлары бұдан әрі мынадай сұмдық сөздерді де беті бүлк етпей айтты. Тыңдаңыздар: «Бұл мәселенің шешілуі (яғни, қазақ жерін Ресейге қосу.–М.К.) сол сәттегі, яғни, ағымдағы жағдаяттарға байланысты. Бұл үшін әуелі бейбіт референдум өткізуге талпыныс жасалады, болмаса одан кейін күшпен жауап беріледі. Қазақстанда әскер деген жоқ, ешқашан болмайды да. Қазақстан «шын сөзім» деген сияқты бос сөзге ілініп қана отырған мемлекет».
Міне, әсіресе орысқұмар қазақтар мен Отан намысын ұмытқандар «мәңгілік көрші», «тату-тәтті көрші», «туысқан орыс халқы», «Құдай қосқан көрші» деп, радио-телевидиенеден, баспасөзден күндіз-түні күмпілдететін «братский народтың» ең оқыған, ең алдыңғы қатарлы өкілдерінің Қазақстан мен қазақтарға деген ниеті, пиғылы осындай. Олар бұл арам ниетін ұзын тарих сорабында талай рет жүзеге асырды да. Соның нәтижесінде қазақтың Омбы, (Омск), Сарытау (Саратов), Хажы-Тархан (Астрахань), Ор, Орынбор (Оренбург), Самар (Самара) және өзге де талай-талай кең байтақ жері орыс иелігіне өтіп кетті. Біздің саясаткерлер ол туралы ернін жыбырлатуға да қорқады. Соны қапысыз ұғып алғандар, қазақ елі азаттық алған 22 жылдан бері осындай бұзақы ұрандарын ашықтан-ашық айқайлап айтумен келеді. Олар Қазақстанда, әсіресе Павлодар, Петропавл, Қостанай уәлаяттарында қазақтың ас-суын, дәм-тұзын емін-еркін татып, байлығын қазақтың өзінен де көп пайдаланып тұрып жатқан орыстардың қолтығына осылайша су бүркіп отыр. Ол уәлаяттардағы орыстардың әлі де жер-су атауларымыздың қазақшасын қайтарып беруге ашық қарсылық көрсетіп, қазақшаңа пысқырмай отыруына да «тату-тәтті Ресей» мықтыларының осындай қолпаштауы, қот-қоттап құтырта түсуі басты себеп болып отыр. Мұндай бүлдіргі «бас­тамаларды» Ресей 90-жылдары-ақ өршіткен еді. Сол кезде Ресейдің белді басшыларының бірі Н. Рыжков Қазақстанның батыс өңірлерінен дәмелі екенін бүкпесіз айтқан-ды. Қазақстан тарапынан сол кезде де бір ауыз бет қайтарар сөз айтылмады да, ол кезде «байтал түгіл бас қайғы» күйге түскен Ресей бұл мәселені тоқтатып қойған еді. Енді, біздің бүгінгі жағдайымыз мынау. Біз әу бастан елімізді Қазақ Елі немесе Қазақ Республикасы деп атап, қазақтың ұлттық мемлекетін құрамыз деп (Түркіменстан және басқалары сөйтті!) жарияласақ, бүгін кез келген орыс бүйтіп басынбас еді. Босбелбеуліктің кесірі осы. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі «Үндемесек үйдей бәледен құтыламыз» деген момақан саясат ұстанып отыра береміз деп ойлайтын сияқты. Бірақ үндемеген үйдей бәледен әрдайым құтыла бермейді. Күндердің күні болғанда Просвириндер әлгі өздері айтқандай күшпен басып алуға кіріссе, тым кеш қаламыз. Сондықтан мұндайда «Қорыққанмен қоя ма Қодар ағаң» дегенді де ұмытпай, Қодар қылыққа табанды қарсылық көрсетіп қоймасақ, көршіміз бұққан сайын басына беретінін түсінетін кез жетті!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,  ақын

Үлкен күнә келе жатыр ма?

$
0
0

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІН ТОЙЛАМАЙТЫН БОЛДЫҚ ПА?
Кеше, яғни желтоқсанның 6-сында Үкімет басшысы Серік Ахметовтің Қаулысымен Жаңа жылда 5 күн демалатындығымыз айқын болды. Алайда оған дейін Қазақ елі үшін аса маңызды, аса қастерлі  тағы бір мереке бар екені ұмыт қалды. "Қарнымның ашқанына жылаймын ба, қадірімнің қашқанына жылаймын ба?". Әрі-сәрі күйде біз қалдық. Естеріңізде болса осыдан бір-екі жыл бұрын 25 қазан - Республика күнін мерекелер тізімінен сызып тастадық. Сол кезде "Түркістан" газеті "“БIЗ ҚАНДАЙ МҰРАДАН БАС ТАРТАМЫЗ?”  деген мақала жариялаған болатын. 

Ал 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін "Тәуелсіздік күні" де көмескі тарта бастады. Былтыр бәлкім «Жаңаөзен оқиғасын» аза тұттық па, ешқайда, ешқандай мерекенің иісі сезілмеп еді. Ал биыл еш жерде «Тәуелсіздік күнімен» деген ұран кездеспейді. Тек ұлттық патриоттардың фейсбукта, баспасөзде шырылдағанынан басқа ешқандай әңгіме естілмейді. Сонда біз «Тәуелсіздік мерекесінен» де бас тартпақпыз ба? Қазақ осы күнді қанша, жыл, қанша ғасыр аңсады. Осы жолда қаншама қан төгілді. Хан Кене он жыл аттан түспей, Ресейдің империялық саясатына қарсы ұлт-азаттық соғысын жүргізіп өтті. Алаш ардақтылары осы жолда басын бәйгіге тікті. 1986 жылы Республика алаңына жиналған өрімдей жастардың қаны да тәуелсіздік үшін төгілді. Ендеше Тәңірінің өзі сыйлаған ұлы Тәуелсіздікті елең етпеу, оған тәу еттпеуіміз – үлкен күнә. Қазір биліктің осы бір қасиетті күнді әдейі елең қылмауы толғандырады. Сонда Тәуелсіздік біз үшін 20 жыл ғана қасиетті мейрам ретінде аталып өтіп, жиырма жылдан кейін жылы жауып қоймақпыз ба? Сөйтіп осы бір күнді ұрпақ санасынан бір жолата ұмыттырып, енді бірнеше жылдан кейін «Еуразиялық одаққа» өз еркімізбен қосылған күнімізді тойлап жүрмесек игі еді?!!

Есен Байнұр


Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық

$
0
0

Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық
5-Желтоқсан, 2013 |

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасында желтоқсанның 3 күні белгілі қоғам және өнер қайраткері, саяси публицист Хасен Қожа-Ахмет Кәрімжанұлының «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты кітабының тұсаукесері болды. Аталмыш кітапта бүгінгі қазақ, татар, өзбек, қырғыз халықтарының ата-бабалары ­­– шығыс түрктерінің ΧΙΙΙ ғасырда Шыңғыз хан басшылығымен құрған Мәңгіел  мемлекетіне қатысты ресми тарихта қалыптасқан пікірлердің көбісіне автор сын тұрғысынан қарап, көп ғасыр жұмбақ болып келген мәселелерге өз пайымын айтады.

Тұсаукесерді тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков бастап: «Хасен Қожа-Ахмет зиялылар арасында батыр ретінде халыққа әлдеқашан танылған адам. Бұл кітабы да көп ізденіс нәтижесінде жазылған, еліміздің тарихына, тарихшыларына керекті тың мағұлматтар мол. Бүгінде құнды еңбектерімен ой беретін, идея тастайтын, пікір айтатын, көзқарастарымызды қайта қарауға мәжбүрлейтін осындай замандастарымыз  ауадай  қажет. Бұл кітап толықтай оқу құралына айналмауы мүмкін. Бірақ  зерттеулері логикаға қисынды болғандықтан кәсіби  тарихшыларға көп ой салатын еңбек деп есептеймін» – деген пікір айтты.

Кітап авторы Хасен Қожа-Ахмет әріптестерімен бірге (солдан оңға қарай төртінші)
Жиыннан соң автордан сұхбат алған едік. Кітапқа қысқаша түсініктеме ретінде назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

–Аға бұл кітап, тарихқа жаңа көзқараспен жазып шыққан еңбегіңіз ғой. Осы кітапты жазу, басып шығару барысында қандай қиындықтар болды.  Кітапты шығаруға көмектесіп, демеушілік еткен адамдар болды ма? Осыны айтып өтсеңіз.

– Бұл еңбекті тарихшы болайын, атақ алайын деп жазған жоқпын. Бұрыннан да тарихты айтып, жазып жүрмін. Қазақ халқының Ресейге өз еркімен қосылмағанын, әлі отар күйінде екенін дәлелдеп 1970 жылдарда жиырма шақты мақалалар жазып таратқаным үшін екі жылға соттап та жіберген. Бұл жолы мені қалам алуға мәжбүр еткен  Шыңғыз хан тарихына қатысты бұрын-соңды айтылған пікірлерге келіспеушілігім болды. Зерттеу нәтижесінде халқымызға тұманда жүргендей емес, тарихи санасы айқын болатындай, бүгінгі, келешек ұрпақ өткендегі ата-бабасының еңбектеріне мақтанарлықтай еңбек жазған сияқтымын. Болмаса тарихы  «отар болғанбыз, аштан қырылғанбыз» деген сияқты гөй-гөйден тұратын халықтың еңсесі көтеріліп ел болуы неғайбыл.  Әрине, еш деректі ойдан шығарған жоқпын. Бұрынғы  зерттеушілер назарына ілінбей  қалған деректерді тауып, бірімен бірін салыстыра отырып  өз тұжырымдарымды жасадым.

Шынын айту керек, кітапты жазған  алты жылымда оңай болған жоқ. Жұмыста да бірталай кедергілер болды. Мұражайда директор болсам да саяси әрекеттерге араласпай жата алмадым. Жаңаөзен оқиғасына байланысты жұмыссыз қалғанымның «арқасында» кітабымды аяқтадым.

Кітапты жазған соң қалай шығарарымды білмей жүрген едім. Қазақ спорт  және туризм академиясының президенті Қайрат Хайроллаұлы Зікірия еңбектерімді газеттер арқылы оқыған екен. Менің «моңғол» сөзін «Мәңгі ел» атауынан екеніне келтірген дәлелдеріммен келісетінін 2011 жылы Лондоннан шығарған кітабында да жазған екен. Бірде маған телефон шалып: «Шыңғыз ханның түрктігін дәлелдейтін  деректерді алып келсеңіз ағылшын тілінде шығатын келесі кітабыма қосар едім» – деді. Орысшаға аударылған кітап тарауларын қарап шығып: «Қазір  Шыңғыз хан жайында түрлі пікірлер айтылып жүр. Бірақ, сіздікі көңілге қонымды  екен» – деп, баспадан шығаруға көмектесті.

– Болашақта бізідің ұстанатын бағытымыз, идеологиямыз Мәңгі ел идеясы болу керек дейсіз ғой.

– Әрине, Мәңгі ел болу идеясы Түрк қағанаты кезінде, одан да бұрын  біздің ата бабаларымыз – шығыс түріктерінің идеясы болған екен. 1206 жылы Шыңғыз хан Қият, Жалайыр, Найман, Керей, т.б. шығыс түрк тайпаларының басын біріктіріп сол идеяны мемлекеттің аты ретінде жариялады. Ал осы мемлекет атауын  өзге елдер, кейіннен өзіміз де, «моңғол» деген этнос атауы деп шатастырғанбыз. «Мәңгі ел» сөзі Түрк қағанаты кезінде VIII ғасырдағы Көлтегін «мәңгі тасында» да, ХІ ғасырда жазылған Ж. Баласағұн еңбегінде де келтірілген.

–Тарихымызды неғұрлым тереңнен байыптасақ, тереңнен игеріп, соны оқып,  ұстаным ретінде алсақ қателеспейміз дейсіз ғой.

– Тарихымызды әріден бастасақ тамырымыз мықты болады. Өмірде нық басып, өз-өзімізді танып, құрметтеп сенімді жүреміз. Өзін құрметтейтін халық қана өзгеге бодан бола қоймайды.  Жер шарының жартысынан көбін алған  Мәңгі ел  империясын  құрған халық  біздің ата-бабамыз екенін осы еңбегімде дәлелдедім деп ойлаймын.  Ата-бабасының  ұлы  істерін  білетін, одан  рухтана  алатын  халық  бүгін  де  ұлы істер жасай  алатынына сенімді болмақ. «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» аталған осы еңбегімде қазақ рухтанардай көптеген  тарихи деректер тауып бердім деп ойлаймын.  Оны халық өзі оқып,  зерделер.

Сұхбаттасқан Нұрлан Наурызалиев

ҚАЗАҚЫ РУХ ЖӘНЕ ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕНІҢ НАСИХАТЫ

$
0
0

ҚАЗАҚЫ РУХ ЖӘНЕ ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕНІҢ НАСИХАТЫ

Жаһандану үрдісінің әлемнің түкпір-түкпірін жайлап, адамзаттың өмір сүру дағдысынан бастап, қоғамның барлық саласына ықпал ете бастағанына да біраз уақыт болды. Бұл – әу баста жаңа технология мен қаржылық-ақпараттық ресурстар арқылы жалпы әлемдік біртұтас кеңістік құруды көздеген еді. Уақыт өте келе, көптеген елдердің, соның ішінде, аса зор дамыған мемлекеттердің экономикалық мүдделерін көздейтін бұл үрдіс, ауқымды тауар алмасу, адам өміріне қажетті сан түрлі қызмет көрсету, капитал шығарумен ғана шектеліп қоймай, адамзат өмірінің барлық саласына ықпал ету арқылы бүкіл мемлекеттердің әлеуметтік-мәдени өмірін, саясатын, өмір сүру дағдысын өзгертуге мәжбүр етіп отыр.

Күні бүгін жаһанданудың альтернативасы байқалмайды, демек, оған тоқтау салынады деп сену де қиын. Себебі, жер шарының барлық түкпіріне әр ел шығаратын тауар түрлерінің, соның ішінде, ең қымбат болып есептелінетін зияткерлік меншік – адам ақыл-ойы бір мезетте интернет және басқа жаңа ақпараттық-коммуникативтік технология түрлері арқылы орасан зор қуатпен және орасан зор жылдамдықпен бірдей таратылып, қатар іске асырылуда.
Жаһандану үрдісін зерттеуші ғалымдар бұл құбылыс адамзат қауымын жаңа жаһандық – корпоративтік даму қабатына апарады деп есептейді. Мұның арты ұлттық мемлекеттердің әлсіреп, әлемдік бірегей басқаруға апаруы, тіпті ұлттық және ұлт айырмасын білдіретін мемлекеттік мекемелердің жойылуына соқтырады деген болжамдар айтылуда. Бұл жағдай халқымыздың тілдік және мәдени бейімделуінің, салт-дәстүрінің, мәдениеті мен өнерінің сақталуын және олардың бүгінгі күн талабына сай жаңаруы мен дамуын қамтамасыз ету жұмыстарын күн тәртібінің маңызды мәселесі етіп қояды.
Біздің елімізде аса жоғары жылдамдықпен дамып келе жатқан осынау өзгерістер ел басқарған зиялылар үшін де, қарапайым халық үшін де күнделікті және үйреншікті жағдайға айналды. Сол себептен де біздер адамдардың, әсіресе, жастардың тарапынан адами-рухани өнегеге, дәстүрлі отбасылық қарым-қатынастарға, сондай-ақ, жалпыұлттық қасиетке деген көзқарас­тың басқаша қалыптасып, үлкенді сыйлау­, ұятты сезіну, ұлттың жадын, тарихын, дәстүрін құрметтеу дегендердің азайып, кейбірінің, тіпті, жойылып бара жатқанын сезбей келе жатқандаймыз. Бұл орны толмас олқылық күнделікті уақыт ағымымен байқалмай бара жатыр.
Демек, ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрпымыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің озық түрлеріне зер сала қарауға, оларды адамдардың, әсіресе, жастардың санасына сіңіре тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлетін уақыт жетті. М.Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзінің мағынасына терең көңіл бөлу қажеттігі арта түсуде.
Жалпы, адамдардың өсіп-өркендеп, жан-жақты жетілуінде айырықша роль атқарған, өлшеусіз де теңдессіз үлес қосқан нәрсе – өнер. Сол өнердің өзі кәсіптік өнер және көркемөнер болып екі салаға бөлінеді екен. Алғашқы қауымдық құрылыста алдымен қол өнері пайда болып, кейін ол кәсіптік өнерге ұласқан. Кәсіптік өнердің саны мен түрі саналуан. Ат тағалаудан бастап, бүгінгі компьютерлік техникаға, шеге жасаудан бастап, жер серігіне дейінгі адам қолымен және ақыл-ойымен жасалған небір кереметтер қол өнері мен кәсіптік өнердің жемісі. Және ол өнердің дами, жетіле түсуіне қазіргі жаһандану қолайлы ықпал етуде.
Ал өнердің екінші саласы – көркемөнер ше? Көркемөнер – адамзатты рухани жағынан дамытып, олардың ішкі жан дүниесін байыту, ақылына ақыл қосу, ой-санасына адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, қанағат, рахымшылдық, әділет, Отанын сүю, ұлтын қадірлеу сияқты жақсы әдеттер мен әдептер сіңірудің құралы. Бір сөзбен айтқанда, мәдениетті, ізетті азамат тәрбиелеу деп түсінеміз. Міне, осы іске, мәдениетті азамат тәрбиелеу ісіне жаһанданудың әсері басқаша екені туралы ілгеріде айтып өттік.
Ол әңгімеміз жалаң болмауы үшін аздаған мысал келтіре кетейік. Алдымен, бүгінгі күннің қуатты насихат құралына айналған көгілдір экран көрермендерге не ұсынып, нені үлгі қылып отыр? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жалаңаш әйелдер мен жыныстық қатынастарды анайы түрде және бұзақылық пен қатігездікті көрсететін батыстық фильмдер, кекесін сөзбен айтсақ, қараңғы қазаққа жарық түсіретін сексуалдық революция туралы арнайы бағдарламалар көп орын алған-ды. Ал қазір түгесіліп бітпейтін, шытырман уақиғалардың тұңғиығына тарта беретін шет елдің ұзақ сонар фильмдері билеп алды. Оларды азайту орнына төлтума шығармаларымызды ұсыну туралы Мәдениет және ақпарат министрінің ұсынысы көптің көңілінен шықты.
Кеңес үкіметі кезінде шыққан «Шаңырақ» фильмінде орыс қызына қазақ азаматы, соның ішінде, түрмеге түскен қылмыскер жігіт үйленіп, ортасына түскен ата-баба шаңырағын орнына келтіретін-ді. Сөйтіп, қазақы рух аз да болса, жеңіске жететін. Ал қазіргі фильмдердің көбінде ол рух көріне бермейді.
«Тамшы тама берсе, тасты да талқандайды» дейді қазақ мақалы. Мұның бәрі жастарымыздың санасына әсер етпей жатқан жоқ. Газеттердегі «Девушка азиатской национальности, ищет высокооплачиваемую работу» деп жарнама берушілер, осы насихатты шын деп сеніп, ұлттық рухты мансұқ еткендер. Қыздарымыздың не омырауы ашық, не етегі қысқа, не кіндігі жалаңаш жүруі, анада болатын абыройды, әйелде болатын әдепті, қызда болатын қытықты кетіретіні сөзсіз. Қазақ атамыз қытықсыз қыздан қылықсыз әйел шығатынынан, қылықсыз анадан құлықсыз бала туатынынан, құлықсыз ұрпақтың қоғамды бүлдіретінінен сақтандырған болатын. Тәрбиеге көнбейтін әлдебір телі мен тентекті, «Ой, ол жөргегінен қағынған ғой» деп, қазағымыздың тәубеге бас ұруы осыдан қалған.
Нағыз мәдениет дегеннің өзін белгілі бір ұлттың тарихи болмысы тудырады. Осы тұрғыдан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз халқымыздың ғасырлар бойы тырнақтап жинап, бір жүйеге келтірген әдептілік ережелері іспеттес. Олар – адамгершіліктің, адалдықтың, пәктіктің, азаматтықтың қайнар көзі, нәр алар тамыры. Олар – сана мен ақылдың қатталып қалған қазынасы. Ұлттық рухтың ең биік шыңы болатын. Олар Елбасымыз жариялаған «Мәдени мұра» бағдарламасының бастауы болуы керек еді. Бірақ ол бағдарламада қорған қопарып, құмыра іздеу басымырақ бағыт алып кетті.
Бұл тұрғыда ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін, ерекше адамгершілік қасиетін Мәдениет ұйымдары әр түрлі мәдени көпшілік бағдарламалар арқылы кеңінен көрсетуіне көбірек көңіл бөлінуі қажет-ақ. Себебі, бүгінгі күні мейрамдарға арналған арнайы шаралармен немесе қаптаған шығармашылық кеш, кездесу, сайыс, фестивальдармен шектелу аздық етеді. Ойланса жұмыс көп. Мысалы, қазақ ертегілерінің өзі мәдени мұраның мәйегі. «Аяз би» ертегісінде қазақ халқының ең жаман деп таныған адамы – Аяз би екен. Ал сол ең жаман адамымыздың ақылы кемел, уәдеге берік, парасаты жоғары болуы ұлт рухын аспандатпай ма? «Ер Төстік» ертегісінде темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалғанша ел кезіп, арып-ашып, ағайынын іздеген Ер Төстік туысқандықты ту еткен қазақтың ұлттық қасиетін айқындамай ма? «Күн астындағы Күнікей қызда» жалғыз аттанып, сан түрлі өнері бар жолдас табу арқылы Күн астындағы Күнікей қызды отаулайтын жетім баланың өмірбаяны ұлтымыздың елдігі мен бірлігінің ұраны емес пе? Демек, осы ертегілер сюжеті негізінде шаралар ұйымдастыруды жүйеге түсірсек, бүгінгі күн талабына сай келер еді.
Сондай-ақ, қазақтың мақал-мәтелдерінің де ұлттық рухта тәрбиелеуде маңызы жоғары. «Жауға ұрынып, жабағыға сүріну» – адамның өз ісін жете білмейтінін көрсетсе, «Түйе үстінен сирақ үйту» олақтықтың белгісі. Ізденгіш адам бір мақалдың айналасынан біртұтас өнеге болатын, тәрбие беретін шара ұйымдастырған болар еді.
Ұлттық салт-дәстүрлер дегенде, қыз сыны, жігіт сұлтаны, әжелер сайысы, қыз ұзату, тұсау кесу сияқты шаралар ойға оралады. Клубтарда мұндай шаралар өтіп жүр. Осы жұмыстар ауқымында ғана шектеліп жүрген қызметкерлер бары да жасырын емес. Мәдениет қызметкерлері бұл бағытта біраз тәжірибе жинақтады. Дей тұрғанмен, осында көңіл бөлетін ахуалдар аз емес. Мысалы, сайысқа қатысушылардың өзін өлеңмен таныстыруы бел алып кетті. Әрине, жұрттың бәрі ақын емес, өзі шығар­ған немесе біреуге шығартқан өлеңсымағы ұйқассыз, мағынасыз балдыр-батпақ бірдеңе болады. Онда өзінің туған, өскен кезеңнің, туған, өскен аумағының ерек­шелігін, елінің аужайын, Отанын, ауылын сипаттау арқылы өзінің кім екенін танытуы керек қой. Шынында қазылар үміткердің өлең шығарғыштығы емес, ақыл-ой дәрежесін бағалайды емес пе.
Осыдан шығатын тағы бір пікір: көрсетілімдер мен ақпарат құралдарында ұлттық салт-дәстүріміздің нақтылығына, бояуы қанық шығуына немқұрайды қараушылық. Мысалы, «Тұсау кесу» дегенде, тұсаудың түсін анықтау мен оны байлаудың өзіндік мәні, ережесі бар. Көп жағдайда тұсауды пышақпен кесіп емес, қайшымен қию бел алып кеткен. Тіпті, үлгі тұтуға тиісті «Дәстүр» журналының биылғы №5 (30) санының 18-бетінде тұсауды қайшымен қиып жатқан сурет бар. Халқымыз тұсауды ер адам қолданатын қару пышақпен, соның ішінде, батыл, жаужүрек болсын деп болат пышақпен кескен. Ал әйел адам қолданатын қайшымен қиса, тума ынжық, ерке болып өседі деп ырым қылған.
Қазіргі күні ән мейрамдары, күй кештері, тақырыптық кездесулер, шығармашылық есеп, фестиваль дегендер өтіп тұрады. Сонау ХІІІ ғасыр шамасындағы «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйінен бастап, кеше ғана бақилық болған Қаршыға шығармаларына дейінгі халқымыздың таусылмас, түгесілмес күй қазынасы бар. Халық әндерін былай қойғанда, Шәмші әндерінің тарағанына да жарты ғасырдың жүзі болып, ол да мәдени мұраға айналды. Олардың да берері мол, үйретері көп, өнегесі орасан. Тіпті, мәтінінің өзі бір ұстаз. Ол әндерде әке туралы болса, әкені асқар тау, сүйеніш қылып дәріптейтін, ана туралы болса, анасын әлдиіне қанбайтын ең аяулым деп әспеттейтін, махаббат тақырыбы болса, қатар құрбысына асықпа сен үйге деп үздігетін. Мәдени мұраға айналған әнде «Қолыңның ыстығы қолымда қалады» деп үмітін үкілесе, қазіргі әндер «Жүрегімді езіп кеттің» деп кінәлайды.
Дәстүрлі өнерге жатады деп жүрген ән сөздерінің арзандауы да сол жаһандану әкелген өнерге, мәдениетке деген жанашырлықтың азаюы, халтураға бейімделушілік. Демек, бұл бағытта да орасан зор міндеттер тұрғаны даусыз.
Жергілікті мәдениет ұйымдарында ұлт мұрасын адамдар санасына сіңірудің небір үлгілерін тауып та, көрсетіп те жүргендер аз емес. Атырау облысындағы Махамбет ауданы, Алға Мәдениет үйінде бір тамаша ән кеші өтті. Онда халық әні «Ардақтан» бастап, «Дудар-ай», Балуан Шолақтың «Ғалиясы», біздің заманымызда шығып, халыққа әбден таныс болған «Нурикамалға» дейінгі ару қыздарымызға арналған 15-20 ән орындалып, олардың шығу тарихы баяндалды. Ол бір үлкендерді күрсіндірген, жастарды тамсандырған тамаша шара болып еді. Осындай үлкен қаражат талап етпейтін, бірақ тағылымы мол шаралар әр мәдениет үйінде өткізіліп тұрса деп армандайсың.
Сырттан таңылған бөгде мәдени жүйелердің ұлттық өнеріміздің тәуір түрлерін аяусыз соққылап, қолданыстан да, адамдар жадынан да шығарып тастауға таялған тағы бір аяулы нұсқасы бар. Өзге елдердің арзан- қол алдауыш дүниелері біздің атадан балаға мирас болып келе жатқан зергерлікті, кесте тігетін, ою оятын, шілтер тоқитын өнерімізді ұмыттыра бастады. Бұны да бүгінгі күннің бір қажеттілігі ретінде, замандастардың жаны ауырып, ғасырлар үзігіндей болып бізге жеткен ата-баба өнерін жаңартуға, жалғастыруға тырысса дейміз.
Адамзат баласы тал бесіктен жер бесікке дейін тәрбие алады. Сондықтан әлди айтуға тілі, бесік жырына үні келіскіш, өмір дағдысы ұлағатқа, тірлік үрдісі тәрбиеге бейім ұрпақ тәрбиелеу – ұлт зиялыларының да, барша жұртшылықтың да үлесі болып қалды. Бұл бағытта мәдениет ұйымдары атқарып отырған қыруар қызметті сараптап, оқырман алдына тартуды мақсат тұтпадық. Тек ұлтымыздың салт-дәстүрін ұлт тәрбиесінде пайдалану туралы ойларымызды ортаға салғымыз келіп еді.
Абат КЕНЖЕҒАЛИ,
ҚР Мәдениет қайраткері

«Қазіргі кездегі қазақ диаспорасы»

$
0
0

 

 

«Қазіргі кездегі қазақ диаспорасы»

 

03.12.2013

«Қазіргі кездегі қазақ диаспорасы» атты баяндаманы таныстырды

Өркениетті мемлекеттердің бәрі ежелден сырт жерлердегі өз диаспорасына айрықша көңіл бөледі, оларға ұлттық-мәдени, саяси-әлеуметтік жағынан қолдау көрсетеді. Қазақстан Республикасы да тәуелсіз ел болғаннан кейін шетелдердегі қазақтармен тұрақты байланыс орнатуды жүзеге асыра бастады. Мұның ең алғашқы жарқын көрінісі – 1992 жылы өткен әлем қазақтарының тұңғыш Құрылтайы еді. Бұл Құрылтайда жер жүзінің түпкір-түпкірінде шашырап жүрген қазақтардың өкілдері тұңғыш рет бас қосты. Алқалы жиында қазақ халқының ұлттық өсіп-өркендеуі жан-жақты сөз болды. Құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып оның құрметті төрағасы болып Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сайланды. Міне, содан бергі кезеңде Қауымдастық сырт елдерде тұратын қазақтармен жан-жақты байланыс жасап, олардың ұлттық-мәдени, саяси-әлеуметтік жағдайын үнемі назарда ұстап келеді. Осы істеліп жатқан іс-шаралар, шеттегі қандастардың әлеуметтік мәселелері жайлы қарашаның 29 жұлдызында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев «Қазіргі кездегі қазақ диаспорасы» атты талдамалық баяндама жасады. Баяндамада Шетелде тұратын отандастардың жағдайы және оларды қолдау жөніндегі шараларды іске асыру және сол елдердегі қандастарымыздың әлеуметтік мәселелері кеңінен айтылды. Соның ішінде Моңғолия мен Қытайдағы қандастардың мәселелері ерекше баяндалды. Баяндамаға Ұлттық ғылым және педагогика саласының өкілдері, алыс-жақын шет елдерден  келген оралмандар және жастар қатысты.  Қытайдан оқуға келген жас өнерпаз әншілер Қойлыбай ұлы Ұлан, Анапия ұлы Тілеубайлар қазақтың қара домбырасымен әсем әндерін орындап отырған көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

 

             Қазіргі кездегі қазақ диаспорасы

 

Кіріспе

Өркениетті мемлекеттердің бәрі ежелден сырт жерлердегі өз диаспорасына айрықша көңіл бөледі, оларға ұлттық-мәдени, саяси-әлеуметтік жағынан қолдау көрсетеді. Бұл біздің тәуелсіз Қазақстанға да тікелей қатысты жағдай.  Қазіргі кезде Қазақстаннан тыс жерлерде  5 миллионнан астам қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Бұл – жер бетіндегі бүкіл қазақ халқының  үштен бірі. Осы сан миллион қандастарымыздың   ұлттық ерекшеліктерін сақтап, қазақ халқының  құрамдас бір бөлігі ретінде өмір сүре беруі Қазақстан Республикасының диаспораны қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатына тікелей байланысты.  Мұндай қолдау мен қамқорлық,  негізінен, екі бағытта жүргізілуге тиіс:

Бірінші – сырт жерлердегі қазақ диаспорасының оралман ретінде атамекенге біржолата көшіп келуіне  жағдай жасау.

Екінші – Сырт жерлердегі қазақ диаспорасының ұлттық ерекшілігін, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамыта беру үшін оларға бұрынан тұрып жатқан жерлерінде қамқорлық көрсету.

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақстан Республикасы өз диаспорасын қолдау жөніндегі осы екі  шарт-талаптың біріншісіне, яғни шетелдегі ағайындарды атажұртқа көшіріп әкелуге байланысты өзгелерге  үлгі боларлық үлкен жұмыстар жүргізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  ел тізгінін  қолына ұстаған алғашқы күннен бастап әлемнің  әр түкпірінде шашырап жүрген ағайындардың басын қосып, атажұртқа көшіріп әкелуге айрықша көңіл бөлді. Осыған орай, «Көші-қон туралы» заң қабылданып, этникалық қазақтарды, яғни оралмандарды қабылдауға арнайы қаржы бөлініп, көптеген нақты жұмыстар қолға алынды. Соның нәтижесінде, 2011 жылғы есеп бойынша 1991 жылдан бері Қазақстанға 221,3 мың отбасы немесе 860,4 мың қандастарымыз қоныс аударған. Олардың 60,5 пайызы Өзбекстаннан (520 мың), 10,4 пайызы Моңғолиядан (86 мың), 12,4 пайызы Қытайдан (106 мың), 7,8 пайызы Түркіменстаннан (67,5 мың), 5 пайызы Ресейден (45,5) ал қалғандары (35 мың) Ауғанстан, Түркия, Сауд Арабиясы, Қырғызстан және басқа елден келгендер.

Оралман ағайындардың 24,3 пайызы (206 мың) Оңтүстік Қазақстан облысына, 18,2 пайызы (154,8 мың) Алматы облысына, 13,3 пайызы (114 мың) Маңғыстау облысына, 7 пайызы (60 мың) Жамбыл облысына қоныстанған.

Ал қазақ диаспорасына қатысты екінші мәселеге, яғни алыс-жақын мемлекеттердегі ағайындарға сол тұрған жерлерінде мәдени-рухани, оқу-білім саласынан қолдау көрсетуге келсек, бұл жөнінде  де біраз игілікті істер жүзеге асырылды.  Қазақстан Республикасы да тәуелсіз ел болғаннан кейін шетелдердегі қазақтармен тұрақты байланыс орнатуды жүзеге асыра бастады. Мұның ең алғашқы жарқын көрінісі – 1992 жылы өткен әлем қазақтарының тұңғыш Құрылтайы еді. Бұл Құрылтайда жер жүзінің түпкір-түпкірінде шашырап жүрген қазақтардың өкілдері тұңғыш рет бас қосты. Алқалы жиында қазақ халқының ұлттық өсіп-өркендеуі жан-жақты сөз болды. Құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның Төрағасы болып Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев сайланды. Осыдан кейін де Әлем қазақтарының және үш Құрылтайы өтті. 1996 жылдан кейін екі рет «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанға әкеліп дайындық бөлімдерінде оқыту мен жоғарғы оқу орындарына қабылдау жөнінде де айтарлықтай жақсы істер жүзеге асты.. Мысалы, жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттың екі пайызы шетелдердегі ұлты қазақ жастарға беріледі. Дайындық бөлімдеріне 1400 талапкер қабылданады.

Бұл жұмыстарға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да айтарлықтай  өз үлесін қосты. Яғни, Қауымдастық сырт елдерде тұратын қазақтармен жан-жақты байланыс жасап, олардың ұлттық-мәдени, саяси-әлеуметтік жағдайын үнемі зерттеп, назарда ұстап келеді. Бұл ретте Қауымдастыық жыл сайын шетелдерде қазақтардың Кіші құрылтайларын, басқа да мәдени-рухани іс шараларды өткізуге айрықша көңіл бөледі. Қауымдастықтың мұндай іс-шараларына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Самұрық- Қазына» әл-ауқат қоры үнемі қолдау жасап келеді. Мұндай іс-шаралар мен түрлі басқосуларда шетелдердегі қазақ диаспорасының өзекті мәселелерін  бір жүйеге түсіріп, зерделеуге айрықша көңіл бөлінеді. Және ол іс-шаралардың нәтижелері Қауымдастықтың «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағында, басқа да респубдикалық басылымдарда үнемі жарияланып тұрады.

Сондай-ақ, Қауымдастықтың жанында шетел қазақтарының кешегі тарихы мен бүгінгі жағдайын зерттеумен айналысатын арнайы Талдау орталығы бар.  Бұл Талдау орталығы шетелдердегі қазақтар тығыз орналасқан өңірлерге үнемі арнайы экспедициялар ұйымдастырып тұрады. Талдау орталығы соңғы уақытта қазақ диаспорасы мәселелеріне арналған түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізуді де  жақсы дәстүрге айналдырды.

Шетелдегі ағайындармен байланыс жасауда Қауымдастықтың жанындағы www.qazaq-aIemi.kz веб-сайты да  ойдағыдай жұмыс істеуде.

Дегенмен, бұл салада алаңдататын  мәселелелер де аз емес. Яғни, шетел қазақтарының мәдени-рухани, оқу-білім жөнінен жөнінен біраз қиындықтарға кездесіп отырғаны да анық. Міне, осындай жағдайда алыс-жақындағы ағайындарға қайтіп қол ұшын береміз, қалай көмектесеміз? Бұл сұрақ кімді де болса ойландыратыны даусыз. Соған байланысты Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев үстіміздегі жылдың ортасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің қабылдауында болып, шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсетудің өзекті мәселелері жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салып еді. Соған орай, маусым айының басында ҚР Президент Әкімшілігінде шетелдердегі қазақ диаспорасымен байланыс жасауды және оларға қолдау көрсетуді жетілдіру мәселелеріне арналған кеңес өткізілді. Кеңеске ҚР Президенті Әкімішілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Т. Мамашев шетел қазақтарының қазіргі жағдайы және оларға қолдау мен қамқорлық жасаудың өзекті мәселелері жөнінде арнайы баяндама жасады. Мәжіліске  ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Жапсарбай Қуанышев, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымова, ҚР Сыртқы істерінің бірінші вице-министрі Рәпіл Жошыбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида  Құрманғалиева, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Әлеуметтік саланы жоспарлау және талдау департаментінің директоры Бибігүл Асылова, ҚР Ішкі істерінің вице-министрі Ерлік Кененбаев, ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары Эльдар Толғанбаевтар қатысып, шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасау жөніндегі өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Осыған орай кеңестің арнайы хаттамасы жасалды. Бұл хаттама бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктері сондай-ақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, шетелдердегі қазақ диаспорасына мәдени-рухани саладан қолдау көрсетудің 2013-14 жылдарға арналған іс-жоспарының жобасын әзірлеп, Президент Әкімшілігіне енгізетін болды. Демек алдағы уақытта шетелдердегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету жаңа деңгейге көтеріліп, жаңадан біраз жақсы істер қолға алынады деп сенеміз.

Сөз реті келгенде, диаспора мәселесі  тек қазақ халқында ғана  емес, барлық елдерде бар екендігін айта кеткен жөн. Осыған орай, өркениетті мемлекеттердің бәрі  шетелдердегі өз диаспорасын қолдауға айрықша көңіл бөліп, бұған қажетті мәселелерді дер кезінде шешіп отырады.

Мысалы, өзімізбен көрші Ресей 1999 жылы «Ресей Федерациясының шетелдегі отандастарға байланысты мемлекеттік саясаты туралы» Заң қабылдап, арнайы ұшан-теңіз қаржы бөліп, алыс-жақын шетелдердегі отандастарына қолдау жасауды жан-жақты жүзеге асыра бастады.

Израиль да шетелдегі еврей мәдени орталықтарына жан-жақты  көмек көрсетеді.

Оңтүстік Корея Алматыдан бір мәдениет сарайын сатып алып Корей мәдени орталығына айналдырды.

Германия  Қазақстандағы және басқа да елдердегі неміс мәдени орталықтарына нақты көмек беруде.

Түрік республикасында да диаспораға қатысты барлық мәселе мемлекеттік деңгейде шешілген. Яғни, Түркияның диаспорамен айналысатын мекемесінің жылдық бюджеті - 100 миллион АҚШ доллары, қызметкерлер саны – 170 адам. Ал Әзербайжан мемлекетінде диаспора жөнінде тікелей Президентке қарайтын мемлекеттік комитет бар. Бұл комитетте жүзге жуық қызметкер жұмыс істейді. Және бұған  қажетті қаржы да толық  бөлінеді. Мысалы,  олардың  шетелдердегі азербайжан жастарымен байланыс орнатуға ғана 5 миллион евро бөліп отырғанын анық білеміз.

Қытай Халық Республикасы да мұндай мәселеге айрықша көңіл бөлуде. Мысалы, соңғы кезде Қазақстанның өзінде бірнеше қытай мәдени орталықтары ашылды.

Демек, Қазақстан Республикасы да шетелдердегі өз диаспорасына жан-жақты, нақты қолдау жасауға тиіс.

Төмендегі талдамалық баяндама осындай маңызды мәселелерге негізделіп дайындалды.

 

          1 Қазақ диаспорасының  қалыптасуы

Сан ғасырларға созылған әр түрлі тарихи жағдайлардың себептерінен бүгінгі таңда қазақ халқының үштен бірі өз республикасының жерінен сырт қалып қойған. Зерттеушілердің дәлелдеулеріне сүйенсек, шетелдегі қазақ диаспорасының қалыптасуы XVII-XVIII ғасырдан басталады. Осы кезеңдегі жоңғар шапқыншылығынан қазақтардан 1 миллионнан астам адам қырылып, біраз бөлігі атажұртын тастап шет өлкелерге барып бас сауғалаған. Қазақтардың түрлі қуғын-сүргіннен атамекенін тастап шетелдерге жаппай қоныс аударуы XX ғасырдың 30 жылдарына дейін әлденеше рет қайталанған. Бұл ретте патшалық Ресейдің отарлау саясатының және Кеңес Одағының жаппай ұжымдастыру, тәркілеу науқанының айрықша зардапты болғанын атап айта кеткені жөн. Мысалы, қазақтардың Ауғанстан мен Түркияға алғаш рет көптеп өтуі XIX ғасырдың ортасында, Кенесары ханның көтерілісі кезінде болған. Өкінішке қарай Ауғанстан мен Түркияға алғаш барған бұл қазақтар, қазір сол жердегі халықтарға сіңіп, өздерінің ұлттық ерекшіліктерін түгелдей дерлік жоғалтқан.

XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы тәркілеу мен ұжымдастырудың зорлық-зомбылығына ұшыраған қазақтар осы жолды екінші рет қайталап, Ауғанстан мен Иранға  дейін барған.

Ал Түркиядағы  қазақтар, негізінен,  өткен ғасырдың 40-50 жылдары Қытайдан әртүрлы қиын жағдайдың салдарынан Үндістан мен Пакистанға кетіп, олан кейін Түркияға қоныс аударған ағайындар. Өткен ғасырдың 80- жылдары Түркиядағы қазақтардың қатары Ауғанстан мен Ираннан келген қазақтармен толыға түскен.

Қазіргі кезде Еуропада  қазақ диаспорасы айтарлықтай  қалыптасқан. Бұл ретте Еуропаға алғаш барған қазақтардың бірі - көрнекті қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай екені баршаға мәлім. Бұдан кейін Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен біраз қазақтың да Еуропаның әртүрлі елдерінде қалып қойғаны белгілі. Дегенмен Еуропадағы қазақ диаспорасының негізін түркиялық қазақтар құрайтыны анық. 1960 жылдардың басында Германия мен Түркияның арасында «Еңбек көші-қоны туралы» келісім-шартқа қол қойылған. Осының нәтижесінде Түркия қазақтары Еуропаның түрлі елдеріне тұрақты қоныс аудара бастаған. Кейін оларға Ауғанстан мен Иран қазақтары да қосылған.

Иран қазақтары да -  Қазақстанның Маңғыстау өңірінен өткен ғасырдың 30 жылдардағы әртүрлі қуғын-сүргіндердің салдарынан атажұртты тастап кетуге мәжбүр болғандар.

Қырғызстандағы қазақтардың да біраз бөлігі 1930 жылдардағы ашаршылық кезінде осы елге күн көру үшін барған.

Сондай-ақ ТМД елдерінің бірқатарында қазақтар - Кеңес Одағының тұсында түрлі жұмыс бабымен, немесе оқуға түсуге байланысты өз еріктерімен қоныс аударып барғандар.

Ал Ресей, Өзбекстан қазақтары негізінен өздерінің ата-бабаларының ежелгі қонысында отыр. Олар  тек XIX-XX  ғасырлардағы әртүрлі шекара бөлісінің нәтижесінде атажұрттан сырт қалып қойған.

Қытайдағы қазақтар туралы да осыны айтуға болады. Яғни, Қытай қазақтары XIX Қытай мен Ресейдің шекараны қайта  бөлісуінің салдарынан өздерінің ежелгі ата мекендерінде отырса да қазақ жерініңі шекарасынан сырт қалып қойған.

Моңғолия қазақтары - ХIХ ғасырдың   алпысыншы жылдарында Қытайдың Алтай өңіріндегі атамекендерінен қоныс аударғандар.

Шетелдердегі қазақ диаспорасының  қалыптасыуы туралы сөз болғанда мынадай бір мәселені де айта кетуге тиіспіз. Қазіргі ғылыми ортада «диаспора» деген атау, негізінен, әртүрлі себеппен атажұртын тастап, басқа елдерге барып орналасқандарға арналып айтылады. Ал шет мемлекеттерде тұрса да өздерінің ежелгі атамекендерінде отырған ұлт өкілдері «ирридент» деп аталады. Соған байланысты, Ресей, Қытай және Өзбекстан сияқты елдерде тұратын ағайындарды «диаспора» деп атауға келіспейтіндер де бар. Әрине, ғылми тұрғыдан келгенде мұндай пікірге біздің ешқандай таласымыз жоқ. Ал күнделікті жағдайда, яғни шетелдердегі ағайындарға қолдау көрсету жұмыстарын ұйымдастырғанда оларды «сен – диаспорасың», ал «сен – ирридентсің» деп бөліп-жармай, бұл саладағы жұмыстарды біртұтас жүйемен, бір бағыт-бағдарламен іске асырғанымыз дұрыс. Соған орай біз бұл талдауымызды шетелдегі ағайындарды бөліп-жармай, барша жұртқа түсінікті диаспора деген атаумен атағанды дұрыс көрдік.

Осыған орай, және бір маңызды мәселені айта кеткіміз келеді. Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарынан бастап, яғни соңғы жиырма-отыз жылда шетелдердегі қазақ диаспорасының қалыптасуының жаңа бір кезеңі    көрініс берді. Бұлар – негізінен, қазіргі Қазақстаннан тікелей сыртқа кеткен отандастарымыз. Олардың арасында шетелдік азаматтарға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары біраз баршылық.  Шетелдерге барып, жұмысқа орналасып, сол елдің азаматтығын алып, тұрақты тұрып қалып жатқан қазақтар да біршама көбейген. Шетелдерде уақытша жұмыс істеп, немесе түрлі оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастарының да  саны жыл өткен сайын арта түсуде. Бұл қандастарымыздың басым көпшілігі өздерін шетел қазақтары емес, шетелдегі қазақтар, нақтырақ айтқанда,  шетелдегі қазақстандықтар деп есептейді.Олар бастарын қосып,  қоғамдық ұйымдар құрып, түрлі мәдени іс-шаралар да өткізіп тұрады. Қазақстанның сол елдердегі Елшіліктерімен де байланыстары ойдағыдай.

Болашақта шетелдердегі қазақ диаспорасымен байланыс жасау жөнінде түрлі іс-шаралар қолға алынғанда  шетелдердегі қазақтардың осы жаңа қазақстандық  толқынына да айрықша назар аудару керек.Өйткені, шетелдердегі қазақ диаспорасының бұл жаңа толқынының әлеуеті, мүмкіндігі мен күш-қуаты жыл өткен сайын айрықша артып, күшейе түсетіні анық.

Міне, осы сан миллиондаған қандастарымыздың қазіргі жағдайлары қандай, болашақтағы ұлттық өсіп-өркендеуі қай бағытқа бет алады, оларға қандай қолдау, қамқорлық керек - енді осы жөнінде жан-жақты сөз қозғайық.

 

2.1 Өзбекстандағы қазақтар

 

Қазақтар ең көп орналасқан елдердің бірі – Өзбекстан Республикасы. 2011 жылғы ресми мәлімет бойынша бұл елде 831 мыңнан астам қазақ  бар. Яғни, Ташкент облысында - 340 мың, Қарақалпақстанда - 307 мың, Науаи облысында - 50 мың, Ташкент қаласында - 46 мың, Жызақ облысында - 31 мың, Бұқара облысында - 20 мың, Сырдария облысында - 15 мың, Хорезм облысында - 11 мың, Самарқандта - 5 мың, Сұрхандарияда - 2 мың, Қашқадарияда - 2 мың, Ферғана, Наманган, Андижан облыстарының әрқайыссында 1 мыңдай қазақ тұрады. Бұл ағайындардың қазіргі кезде ұлттық рухани-мәдени жағдайы біршама жақсы. Өзбекстанда қазақ мектептері әзірге баршылық. «Нұрлы жол» атты қазақ тілінде республикалық газет шығады. Өзбек теледидарынан «Замандас» атты қазақша хабар соңғы уақытта тұрақты көрсетіле бастады. «Асыл мұра» атты қазақша кітаптар шығаратын арнайы редакция бар. Бірнеше педагогикалық институтта қазақ тілі мен әдебиетінің бөлімі шәкірттер тәрбиелейді.

Жыл сайын Өзбекстан қындарының айтысы да жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Бұл жұмыстардың негізгі ұйтқыларының бірі – Өзбекстандағы Республикалық Қазақ мәдени орталығы (төрағасы – Марат Үкібаев). Қазір бұл орталықтың Өзбекстандағы қазақтар тұратын барлық облыстарында бөлімшелер бар. Мәдени орталық Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігінің тіркеуінен өтіп, заңды ұйым құқығын иеленген.

Дегенмен, Өзбекстан қазақтарының ұлт ретінде болашақ өсіп-өркендеуінде, Қазақстанмен байланыс жасауында соңғы уақытта біраз өзекті проблемалар бой көтере бастады.

Бұл проблемалардың ең батысы – оқу-білім мәселесі. Кеңес Одағы кезінде Өзбекстандағы қазақ мектептерінде оқыту Қазақстандағы оқу бағдарламасына сәйкес жүргізілетін. Өзбекстандағы қазақ мектептерінде ұстаз-кадрлар, оқу құралдары Қазақстаннан керегінше жіберіліп тұратын. Өзбекстан қазақтарының Қазақстанға келіп білім алуында ешқандай кедергі жоқ еді. Ал қазір осының бәрі үлкен қиындықтарға айналған. Яғни, Өзбекстанда білім берудің өзінше бағдарламасы жасалуда. Латын жазуына да көшу де толық жүзеге асқан. Соған орай, Өзбекстандағы қазақ мектептерінің оқыту бағдарламасы Қазақстандағыдан әлдеқайда алшақтаған.

Сондай-ақ, Өзбекстандағы қазақ мектептерінде ұстаз-кадрлар мен оқулықтардың, көрнекі құралдардың, қазақша көркем әдебиеттердің жеткіліксіз болуы да бұл республикадағы қазақтар үшін күрделі проблемаға айналған.

Сондай-ақ Өзбекстанның орта және жоғары оқу орындарын бітіргендердің құжаттарын нострификациялау қажет деген ереже шықты. Бұл да төтенше қиындық тудырып отыр.

Өзбекстандағы қазақтардың екінші бір проблемасы  ақпарат құралдарына байланысты. Бұрыңғы кезде Қазақстаннан шығатын газет-журналдар Өзбекстанға сан мыңдап тарайтын. Қазіргі кезде бұл пышақ кескендей тыйылған.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы арқыры газет-журналдар, кітаптар таратуды үзбей жүзеге асырып келеді. Кейбір жеке кісілерде Өзбекстанға қазақша басылымдар, кітаптар апаруға әрекеттенуде. Бірақ бұл өте жеткіліксіз.

Бұрын Өзбекстанға Қазақстанның жоғары оқу орындарынан  арнайы комиссия барып, абитуриенттер қабылдайтын еді. Қазір бұл да тоқтады. Міне осындай жағдайлар Өзбекстандағы сан мыңдаған қазақ жастарының Қазақстанға келіп оқуын барынша азайтып отыр. Жасыратыны жоқ, осы қалпымен тұра берсе, Өзбекстандағы қазақтардың уақыт өте аз ана тілін, ұлттық ерекшелігін жоғалтуы әбден мумкін.

Өзбекстан қазақтарын алаңдатып отырған және бір жағдай - көші-қон мәселесі. Кешегі Кеңес Одағы тұсында Өзбекстандағы қазақтар Қазақстанға еркін қоныс аудара беретін. Қазір бұған көптеген кедергілер пайда болған. Өз үйлерін сатқызбайды. Дүние-мүліктерін шекарадан алып өтуге де көп тосқауылдар қойылған.

2.2 Түркіменстандағы қазақтар

Бұрын Түркіменстанда 300 мыңға жуық қандастарымыз болған еді. Олардың басым көпшілігі Қазақстанға қоныс аударған. Соған орай, қазіргі есеп бойынша Түркіменстанда 60 мыңнан астам қазақтар бар. Олардың көпшілігі Қазақстанның Маңғыстау облысымен көршіліс Түркіменбашы (бұрынғы Красноводск) өлкесіне орналасқан. Сонымен бірге, Ташауыз, Мары, Чарджоу  облыстары мен Ашхабад қаласында да біраз қазақтар бар.  Балқан өлкесіндегі қазақтардың жалпы саны 20-25  мыңдай. Түркіменбашы қаласына жақын жердегі «Аққулы маяк» қалашығында 2 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың 90 пайызы қазақтар.

Түркіменстандағы ағайындарымыз Қазақстанның көршілес облыстарына 5 күнге виза алмай-ақ, еркін барып қайта алады. Ал 1 айға кіріп-шығу визасы тегін беріледі. Демек, Түркіменстан қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасауында ешқандай  кедергі жоқ деуге болады. Дегенмен,  Түркіменстан қазақтарының біраз қиыншылықтары бар. Бұл ең алдымен  оқу-білімге байланысты. Түркіменстандағы қазақ мектептері түгелге дерлік жабылған. Ол жаққа қазақша кітап, газет, журналдар бармайды. Қазақша телехабар мүлдем жоқ. Сондай-ақ, Түркіменстаннан келген қазақтардың азаматтық алуы да өте қиын. Жалпы, өзге елдер Түркіменстандағы отандастарын қолдауға айрықша көңіл бөліп отыр. Мысалы, Ресей Түркменстанда тұратын орыстардың, басқа да ұлт өкілдерінің Ресей азаматтығын алуына барынша кең жол ашқан.

Міне, осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан тарапынан Түркіменстандағы қазақтарды қолдауды жан-жақты жүзеге асырған жөн.

2.3 Ресейдегі қазақтар

2010 жылғы санақ бойынша Ресейде 654 мың қазақ тұрады. Олардың ең көбі  Астрахань облысында – 150 мың адам. Орынбор облысында – 120 мың, Омбы облысында - 78 мың, Саратов облысында - 76 мың, Волгоград облысында – 46 мың, Челябі облысында - 35 мың, Түмен облысында - 19 мың, Самара облысында – 16 мың, Қорған облысында - 12 мың, Новосибир облысында – 11 мың, Свердлов  облысында – 4 мың, Ростов облысында - 3 мың, Томскде – 1 мың қазақ бар. Ал Мәскеу қаласы  мен оған қарасты облыста - 13 мың, Алтай өлкесінде – 8 мың, Қалмақ республикасында - 5 мың, Башқұртстанда – 4 мың, Санкт-Петербургте – 3 мың, Краснояр өлкесінде – екі жарым мың, Саха (Якутия) республикасында – бір жарым мың қазақ бар. Қазіргі уақытта Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Ресей Федерациясындағы облыстарда, өлкелерде және автономиялы респуб-ликаларда құрылған жиырмадан астам  қазақ ұлттық мәдени қоғамдарымен мәдени-рухани байланыс жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мұндай Қазақ мәдени орталықтары Ресейдің  Орынбор, Омбы, Астрахань, Мәскеу, Санкт-Петербург, Саратов, Самара, Екатеринбург, Қорған, Түмен, Челябі, Волгоград облыстарында, Алтай республикасында, Татарстан, Башқұртстан, Саха, Қалмақ Республикаларында бар. Олар өзара бірлесіп Ресейдегі Қазақ мәдени орталықтарының федерациясын құрған. Федерация төрағасы – Тоқтарбай Дүсенбаев.

Жыл сайын мүмкіндіктеріне қарай Ресейдегі Қазақ мәдени орталықтары өкілдерінің бас қосуы болып тұрады. Бұл бас қосуларда Ресейде тұратын бір миллионға жуық қандастарымыздың арман-ойлары, ізгі тілектері тұжырымдалып, бүгіні мен болашағы турасындағы күрделі мәселелер ортаға салынады. Сонымен қатар шекаралас Орынбор – Ақтөбе, Саратов – Батыс Қазақстан, Қорған – Солтүстік Қазақстан және басқа да облыстар әкімшіліктері тарапынан жасалған экономикалық, мәдени қарым-қатынас шарттарында Ресейда тұратын қазақтарға мәдени-рухани жәрдем көрсету жоспарланып, бірте-бірте іске аса бастады. Атап айтсақ, жыл сайын «Наурыз» мерекесін Ресей қалаларында бірге өткізіп, Ресейде тұратын қазақ жастары квота бойынша Орал, Ақтөбе қалаларының педагогикалық институттары мен училищелерінде оқып білім алып, қазақша үйреніп елдеріне барып жас жеткіншектерді өз ана тілдерінде оқытуға атсалысып жүр.

Ресейдің қазақтар көп тұратын өңірлерінде қазақ мектебі жоқ. (Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде қазақ мектептері болған). Ресейдегі қазақтар арасында қазақ тілі факультативтік пән ретінде жүргізіледі.

Орынбор облысында тұратын қазақтарды Ақтөбе облысы әкімшілігі өз тарапынан азды-көпті мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізіп әр уақытта қолдау көрсетіп келеді. Осындай істің нәтижесінде «Айқап» атты қазақ тіліндегі газет Орынбор қаласында жарық көрді. Бұл басылым облыста тұратын қазақ жұртының өз әдет-дәстүрін, тарихын, ұмыта бастаған тілін үйренуде біріктіруші, ұйымдастырушы болды. Қазір қаржы тапшылығына байланысты газеттің шығуы сирексіп кетті.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Ресейдегі қазақ мәдени орталықтарына қолдан келгенше қазақтың ұлттық музыка аспаптарын, киімдерін, түрлі әдебиеттерді, қазақтың ән-күйлері жазылған видео, аудио касеталарын жіберіп отырады. Дегенмен, мұндай іс-шаралар, тікелей қаржыға байланысты болғандықтан, олардың сұраныстарын толық өтеу де  мүмкін емес.

Ресейдегі қазақ мәдени-ағарту орталықтарының кейбір басшылары демеуші іздестіріп, оқу орындарын музыкалық аспаптармен, қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету жолдарынқарастыруда. Мұндай жақсы бастаманы Астрахань облысындағы «Жолдастық» мәдени-ағарту орталығынан көруге болады. Осы орталықтың белсенді мүшесі, ғалым Ғалия Оразтаева кезінде  Ресейдегі қазақ балғындарға арнап қазақ тілін оқытатын оқулық шығарған еді. Міне, осындай ұлтжанды ағайындар көбейетін болса, Ресейдегі қазақтардың бүгіні мен болашағы қазіргіден әлдеқайда жақсаратыны анық.

2.4 Моңғолиядағы қазақтар

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында Моңғолияда 150 мыңдай қазақ бар еді. Кейін олардыңбіраз бөлігі   Қазақстанға көшіп келді. Қалғандары, негізінен, Баян-Өлгий аймағында тұрады. Сондай-ақ, Ұланбатыр, Эрденет, Налайх қалаларында, Қобда, Увсы, Хэнтий, Төв, Сэлэнге аймақтарында  да қазақтар баршылық.

Баян-Өлгий аймағы  1940 жылы құрылған. Алғаш аймақ орнағанда халық саны – 33301, отббасы саны – 7063 болған.  1958 жылы Моңғол үкіметі Баян-Өлгийде қазақтың  ұлт аспаптар оркестрін құру туралы қаулы қабылдайды. Осыған орай Баян-Өлгийге Қазақстаннан Құрманғазы атындағы  консерваторияның оқытушысы  Қабидолла Тастанов және танымал хормейстер Зоя Жарасбаева барады. Кейін оларды белгілі музыка мамандары Алдаберген Мырзабеков, Мәлгаждар Әубәкіров алмастырады. Осы кезеңде Баян-Өлгийден Ахметбек Қисықұлы, Мұсайып Құсайынұлы сияқты дарынды жастар Қазақстанға келіп, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Мұның бәрі Моңғолиядағы қазақтардың мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен ықпал жасайды.

Қазіргі кезде қазақтар Моңғолияның басқа өңірлерінде де тұрып жатыр. Мысалы, Ұланбатыр қаласы мен оның төңірегінде 20 мыңдай қазақ бар. Эрденет қаласы мен Налайх, Қобда аймағында да біраз қазақ тұрады. Шетелдегі ұлттық жағдайы ең жақсысы - Моңғолия қазақтары. Олардың басым көпшілігі өз ана тілінде оқиды. Қазақтың ұлттық ерекшелігін, ежелгі салт-дәстүрлерін, ата кәсібін өте жақсы сақтаған.  Баян-Өлгий аймағында ресми іс қағаздары мен кеңсе жұмыстарының көбі қазақ тілінде жүреді. Аймақтың басшыларының бәрі дерлік - қазақтар. Баян-Өлгийде үлкен қазақ театры бар. Міне, осы театрға Қазақстан тарапынан құрал-жабдық, режжиссер және басқа да мамандар жөнінен көмек өте қажет.

Сондай-ақ, мұнда қазақ халқының өткені мен бүгінгі мәдени-рухани байлығын көрсететін үлкен мұражай да бар. Баян-Өлгийде үлкен Ислам орталығы бар.

Моңғолиядағы қазақтарды көп ойландыратын жағдай – Қазақстанмен қарым-қатынас.

Бұрын Алматы мен Баян-Өлгий арасында ұшақ үздіксіз қатынап тұрған. Кейін жекешелендіруге байланысты бұл қатынас нашарлады. Алдығы уақытта Қазақстан үкіметі Баян-Өлгийге ұшақ ұшыру жөнінде шара қолданылуы керек.

Қазақстан мен Баян-Өлгий арасында автомобиль жолын салу жөнінде көптен айтылып келеді. Бұл жолдың алты түрлі жобасы жасалған. Соның екеуі көңілге айрықша қонады. Біріншісі – Қазақстанның Қатон-Қарағай ауданы арқылы Ресейдің Ақалақан-Қалғұты бағытымен Баян-Өлгий аймағына өтеді. Бірінші жоба – төте, бірақ шығынды көп қажет етеді. Екінші жол тікелей емес, теріскейге қарай біраз айналып өтеді. Бұл жол ұзақтау болғанымен тез арада бітетін түрі бар. Ресей бұл жолдың өздеріне қарасты бөлігін жасап қойған. Ендігі мәселе Қазақстанның бөлігіне тіреліп тұр. Егер Қазақстан жолдың осы бөлігін бітірсе, онда Баян-Өлгиймен арадағы қатынас қазіргіден әлдеқайда жеңілдейді.

Қазақстан мен Баян-Өлгийдің байланысында үлкен қиындық тудырып отырған мәселе – екі елдің ортақ шекарасының жоқтығы. Яғни, Моңғолия мен Қазақстанның түйісер тұсына Қытай мен Ресейдің шекарасы жіңішке дәліз жасап кіріп кеткен. Кей тұста оның ені 40-50 шақырымнан аспайды. Бұрын. Яғни Кеңес Одағының кезінде Ресейге  қарасты Ақалақан деген жерде Баян-Өлгийдің малын Қазақстанға айдап өтетін арнайы жол болған. Қазір бұл жол жабылған. Енді осы жолды қайта ашу керек. Ресей, Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері бірлесе отырып қолға алса, бұл мәселені шешу оншалықты қиын емес.

Әрине, байланыс жөнінде әнгіме қозғаған соң мәдени-рухани, оқу-білім мәселесіне айрықша назар аудару керек. Әсіресе, оқу-білім саласының маңызы айрықша. Бұрын Баян-Өлгий қазақтары бұл жөніндегі көмекті Қазақстаннан жеткілікті алып тұрған. Мектептегі оқулықтар түгелге жуық Қазақстаннан келген. Педагог мамандардың көбі Қазақстанда даярланған. Оның үстіне Баян-Өлгий жастары Ресейдің Мәскеуден бастап, небір үлкен қалаларындағы атақты оқу орындарына түсіп, жоғары білім алған. Енді ондай мүмкіндік жоққа тән. Баян-Өлгий жастарының Ұланбатырдағы кейінгі үміті Қазақстанға қарап отыр.

Баян-Өлгийдегі ағайындар осындағы қазақтың дарында балалары Қазақстандағы өнер сияқты сайыстарға шақырылып тұрса, олардың таңдауларынан Алматыдағы өнер мектептеріне оқыту мәселесі шешілсе, деген өтініштерін бізге жазбаша түрде берді.

Баян-Өлгийге қазақша кітаптар мен газет-журналдардың баруы да пышақ кескендей тыйылған. (Бұл ретте, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жіберіп тұратын әртүрлі басылымдар қарлығаштың қанатымен су тасығандай ғана көмек екені даусыз). Соған орай, Қазақстан баспа орындары анда-санда болса да Баян-Өлгийге ат басын бұрып, ең болмаса кітап жәрмеңкелерін өткізсе деген ұсыныс айтылады. Әрине, Қазақстандағы басылымдардың Баян-Өлгийдегі жағдайымен салыстырғанда өте қымбаттығы (бұл Өзбекстанға да қатысты), кітаптар мен газет журналдарды ол жаққа жеткізгенмен, өткізу жөнінде бірақ қиындықтар тудыратыны рас. Дегенмен, тиісті мекемелер келіссе, күш біріктіре білсе, бұл мәселені де, дұрыс шешуге болады. Әйтеуір, қайткен күнде де алыстағы ағайындарды қазақша басылымдардан мүлдем құр қалдырмаудың жолдарын қарастыру керек.

Баян-Өлгийде қазақша «Жаңа өмір», «Шұғылы» сияқты біраз газет-журналдар шығады. Телерадио хабарларын тарату да жақсы жолға қойылған. Алматы теледидарының хабарын мұндағы ағайындар толық көреді. Дегенмен, бұл салада да ойланатын мәселелер бар. Мысалы, қара шаңырақ - Қазақстан анда-санда болса да Моңғолиядағы  қазақ журналистерін шақыртып, кәсіптік бағыт-бағдар беріп тұрса дейді ондағылар. Біздіңше, бұл да -  ескеруге болатын ұсыныс.

Баян-Өлгийдегі ағайындар Қазақстандағы түрлі салтанаттардан ұмыт қалмай, шақыру алып тұрсақ дегенді сыпайылып жеткізеді. Несі бар, алдағы уақытта мұны да ескерген жөн.

Көші-қон жөнінде де біраз әңгіме бар. Жалпы, Баян-Өлгийдегі барлық  қазақ бүгін-ертең Қазақстанға жаппай көшейін деп отырған жоқ. Яғни, олардың басым көпшігі қазіргі мекендерінде де отыра береді. Ал азды-көпті болса да көшетіндерді  ең алдымен жан-жақты дайындап, барлық мәселесін шешіп барып көшіру керек. Ең құрығында азаматтықтан шығу жөніндегі арызын, басқада керекті құжаттарын дайындап алып аттандырған дұрыс.

Моңғолия қазақтарының Ресей елінің шекарасы арқылы Қазақстанға келуі де өте қиын.Ал Моңғолиядан Қытай арқылы келу Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда оңай. (Яғни, моңғолиялықтар Қазақстанға Қытай арқылы ешқандай виза алмастан бірден келе береді.) Қазір Қазақстан мен Ресей Кедендік одаққа бірігіп отыр. Соған орай, Моңғолия қазақтарының Қазақстанға келуін нақты жолдарын қарастыру керек. Сыртқы істер министрлігі арқылы осы мәселе де өз шешімін тапса артық болмас еді. Сондай-ақ, Моңғолияның түкпір-түкпірінде шашырап жүрген қазақтарға  қолдау жасау бірінші кезекте ескерілгені жөн. Өйткені, олар уақыт өте қазақы қалпынан алыстап, ұлттық ерекшелігінен қол үзе бастауы мүмкін. Сондықтан да олар дер кезінде жасалынатын көмек пен қамқорлыққа өте мұқтаж.

2.5 Ирандағы қазақтар

Өткен ғасырдың соңында Иранда отыз мыңнан астам қазақ бар деп есептелінетін. Қазақстанға көшуге байланысты қазір олардың саны әлдеқайда азайды. Бүгінгі таңда Иранда 8 мыңдай қандастарымыз тұрады. Яғни, Бендер – Түрікменде 500 отбасы, Горганда  400 отбасы, Кұмбетте 250 отбасы, Тегеранда 20 отбасы, Аракта 3 отбасы,  Ассалуиде 12 отбасы, Мешхедте 18 отбасы, Шабахарда 4 отбасы бар.

Иран қазақтарымен байланыс Кеңес Одағы тұсында да  біршама жақсы жүрген. Екі ел арасында барыс-келіс болған. Бірнеше жастары Қазақстанға келіп оқыған. Соңғы жылдары Иран қазақтарының біразы Оңтүстік Қазақстан облысына, Маңғыстауға қоныс аударды. Жалпы, Иран қазақтарымен байланысқа кедергі жасайтындай үлкен қиындықтар жоқ. Дегенмен, ол жақтағы қазақ жастарын Қазақстанға алдырып оқытуға айрықша көңіл бөлген жөн.

2.6 Ауғанстандағы қазақтар

Осыдан ширек ғасырдай бұрын алыс шетелдердегі қазақтар ең көп, тығыз орналасқан елдің бірі – Ауғанстан еді. Мұндағы қазақтар негізінен Мазари-Шариф төңірегінде тұратын. Кабул қаласында және басқа жерлерде біраз қазақтар бар еді. (Жалпы ол кезде ресми статистикалық есептерде Ауғаныстанда 30 мың қазақ бар деп көрсетілген). Міне, осы қазақтардың басым көпшілігі Ауғанстандағы соғыс кезінде шетелдерге (Иран, Түркия, Сауд Арабиясы, Пакистан) өтіп кетті. Кейін олардың бәрі дерлік Көші-қон квотасы арқылы Қазақстанға жетті. Бұларды атамекенге алдыруға Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да өз үлесін қосты. Мысалы Түркия, Сауд-Арабиясы, Пакистандағы қазақтардың тізімін жасап Қазақстанның тиісті орындарына тапсыру, шақырту жібері мәселесін Қауымдастық жүзеге асырды.

Қазір Ауғанстанда қазақтардан 300-дей отбасы қалды деп есептелінеді. Олармен байланыс өте қиын. Барыс-келіс мүлдем жоқ деуге болады. Мысалы, Өзбекстан мен Түркіменстан арқылы барудың, олардың көшіп келуінің өзі қиямет-қайым. Сондай-ақ Ауғанстанда қазақ жерінен осыдан 150-200 жыл бұрын кеткен қазақтар бар. Олар өз шежіресін, ата-бабасын жақсы біледі. Бірақ қазақ тілін білмейді.

Міне, осыған орай Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, басқа да тиісті мекемелер Ауғанстанда қалған қазақтармен байланыс жасап, оларды ата-жұртқа алдыру мәселесіне айрықша назар аудару керек.

2.7 Қытайдағы қазақтар

Бүгінгі таңда Қытайда бір жарым  миллионнан астам қазақ бар деп есептелінеді. Олар негізінен, Қазақстанмен шекаралас жатқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесінің Қазақстанмен шекаралас Іле Қазақ автономиялы облысында, сондай-ақ, Тарбағатай, Алтай, Еренқабырға, Құмыл аймақтарында, Боратала Моңғол автономиялық облысында орналасқан Сондай-ақ, Ішкі Қытайға қарайтын Ганьсу өлкесінде де қазақтар бар. Қытайдағы қазақтар бұл елде  жасайтын 57 ұлттың арасында 17-ші, ал мәдени ықпалдастық деңгейі бойынша 5-ші орынды иеленеді. Қытай қазақтарына арналған 6 мемлекттік баспа, 2 арнайы телеарна, радио, ондаған газет-журнал бар. Бұған қоса Шыңжаңдағы  кино саласының, Ұлттық істер, Тіл және жазу, Аударма комитеттерінде қазақ бөлімдері жұмыс істейді.

Қытайдағы қазақтардың ұлттық-мәдени жағдайы бір жүйеге түскен. Мұнда қазақ мектептері баршылық. Кадр мәселесінде қазақтардың үлес-салмағы есепке алынып отырады.

Қазақтың әдеби-мәдени саладағы танымал қайраткерлері де жеткілікті. Жалпы, Қытайдағы қазақтардың ғылым-білім саласындағы деңгейі жоғары. Әсересе, қалалық жерде тұратын қазақтар оқуға, жоғары білім алуға айрықша мән береді. Қазақ, қытай тілдерінен басқа ағылшын, жапон сияқты шет тілдерді меңгерген қазақ жастары аз емес.

Дегенмен, Қытай қазақтарының ұлт ретіндегі ертеңгі болашағында айтарлықтай қауіп бар екенін де айта кетуге тиіспіз. Қазіргі кезде қазақтар өз жерінде пайыздық есеппен қарағанда мүлдем азайып барады. Ішкі Қытайдан келушілердің барынша көбеюі күн өткен сайын қазақтардың оларға сіңіп кету қатерін ұлғайтады. Қытайдағы бала тууды шектеу саясаты да қазақтардың азаюына әсерін тигізіп отыр.

Қытайдағы қазақтар төте (араб) жазуын пайдаланады. (1965 жылдардан бастап 15 жылдай латын жазуын пайдаланған).  Мұның өзі олардың Қазақстанға келіп білім алуында біраз қиындықтар тудырып отыр. Оның үстінде қазір Қытайдың қазақтар тұратын ШҰАР өңірінде екі тілде оқыту мәселесі кеңінен жүгізілуде. Соған орай қазақша білім алудың аясы тарылып, қазақша мектептер азайып барады.

Міне, осындай жағдайға алаңдаған Қытай қазақтарының арасында атамекен Қазақстанға қайтсақ дейтін көңіл-күй кеңінен тараған. Оның үстіне Қазақстанда ағайын-туыстары бар кісілер де аз емес. Солар ағайынға қайта қосылсақ дейді. Бірақ бүгінгі таңда Қытайдағы ағайындардың Қазақстанға келуінде біраз қиындықтар бар. Яғни, олардың  сыртқа шығатын паспорт алуы оңай емес. Бүгінгі таңда Қазақстан жағы Қытайдағы қазақтардың атажұртқа келуіне біраз жеңілдектер берген. Мысалы қазақтар Қазақстанға келем десе, алдын ала шақырту күтпей-ақ бірден консулдыққа барып виза алуға құқылы. Соған орай Қытайдан Қазақстанға келем деуші қазақтар едәуір көбейген. Алайда Үрімжідегі құзыры төмен, штаты аз консулдықтың олардың бәріне виза беруге шамасы жететін емес.

Сондай-ақ, Қытайдан келген ағайындардың визасын созу, тұрақты тіркелу, азаматтық немес Ықтияр хат (Вид на жительство) алу  жөнінен де Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы тарапынан да нақты қамқорлық қажет.

 2.8 Еуропа қазақтары

 

Германия. Бұл елде жалпы саны – 300-дей отбасы тұрады. Оңың ішінде Кельнде – 200 үй, Мюнхенде – 60 үй, Берлинде – 10 үй, қалғандары Гамбургте және басқа қалаларда бір-екі үйден бірнеше қалаға орналасқан.

Бұдан бес жыл бұрынғыға қарағанда отбасы саны – қырық шақты үйге көбейген. Бұл – ер жеткендердің отау болып шығуының арқасында.

Мұндағы отандастарымыздың көпшілігі – жұмысшылыр. Сауда ісімен айналысып жүргендер де баршылық. Зейнеткерлер де жеткілікті. Бірлі-жарым оқыған азаматтар да бар.

Мұндағылардың тұрмыстық жағдайы жаман емес. Әлеуметтік жағынан да жақсы қамтылған.  Олар ұлттық дәстүрді сақтауға тырысады. Бірақ, жастар ана тіліне шорқақ. Тегінде бүйтіп кете берсе, олардың ұлттық белгілерді жоғалтып алуы кәдік.

Франция. Бұл елде 200-ден астам отбасы бар. Олардың осы елдегі Қазақстан елшілігімен қарым-қатынастары жақсы. Түгелге жуығы кезінде Түркиядан барғандар. Басым көпшілігі жұмысшы, бірлі-жарым саудамен айналысатындары да бар. Франциядағы Қазақ мәдени қоғамы осы елде  тұратын қазақтардың тізімін жасап, жарыққа шығарған. Балаларға арналған ертегілерді латын әрпіне көшіріп балдырғандарға тартқан. Футбол командасын құрған. Жарыс өткізіп тұрады.

Австрия. Мұнда 20 отбасы тұрады.Көбісі жастар. 60-қа келгендер бірлі-жарым ғана, әртүрлі жұмыстар атқарады. Байланыс бөлімінде, такси паркінде, дүкендерде жұмыс істейді. Жағдайларына қарай Вена қаласының әр жерінде тұрады. Мүмкіндігінше Қазақстанмен қарым-қатынас жасағысы келеді. Орта мектепті, арнаулы мектептерді бітірген жастардың үлкен университеттерде білімін жалғастыруға мүмкіндіктері бола бермейді. Аз болған соң ба мұндағы бауырларымыздың ұйымшылдығы жақсы.

Швеция. Кейінгі кезде қандастарымыздың саны тез өскен елдің бірі – осы Швеция. Мұнда да Германия, Австрия, Франциядағы сияқты бауырларымыз түрлі жұмыстарда. Зейнетке шыққан қарттар да баршылық. Тұрмыстары жақсы. Білетіндердің айтуына қарағанда, Швецияға Түркиядан алғаш қоныс аударған қазақтар 8 отбасы болған екен.  Содан бері Скандинавияға бет алған көш жыл сайын аздап болса да жалғасып, қазір Швециядағы қазақ отбасыларының саны  100-ден  асып кеткен. Олардың  55 отбасы  Вестеросқа орналасқан. Алыста жүрген ағайындар үшін 55 отбасы кәдімгідей  үлкен қауым. Және олардың бір-бірімен байланысы да жақсы, негізінен бір көшенің бойында тұрады десе де болады. Енді жақында олардың қатарына Түркиядан жаңадан көшіп келген қазақ 15  отбасы қосылған. Мұның үстіне соңғы кезде Швецияға әртүрлі жағдаймен  Қазақстаннан да, басқа елдерден де қоныс аударған қазақтар  көбейе бастаған. Солардың бірі Кәбира  деген қазақ әйелі Қырғызстанда туып өскен; біраз жыл сол жақтағы опозицияның қатарында болып, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Кейін Швецияға келіп, саяси баспана алып, содан кейін қызы мен күйеубаласын шақыртып, Скандинавия жеріне біржолата қоныстанған. Қазір осындағы «Жасылдар партиясында» қызмет етеді.

Қазір Еуропа елдеріндегі қазақтардың оннан астам мәдени қоғамдары бар. Олар өзара бірлесіп Еуропа қазақ қоғамдарының федерациясын құрған. Федерация төрағасы – белгілі ғалым Абдулқайым Кесіжі.

Қазір Болгария, Чехия, Польша сияқты елдерде де қазақ диаспорасы қалыптасып  келеді. Венгрияда да өзін қазаққа жақынбыз деп есептейтін ағайындар бар. Олар өздерін Қазақ жерінен ертеде кеткен қыпшақтармыз дейді. Сөздерінде біраз қазақша атаулар кездеседі. Олар  Қазақстанға, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына бірнеше рет келіп кетті.

Бұдан басқа Норвегияда мен Данияда біраз  отбасы бар.

2. 9 АҚШ-та тұратын қазақтар

Америка Құрама Штаттарындағы қазақтар, негізінен, Нью-Йоркте тұрады. Олар - оншақты үй. Соңғы кезде олардың қатарына  Түркиядан барған бес-алты үй ағайын қосылды.

АҚШ-тағы ағайындардың тіршілігі – Еуропа елдеріндегі қазақтармен ұқсас. Жұмысшылар, бизнесмендер, зейнеткердлер. Жер шалғай болғандықтан олармен қарым-қатынас да қиын. Дегенмен, олардың Қазақстанның күнделікті өмірінен толық толық хабары бар.

2. 10 Түркиядағы қазақтар

Алыс шетелдегі бауырларымыздың ішінде Қазақстанмен қатынасы ерекше  жақсы - Түркиядағы қазақтар. Олардың атажұртпен аралас-құралас болғандарына  жиырма жылдан асты. Бұл әрине, аз уақыт емес.   Түркиядағы қазақтардың саны –15 мыңдай. Олар, негізінен, Стамбул, Салихлы, Анкара, Измир қалаларын мекендейді. Кәсібі – тері өндірісі, каучук бұйымдарын шығару, саудамен айналысу.

Бұл елде қазақтардың бірнеше ұйымы бар: олар – «Түркиядағы қазақтар мәдени қоры», «Яссауи атындағы діни орталық», «Қазақ жастарыныңң мәдени-білім орталығы», «Ауғанстаннан көшіп келген ағайындардың қоғамы».     Түркиядағы бауырларымыздың біздің елшілікпен қарым-қатынастары жақсы. Түркиядағы қазақтардың ішінде жоғары оқу орындарында дәріс оқытып жүрген доцент, профессорлар да, дәрігер, адвокаттар да бар.

    2.11 Қырғызстандағы қазақтар

2009 жылғы есеп бойынша Қырғызстанда 33 мыңдай қазақ бар. Олардың басым көпшілігі (21 мың адам) Шу аймағы мен Бішкек қаласында тұрады. Ыстықкөл облысында - 10 мың, Талас облысында  - 8 мың қазақ бар. Баткен, Ош, Жалал-Абад аймағындағы қазақтар 4 мыңға жуықтайды. Бұрын қазақтардың «Отан» және «Алаш» атты екі мәдени орталығы жұмыс істеген еді. 2010 жылы бұл екі орталық қосылып, Қырғызстан қазақтарының қауымдастығы деген атпен қайта құрылып, Қырғызстан халықтары Ассамблеясының құрамында тұрақты жұмыс істеп келеді. Қырғызстан қазақтарының арасында ғалымдар, жоғары білімді мамандар өте көп.

   2.12 Тәжікстандағы қазақтар

1989 жылғы санақ бойынша Тәжікстанда 12 мыңнан астам қазақ болған еді. Тәжікстандағы соғыс кезінде олардың басым көпшілігі Қазақстанға  қоныс аударған.  Соған орай, бүгінгі таңда Тәжікстанда 2 мыңдай ғана қазақ қалған. Бүлар, негізінен өткен ғасырдың 20-30 жылдары әртүрлі қуғын-сүргін салдарынан Қазақстаннаннан бас сауғалып барған қазақтардың ұрпақтары. Қазір олар Душанбе қаласы мен Гиссар, Рудаки, Вахдат аудандарында, Қорғантөбе, Нүрек, Регар, Ходжент, Шахритус, Жылыкөл, Колхозабад қалаларында, Таулы-Бадахшан автономиялы облысында тұрады. Бұл елде Зәуре Сәменованың жетекшілігімен «Байтерек» Қазақ мәдени орталығы құрылған. Бұл орталық Тәжікстандағы Қазақстанмен бірлесіп айтарлықтай жақсы жұмыс істеп келеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Нұрлы көш» бағдарламасымен  тәжікстандық 8 қазақ отбасы  Ақмола облысына келіп орналасты. Болашақта да келуге ынталы ағайындар баршылық.           Бүгінгі таңда ТМД-ның жоғарыда айтылған елдерінен басқа да біраз мемлекеттерінде қазақ диаспорасы бар. Олардың көбі - кешегі Кеңес Одағы кезінде оқу іздеп, немесе әртүрлі жұмыс бабымен барғандар. Мысалы Эстонияда, Украина мен оның Қырым өңірінде және басқа елдерде аз қазақтар бастарын құрап, қазақ мәдени орталықтарын ұйымдастырған.

 

Соңғы кезде шетелдегі қазақ диаспорасының ұлттық-рухани, мәдени жағдайына байланысты көптеген күрделі мәселелер шыға бастады. Мұның ең батысы – шетелдегі қазақтардың болашақта өздері тұратын елдердің этникалық ортасына сіңіп, өз ана тілінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен, менталитетінен айырылып ассимилицияға ұшырап кетуі қауіпті. Бұл қауіп, әсіресе, Кеңес Одағы тарағаннан кейін айрықша белең ала бастады. 90-жылдардың басына дейін ТМД елдерінде тұратын қазақтардың мектептерінде білім беру тұтас бір бағдарламамен жүрді. Қазір бұл жөнінен әр ел өзінше бағыт ұстануда. Бүгінде қазақтар үш түрлі – кириллица, латын, араб, әліпбиін пайдалануда. Аты қазақ мектебі болғанымен әр елдегі оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан  бір елдегі қазақ екінші елдегі қазақтардың ауызша айтқан сөзін ұққанмен жазған жазуын түсінбейтін жағдай қалыптасыпты. Тіпті, қазақ тілінің грамматикасы да, қазақ әдебиетінің тарихи да түрлі-түрлі оқытылуда. Соған орай, бүгінгі таңда шетелдегі қазақ мектептерін бітіріп келген жастар Қазақстанның оқу орындарына түсе алмайтын болып отыр. Тіпті, олардың өздері тұратын елдегі оқу орындарына түсу де қиын. Соған байланысты кейінгі кезде шетелдегі қазақ жастарының қазақша мектептерге баруға деген ынта-ықыласы күрт төмендеуде, қазақ мектептері де жыл сайын азаюда. Бұрын Қазақстаннан шыққан қазақша оқулық, көркем әдебиет, газет-журналдар шетелдегі қазақтарға, әсіресе, ТМД елдеріне кедергісіз барып тұратын. Соңғы уақытта мұның бәрі дерлік тоқтады. Сырт жерлердегі қазақтар Қазақстанның радио-теледидар хабарын көруге де өте мұқтаж. Қазақстанның концерттік топтарының шетелдегі қазақтарға баруы да азайды.

Шетелдегі қазақтардың Қазақстанмен барыс-келісінде, шекарадан өтуінде де қиыншылықтар аз емес. Осыған орай, Қазақстан Республикасының шетелде тұратын отандастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатының Тұжырымдамасы айқындалып, нақты жасалуы тиіс. Яғни, шетелдегі қандастарымызбен байланысты бір жүйеге түсіріп, реттеп отыратын заңды құжат өте қажет. Өркениетті елдердің көпшілігінде мұндай құжаттар әлдеқашан дүниеге келген. Мысалы, Ресейде 1999 жылы «Ресей Федерациясының шетелдегі отандастарға байланысты мемлекеттік саясаты туралы» заң қабылданды. Бұл заңда – отандастарға жасалуға тиіс қамқорлық заңдық негізде бір жүйеге түскен. Бұл жөніндегі міндеттерді қолға алып, жүзеге асыру ел Президентінің, мемлекеттік басқару органдарының құзырында екендігі және ол құқықтық, дипломатиялық, әлеуметтік, экономикалық, ақпараттық, білім беру, ұйымдастыру шараларын қамтитыны атап көрсетілген.

Қазақстан үшін де шетелдік отандастарға арналған осындай құжаттың қажет екендігі даусыз. Біздің ойымызша осы жетіспеушіліктің орнын толтыру керек. Мұндай құжат шетелдегі қазақтарға қолдау көрсету жұмыстарын қандай бағыттарда жүргізген жөн, бұл саладағы іс-шаралар қайткенде нәтижелі болады деген нақты сұрақтарға жауап беруге тиіс. Өйткені, шетелдегі қазақтар атажұртқа аз уақытта жаппай қоныс аудара алмайды.  Яғни, шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі үстіміздегі XXI ғасырда да өздерінің қазіргі мекенінде тұра береді. Міне, осы сан миллион халықтың XXI ғасырда өзінің ұлттық ерекшелігін сақтап қалуы Қазақстан Республикасының шетелдегі отандастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатына, қолға алатын іс-шараларына тікелей байланысты. Соған орай, шетелдегі қазақтардың ұлттық жағдайын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, ана тілінде оқып білім алуын сол өздері тұратын этникалық ортада дамытып, өркендеуге қолдау көрсету жөнінде төмендегідей іс-шаралар нақты қолға алынуға тиіс деп есептейміз.

 

     4.1 Оқу-білім саласындаға іс-шаралар

Шетелдегі қазақ диаспорасы бірінші кезекте  оқу-білім жөнінен  ерекше қолдау мен  көмекке зәру. Кезінде бұл жұмыс біраз алға басқан еді. Мысалы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тікелей қолға алуымен дайындық бөліміне қабылданатын шетелдік қазақ жастарының саны 40 адамнан басталып 1500-ге дейін жетті. Шетелдегі қазақ жастарына білім грантынан арнайы квота бөлу, шетелдегі қазақ мектептеріне оқулықтар жіберу сияқты  іс-шаралар да  қолға алынған еді. Бірақ қазір олардың біразы саябырсыған. Керісінше, қазір бұл салада көптеген күрделі мәселелер қалыптасып отыр. Осыған орай болашақта оқу-білім саласында төмендегідей нақты мәселелер қолға алынуы қажет:

- Шетелдердегі қазақ диаспорасына оқу-білім жөнінен қолдау көрсетуді ұйымдастыру жұмыстарына ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жыл сайын  арнайы қаржы бөліп отыру;

-  Шетелдегі қазақ мектептерінің мұқтаж мәселелерін зерттеу, оларды ұстаз кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды қолға алу. Бұл шараға ең алдымен қазақ диаспорасы бар елдермен шекаралас орналасқан облыстардағы педагогикалық оқу орындарын тарту мүмкіндіктерін ескеру;

- Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі

және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп шетелдегі қазақтарға түрлі оқулықтар, көрнекті құралдар, газет-журналдар мен басқа да басылымдарды жеткізіп берудің мүмкіндіктерін қарастыру. Шекараға жақын қалаларда шетелдегі қазақтарға кітап, газет-журнал жеткізіп беріп отыратын орталықтар ашуды қолға алу;

- Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына қажетті мамандар даярлап

беру жөнінде нақты іс-шаралар жүргізу;

- Шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарына

қабылдаудың жолдары мен ережелерін бір жүйеге түсіру;

- Шетелдегі қазақ жастарын орта кәсіптік оқу орындарына

қабылдауды қолға алу;

- Шетелдегі қазақтардың дарынды балаларын Қазақстандағы арнаулы

мектептер мен мектеп-интернаттарға оқытуды жүзеге асыру;

–   Шетелдегі қазақ жастарын магистратура мен аспирантураға арнайы бөлінген квота бойынша қабылдауды қолға алу. Және қабылданатындарды іріктеудегі талап пен жауапкершілікті барынша күшейту.

 

   4.2 Мәдениет және ақпарат саласындағы іс-шаралар

Шетел қазақтарының болашақ жағдайы сол елдердегі Қазақ мәдени орталықтарының жұмысына да  тікелей байланысты. Егер  Мәдени орталықтар неғұрлым жақсы жұмыс істесе, ағайындардың ұлттық-рухани мәселелері де солғұрлым  нәтижелі шешілер еді. Әрине, бұл үшін оларға  Қазақстан тарапынан нақты көмек пен қолдау қажет. Жоғарыда атап айтқанымыздай, өркениетті елдердің көбі шетелдегі ұлтттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасайды.  Міне, осыған байланысты Қазақстан Республикасы да алдағы уақытта шетелдегі Қазақ мәдени орталықтарына осындай қамқорлық жасауды жүйелі түрде қолға алуы керек. Шетелдегі қазақ мәдени орталықтары жетекшілерінің Қазақстан үкіметімен,Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстанның сол елдегі елшіліктерімен байланысы да үздіксіз жүруі тиіс. Екі ел арасындағы түрлі мәдени шаралар қолға алынғанда ондағы қазақ мәдени орталықтарын бұл іске міндетті түрде тарту қажет. Қазақстандағы үлкен мәдени шаралар, той-мерекелерге шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін, қазақ мәдени орталықтарының жетекшілерін шақырту да ұмыт қалмаса дейміз.

Сондай-ақ шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына мүмкін болғанша материалдық жағынан көмектесу де жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте олардың қазақша компьютер, қазақша кітаптарға өте мұқтаж екенін айта кеткеніміз жөн.

Мұндай қолдау музыкалық аспаптар, қазақша бағдарламасы бар компьютерлер, шетелдегі қазақ диаспорасына арналған кітаптар мен журналдар, тіл үйрететін сөздіктер, қазақша фильмдер мен музыкалық бейне және дыбыс таспалары, сияқты аса қажетті заттарды дайындап шығаруға және жеткізіп беруге арналуы керек. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға мемлекеттік бюджеттен белгілі бір мөлшерде қаржы бөлу мәселесі де  шешілуі өте қажет. Сондай-ақ қазақтар қалың орналасқан шекаралас аймақтарға радио және телехабарлар тарату мәселесі де ескерілуге тиіс.

 

    4.3 Көші-қон саласындағы іс-шаралар

Шетелдегі қазақ диаспорасы  үшін бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе -  көші-қон. Қазір шетелдегі ағайындардың Қазақстанға келуі барынша азайған. Мұның себебі алуан түрлі, оның бәрін бұл әңгімемізде толық айтып шығу мүмкін емес. Соған орай оралмандар көшін көбейтудің жаңа әрі нақты жолдарын қарастыруымыз керек. Қазіргі кезде шетел қазақтарының Қазақстанға виза алып келуі барынша қиындаған. Келгендерінің тұрақты тіркелуі, азаматтық алуы, жұмысқа орналасуы да қиын. Қазақстанға қалай, қайтіп көшуге болады, қандай облыстарға орналасқан тиімді деген сияқты мәселелерді алдын ала түсіндіру жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Осының салдарынан шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі атажұртқа жете алмай, қалай келерін білмей тұйыққа тірелуде. Сөйтіп Қазақстанға келетін көш  барынша азайды. Ал көшті алдын ала ұйымдастыру мемлекеттік көші-қон мекемелерінің қолынан келетін емес. Оның есесіне, шетел қазақтарын Қазақстанға көшіреміз дейтін неше түрлі делдалдар көбейіп,  оның аяғы әрқилы ыңғайсыз жағдайларға ұрындыруда. Осыған орай болашақта көші-қон саласында төмендегідей мәселелер қолға алынуға тиіс:

- Бүгінгі таңда көші-қон мәселесімен  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ҚР Ішкі істер, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері айналысады.  Бұл ҚР Президентінің 2013 жылғы 16 қаңтардағы №466 қаулысында атап көрсетілген. Сондай-ақ, көші-қон  және оралмандар мәселесіне Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктерінің  де, жергілікті әкімшіліктердің де тікелей қатысы бар.  Міне, осы министрліктер мен әкімшіліктердің  көші-қон жөніндегі жұмыстарын бір орталықтан кім үйлестіріп отыратыны  әлі күнге белгісіз. Оралмандарға қатысты қиындықтардың басым көпшілігі осындай үйлестіруші орынның болмауынан туындап отыр. Соған орай болашақта осы мәселе нақты қолға алынуға тиіс. Бұл ретте, жоғарыда аталған министрліктер бірлесе отырып этникалық көші-қон жөніндегі міндеттерді анықтап, нақты жоспар-бағдарлама жасауға тиіс.

Сондай-ақ,  Премьер-министрдің бір орынбасары көші-қон жұмыстарын үйлестірумен нақты айналысса өте дұрыс болар еді.

Өркениетті мемлекеттердің бәрі репатрианттардың, біздіңше айтқанда, оралмандар көшін ең алдымен шетелдерде ұйымдастырады. Яғни, атажұртқа қоныс аударғысы келетіндерден алдын ала мәлімет жинап, құжаттарын дайындайды, азаматық алу мәселесін шешіп, орналасатын жерін, тұратын баспанасын анықтайды. Репатриантарды осы мәселелердің бәрі шешілген соң көшіріп әкеледі. Бізде бұл мәселелердің бірде бірі алдын ала шешілмейді. Көші-қон мекемелері оралмандар өз күштерімен шекарадан өтіп,  Қазақстанның бір өңіріне тұрақты тіркелгннен кейін ғана олармен жұмыс істеуді бастайды. Оралмандар көшіне байланысты дау-дамайлардың көбі осындай жағдайдан туындайды. Осыған орай, оралмандар көшін қазақтар тұратын шетелдердің өзінде ұйымдастыру қолға алынуға тиіс. Бұған заңдық-құқықтық жөнінен толық мүмкіндік бар. Яғни, «Халықтың көші-қоны туралы» заңда оралмандар көшін шетелдерде ұйымдастыру Қазақстанның шетелдердегі елшіліктерінің міндеті екендігі атап көрсетілген. Бірақ бұл жұмысты жүзеге асыру үшін шетелдегі елшіліктерімізге  әлі күнге арнайы штат та, қажетті қаржы да бөлінген емес. Болашақта бұл мәселе бірінші кезекте нақты шешімін табуға тиіс.

Шетел қазақтары Қазақстанға келгенде дайын үй жоқ болғандықтан тұрақты тіркеле алмайды. Тұрақты тіркеу болмағаннан кейін оларды жұмысқа қабылдамайды. Соған байланыста шетелден қазақтарға тұрақты тіркеуге тіркелу жөнінен жеңілдіктер жасау;

Сондай-ақ, шетелден келген қазақтардың азаматтық алуы мен виза жөніндегі мәселелерін жеңілдетудің де нақты мүмкіндіктері қарсчтырылуы тиіс.

      4.4 Кәсіпкерлік және бизнес саласындағы іс-шаралар

Шетелдердегі қазақтардың басым көпшілігі кәсіпкерлік пен шағын бизнесті жақсы меңгерген. Соған орай олардың осы ерекшіліктерін Қазақстанға келгенде   тиімді пайдалану қажет. Бұл үшін төмендегі мәселелер қолға алынуға тиіс:

Шетелден келген қазақ диаспорасының өкілдеріне Қазақстанда

шағын кәсіпкерлік және бизнес саласында жұмыс істеуге жеңілдіктер беруді нақты Заңмен немесе Ережемен реттеу;

Шетел қазақтарының Қазақстанға келіп түрлі салада жұмыс істеуі

үшін рұқсат (лицензия) алуын жеңілдету;

Шетел Қазақтарының Қазақстанда өз аттарына жылжымайтын

мүлік, тұрғын үй және жер алуына рұқсат беру;

Шетелдік қазақ диаспорасының өкілдері Қазақстанға келіп шағын

кәсіпкерлік және бизнеспен айналысқан жағдайда оларға Кеден және Салық мәселелері жөнінен жеңілдік жасауды шешу.

 

Бүгінгі таңда Қазақстаннан  сырт жерлерде  5 миллионнан астам қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Бұл - шағын  мемлекет болатындай өте көп халық. Біз осы көп халықты Қазақстанның  өсіп-өркендеуіне тиімді пайдалануымыз керек. Бұған өркениетті елдердің бәрі де айрықша көңіл бөледі. Мысалы, Израильдың қазіргідей биік деңгейге көтерілуі  –  шетелдердегі өз диаспора-сын жан-жақты тиімді  пайдалануының нәтижесі. Біз де шетелдегі қазақ диаспорасының жасампаздық әлеуетін дұрыс пайдалануымыз  керек. Шетелдердегі ағайындардың бұл жөніндегі мүмкіндіктері өте мол  және олар мұны іс жүзінде нақты дәлелдеп те келеді. Мысалы, тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңде Қазақстаннан сырт жерлерге бірнеше миллион халық көшіп кетті. Сөйтіп, көптеген елді мекендердің тұрғындары азайып, жұмыс қолы кеміп, экономикамыз құлдырады. Осындай  жағдайда сырт жерлерден этникалық қазақтардың көптеп  келуі Қазақстанға үлкен демеу болды.

Ана тіліміздің,  ұлттық болмысыздың қайта жаңғыруына да оралмандардың қосқан үлесі өте  мол.

Демографиялық жағдайымыздың жақсарып, халқымыздың санының өсуіне де оралман ағайындар ерекше ықпал етті. Осыған орай, алдағы уақытта шетел қазақтарының Қазақстанның өсіп өркендеуіне үлес қосуын бұдан да жақсартып, жаңа деңгейге көтеру керек. Бұған қазір  үлкен мүмкіндік туып отыр. Бұл мүмкіндік Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайды. Стратегияны жүзеге асыруға шетелдік қазақтарды да кеңінен қатыстыру нақты қолға алынуы қажет.

Шетел қазақтары Стратегияны жүзеге асыруға төмендегідей төрт жолмен қатыса алады:

Бірінші - Қазақстанға біржолата қоныс аударып, оралман ретінде

Қазақстан азаматтығын алып, атамекенде біржолата тұрақтап қалу.

Екінші - Қазақстанға уақытша келіп, тұрақты тіркеліп, не Ықтияр хат (Вид на жительство) алып, түрлі салада жұмыс істеу.

Үшінші - шетелдерде тұрып, Қазақстанмен мәдени-рухани, оқу-білім саласында байланыс жасап, жер бетіндегі бүкіл қазақ халқының бір тұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне үлес қосу.

Төртінші - Қазақстанға келіп оқып, білім алу.

Енді осы мәселелер жөнінде нақты сөз қозғайық.

Елбасы «Қазақстан- 2050» стратегиясында демографиялық мәселеге айрықша көңіл аударған.  Осыған орай, алдағы уақытта Қазақстан үкіметі облыстық әкімшіліктермен бірлесе отырып, демографиялық өсімі төмен, бірақ ауылшарушылығы және  басқа да түрлі кәсіпкерлікпен айналысуға  ыңғайлы елді мекендерді анықтап, оралмандарды сол жерлерге орналастыру жөнінде арнайы бағдарлама жасап, жүзеге асыруы тиіс.

Елбасының стратегиясында ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікті қолдауға айрықша көңіл бөлінген. көрсету. Осы тұрғыдан келгенде шетелдік қазақтар кәсіпкерлікке ерекше бейім. Осыған байланысты, «Қазақстан – 2050» стратегиясының экономика саласындағы міндеттерін жүзеге асыруда шетел қазақтарының бұл саладағы мүмкіндіктерін жан-жақты пайдалану  ескерілуге тиіс.

Қазақстанның  жері ұшан-теңіз кең – ауылшаруашылығынан мол өнім алып, әлемнің алдыңғы қатарына шығуына толық мүмкіндігі бар. «Қазақстан - 2050» стратегиясында бұл мәселеге де нақты көңіл бөлінген.

Міне, осы міндеттерді жүзеге асыруға  шетел қазақтары да үлкен үлес қоса алады. Мысалы, Қытай мен Өзбекстанда жер өңдеу мәдениеті барынша дамыған.  Мұны сол елде тұратын қазақтар да жақсы  игерген. Қытайда жер өңдеуге қажетті шағын техникалар жасау да барынша дамыған. Енді сол қазақтар осы диханшылық тәжірибесі мен қолда бар техникасын Қазақстанға әкелсе көп іс тындырар еді.

Елбасының Стратегиядағы   «мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту керек» деген тапсырмасы да шетелдегі ағайындар үшін айрықша  маңызды. Өйткені, Қытай мен Моңғолияда қазақтың ежелгі төрт түлік малы  жақсы сақталған. Осыларды Қазақстанға әкелсек, еліміздің бос жатқан ұлан-байтақ жері малға толар еді. Оралман ағайындар да  малды әкелсек деп армандайды. Соған орай, Қазақстан үкіметі Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында көрсетілген тапсырмаларды орындауға кіріскенде Моңғолия мен Қытайдағы  қазақтарды өздерінің ежелгі төрт түлігімен әкелу мәселесін де ойластырса деген тілегіміз бар.

«Қазақстан – 2050» стратегиясында мемлекеттік тіл мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Бұл ретте, шетелдерде, әсіресе, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай қазақтарында қазақтың бай да құнарлы тілі жақсы сақталғанын айта кеткеніміз жөн. Міне осы елдердегі    ағайындардың Қазақстанға көптеп келуі мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне айтарлықтай  ықпал еткені және болашақта ықпал ете берері даусыз.

Стратегияда ұлттық мәдениетімізді дамыту, ұлттық интеллигенцияның рөлін нығайта беру мәселесі де көтерілген. Бұл да шетел қазақтарына тікелей қатысты. Өйткені,  қазақ халқының ұлттық мәдениетін қазақстандық немесе шетелдік деп бөлуге болмайтыны айтпаса да түсінікті. Осыған орай, шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарына тұрақты түрде қамқорлық жасау керек.

Сондай-ақ, сырт жерлердегі қазақтан шыққан өнер шеберлерін Қазақстанға шақырып, атажұртқа таныстырып отыру да әрқашан есте болғаны абзал.

«Қазақстан – 2050» стратегиясында оқу-білім мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Стратегияның оқу-білім жөніндегі  бұл міндеттері  де шетелдік қандастарымыз үшін  өте маңызды. Өйткені,  қазіргі кезде шетелдегі ағайындардың жас ұрпағы атамекенге келіп, білім алуға өте ынталы. Бұл ретте,  тоқсаныншы жылдардың ортасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  қолға алуымен Жамбыл облысының Қаратау қаласынан 40 балаға арналған тұңғыш  дайындық бөлімінің ашылуы айрықша маңызды болды. Бұл бөлімдерге түсушілердің саны қазір 1400 балаға жетті.             Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттардың 2 пайызы шетелдік қазақ жастарына арналып отыр. Алдағы уақытта шетелдік қазақ жастарына арналған мұндай қолдаулар қазіргіден де ұлғая берсе екен дейміз.

Бүгінге дейін шетелдердегі қазақ диаспорасымен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуына қолдау көрсету жөнінде көптеген игі істер жүзеге асырылғаны анық. Дегенмен, бұл салада тез арада шешуді қажет ететін мәселелер де аз емес. Алдағы уақытта осы жетістіктерімізді одан әрі дамытып, кемшін тұстарымызды ретке келтіру өте қажет. Бұл үшін ең алдымен шетелдердегі қазақ диаспорасының Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосудағы әлеуеті және оны жүзеге асырудың мүмкіндіктері мен жолдары ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеліп, бір жүйеге түсірілгені жөн.

Қортынды

Жоғарыда айтылған мәселелерді мына мәселені қадап айтқымыз келеді. Шетелдердегі қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім саласында байланыс жасау, олардың атажұртқа қоныс аударып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысуына қолдау көрсету өте күрделі, жан-жақты жұмыс. Бұл салада орын алып отырған түрлі проблемалар да жеткілікті.Яғни, шетел қазақтарымен байланыс жасау, олардың атажұртқа қоныс аударуын ұйымдастыру бірер мекеме жүзеге асыра алатын жеке шаруа емес. Бұл жұмыстар - Президент Әкімшілігі мен  Премьер-министр Кеңсесінен бастап Мемлекеттік хатшыға, көптеген министрліктерге, облыс, қала, аудан әкімдеріне, парламент депутаттарына барып тірелетін ауқымды, күрделі шаруа.  Міне, соған орай болашақта бұл саладағы жұмыстардың бәрі мемлекеттік деңгейде қолға алынып, нақты бағыт-бағдарламалармен жүйелі түрде  шешіледі деп үміттенеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:          

 

1 Байжигитов Н. Казахи Кыргызстана // Казахстан и зарубежные казахи: Матер. межд. науч.-практ. конф. «Репатриация этнических казахов в Казахстан как составная часть государственной миграционной политики: достижения, проблемы и пути решения», посв. 20-летию Всемирной Ассоциации казахов (г. Алматы, 12 октября 2012 г.). / бас ред. Т.А. Мамашев; құрастыр.: К.Н. Балтабаева, К.М. Коңырбаева. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – С. 69

2 Баймолда Д. Этникалық қазақ көшінің қазіргі жағдайы // Қазақстан және шетелдегі қазақтар: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілгеген халық. ғыл.-практ. конф. «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері және оларды шешу жолдары» материалдары (Алматы қ., 12 қазан 2012 ж.) /бас  ред. Т.А. Мамашев; құрастыр.: К.Н. Балтабаева, К.М. Коңырбаева. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – 73 б.

3  Бекен Қайратұлы. Моңғолия қазақтары және қазақстандық қайраткерлер //  Алтын бесік. – № 1. – 2013.  – 38 б.

4   Кессижи А. Еуропа қазақтарының бүгіні мен ертеңі //Алтын бесік. –

№ 6. – 2012.  – 26 б.

5 Үкібаев М. Өзбекстан қазақтары және қауымдастық // Алтын бесік. –

№ 6. – 2012.  – 19 б.

6 Жеменей И. Көші-қон және Ауғанстан қазақтары// Алтын бесік. – №  6. – 2012.  – 24 б.

7 Әбжанов Х. Оралмандар және ұлттық идея // Алтын бесік. – № 6. – 2012.  – 6 б.

8 Уатқан Б. Иран қазақтарына барғанда //Алтын бесік. – № 6. – 2011.  –14 б.

9 Қоңыртаева Г. Түркіменстан сапары // Алтын бесік. – № 3. – 2008.  –16 б.

10 Базарбайұлы С. «Қазақстан 2050» Стратегиясы және Моңғолия қазақтары // Алтын бесік. – № 5. – 2013.  – 8 б.

11  Үдербаев М. Қ. Этникалық қазақ көшінің қазіргі жағдайы // Қазақстан және шетелдегі қазақтар: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілгеген халық. ғыл.-практ. конф. «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері және оларды шешу жолдары» материалдары (Алматы қ., 12 қазан 2012 ж.) /бас  ред. Т.А. Мамашев; құрастыр.: К.Н. Балтабаева, К.М. Коңырбаева. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. 332 б.

12 Ермекбай Ж.А. Казахи Росси и Всемирная Ассоциация казахов в контексте сотрудничества // Казахстан и зарубежные казахи: Матер. межд. науч.-практ. конф. «Репатриация этнических казахов в Казахстан как составная часть государственной миграционной политики: достижения, проблемы и пути решения», посв. 20-летию Всемирной Ассоциации казахов (г. Алматы, 12 октября 2012 г.). / бас ред. Т.А. Мамашев; құрастыр.: К.Н. Балтабаева, К.М. Коңырбаева. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – С. 125.

 

Аналитикалық баяндаманың авторы

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,Дүниежүзі қазақтары

қауымдастығы төрағасының орынбасары,

«Алтын бесік» еларалық қоғамдық-саяси,

әдеби-көркем журналының бас редакторы,

Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

өнер академиясының профессоры

ӨМІРІН АНА ТІЛГЕ АРНАҒАН

$
0
0

ӨМІРІН АНА ТІЛГЕ АРНАҒАН
Қытайдағы қазақ ғылымы Нұрбек Әбікенұлы туралы бір үзік сыр Қазақстанның шығыс бүйіріндегі, аты құлаққа қанық байырғы Бақты кеденнінен шығысты бетке алып, Қытай жеріне өтсеңіз қарсы алдыңыздан мұнарланып, көлденеңдеп Орқашар тауы бұлдырайды. Ал оң жағыңызда Барлық тауы, сол жығыңызда Тарбағатай тауы өркештеніп, Қытайдан Қазақстанға қарай созылып жатады. Осы таулармен қоршалған Құлыстай ойпатының Орқашар тауынан бастау алып, ойпатты қақ жарып өтіп, Қазақстанның әйгілі Алакөліне құйып жататын Еміл өзенімен сусындап, құнарлы жерімен, шүйгін шөбімен, төрт бұрышындағы төрт ауданды арыдан мекен еткен  қазақтарға құтты қоныс атанып келе жатқаны ежелден елге аян.
Өткен ғасырдың 1942 жылы, тамылжыған мамырдың оныншы күні сол Барлық тауының қойнауына қонып, Құлыстайдың жиегін жағалап, азын-аулақ малының қамымен жүретін Әбікен отағасының отбасында шілдехана той өтеді. Әбең қара домалағына зор үміт артып, азанын шақырып, Нұрбек деп атын қояды. Сол қара домалақ домалаңдап жүріп ширайды, алысып жүріп, асығын атып жүріп, қозы-лағын қайрады. Тепкіншекте тебініп, оқимын деп жұлынып, ауылдан аттап, ауданды басып, аймақтан өрлеп, Үрімжіден оқып, ақыры Бейжіңнен бірақ шығады. Бейжіңнен бірақ шықты дегенде Нүкең астанаға жай ғана бара салмады.
Ол мектеп ауласындағы қазақтың қара көздерін сүзіп жүріп, болашақ жұбайы Гүлзада Нұрғалиқызын ерте барып, Қытай астанасы Бейжіңде қазақтың бір шаңырағын көтеріп, орнығып, Нұрлан деген ұл сүйіп, біз сықылды сол кезде астанада оқып жүрген қазақтың санаулы балаларына ағалық ақылын айтып, қамқоршы бола жүреді.
Сондай-ақ, жәй ғана бара салмады дейтініміз: Шынжаң университеті тіл – әдебиеті факультетінің жанындағы қытай тілі сыныбында төрт жыл үздік оқып, қытай тілі мамандығын игерген қараторы қағылез жігіт Қытай мемлекетінің қоғамдық ғылым академиясының ұсақ ұлттарды зерттеу институтына қазақ ұлтының тұңғышы атымен, Қытайдағы өзге де ұсақ ұлттың тұңғыштары қатарында таңдалып барды. Міне, бұл Нүкең университет тауысқан 1964 жылдың қазан айы болатын.
Нүкең сол бір орыннан табжылмай, табаны күректей 20 жыл жүрді. Сондағы түркі тілдерін зерттеу тобының топ басшысы болды. Әуелде Қытай қоғамымен, қытайдағы ұсақ ұлттардың хал-жайымен, мәдениетімен, тіл-жазуымен танысу орайына ие болып, Гұйжоу провинциясындағы и, миау, буи ұлттары қоныстанған жерлерде болды, онан соң Қытайдың Ішкі моңғол автономиялы районындағы моңғол, қытай ұлттары аралас қоныстанған Томоты ауданында болды. Өткен ғасырдың 70 жылдарында кілең қытай ұлты қоныс тепкен Хынан провинциясында шыңдалды. Міне, бұл әлеуметтік жұмыстар, зерттеулер, шыңдалулар тұсындағы қиындықтар Нүкеңнің жігерін мұқалта алмайды, қайта жани түседі. Қоғамның қат-қабат қатпарларына терең үңілген ол қытай тілі мамандығын толықтыра береді.
Нүкеңнің ғылыми зерттеу жұмысы көп тілді сөздік жасауда өз табысын береді. Айталық: 1979 жылы Үрімжідегі Шинжиаң халық баспасы ұйымдастырған «Қытайша-қазақша сөздіктің» алғашқы нұсқасына қол-ұшын беру бұл игілікті істің бастамасы болса, кейіннен мемлекет жағынан ұйымдастырылған «Сөз теңізіндегі» және «Қытай энциклопедиясының» «Ұлттар», «Ұлттар тіл жазуы» томдарындағы қазақтың тіл жазуына қатысты мазмұндар Нүкеңнің қолынан шығады. Халқаралық БҰҰ-ның тапсыруымен жасалған «Қытайдағы ұлттар тілі атласына» арнап жазған «Қытайдағы қазақ тілінің территориялық аумағы және осы тілде сөйлеушілер» деген еңбегі атластан өз орнын алады. «Қытай түркі тілдері сөздігін» ұйымдастыру, жасау және баспадан шығару барыстарында көп күш шығарады. «Ел үмітін – ер ақтар, ер атағын – ел сақтар» деген дейін, Нүкең атсалысқан «Қытайдағы ұлттар тілі атласы» мемлекеттік бас жүлдеге ие болса, «Қытай түркі тілдері сөздігі» ІІ-ші дәрежелі жүлдеге ие болады.
Нүкеңнің қажырлы қайрат көрсетіп, ерінбей еңбек етіп, қазақтың тіл жазуын, мәдениетін көгертсем, оны қытай ұлтына, және басқа да ұлттарға өз тілдерінде жеткізсем деп, маңдай терін төккен еңбектерінен мыналарды ауыз толтырып айтуға болады: «Қазақша тұрақты сөз тіркестерінің түсіндірмелі сөздігі» (1982), «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің қазақша-қытайшы сөздігі» (2003), «Қазақша- қытайша сөздік» (1989). Бұл сөздіктің толықтырылған нүсқасы 2005 жылы баспадан шығады. «Тілімізді қадірлей білейік», «Тіл қадірі – өз қадіріміз», «Қазақ тіліне шолу», «Ұлттық мәдениетке мұрагерлік ету және оны дамыту біздің борышымыз», «Екі тілді сөздіктің жасалуы жөнінде», «Сөздік жайында сөз» қатарлы мақалалары газет-журналдарда жарияланады. Нүкең бұл мақалалары арқылы қазақ тіл жазуының дұрыс қолданылуына, қазақша атау терминдердің дұрыс қалыптасуына өз үлесін қосып ғана қоймастан, оның үстіне баспасөз, ақпарат, теледидар саласындағы жас буынға үлгі көрсетіп отырады.
Нүкең тағы «Грек – Рим аңыздары», «Балықшылар кегі», «Мау зы доң мен Сыноның әңгімесі», «Лушүйн шығармалары», «Қайтармас соққы» қатарлы роман, әңгіме, кинофильмдерін қазақ тіліне аударады. Ал қытай тілінен аударған ғылыми зерттеу мақалалары өз алдына бір төбе.
1985 жылы сәуірде Бейжіңдегі ұлттар баспасының орынбасары, бас редакторлығына қосымша қазақ редакциясының бастығы міндетіне тағайындалады. Міндет молайып, жұмыс ауырлайды. Дегенмен, әлеуметтік арпалыстың екшеуінен өткен, қоғамның даму бағдарын шамалаған, басшылық өнердің қыр-сырын ойына тоқыған, жоғарымен де, төменмен де араласа жүріп мол тәжірибе жинақтаған Нүкең әкімшілік жұмысты айтарлықтай жөнге сала жүріп, баспаның кәсіптік жұмысын да дөңгелектеп кетеді. «Тіл ғылымынан шолу», «Қытайша-қазақша тіл сөздігі», «Шеберліктің шегі жоқ», «Жүректің жарлығымен», «Табиғат тәлімі», «Лебіз», «Бір тамшы қан», «Қазақ тілінің этимологиялық шағын сөздігі» қатарлы ғылыми, әдеби кітаптардың редакциясын қадағалап қарайды; Қазез Ахытұлы қазақшалаған «Құран кәрімді», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» Асқар Егеубаевтің аударған нұсқасынан, «Қазақ совет энциклопедиясының» алғашқы томдарын төте жазумен шығаруға жауапты болады.
1989 жылы күзде, Нүкең Бейжіңде ұлттар баспасының үйірмесін бастап барып, Мәскеуде өткізілген дүниежүзілік кітап жәрмеңкесіне қатынасып, жәрмеңке аяқталғаннан кейін Қазақстанның баспасөз орындарының шақыруымен Алматыда сапарда болады, екі елдегі қатысты баспа орындарының өзара барыс-келіс жасап, мәдениет алмастыру жағында келісімге келіседі. 1990 жылы көктемде, Қытайдың Құлжа қаласында өткізілген «Жазушы» баспасының кітап көрмесі, сол жылы маусымда Алматыда өткізілген Бейжің ұлттар баспасының кітап көрмесі, міне, осы келісімнің мазмұнына сай ұйымдастырылған, тарихта болып көрмеген маңызды жұмыс еді.
Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық торқалы тойына түрколог, аудармашы, баспагер Нұрбек Әбікенұлы арнаулы шақырылып, Ташкент пен Алматы қаласында болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің қабылдауына қатынасады. Қазақстан Журналистер одағы Нүкеңнің қазақ мәдениетіне қосқан үлесін марапаттап диплом береді.
1992 жылы наурызда Нүкең Шынжаңға ауысып келіп, ШУАР қоғамдық ғылымдар бірлестігінің орынбасар төрағалығына сайланып, қытай, ұйғыр, қазақ тілдерінде шығатын «Шынжаң қоғамдық ғылым мінбесі» журналын, қоғамдық ғылым саласындағы үзідік шығармаларды бағалау кеңсесін, ғылым жалпыластыру кеңсесін басқарады.
Өткен ғасырдың 80 жылдарынан кейін, Нүкең ілгерінді-кейінді Қытай түркология қоғамының орынбасар төрағасы, мемлекеттік ұлт істері комитеті, ғылыми атақ бағалау алқасының орынбасары, Шынжаң қазақ тіл мәдениет қоғамының орынбасар төрағасы, қоғамдық ғылымдар саласындағы үздік шығармаларды бағалау алқасының орынбасары қатарлы міндеттерді өтейді. Қазіргі күнде зейнеткер Нүкең «Қазақша-қытайша сөздігіндегі» төте жазумен берілген қазақшаның жанына орыс графикасына негізделген қазіргі қазақ альфавитімен де мағынасын түсірсем деп әбігер. Іске сәт! Нүкеңнің бұл сөздігін Қазақстандағы кітап дүкендерінің сөресінен алып көретін күн жақын болғай!
Меллат Раметұлы
Алтын Бесік. № 1. 2010.

Таңғажайып жеті саны

$
0
0

Таңғажайып жеті саны Жеті санымен аталатын керемет көп

Жердің жүзін мекендеген халықтардың көбісі ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлық күш бар деп санаса, оны киелі, қасиетті деп ұғатын да ұлттар бар. Біздің ата-бабаларымыз да жеті санын қастерлеп, бірқатар таным-түсінігі мен табиғат құбылыстарын, аспан денелері мен заң, жүйелерді жеті санымен атайды. Аллаһ Тағаладан пенделеріне түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады.

Қазақтардың таным - түсінігінде Жеті ата. Бұл – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасында адамның ата жағынан тегін таратудың нақты жүйесі. Әрбір қазақ баласы өзінен бастап жеті атасының атыжөнін білуге міндетті. Мұны әке-шешесі, ата-әжесі үйретіп, жаттатуға тиіс.

Өйткені қазақта жеті атаға дейін қыз алыспайды, оған дейінгі ұрпақ бір атаның баласы – туыс саналады. Қазақтар негізнен жеті атаны былайша таратады: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Үлкен ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.

Сондай-ақ, адамдар атасынан төмен қарай атағанда былайша ататек жалғасады: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Мұнан соң туыстың атаулар әрі қарай: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын болып кете береді. Жеті аталық ұста-ным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың бабалар рухы алдында іштей жауапкершілік сезімін оятатын күшке ие.

Ол – этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы. Сол себепті ата-бабаларымыз: «Жеті атасын білмеген: жетесіз», «Ата – тегін айтқанның айыбы жоқ» деп ұрпақтарына жеті атасын білуді өсиет, аманат етіп айтып кеткен. Қазақтар бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежатты «Жеті пұсты» деп те атайды.

Жеті қазына. Ол жөнінде пікір таласы көп. Алайда қазақтар ертеде жеті қазынаға мыналарды жатқызған: 1. Ер жігіт. 2. Сұлу әйел. 3. Ілім-білім. 4. Жүйрік ат. 5. Құмай тазы. 6. Қыран бүркіт. 7. Берен мылтық.

Қазақтар жеті қазынаны «жеті ырыс» деп танып, оған мыналарды жатқызған: 1. Адамның ақыл-ойы, санасы. 2. Денсаулық. 3. Ақ жаулық (ердің жары). 4. Бала (өмір жалғасы). 5. Көңіл (көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ, береке орнайды). 6. Жер («Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл»). 7. Ит.

Ал, Ислам аңызы бойынша, жеті қазынаға мыналар жатады: 1. Қыдыр (қызыр). Қыдыр дарыған адам бай болады. 2. Бақ. Ол ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. 3. Ақыл (Байлық пен бақыттың тірегі). 4. Денсаулық. 5. Ақ жаулық. 6. Тұз (Ол – Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені). 7. Ит. (Адам Ата мен Хауа Ананың алғашқы серігі).

Қазақтардан басқа халық-тарда да жеті қазына туралы өзіндік таным, түсінік бар. Мысалы, грек аңыз - әңгімелерінде жеті қазынаға мыналар жатады: 1. Көк аспан. 2. Күн (барлық зат оның шуағынан нәр алады). 3. Ай (түнгі тіршлік нәрі). 4. От (От – Күннің жердегі сүлдесі. Оны пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады). 5. Су. (сусыз тіршілік жоқ). 6. Жер (тіршілік анасы). 7. Ит.

Жеті қат көк. Ол – аспан әлемі туралы мифологиялық түсінік. Оның үш мағыналық сипаты бар. Біріншісі: Аллаһ Тағала аспанды жеті қабатты етіп жаратқан. «Алланың жеті аспанды қабат-қабат етіп жаратқанын көрмедіңдер ме?» (Құран Кәрім, 72 сүре, 14 аят). Екіншісі: жеті жұлдызға байланысты атау. Олар: Ай, Мер- курий (Ғұтрад), Шолпан (Зуһ-ра), Күн, Марс (Миррих немесе Қызыл жұлдыз), Юпитер (Мүштари), Сатурн (Зұхал). Үшіншісі: ежелгі түркілік ми-фологиялық түсінік негізіндегі мағына. Ол мұсылмандық ұғыммен сіңісіп, ұмытылып кеткен.

Жеті қат жер. Ежелгі наным-сенім бойынша олар мынандай: 1. Тұңғиық. 2. Жылан. 3. Су. 4. Қос балық. 5. Қара тас. 6. Көк өгіз. 7. Жер. Жаратылыстың сегізінші қабаты – тағдырдың талайы жазылған «лайық» атты жазу тақтасынан, тоғызыншы қабаты – «күрсі», «мінбер» және «тақ» орнатылған тәңірлер әлемінен тұрады.

Жетіқарақшы. Ол – аспанның солтүстік жарты шарындағы шоқжұлдыз. Оның 1,8 көрінерлік жұлдыздық шамаға дейін жалтырап көрінетін ең жарық жұлдыздары – Алиот пен Дубке. Жетіқарақшының жарық жеті жұлдыздың сыртқы пішіні шөміш тәрізді. Оның шеткі екі жұлдызы бойынша Темірқазық жұлдызын табуға болады.

Жетіқарақшы наурыз, сәуір айларында жақсы көрінеді. Темірқазықты айнала қозғалатын жетіқарақшы арқылы жер тараптары мен түнгі мезгілді айыруға болады.

Аптаның жеті күні. Олар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Кемпірқосақтың жеті түсі. Жарық мынандай жеті түстен тұрады: қызыл, қызғылт-сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және күлгін. Күн сәулесі жаңбыр тамшысына түскенде, жарықтың жеті түсі сынып, тамшы арасынан көрініп, кемпірқосақ пайда болады.

Жеті жарғы. Ол – Тәуке хан (1678-171 8) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы осынау заң жүйесін өмірге әкелген. Ол 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді. «Жеті жарғы» деп аталуы Тәуке ханның бұрынғы заңдарға енгізген жеті өзгертуіне байланысты» дейтін тұжырым бар. Ол жеті өзгеріс мынандай:
1. «Халықтың ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін».
2. «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін».
3. «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан, біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе, тек ат-тон айып тартады».
4. «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады».
5. «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойынына құрым іліп, ауылды айналдыру керек».
6. «Құйрық – бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі».
7. «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа, атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».

Әрине, бұл жеті өзгерістен басқа да «Жеті жарғыда» жер дауы, отбасы, неке заңы, қылмыс пен құн дауы, куәлік ету, ант беру, тонаушылық және тағы да басқа жағдай-ларға, рәсімдерге байланысты әдет-ғұрып, заң шаралары өз көрінісін тапқан. Жеті жұт. Бұлар: 1. Құрғақшылық. 2. Жұт (мал қы-рылу). 3. Өрт. 4. Оба (ауру). 5. Соғыс. 6. Топан су. 7. Зілзала (жер сілкіну).

Жеті жоқ. Ол былай: 1. Жерде өлшеу жоқ. 2. Аспанда тіреуіш жоқ. 3. Таста тамыр жоқ. 4. Тасбақада талақ жоқ. 5. Аллаһта бауыр жоқ. 6. Аққуда сүт жоқ. 7. Жылқыда өт жоқ.

Жеті жетім. Бұл жөнінде мынандай даналық сөздер бар: Тыңдамаған сөз жетім, Киюсіз тозған бөз жетім. Иесіз қалған жер жетім. Басшысы жоқ ел жетім. Аққу, қазсыз көл жетім. Жерінен айырылған ер жетім. Замандасы қалмаса – Бәрінен де сол жетім.

Жеті ғашық. Халықтың ән – жырында жеті ғашық мынандай екі нұсқада кездеседі: а) Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Фархад – Шырын, Тахир – Зухра, Арзу – Қамбар, Уәлик – Ғарра, Уәки – Күлшаһ. ә) Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Фархад – Шырын, Баһрам – Күләнда, Сейпілмәлік – Бәдіғұл, Бозжігіт – Анула (кей нұсқада Қарашаш), Зияда – Хорлы (Хорлы - Ғайын).

Әлемдегі жеті санымен аталатын кереметтер Вавилондықтардың түсінігінше, әлемде жеті планета бар. Сол себепті олардың ғибадатханалары да жеті деңгейлі. Бірқатар діндерде де жеті саны киелі: еврейлердің балауыз қойғышы, шырағдандары, менорлары жетіден.

Ислам дінінде Жеті аспан: күміс, алтын, меруерт, ақ алтын, жақұт, анартас және ғажайып жарық. Жеті шәріп: Мекке шәріп, Мәдина шәріп, Бұхар шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құддыс (Мысыр) шәріп, Кәләм шәріп (Құран). Жеті тозақ: 1. Сағир. 2. Лазо. 3. Сақар. 4. Жахим. 5. Жаһаннам. 6. Хауия. 7. Хатома.

Христиан дінінде Жеті саны: сенім, үміт, қайырымдылық, әділеттілік, сабырлық, ақылдылық және рухтың күші.

Таурат кітабы бойынша: Құдай 1 – күні жарықты, 2 – күні аспанды, 3 – күні жерді, 4 – күні Күн, Ай және жұлдыздарды, 5 – күні балықтар мен құстарды, 6 - күні аңдар мен адамдарды жаратқан, 7 – күні дем алған. Бұл әлемді жаратуға арналған жеті күн деп аталады.

Өлімге себепкер жеті күнә: 1. Тамақсаулық. 2. Жалқаулық. 3. Нәпсіқұмарлық. 4. Өркөкіректік. 5. Ашу. 6. Қызғаншақтық. 7. Сараңдық. Бұл жеті күнәні XV ғасырда суретші Иероним жоғарыдағы суретте тамаша бейнелеген.

Әлемнің жеті кереметі Алғашқы жеті керемет: 1. Египет пирамидасы. 2. Вавилонның аспалы бағы. 3. Ертедегі Артемида храмы. 4. Олимпиядағы Зевстің мүсіні. 5. Галикарнастағы Мавсол патшаның табытханасы. 6. Жерорта теңізі аралығындағы Гелиостың (Күн Құдайы) қолдан жасалған мүсіні. 7. Александрия маягі.

Бесінші ғасырдан бері танылған 7 керемет: 1. Рим колизейі. 2. Александрияда жер астында жол пішінде қазылған мазарлар. 3. Қытайдың ұлы қорғаны. 4. Англиядағы алып тас қорған. 5. Италиядағы Пиза қисық мұнарасы. 6. Қытайдың Нанжин қаласындағы фарфор мұнара. 7. Ыстамбұлдағы әулие София ғибадатханасы.

Жеті континент. Олар: Африка, Антарктида, Австралия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка.

Гептатлондағы (жетісайыс) спорттың жеті түрі. Олар: тосқауылдармен 100 метрге жүгіру, биіктікке секіру, 200 метрге ату, ұзындыққа секіру, 800 метрге найза лақтыру.

«Жеті саны – бақытты сан, ол - адамзаттың сүйікті саны». Көп халықтың түсінігі осындай.

Автор: Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН
"Инфо-Цес" газеті

Viewing all 386 articles
Browse latest View live